Елімізде ұлттық мәртебе берілген бірде-бір театр жоқ

Елімізде ұлттық мәртебе берілген бірде-бір театр жоқ. Бүгін Мәжілісте мәдениет пен өнер саласындағы мәселелер талқыланған жиында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, ҚР Халық әртісі Есмұхан Обаев осындай қынжылыс білдірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

«Тәуелсіз мемлекеттер достастығында қырықтан астам ұлттық статусы бар театрлар жұмыс жасауда. Әрине, мәртебесіне қарай жағдайы да өзгеше, жалақысы да мардымды. Өзбекстанда 3, Қырғызстанда 2, Түрікменстанда 4 театр, ал бізде бірде-бір ұлттық мәртебесі бар театр жоқ. Бір театр бар еді – Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры, ол да жабылды. Сонда бұл қалай деген ой келеді. Мысалы, Әуезов театры пен Абай атындағы опера театрының құрылғанына биыл 80-90 жыл толып отыр. Ұлттық деген статусқа осы күнге дейін ие бола алмай келе жатқанымыз түсініксіз. Қанша рет көтердік, бірақ шешімін таппады», - деді Есмұхан Несіпбайұлы. Профессор, сондай-ақ, режиссерлерді дайындау мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, бұл мәселе кезек күттірмейді. «Неге «Болашақ» бағдарламасы арқылы қазақ режиссерлерін шетелде дайындауға квота бөлінбейді? Неге стажировкаға жіберілмейді? Бұрын Мәскеу мектебінде талай өнер жетекшілері дайындалған еді. Бүгінде осылардың бәрі жоқ, болса да тым аз. Бұл қаражаттың жоқтығынан шығар деп ойлаймын. Бүкіл қазақ театрларының техникалық қажеттіліктерін өтеу де уақыт күттірмейтін нәрсе. Барлық театрларда жарық, дыбыс, тозығы жеткен акустиканы ауыстыру керек, бүгінгі күн талабына сай келетін құралдармен жабдықтау қажет деп есептеймін», - деп толықтырды халық әртісі. Профессор атап өткендей, облыстық театрлар бүгінде өз күнін өзі көріп жатыр. «Жылына жүзден астам өнер мамандарын дайындаймыз. Олар дипломдарын қалтасына қонжитып, бар қаруын асынып, облыстың өнер ошақтарына аттанады. Жете сала, тауы шағылып, тасы егіледі. Негізгі себебі – мардымсыз жалақы, мағынасыз тірлік, үй жоқ, содан үміті үзілген жас маман жыл өтпей жатып қаша бастайды. Бұл проблема, бұл індет. Өнер тек Астана мен Алматыда ғана десек қателесеміз. Бүгінде небір дүлдүл театрлар бар. Кейінгі кезде Мәдениет министрлігі көп шаралар атқарып жатыр, оны жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де, шешімін таппаған шаралар шаш етектен деп ойлаймын», - деді Е.Обаев. Профессор депутаттардың назарын тағы бәр мәселеге аударғанды жөн көрді. «Жақында жаға ұстатқан солақай сорақылық белгілі болды. Алматы қаласының мәдениет басқармасы Алматыдағы қырықтан астам театр, музей, кітапхана, кино және концерт залдарының ғимараттарын жекешелендіріп, мәдениет комитетінің қарауына беруді Премьер-министр кеңсесіне ұсынды. Олардың көбі тарихи мұра саналады, мәртебесі бар мемлекеттік ғимараттар ғой. Бұл суық хабар өнер ошақтарындағы адамдар арасында зобалаң тудыруда», - деп жеткізді ол.

Айымгүл ӘБІЛЕВА
BNews.kz