Қазақ дәстүрінде бүркіті өлсе жоқтау айтқан
2014 ж. 10 қараша
3313
0
Атақты маршал Цэдэнбалға олжасын беріп, қазақтың халық жазушысы Сәбит Мұқановтың аманатын бізге жеткізген даңқты құсбегі Айтбай туралы бұған дейін бірнеше материал жариялағанбыз. Бұл жолы да ата кәсіпті ардақтаған қарияның өнегелі ісін өздеріңізге ұсынып отырмыз.
Өзінің Алтайда жоғалтқан көк жорғасы мен көк жүйрігінің тұқымы келген соң Айтбай көк жорғаны «Сағынышыңызды басыңыз, қанша айтқанмен туған жерден келген сарқыт қой» деп қайын атасына беріпті. Өзі көк жүйрігін мініп, қолына қыран ұстап саят құрған екен..Дегенмен, қанына тартып Айтбай қайта ат баптай бастапты. Айтбайдың баптаған аты Шеруші руының талай-талай үлкенді-кішілі астарында алда келіпті. 1959 жылы Ұланқұстан Сақсай сұмыны бөлініп шыққанда Айтбай да Сақсай өлкесіне ауысып, өмірінің соңына дейін осы өлкеде өмір сүрді. Бала-шағалары да ер жетті, оқыды. Қазақтың ат баптау өнері өте күрделі еңбек. Құс баптау да солай. Қыран мен жүйірікті қатар баптаған тума талант иесінің еңбегі ақталды. Бүгіндері Сақсай өлкесі жайлы кітап жазылса Айтбайдың аты аталмауы некен-саяқ. Бұл өлкенің айтулы ат бапкері және құсбегісі атанды. Айтбайдан үлгі алып талай атбегілер өсіп шықты. Елге де танылды, талай жүлдесімен өлкенің даңқын асырды. Айтбайдың атбегілігі жайлы әнгіме де бір төбе. 1951 жылы Қытай жақтан Айтбайдың руласы болып келетін батыр ағасы, ұлтының азаттығы үшін атқа қонып, еркіндік үшін қолына қару алған «Оспан Исламұлы ұсталып, атылыпты» деген хабар жетеді. Бұл қаралы хабарды естіген Айтбайдың көңіл күйі жабырқап жүргенде қыраны сілеусінге түсіп жазым болады. Не аңға, не малға, тіпті үйіне де қарай алмай еңсесі түсіп біраз қиналып жүріпті. Бірде «Тентек атаң» аталған Момбайдың шаңырағына қымызға барса керек. Ол үйдің бәйбішесі өлкеге танымал ақын, әрі Айтбайдың жерлесі Батиқа Орынханқызы еді. Айтулы ақын, әрі жыршы Батиқа Айтбайдың өлген құсына арнап былай жоқтау айтыпты: Қайғырма кәне шырағым. Ақиық еді қыраның. Құсбегілік ежелден. Жалғасы ғой мұраның... Қыран еді қамығар. Көк тағысы тағы бар. Аман болса ер жігіт. Қанатты мен жал құйрық әлі талай табылар... -деп құсбегінің қайғысына ортақ екенін білдіріпті. Көп кешікпей торына қыран бүркіт түсіп, соның алғаш алған түлкісін өзі қиналып жүргенде қыранына жоқтау айтқан ақын Батиқаға әкеп байлаған екен. Бұл 1937 жылы Қытай бетінде болған оқиға. Алтайдың Қайырты деген жерінде Айтбай жамағайын ағалары Маян және Мұқизалармен бірге аң аулап жүріп, бір белестен шыға келсе алдарында бір аю үлкен тасты көтеріп жар басында төніп тұр екен. Біраздан соң әлгі тасты жерге қоя салып, қайтадан бір үлкен тасты көтеріп әлгі жерге қайта барып, салмақтап тұрып тасты тастап жіберіп, соңынан өзі секіріп кетіпті.Үш аңшы не болып жатқанын түсінбей, мылтықтарын оқтап, бұқпантайлап барып көрсе, аю бұғыны таспен ұрған екен. Артынан өзі секіріп тыпырлап жатқан бұғыны басып жатса керек. Аңшылардың жолы болып аюды атып алыпты. Ал бұғыны сойып алса керек. Аңшылардың бір оқпен екі аңды қатар алғаны туралы оқиға сол кезде күллі өлкеге жыр болып жайылыпты.
Қас қыран Қоңырбел
Айтбай 1964 жылы Қоңырбел атты қыранымен ұзақ күн саятта жүріп аң кезікпеген соң Қаратаудың ең бигіне шығып бүркітінің томағасын шешіпті. Аң кезікпегенде биктен томаға шешсе тым алыстағы аңды бүркіт өзі көріп ұшуға талпынады екен. Бұны құсбегілер «тілетіп ұшыру» дейді. Айтбай қыраны тілеген соң қыранын ұшырып қоя беріпті. Жанында құсбегілер Райыс, Илахандар болған екен. Айтбай қарайлап, асықпай бүркіт ұшқан жаққа бағыт алып барса, жолда шала жансар тәлтіректеп жүрген қарсақты көріп, ұрып алады. Байқаса бүркіт басын мыжып жіберген екен. Бірақ бүркіттің өзі жоқ, жан-жақтан іздесе, келесі беттің етегін ала топты шидің арасында қызыл түлкіні басып отыр. Алдымен қарсаққа түсіп, оны бүріп отырғанда қашып бара жатқан түлкіні көріп, қарсақты көтере ұшса керек. Кейін оны жерге тастап жіберіп, түлкіге ұмтылған екен. Айтбайдың ең сонғы баптағвн қас қыраны- Қоңырбелі нағыз аңкөс таймас қыран еді.
Құсбегінің жары Қанипадай болсын
Айтбай құсбегінің асыл жары Қанипа өмірдегі жұбайы ғана емес қиындық пен жақсы жаманды бірге кешкен, Айтбайға өмірде де,өнерде де серігі болған асылдың тұяғы. Өмірде 4 ұл 2 қыздың анасы болса, өнерде Айтбай үйде жоқта құсын баптап, аңға кетсе таңмен тұрып, аңшылықтан түн қатып келгенше ұйықтамай ерін күтіп алатын, сүйспеншілік бен сыйластықты өміріне серік еткен асыл жары болған қайсар ана. Қанипа текті жердің қызы. Олай дейтініміз, Қанипаның әкесі Тоқтаубай халықшыл, көпшіл адам болған екен. Тоқтаубайдың әкесі Бектас қажы байлығымен, жомартығымен аты шыққан Алтай өңіріндегі ауқатты байларының бірі болған адам. Тоқтаубай Алтай-Қобдадан жоқ іздеп келген адамдырды үйінде тынықтырып қойып. Сол жоғын досы әрі бауыры Құныпияға айтып, іздетіп тапқызып, айдап әкеп бергізетін қасиетімен дүйім елге танылған жан екен. «Үйірімен жоқ іздесең Бектастың Тоқтаубайына бар»- дейтін тәмсіл осыдан қалыпты. Тоқтаубайдың тек Қобда бетінде ғана емес, Қытайдың Алтай өңірінде де ел-жерді жетік білетін жігіттер арқылы талайдың жан сақтап отырған жалғыз малын іздеп тапқызып бергізетіні жайлы бұрынғыны білетін қариялар күні бүгінге дейін айтатын-ды. Тоқтаубайдан тәлім алған әрі серігі болған Құныпияның тұнғыш ұлы Өкей Даян өлкесі, Қара көлдің Ашылы бұлағында жайлап, қыстап, әрі-бері көшкен ел, сапар шегіп, түн қатып үйіне барған адамдарға сол мезетте ақ дастарханын жайып, жатар орыннын жөндеп, қазақы қонақ қылып жіберетінін өз көзіммен көрген едім. «Әке көрген оқ жонар»-деген осы шығар. Арғы тегі де көпшіл, қонақшыл жандар екенін естіп-біліп, «тегіне тартыпты ғой»- деп сүйсініп едім. «Коммунизм құрамыз» деп Моңғол үкіметі де байлардың малын ала бастағанда Тоқтаубай төңіргендегі кедейлерге барлық малын бөліп беріп: «Үкіметтен де ұят қой. Бұлар да бірдеңе алсын» деп 500 қойды өткізген екен. Міне біздің кейіпкердің жұбайы Қанипаның төркіні осындай еді.
Айтбай тұнғыш ұлын көре алмай кетті
Айтбай құсбегі 1891 жылы қазіргі Қытай халық республикасына қарасты Алтай аймағы Көктоғай ауданы Қара түнес деген жерде Абдолланың үшінші баласы болып дүниеге келіпті. Керейдің ішіндегі Молқы руынан тарайды. Жасы 77-ге келгенше саят құрған адам. 1968 жылы өмірден өтті. Ғұмырында ешқашан үйде омалып отырған жан емес. Қытайдан Монголға көшкенде қалып қойған тұнғыш ұлын бір көруді армандаса да, өле өлгенше көре алмай кетті. Әке арманын орындау үшін екінші ұлы Сәрсенбек 1970 жылдардан бастап Монгол үкіметіне үздіксіз хат жазумен болды. Бірақ ол кезде заман басқа мүмкін емес еді. Тек «қайта құру» басталған соң ғана 1988 жылы Монгол елі мен Қытай елі елшіліктері бірлесіп Сәрсенбектің хаты бойынша Қытайдағы туыстарына баруға рұқсат берілді. Оқиға былай болған еді: Сәрсенбектің баласы Ерияның Монголдың Бейжіңдегі елшілігінде қызмет жасайтын достары Қытайдың Үрімжі қаласындағы Ұлттар баспасында Қаһарман деген жігітті танитындарын айтып, байланыс нөмірін береді. Осы арқылы жіп ұшы табылып, Сәрсенбек кенже ұлы Ерияны ертіп, Өлгей-Ұланбатыр-Бейжің-Үрімжі-Көктоғай бағытында барып өзінің туған ағасы Төлеубаймен көрісті. 60 жыл бұрын маңдайдарындағы кекілдері желбіреп жүргенде екі жаққа бөлініп кеткен балалар бірі-бірін қайта көргенде бастарындағы шаштары сиреп, жүздерін әжім басқан 70 тегі қариялар болып кезікті. «Анам бар ғұмырын сені сағынумен өткізді, сен есіне түскенде омыруы иіп сүт ағушы еді. Тіпті, өмірден өтерде, сонғы демі бітерде де сені жоқтап кетті»-деуі мұң екен Төлеубай 70 тегі інісін құшақтап ұзақ жылаған екен. Қонақтар бір айдай ата-баба жерін армансыз аралады. Сәрсенбек Қытайға барып келе салысымен Айтбайдың қабірінің басына барып, Қытайдан әкелген ата-бабасының басынан алған бір уыс топырақты салыпты. Айтбай құсбегілік өнерге жол-жөнекей келмеген. Қытайдан көшіп келген соң ұзақ жыл Ақжардың басындағы Көк тұмсықты мекен еткен. Бұл өңірде Қобда бетіне танымал Шерушінің Төлек руының құсбегілері мекен еткен әрі кілең танымал домбырашылар да осында. Даласы ән мен жырға бөленген, аң мен құсқа да толы аңызды өлке. Жасөспірім кезінде-ақ қағушы ретінде құсбегілерге ере жүріп қыран баптаудың қыры мен сырын толық менгерген. Тәжірибелі құсбегілермен еріп талай саятқа шыққан, өмір бойы осы киелі кәсіпті зерттеп, зерделеп, әбден кемелденген құсбегі еді. Бүркітті сыртына қарап сынайтын, жарақат алса емдейтін. Айтбай өз кәсібінің шебері еді. Мұнысы – ата кәсіп, салт-дәстүрге атүсті қарамағандығы. Құдай қасиет бермесе, қыран түгілі, жалғыз атыңды баға алмай арқасын кетіресің. Ендеше, Айтбайдікі – бойына Тәңір берген талант. Қанға сіңген қасиет. Бабалардан ұрпаққа жалғасқан төл өнердің жалғастырушысы. Құз-жақпары қым-қуыт Сақсайдың сай салалары жігіт арманын бара-бара ұлы мұратқа айналдырды. Ақыры өлке құсбегілерімен бірге салбурында құс салып, ырғақта қыран тербетті. Дегеніне жетті. Қазақтың құсбегілік өнерін ұрпақ санасына мықтап сіңіріп кетті. Ата кәсіпті Райыс,Әміржан, Қабый, Шаштақын, Илахан, Бардамбай, Әукебай, Мешітхан, Адасхан сынды талай құсбегілерге үйретті. Өзінің тәлім-тәрбиесін айта жүріп ұзақ жылдар салбырауында бірге болды. Ел-жұрт Айтбайды «Қария»- деді. Ол күллі қазақтың саятшылық өнерін өз заманында биік тұғырға көтере білген қазақтың кәдірлі «Қариясы» еді.
Жанарбек АҚЫБИ
http://baq.kz/kk/diaspora/1159