Жапалақтап жауған қар есіңде ме?.. Ұмытасың сол бір қыс кешін неге?.. Қарға омбылап қалған жоқ едік қой біз… Кеттік неге келмей бір шешімге де…
Ажары мен арайы айдан өткен, Ақша қардай жүзіңді аймалап мен, Жанып кеткен едім-ау, жаным, сонда, Ақкөз ақпан аязы қайда кеткен?… Қайта-қайта соңыма қарайладым, Қарақат көз жинаған қалай бәрін ?… Жанарыңда жанғанда жақұт тамшы, Қардың әсем ұщқыны деп ойладым… Жаз бен көктем жарқ етсе, әлі ұқпаған, Күйге түстім шала мас шалықтаған… Күз де келді… Құстарсыз ғаріп ғалам. Жапырақты төгілген жарып барам… Баяғыдай көңіл жоқ шарықтаған. Аппағымды жоғалтып алдым неге Аппақ қардың үстінде қалықтаған? Көшелерден көп сұлу өтті бөтен , Ақ періштем етті ме екен көкті мекен… Аппақ сезім қайда енді аялаған, Аппақ қармен әлде еріп кетті ме екен?.. Қар ішінде сыңсыған қыздың әні Із қалдырса жүрекке, ізгі бәрі… Қарша қызды қалайша ұмытамын, Қарға жазған хаттарым… қыздырады… Бұрын сендей бұрымды таппағамын, Енді қалай алдында ақталамын?.. Хат жазғанда кетпей ме қанат қағып, Ақ шағала секілді ақ парағым… Алдымнан бір ғажайып аштың да әлем, Селдей ағып сезімім, тасқындап ем… Жалғыз жүрмін жабығып енді, міне, Жауып жатқан жапырақ астында мен… Көбелектей ұмтылған отқа қалың, Қанатымды күйдірмей тоқтамадым… Көп қатпарлы екен ғой өмір деген Көп қабатты үйіңе көп қарадым… Қансоғарға қан тамбас сайыпты кім? Ақ шымылдық болған соң ғайып гүлім, Ақ қағазға сырымды жайып бүгін Жатырмын ғой, жат ойдан айық, күнім… Терезеңнің түбінде телміремін, Кешіккенім үшін мен айыптымын… Жете алмаған ғашықтар тілегіне, Қандай ыстық сол бір қыс… біледі ме?.. Ессіз сезім, еркем-ау, еріткен қар, Енді бүгін тамады жүрегіме… Шат күндерден жүруші ек шапағатты ап, Қалай ғана ұмыттың махаббатты ақ… Қайран менің хаттарым… өзің жыртқан… Терезеңнен жауып тұр… жапалақтап…АНАҒА СЫР
Шексіз қуат бойында бар сақталған,
Шау тартқанмен шағың жоқ шаршап қалған.
Хат жазасың қос ұлға әскердегі,
Мейір төгіп икемсіз саусақтардан.
Жырдың сиқыр сазына құрсаулы есі,
Тұңғыш ұлдың тыншымай жүрсе әуресі,
Дертің меңдеп кетсе де, демеусің сен,
Көкірегіңде сөнбейді күн сәулесі.
Тауқыметін тірліктің үйіп-төккен,
Көтересің көңілден құйып көктем.
Аспан-жердің арасы аядай боп,
Аялы жанарыңа сиып кеткен.
Болмайды бір жаныңда маза деген,
Тәтті тартар тәрбие азабы ерен,
Қара жердің қайғысын көтеретін,
Қайран ана жүрегі – ғажап әлем.
Келер күннің кез қылар қандайына,
Тірлік енді татып жүр таңдайыма.
Жолым болмай, жол соғып жүрген кезім,
Жолдар салып кетеді маңдайыңа…
Ізгі бейнең көрінер көркем, әсем,
Бүгін бақуат бол, апа, ертең есен,
Өмірге айтар өкпем де азаяды,
Өзіңе кеп бір мезет еркелесем…
Бала көңіл анашым, дана көңіл,
Ұлыңды ойлап жүрмісің дала көңіл.
Әжіміңді көбейткен сайын сенің,
Парызымды молайтып барады өмір…
ДЕРТТІЗАР
Төгіліп кеткен білемін, сезім моншағын…
Боздайды желді үн бір тынбай
Бозінген сарын…
Жаздайғы елдің жұртындай езілген шағым…
Айтатын күнде ғашықтың зарын білсе еді…
Қайтатын күнге асықпын,
Сағындым сені…
Сапарым бітпей алдымда жатқан сан мекен,
Атарын күтпей таңның да, аттансам ба екен…
Егіздер үшін ең ыстық неге сыңары?..
Мені ізде, құсым…
Кеңістік көресің әлі…
Бағыма біткен тұр гүлім
Уақытқа шыдар…
Сағына күткен бір-бірін
Бақыт та шығар…