Рахима Жұбатырова: Ән – өмірімнің өзегі

0
1751

Жубатыроваааа

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Рахима Жұбатырова, Қазақстанның халық артисі, профессор: 

                                                  ӘН ӨМІРІМІНІҢ ӨЗЕГІ 

М.Глинка атындағы вокалистер байқауының дипломанты, Абай атындағы опера және балет театры мен әлемнің үздік сахналарында өнер көрсеткен өнер саңлағы, «Қазақ белькантосы» атанған Рахима Жұбатырова еліміздегі ең үздік сопрано дауысының иегері.
Әлем классикасы мен отандық опералық қойылымдарда М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», «Қамар сұлу», Ғ.Жұбанованың «Еңлік-Кебек», Дж.Вердидің «Аида», «Бал-Маскарад», Дж. Пуччиндің «Чио-Чио-Сан», Н.А.Римский-Корсаковтың «Царская невеста» операларында басты партияларды орындаған опера әншісі. Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде ұстаздық қызмет атқаратын Қазақстанның халық артисі, профессор Рахима Жұбатыровамен тілдесудің сәті түскен еді.

– Рахима Төлегенқызы, университетте ұстаздық етіп келе жатқаныңызға 10 жылдың жүзі болыпты. Ару Алматыны шалғайдағы шағын Түркістанға қалай айырбастадыңыз?
– Консерваторияны бітірісімен, Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрына жұмысқа қабылдандым. Содан табан аудармай 34 жыл осы қарашаңырақта қызмет еттім. Театрмен қатар 10 жылдай Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда вокалдан дәріс бердім. Консерваториядағы ұстаздық қызметім үшін профессор атағы берілді.
2003 жылы А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің басшысы Серік Пірәлиев пен Райымбек Сейітметов маған осында ұстаздық етуге ұсыныс білдірді. Келісім бердім. Иә, көпшілік үшін менің шалғайдағы шағын қалаға жол тартуым жұмбақ болғаны да рас. Біріншіден, денсаулығыма байланысты, екіншіден, Тұран топырағында өз мектебімді қалыптастыру үшін саналы түрде келдім. Қазіргі таңда Өнер факультетінің Вокал кафедрасында ұстаздық қызмет етіп келемін.
– Бүгінде өзіңіз де ұстазсыз. Ұстаздан тағлым алдыңыз. Өсіп-жетілдіңіз. Ұстаздарыңыздан кімдерді ерекше атар едіңіз?
– Менің өзім кіл мықты ұстаздардан дәріс алдым. Консерваторияда Нәдия Шәріповадан дәріс алдым. Ұлағатты ұстаз, ҚР Халық әртісі Нәдия Әбдірахманқызы Мәскеуде аспирантура бітірген, шебер педагог болатын. Біраз уақыттан соң профессор М.Н.Худавердованың сыныбына ауыстым. Маргарита Николаевна кезінде Мәскеуде профессор Далиеваның тәлімін алған. Ал Далиева даңқты опера жұлдызы Умберто Мазеттиден (патшалық Ресей тұсында) дәріс алған. Қысқасы, мен әуел бастан мықты қалыптасқан италяндық опера мектебінен тәлім алдым. Мықты база болды. Вокалдан 9 жылдық білімім бар деп айта аламын. Консерваторияда жеті жыл, екі жыл Үлкен театрда тағлымдамадан өтіп, шыңдала түстім. Театрда алғашқы бес жылым қазақ спектакльдеріндегі шағын партияларды орындаудан бастап, театр солисіне айналдым. 1975 жылы мені Мәскеудегі Үлкен театрға 2 жылға тағлымдамадан өтуге жіберді. Бұл менің шығармашылығымдағы үлкен бір белес-тін. Сол кездерде КСРО Мәдениет министрлігінің жастар шығармашылығы бойынша комиссиясы елді, бүкіл Орта Азияны аралап, талантты жастарды іздейтін үрдіс болушы еді. Біздің театрымызда болған комиссия бәрімізді тыңдап, қорытындыда мені таңдады.
Үлкен театр… Екінің бірінің уысына түсе бермейтін, басына қона қоймайтын бақыт. Үлкен театрда атақты Ирина Архипова, Тамара Милашкина, Фуат Мансуров, Белла Руденкодай ұстаздардан тәлім алдым. Мықты концертмейстерлерден үйрендім. Олардың бәрі Италияда білім алған. Үлкен театр сахнасында «Мадам Баттерфляй» партиясын Владислав Пьявкомен орындадым. Сондай-ақ, театр Слонимконың «Мария Стюарт» қойылымын қойып, онда басты партияны орындап шықтым. Премьераға даңқты композитордың өзі келіп қатысып, соңында қолымды қысып ризашылығын білдірген-ді.
Маған қатты әсер еткен әнші – Күләш. Күләштің бүкіл жазбасы, әндері менің ішкі жан-дүниемді қозғайтын. Күләш Байсейітова – мың жылда бір туатын сирек дарын. Консерватория бітірмеген, Еуропа сахнасын, тағлымын көрмей-ақ, сондай биік әндерді, партияларды керемет шырқаған. Алланың адамзатқа берген сыйының ғажап үлгісі дер едім бұл кісінің талантын. Оның тау суындай таза сыңғыр үні, бриллиант тембрі құлағымда ғана емес, жүрегімде мәңгілік орын алды.
– Опера және балет театрында жұмыс істедіңіз. Консерваторияда ұстаздық еттіңіз, осында ұстаздық қызметіңіз жалғасуда. Әр бірі бір-бір белес саналатын осы қызмет сатыларының қайсысы ыстық көрінеді өзіңізге?
– Олардың әрқайсысының өз орны бар. Опера және балет театрында (ГАТОБ) 34 жыл қызмет істедім. Сөз жоқ, бүкіл жастығым сонда өтті. Сондықтан да бұл өнер ордасының орны ерекше. Театрда – сахнадағы партнерім, ұстазым Ермек Серкебаевтың есімін ерекше атап өтер едім. Нариман Қаражігітов, Василий Ковенко, Евгений Сааков, Ғафиз Есімов, Ұлан Кенжебеков, Әлібек Дінішевтермен бірге жұмыс істедім. Кейінгі жастардан Марат Мұсабаевты партнерім десем болады. Шетелден келген әртістермен батыс классикалық шығармаларын айтатынмын. Консерваториядағы еңбек жолым да жеміссіз емес. Шәкірттерім О.Лукашева, Г.Дәуірбаева, Е.Никоновалар қазір Алматыдағы опера және балет театрының белді солистері, Г.Нұрғалиева консерваторияда доцент.
Ал, осында өткен он жыл… Мұнда да ізсіз емеспін. Вокал мектебін – Рахима Жұбатырова мектебін қалыптас­тыру­дамын. Он шақты түлегіміз Шымкенттегі облыстық опера-балет театрында қызмет істеп жүр. Мәдениет қайраткері Оразкүл Дәулетова, халықаралық байқаулар жүлдегері Ерлан Жандарбай, Әйгерім Әлжанова, Жұлдыз Мұсаева сынды таланттарды тәрбиелеп шығардым. Таза вокал мектебі қалыптасты. Бірақ өнерпаз мұнымен тоқтамауы тиіс. Мен шәкірттеріме үнемі өнерпаз өмір бойы талмай ізденеді, оқиды деп айтып отырамын. Интеллект өспейінше, академизмге қол жетпейді. Онсыз батыс классикасына тісіміз батады деп ойламаңдар, әдебиетті, әлемдік классиканы оқу керек деймін.
Түркістанға келгендегі мақсатым – Оңтүстік өңірінен талантты жастарды іздеп табу болатын. Екінші, болашақ Серкебаевты, Дінішевті іздеудемін. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы облыстық опера-балет театрының кеңесшісімін. Жергілікті басшылықпен байланыс жасап, театрдың екі қызметкерін Италияда оқытуға мүмкіндік алдық.
Бүгінгі таңда театр қызметкерлерімен тәжірибемді бөлісу арқылы олардың өнер әлемінде шыңдала түсуіне үлес қосып келемін. Жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Оңтүстік Қазақстан облыстық опера-балет театрына бүгінгі таңда Күләш Бәйсейітова есімін беру туралы ұжым атынан ұсыныс жасалды. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен Вокал өнерінің қыр-сырын үйренгісі келетін шәкірттерім көптеп табылады.
– Рахима Төлегенқызы, бүгінгі қазақ операсының жайына тоқталсаңыз…
– Қайсыбір тоқырау жылдарын­дағыдай емес, қазір өнеріміз өрлеп келеді. Өнерден қаржыны аямау керек. Опера өнері – күллі өнердің флагманы. Астанада, Шымкентте опера театрлары ашылды. Мұның өзі өнерге деген жанашырлық, ел мәдениетінің дамуына қосылған үлес. Елордамыздағы «Астана-опера» театрының тізгіні Төлеген Мұхамеджанов сынды талантты жанға тапсырылғанының өзі құптарлық іс. «Астана-операға» шет мемлекеттерден өнерпаздарды шақыру арқылы театр әншілерінің тәжірибе алмасуы, олардың өзге мемлекеттерде тағлымдамадан өтуі қолдауға тұрарлық дүние. Батыстың бай тәжірибесімен бөлісу өнер әлемінде жетілу үшін қажет нәрсе. Сондықтан қазақ операсы шарықтап дамуы үшін әлемге қарап бой түзей білгеніміз де жөн. Өйткені өнер – өміріміздің өзегі.
– Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан,
Әтіргүл ТӘШІМ

Түркістан қаласы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз