ҚАЗАҚСТАН – ОМАН ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

 ОМАН СҰЛТАНАТЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ

Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері араб мемлекеттерімен тығыз достық қарым-қатынас орнатуда. Оман Сұлтандығы Қазастанның мемлекеттік тәуелсіздігін араб елдерінің ішінде біріші мойындап, толықанды дипломатия орналастырған мемлекет. Қазірге кезде екі ел арасындағы дипломатиялық, саяси-экономикалық және мәдени қарым-қатынас жоғары деңгейде даму үстінде. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 және 2008 жылдары Оман Сұлтанатына екі рет ресми сапар жасады. Бұл Сұлтанатпен арадағы ынтымақтастықты одан әрі күшейте түсті. Мемлекеттер арасында берік сенімге негізделген дипломатиялық байланыстың нығаюына байланысты Оман Сұлтанаты 2006 жылы тамыз айында Астана қаласында өз елшілігін ашты. Қазақстан Республикасының елшілігі 2010 жылы 15 қаңтарда Масқат қаласында ресми ашылды.

Достас мемлекеттердің арасындағы белсенді қарым-қатынасты ескере келе, «Нәзір Төреқұлұлы қорының» төрағасы, профессор Сайлау Батырша-ұлы  «Оман Сұлтанаты» атты кітабін жазып шығарды. Бұл қазақ тілінде алғаш рет жарық көрген еңбек. Оман – дамушы елдерге үлгі болатын елдердің бірі. 1970 жылы Сұлтан Қабус билікке отырғаннан бері, ел жедел өркендеді. Аз уақыттың ішінде мемлекеттік құрылым, заң шығару, әлеуметтік және экономикалық салаларға ұтымды реформа жүргізілді. Сыртқы саясатта сауатты байланыс орнатып, мемлекеттің халықаралық қауымдастықтағы орнын қалыптастырды. Парсы Шығанағында бейбіт жағдай орнауы үшін күш салып, Оман көрші араб елдерімен бейбітшілік саясат жүргізді. Олармен мемлекеттік шекарасын белгілеп алды. Арабтардың бірлігі, ынтымақтастығы пен тұрақтылығы жолына өз үлесін қосып келеді. Елдің Таяу Шығыс мәселесі бойынша айқын позициясы бар, Палестина халқының азаттық жолындағы іс-қимылдары мен күресіне қолдау білдіреді. Мемлекет ірі халықаралық ұйымдардың мүшесі, Африка мен Азиядағы экономикасы әлсіз мұсылман елдеріне жыл сайын қаржылай жәрдем беруде. Қазіргі кезде Сұлтанат араб елдері ішіндегі алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттердің сапында. Мұнай мен газ қорына бай, дәстүрлі ауыл шаруашылығы мен қолөнер кәсібі дамыған елде жаңа зауыттар мен өңдеуші өнеркәсіп орындары  көбеюде. Білім, денсаулық саласы оң көрсеткіштерге ие. Ғылыми зерттеу мен жаңа технологияны енгізуді белсенді қолға алған. Сұлтан Қабус атындағы университет аймақтағы ірі оқу орнына айналды, онда білікті кадрлар даярлауда, ғылым дамуда.

Оман – терең тарих пен көне мәдениет ошағы, халық салт-дәстүрін қатты құрметтейді.  Елдің тарихи ескерткіштері, ескі қалалары мен қамалдары қайта қалпына келтірілді. Бұл үшін мемлекет бюджетінен үлкен қаржы бөлінді. Ал территориясының бір жағы Үнді мұхитының жағасында, сахарадағы таулы жерлерде орналасқан оазистері бар елдің туристік мүмкіншілігі жоғары. Оман – бай тарихқа ие ел. Б.з.д. I мыңжылдықтың басында ежелгі Оманда Йеменнен қоныс аударған Ямани тайпалық бірлестіктері үстемдік құрыпты. Б.з.д. Оманның теңіз жағалауында порттар салынып, жергілікті теңізшілер Египеттің, Эфиопияның, Парсы шығанағы мен Үндістанның порттарымен сауда жүргізді. VII ғасырдың ортасында Оман территориясы Араб халифатының құрамына қосылды. Осының есебінде жергілікті халық ислам дінін қабылдады.

Кітапта жоғарыдағы баяндалған мәліметтер жан-жақты қамтылды. Бұл тұрғыда Оман Сұлтанатының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Саид Әл-Барами мырзаға үлкен алғыс айтамыз. Елші мырза  қазақ тілді оқырмандардың қажетін ескерген кітап авторының талап-тілегіне түсіністікпен қарап, осы еңбектің қазақ тілінде жарық көруіне қолдау көрсетті. Кітаптың алдағы уақытта екі ел қатынасын нығайтуға өз септігін тигізеріне сенім мол. Осы еңбекті оқу арқылы көптеген Қазақстан азаматтарының Оман туралы ақпараты көбейіп, қарқынды дамып келе жатқан елге қызығушылығы оянады деген сенімдеміз.

Кітапта оқырман үшін пайдалы ақпараттар көп. Бірінші тарауында – Оманның тарихы мен реформатор Сұлтан Қабустың саяси портреті, екінші тарауда – мемлекеттік құрылым, үшінші және төртінші тарауларда – экономика мен мәдениет, ғылым-білім, бесінші тарауда – сыртқы саясат, алтыншы тарауда – Оман Сұлтанаты мен Қазақстан Республикасы арасындағы достық, сауда-экономикалық қатынастар, соңғы тарауда жалпы араб әлемі елдеріне шолу қамтылды.

Бұл үлкен еңбек автордың ізденістерінің нәтижесінде жазылды. Осы кітаптың авторы Оманның Ақпарат министрі доктор Әбдульманам бен Мансур әл-Хасанидың шақыруымен Сұлтанатта осы жылдың басында іссапарда болып, оның мәдени ошақтары, музейлері, көрікті жерлерімен және университетпен танысып қайтты. Сапар барысында Парламенттің жоғарғы палатасы Мемлекеттік Кеңес (Маджилису Ад-Даульа) төрағасы Иахиа бен Махфуз әл-Манзари және Консультативтік Кеңесі (Маджилису Аш-Шура) төрағасы Халид бен Хилаль Насер әл-Мауали қазақ делегациясының басшысын қабылдап, екі ел Парламентінің байланысын нығайту туралы әңгіме болды. Парламент басшылары Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Ж. Тоқаевқа сәлем жолдап, оны араб еліне шақырды. Автор тың мәліметтер жинап, ақпараттар алды, прогресті даму жолына қадам басқан елдің жағдайын көзімен көрді. Еңбекті жазу барысында араб, ағылшын, қазақ, орыс тілдеріндегі материалдар пайдаланылып, интернет ресурстарындағы ақпарат, деректер мен  ғылыми еңбектер қаралды.

Екі елдің қарым-қатынасы. Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығы арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы 27 сәуірде орнады. 2006 жылдың тамыз айында Астана қаласында Оман Сұлтандығының Елшілігі ашылды. 1992 жылы Оман Сұлтанатының Үкіметі Қазақстан Республикасына мұнай мен газды өндіру саласын дамытуға 100 млн. АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық несие берді. Ал, 1998 жылы қайтарымсыз көмек ретінде Астана қаласындағы «Салтанат Сарайын» салу үшін 10 млн. АҚШ долларын бөлгенін айта кетейік. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1997 жылы қыркүйекте Оманға алғашқы ресми сапар, барысында Қазақстан мен Оман арасында Өзара түсіністік туралы бірлескен меморандумға және екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар жасау туралы Хаттамаға қол қойылды. Бұдан кейін де екі ел арасындағы барыс-келіс толастаған емес. 2003 жылдың мамыр айында Маскад қаласында ҚР Қаржы министрлігінің делегациясы мен Оман тарапы арасында болған келіссөзде қос салық салудан жалтару Конвенциясы жобасы талқыланды. Қазақстанға Оман Сұлтандығының Сыртқы істер министрі Юсуф бен Алауи, Мұнай және газ министрі М.әл-Румхи мен Сауда және өнеркәсіп министрі М.Султан қатарлы лауазымды тұлғалар келіп қайтты. 2008 жылғы 15-18 наурызда ҚР Президенті Н.Назарбаев Сұлтан Қабус бен Саидтің шақыруымен Оманға екінші рет сапар барысында Қазақстанға оман инвестициясын тарту туралы келісімге келді.Қазақстан мен Оман арасындағы тауар айналымы 2012 жылы ,16 млрд. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде Қазақстан экспорты 3 млрд. АҚШ доллары болса, импорт 13 млрд. АҚШ долларына жеткен.

1970 жылы Саидтың ұлы Кабус әкесінің тағына отырды. 1970 жылы Оман сұлтандығының құрылғандығы жарияланды. Ол мемлекет экономикасына жаңалықтар, саяси реформалар әкелді. 1971 жылы Оман Араб мемлекеттерінің лигасына және Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше ретінде кіреді.

Сұлтанаттағы халық саны 2011 жылғы дерек бойынша 3 млн. адам. Астанасы – Маскат қаласы. Әкімшілік жағынан провинцияларға бөлінеді. Мемлекеттік дін ислам болғандықтан, халқының 90 пайыздан астамы мұсылмандар. Елдің ресми тілі – араб тілі. Ірі қалалары: Маскат, Салала, Низуа, Сур. Ұлттық мейрамы – 18 қараша Сұлтан Кабустың туған күні. Ақша бірлігі – оман риалы.

Оман Сұлтанаты – абсолютті монархиялық елге жатады. Сұлтан Кабус бен Саид билік басына 1970 жылы келді. Конституция 1996 жылдың 6 қарашасында қабылданған. Мемлекет басшысы болған Сұлтан Кабус бен Саид барлық заң шығарушы және атқарушы билікті өзі жүргізеді. Халықаралық істер толығымен сұлтанның бақылауында. 1997 жылы Конституцияға сәйкес екі палаталы парламент түріндегі мәжіліс органы - Оман Кеңесі құрылды. Ол тікелей дауыс берумен сайланатын төменгі палата – Консультациялық кеңестен және сұлтанның өзі 4 жыл мерзімге тағайындайтын жоғарғы палата – Мемлекеттік кеңестен тұрады. Министрлер кабинетінің құрамында Сұлтанның арнаулы өкілі, Премьер-Министрдің 3 орынбасары, кабинеттің хатшысы және 25 министр бар. Сұлтанның жанында оның 2003 жылғы декретімен мәртебесі мен өкілеттігі кеңейтілген Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жұмыс істейді.

Оман – жедел дамып келе жатқан мұнай және газ өнеркәсібі бар ел. 1975 жылдан бастап оның экономикасы бесжылдық жоспар негізінде дамып келе жатыр. 2010 жылы Жалпы ішкі өнім 66 млрд. АҚШ доллары болған. Экономикасының дәстүрлі саласы – қолөнер кәсібі, қару-жарақ жасау, тері илеу, мата тоқу. Кейінгі жылдары химия, мұнай өңдеу, цемент, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, металл өңдеу кәсіпорындары салынды. Оман экономикасының жетекші саласы – 1967 жылдан бастап қалыптасқан мұнай өнеркәсібі. Мұнайдан түсетін пайданың мөлшері жылына 8 млрд. долларды құрайды, ал қазіргі таңда мұнай қоры 5,5 млрд. баррель. 1973 жылы 14,5 млн. тонна мұнай өндірілсе, бұл көрсеткіш 1987 жылы 2,5 млрд. долларға дейін көтерілген. Омандағы мұнай «Петролеум дивелопмент Оман» компаниясының қарамағында болған, бірақ 1974 жылы мұнай компаниялары акциясының 25 пайызы Оман үкіметінің қолына көшті. Мұнай өндіруден алынатын жалпы табыстың 55 пайызы Оманның өзіне түседі. Мұнай құбыры арқылы «Әл-Фахль» портына жеткізіледі, одан әрі су жолымен экспортқа шығарылады. «ЛТД Оман ойл компаниясы» – Оманның мемлекеттік мұнай компаниясы. Мұнай, табиғи газ, газконденсат сұйықтықтарын геологиялық барлау, бұрғылау, пайдалану, өндіру, тасымалдау және оларды өңдеумен айналысады. Маңыздылығы жағынан елдің екінші байлығы – газ қорлары. Оның көрсеткіші 714 млрд. куб метр. Оман Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы Кеңес мүшесі. Автомобиль жолының ұзындығы 1 мың шақырымнан астам. Ірі теңіз порты – Маскат. Халықаралық аэропорты – Ас-Сиб. Шет елдерге мұнай, газ, құрма, балық, цитрус шығарылады.

Білім беру тегін. Халықтың басым көпшілігі 70-жылдардың басында сауатсыз болған, сондықтан білім беру шараларын дамытуға көңіл көп бөліне бастады. Қазіргі уақытта Оманда 1 мың 276 мектеп бар. Мектеп пен жоғары білім беру тегін, студенттерге стипендия беріледі. Елдегі жетекші жоғары оқу орны және ғылыми орталығы 1986 жылы ашылған Сұлтан Кабус атындағы университет, онда 7 факультет бар. Ғылыми-зерттеушілік жұмыстар сұлтан Кабус атындағы университет және өнеркәсіптік инновациялар орталығы базасында жасалады. Оман балама энергия көзін өңдеуді мақсатқа қойып жатыр. Оманның басшылары мәдени-тарихи мұраның сақталып қалуына көп үлес қосуда. Мемлекет тарихи ғимараттарды қалпына келтіруге бағдарламаларын қаражыландырады. Бірнеше архитектуралық құрылыстар ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік тарихи мұрасы тізіміне қосылған. Маскатта тарих және сурет музейлер, тұңғыш Ұлттық опера және балет театры жұмыс істейді. Жыл сайын қыс мезгілінде Маскаттық фестиваль өткізіліп тұрады.

Бүгінгі Оман Сұлтанатының сыртқы саясаты икемді, прагмативті бағыт ұстанады. Мемлекет басшысы әр қадамын аңдап басып, әр жағдайды мұқият саралайды. Қазіргі таңда Оман әлемнің 140-қа жуық елімен дипломатиялық байланыс орнатқан. Аталған ел сыртқы саясаттағы тұрақтылықты сақтай отырып, өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпауды қамтамасыз етеді. Сұлтанаттың қарқынды жүргізіп жатқан табысты саясаты аймақтық және халықаралық қатынастарда оның орны мен рөлін биіктете түсуде. Халықаралық қауымдастықта бұл елдің өзіндік орны бар. Оман Сұлтанаты өркениетті елдердің қатарында сауатты дипломатиясы мен ұтымды сыртқы саясатының аясында әлем елдерімен байланыс орнатуда.

Екі ел арасындағы үкімет басшылары мен министрлер деңгейіндегі сапарлар Қазақстан алғаш тәуелсіздік алған кезеңде басталды. 1992 жылы Қазақстанның сол кездегі үкімет басшысы С. Терещенко, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қ. Абдуллаев Сұлтанатта болып, екі ел үкіметтері арасындағы байланыс аясын кеңейту туралы келіссөздер жүргізді.

1992 жылы Қазақстан мен Оман сұлтанаты арасында Каспийден Қара теңізге дейінгі мұнай өткізу құбырының құрылысын салу жөнінде Үкіметаралық келісімге қол қойылды.

1993 жылдың сәуір айында Алматыға Қазақстан Үкіметінің шақыртуы бойынша премьер-министрдің экономика және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Кейс бен Әбдел Муни әл-Зававидің бастауымен Сұлтанаттың үкімет делегациясы келді. Сапар барысында екі жақ «Атырау облысында геологиялық барлау және өндіру туралы» Келісімге қол қойды.

Қос мемлекет арасындағы үкіметтік деңгейдегі кездесулер одан әрі де тоқтаған жоқ. 1998 жылы қыркүйекте Алматыға Оманның Ұлттық экономика министрі және Қаржы және энергетика ресурстар бойынша Кеңес төрағасының орынбасары Ахмад бен Әбдел Наби Макки келді. Ол Қазақстан президенті Н. Назарбаевтың қабылдауында болды. Екі ел арасындағы достық, сауда-экономикалық және мәдени қатынас бүгіндде жағасын тауып отыр.

ҚР дипломатиясына еңбек сіңірген қайраткер, профессор

С. Батыршаұлы,