Керекулік қылқалам шеберлері – Өскеменде!
2014 ж. 29 тамыз
5632
1
Облысаралық ықпалдастық бағдарламасының арқасында өскемендік өнер сүйер қауым керекулік суретшілердің жұмыстарымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Аталмыш көрме осының алдында Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайында көрсетілген болатын. 28-тамыз күні Өскемендегі Шығыс Қазақстан өнер мұражайында павлодарлық 24 автордың 62 жұмысы көрмеден орын алды.
Қазақстан Суретшілер одағы Павлодар филиалының көрмесі «Менің қаршығадай қалам» деп ақын Павел Васильевтің өлеңінен алынған түйінді сөз тіркесімен аталған екен. Павлодарлық қылқалам шеберлерінің көне дәстүрлер мен жаңа көркемсурет талаптарын жетік игеруі, дербес шығармашылық қолтаңбалары, әрине, туған жерге деген нәзік сезімдері ұрпақтар сабақтастығының жалғасын тауып келе жатқандығын әйгілегендей. Көрмені тамашалаған көпшілік павлодарлықтардың тарихшылар және археологтармен бірлесе отырып іске асырған бірқатар жобаларын білгендіктен эпикалық жанрдың Өсербай Шуранов, Ғалым Қаржасов, Әнуар Игембаев және Валерий Приходько сияқты танымал шеберлерінің кескіндемелері мен графикалары ғылыми негізге сүйеніп жасалғандығына көз жеткізді.
Павлодардың көп кескіндемешілерінің дизайнерлер және қолданбалы өнер шеберлері болып жемісті жұмыс істеуі кездейсоқтық емес. Ол жұмыс суретшілерге кескіндемелік пластикада жаңа тәсілдер табуға көмек беріп, мүмкіндіктер ашып отыр. Майлы бояу мен акварельдің үлкен шебері Галина Беспалова халықаралық байқауларда көрсетілген ерекше костюмдер коллекциясының авторы болып табылады. Ольга Ловина зергерлік әшекей бұйымдарымен жақсы жұмыс істеп жүр. Жас суретші Алтын Хван жібек маталарды әсемдейді. Алексей Балин керамикалық композициялар жасаудың шебері ретінде танылды. Андрей Оразбаев этно-архаикалық стильде композициялар жасап, көне өркениет философиясын өзіндік ерекше көзқараспен түсіндіреді. Павлодарлық суретшілердің көрмесі – Қазақстанның қазіргі пластикалық өнері көрінісінің өзгеше бір қиындысы.
Кереку суретшілері көрмесінің ашылу салтанатында жас ақын Назерке Әсембаева жырдан шашу шашса, сазгер Светлана Апасова қонақтарды әсем әнімен құттықтады. Көрмені тамсана тамашалаған ақындар, жазушылар, суретшілер өз пікірлерін білдіріп, ақ тілектерін жеткізді. Керекулік қонақтар арасынан Қазақстан бейнелеу өнерінің сахнасына өткен ғасырдың сексенінші жылдары-ақ екпіндете шыққан, бүгінгі күні танымал қылқалам шеберлерінің қатарынан нық орын алып отырған Жасыбай Қабылдинов ақ тілегін айтып, «ауылдың алты ауызына» жауап ретінде, қазақтың қара домбырасымен әуелете ән шырқады. Павлодарлық жас суретші Алма Хван да өскемендік көрермендерге өзінің жылы лебізін білдірді. Көрменің ашылу салтанатында қорытынды сөз алған Шығыс Қазақстан өнер мұражайының директоры Нұржази Қалиева керекулік суретшілерге алғысын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.
Республика Конституциясы құрметіне ашылып отырған бұл көрмені өскемендік көрермендер бір айдан аса тамашалай алады.
Айтмұхамбет Қасымов,
журналист
Суреттерде: Павлодарлық суретшілер Жасыбай Қабылдинов және Алма Хван.