ТҮРКІСТАН – ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ РУХАНИ ОРТАЛЫҒЫ

  турк           Таяуда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстан Ғалымдар одағының бастамасымен және Түркістан қаласы әкімшілігі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ұйымдастыруымен «Түркістанды түркі дүниесінің рухани орталығы ретінде қалыптастыру мәселелері» атты халықаралық конференция болып өтті. Президиум мүшелерінің құттықтау сөзімен ашылған конференцияда Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев, Кентау қаласының әкімі А.Мақұлбаев, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ президенті, профессор У.Әбдібековтер конференция жұмысына сәттілік тіледі. Конференция модераторы ҚР ҰИА академигі, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбден өзінің «Түркістан өңірі» рухани, жаңа технологиялық кластерін құру туралы» атты бас баяндамасымен конференция жұмысын ашып берді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде: «Бұл идея дүниежүзінде баламасы жоқ Халықаралық ұлттық мегажоба. Мұның негізгі мақсаты «Түркістанды халықаралық деңгейдегі рухани орталыққа» айналдыру. Қоғамды ізгілендіру арқылы ХХІ ғасырда адамзаттың стратегиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге рухани жаңа қадам жасау» - деп атап көрсетті. Сонымен қатар, жиын барысында ҚР ҰҒА академигі К.М.Байпақов, Қырғыз Республикасы ҰҒА президентінің кеңесшісі, академик Т.К.Койчуев, ҚР ҰҒА академигі И.О.Байтулин, профессор М.Мырзахметов, профессор Ә.Б.Дербісәлі, Манас атындағы қырғыз-түрік университетінің профессоры Д.С.Джаилов және т.б., ғалымдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері баяндама жасап, өзекті пікірлері мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Басқосу аясында Түркі­станды түркі дүниесінің орталығы ретінде қалыптастыру проблемалары жан-жақты сөз болды. Еліміздің отаншыл кәсіпкерлері жобаның теңдессіз екендігін айтып, өздері тарапынан қолдау білдіретіндігін жеткізді. Бір сөзбен айтқанда Түркі жұрағатының атамекені – Түркістанда үлкен жобалар күтіп тұр.