Сәкен Сейфуллинің жиені қарттар үйінде ақылы түрде тұрып жатыр
2014 ж. 04 қараша
3036
3
Қазақтың қазыналы қарттары мен абыз ақсақалдары не себепті қарттар үйін паналап кетті? Жалғыз қара басы қалғандарын санамағанда, Астанадағы қазыналық мекемеге өз аяғымен барып, ақылы түрде тұрып жатқан қариялар көбейді деп хабарлайды Жетінші арна.
Олардың арасында Сәкен Сейфуллиннің жиені, халық ағарту ісінің үздігі де тұрып жатыр. Өмірінің 50 жылын ұстаздыққа арнаған ақын ұрпағының қарттар үйіне қалай түскен?
Үмкен Наурызбекованың қаттар үйінен берілген шағын бөлмесіндегі ең қымбат мүлкі бірнеше кітап, ән жинақтары, суретке толы альбомдар мен өз өлеңдерін жазған қалың дәптерлер.
Халық ағарту ісінің үздігі, құрметті ұстаз бос уақытын шығармашылыққа арнайды. Сүйікті ақыны, әлбетте өз нағашысы Сәкен Сейфуллин. Ақиық ақынның ұрпағы қарттар үйіне өз аяғымен келіп орналасқанына еш қымсынбайды.
"Ешкім мені қуған жоқ, балалар білмейді кейбіреуі. Ойбайлап жылап жатыр, телевизордан көрсетіп жатыр деп. Көрсетсе көрсетсін, мен заманауи кемпірмін әрбір дегесін. Шет мемлекетте солай демалады ғой, ал бізде ұят. Қазақтың заңы солай ғой. Мен айттым жаны ашитындары болса, бәрі жабылып, 1 бөлме болса да пәтер алып берсін", - дейді "Астана қаласының Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі" КММ тұрғыны Үмкен Смайылова.
Үмкен апайдың айтуынша, өзінің үйі болған. Бірақ, кенже қызы қарызға белшесінен батып, соны тығырықтан шығару үшін пәтерін сатып беріпті.
Қарттар үйіне дәл осындай жағдаймен тап болғандар жетерлік. Өздері кәріліктің қамытын киіп, жалғызсырап жүрсе де, барын балаларына беріп кеткен.
73 жастағы Халел Шаймерденов балаларына салмақ түсірмейін деп осында келіпті. Көңілі баладай, мінезі даладай биязы қария қызының қарызын өтеймін деп Астанадағы пәтерінен айырылып қалған. Ал қазір жан баласына өкпесі жоқ, бұл үйде өзін демалып жатырмын деп санайды.
"Демалуға қалай жібермейді. Мұнда демалып жатырмын. Ақшаны берем болды. Олар кел дейді. Мен өзім бармаймын. Әйтпесе жүретін орын болмай қалады. Бір керуетте кішкентай немеремен жатамыз. Ол мені тепкілкеп шығады. Аналар жұмыста болғанда кеңейіп, рахаттанып қаламыз", - дейді Халел Шаймерденов.
Тұрмыс тауқыметі осылай қарияларды немере мен шөберенің бал қылығынан да айырды. Ең сорақысы, елімізде қарттар үйіне ақылы түрде тұруға осыдан үш жыл бұрын рұқсат берілген. Айына төленуі тиіс 52 мың теңгені олар зейнетақыларынан, жетпей жатса балаларынан алып төлеуде екен.
Бұл жерде осындай, ақылы негізде тұрып жатқан 37 қарт бар. Мекеме ұжымы оларға деген ілтипаттың ерекше болатынын жеткізді. Тіпті әлі бос орындар бар екенін де меңзеп қалды.
Ал Еуропа елдерінде зейнеткерлерді арнайы мекемеге орналастыру қалыпты жүйеге түскен. Жасы жеткенде олар оқушының мектепке асыққаны сияқты қарттар үйіне барады.
Ақысына келер болса, Ұлыбританияда жекеменшік қарттар үйінде тұру аптасына 536 фунт, теңгемен 150 мың болса, Германия мен Австрияның зейнеткерлері арнайы кешенде тұру үшін жылына 36-40 мың евро, АҚШ-та 60 мыңның үстінде төлейді.
Десе, бізде арзаншылық екен деп мақтанғалы тұрғанымыз жоқ. Себебі, қазақ үшін бұл үлкен сын, үлкен намыс. Елімізде әке-шешесінен бас тартқан немесе қарағысы келмегендердің мәселесі заңмен қарастырылған.
Бір керуетте кішкентай немеремен жатамыз. Ол мені тепкілкеп шығады. Үйдегілер жұмыста болғанда кеңейіп, рахаттанып қаламыз
Бірақ, осы уақытқа дейін бірде-бір бала жазаға кесілмеген, не әке-шешесі үшін алимент төлмеген. Ал қарттар үйінде көзі жәутеңдеп 7000 қария күн кешіп жатыр. Жауапты мамандар болса, жуырда әлгі заңды қайта қарастырып, қатаңдатуды жоспарлап отыр екен.