Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ: "Жылқышы болғың келе ме?!"
2014 ж. 19 тамыз
2949
0
Елорданың жанына ерекше Этноауыл қондыру қажет
Тас алаңдағы киіз үй
Астанада Наурыз мерекесін тойлау басқа өңірлерге қарағанда қолайсыздау. Халық шала еріген көктайғақ жер мен ызығырық желдің өтінде мерекелік алаңға бұйыға барып, бүрсектей қайтып бара жатады. Әрине, қалада ұйымдастырылған мейрамдық шараларды қызықсыз деп айтуға келмес. Өзіндік өң-бояуы бар. Бас шаһарға Иманғали Тасмағамбетов әкім болғалы елордалықтар үшін Ұлыстың ұлы күнінің хал-қадірі мен мән-мағынасы арта түскенін де айта кеткен жөн.
Бірақ, биылғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Наурызды өзгеше тойлауды батылдықпен бастап, ұлық мерекені атап өтудің өлшемін бүтіндей өзгертіп жіберді. Басқа өңірлер бұған қалай үн қосары әлі белгісіз. Астана да сол бұрынғы сүрлеуден ары аспайтын секілді. Тас алаңға киіз үй тігу, тағы да сол теледидардың бетін бермейтін әншілердің «таусылмайтын әләулайі». Кейбір пейілі түскен киіз үйлердің алдында тегін берілетін наурыз көже. Арлы-брелі сабылған жұрт. Қысқасы, өтетін шаралардың дені формалды, өтті, кетті, болды деуден туған ұйқы-тұйқы бір тірлік. Неге екені белгісіз мереке күні темір тормен қоршалған алаңда полицейлер де үйіліп-төгіліп жол бермейді. Әрине, сақтық шарасы десек те, алаңға келген бір адамға бірден полицей апарып қою мерекенің сүреңін қашырмаса, сәнін кіргізбейтіні анық...
Иә, Оңтүстік өңірден басталған Наурызды тойлау рәсімі өз арнасына түсетін шығар. Жұрт мерекенің мәніне терең үңіліп, оны жалпыхалықтық мейрам ретінде қалай атап өту ісін жиі талқылайтын болды. Енді оған мемлекет тарапынан шын ықылас пен қолдау қосылса ұлық мереке үлкен деңгейге көтерілеріне сенім мол. Бірақ, біздің айтпағымыз сәл басқалау. Яғни, наурыз мерекесіндегі этнографиялық көріністерге байланысты. Мәдениеттанушы Серік Ерғали айтпақшы ұлыстың ұлы күні бүгінде этнографиялық еске алу күні деңгейінде жүргені белгілі. Әрине, Наурыз тым арыдан басталатын терең тарихы бар мереке болғандықтан оны этнограяилық сипатпен айшықтау орынды қадам. Этнографиялық мазмаұндағы іс-шаралардың бәрі біздің өткеніміз, бүтін тарихымыз, ата-бабамыздың сүрген өмірі, тұрмыс-тіршілігі негізінде туындап отыр. Ал, тек науырыз кезінде ғана киіз үй тігіп, ұлттық шапан киіп шыға келу арқылы біздің тарихи тегімізге, халқымыздың өткен өмір-салтына, архайкалық тұрмыс-дағдысына деген қызығушылығымыз бен сүйіспеншілігіміз шектеліп қала ма?
Жайлауға барасың ба?
Біз жаңа заманның ұрпағымыз десек те, дәл осы күйі көктен салбырап түсе қалмағанымыз белгілі. Бойында бабасының қаны бар әр ұрпақ өз тарихына құрметпен қарап, оны терең танып-білгісі келеді. Мүмкіндік болса сол өмір-салтты, ата-бабаларының кешегі тұрмыс-тіршілігін сол күйі өз көздерімен көруге ниеттенеді. Наурызда сыртынан ғана көріп кетіп қалатын киіз үйге емін-еркін кіріп отырғысы, рахаттана аунап-қунап жатқысы келеді. Қысқасы, көшпенді ауылдың барлық болмыс, құбылысына өзі де араласып, сол көшпенді өмірдің бір бөлшегіне айналғысы келеді. Олай болса сол мүмкіндікті жасауға бола ма?! Біздіңше әбден болады. Оның бір жолы этноауыл жасау. Этноауыл дегенде де ол жаңағыдай киіз үйді ғана тігіп, алдында ұзын көйлек-шапан киіп ән айту мен би билеуден, ұлттық бұйым жасайтын шеберлерді тізіп отырғызып қоюдан тұрмау керек. Оның қатарына ұлтымыздың түрлі салт-дәстүрін бейнелейтін жасанды көріністер де бар. Мәселен, бесікке бөлеу кезінде баланың орнына қуыршақ қолдану деген секілді... Қаладағы жағдай үшін бұл да үлкен жетістік. Оның бір көрінісін жыл сайын өтетін қала күні мерекесі кезінде байқап жүрміз. «Хан шатыры» сауда орталығының жанында құрылатын этноауыл әлдеқайда ауқымды болып жүр. Және халықтың ықыласы да жақсы.
Бірақ, біз сөз еткелі отырған этноауыл бұлардан өзгерек. Алдымен Астана үшін айтсақ, қаланың жақын маңайынан лайықты көлемдегі жер телімі бөлінуі керек. Алтай мен Алатаудың жайлауындай болмаса да Арқаның шұрйлы жерінен Елордаға жақын нулы-сулы бір орын табу қиын емес. Міне сол жанға жайлы тынысты жайлауға жиырма-отыз киіз үйден тұратын ауыл қондыру керек. Оған «Хан ордасы» немесе «Би ауылы» болмса Бәленбай байдың жайлауы, Түгенбай ақсақалдың қонысы деген секілді ат беріледі. Ауылдың ерекшелігі не болуы тиіс? Шағын көлдің жағасына қоныстанған үйлердің алдындағы жер ошақтарынан түтіні будақтап, қазандары қайнап жатады. Есік алдында саба пісіліп, отын жиналып, өресінде құрт жайылып, желіде құлын, көгенде қозы-лақ байланады. Ауылдан алысырақ жайылған төрт түлік мал. Құрығын сйүреткен жылқышы, қой қайырған шопан, үй шаруасындағы абыр-сабыр үлкен-кіші. Қықасы, өткен ғасырдағы шынайы қазақ ауылының дәл өзі барлық шынайы болмысымен көз алдыңызда. Бұл не? Бұл әрине еріккеннің ермегі емес. Қазіргі тілмен пайымдасақ тұтас бір кешенді саяхат нысаны. Алыс-жақыннан келетін туристер мен елордалықтар үшін жасалған ауқымды экзотикалық жоба.
Батыр да, би де өзің
Әрине, бұл этно ауылда көрсетілетін қызметі түрлері сан алуан болмақ. Қонақтары тұнып тұрған тарихи-этнографиялық ауылды тамашалап қана қоймай, ауылда өздерінің жаны қалаған істерін жүзеге асыра алады. Мәселен, жаңағы көп үйлі ауылдан ауаша хан ордасы болады. Белгіленген ценарий бойынша хан болып көргісі келетіндер, немесе ежелгінің би, батырының дәл өзі болуды қалайтындар армандарын белгілі уақыт аралығында жүзеге асыра алады. Сол секілді, жылқышы болып, жайлау таңын арғымақ аттың жалында атырғыс келетіндер, бие сауып, құрт қайнатып, ірімшік ірітіп, ет асып көргісі келетін қыз-келіншектер де ойларын орындай алады. Ұлттық ойын түрлерін көзбен ғана көретіндер өздері ат мініп аударыспақ қылып, қыз қуар жасап, садақ атып, теңге іліп ат бауырында ойнай алады. Ал, бойларында қаны тасыған көшпенділердің ұрпақтары арасынан бесті асауды құлақтап қарғып мінгісі келетіндер шығатыны анық. Ойын-сауық орталықтарындағы испанның тұқыраңдаған жасанды бұқасын тулатқаннан гөрі бұл нағыз еркектің ісі болмай ма?!
Ауыл барынша табиғи бейнесін сақтауы қажет. Оған көлікпен ешкім кіре алмайды. Белгіленген жерде көліктерін қалдырып, ары қарай ауылға салт атпен, немесе атты, түйелі, керек болса өгіз жеккен арба, пауескелермен барады. Ары қарай ақбоз үйде қона-түнеп жатып, ауылдың әр мезгіліндегі өмір-салты мен, шаруашылық істерін тамашалайды, не өздері араласып істеп көреді. Бал қызмыды баптап ішіп, қарағай иісі аңқыған шоққа қайнаған күрең қызыл шай ішеді, яғни, ұлттық тағамның түр-түрін тапсырыспен немесе өз қолымен жасап тамақтана алуға мүмкіндігі болады. Әрине, этно ауылға аяқ басқаннан шыққанға дейінгі аралықтағы әр адамға арналған саяхаттаудың қызмет түрі мен қызмет көрсетудің рет-тәртібі, өлшем-талабы бөлек әңгіме. Одан сырт, ең бастысы, әр адамға ой салатын танымдық, тәрбиелік және идеологиялық мән-мақсаты бар. Біз мысал ретінде өз жөн-жобамызбен бөлісудеміз.
Мәңгі алыстап барады
Енді бұның бәрі не үшін керек, деген сұрақ туары заңды. Бүгінде жаңағыдай көшпенді тұрмыс-салттың шетін көріп қалған үлкендер аз емес. Жастар да жетіп артылады. Міне, ең бастысы осы адамдар өздері дәм татып, жан-жүрегіне өзгеше картинасын қалдырған сол өмірді аңсап, сағынатыны жасырын емес. Заман дамыған сайын көшпенді өмір салты бізден мәңгілікке алыстап барады. Этноауыл біздің өткенмен қауышып, рухани жан-дүнемізді бабалар тынысымен, ұлттық өмір салттпен табыстыруға жол ашады. Бұл бір, ал екіншісі, қазір мейлі қалалық, мейлі далалық болсын, ұл-қыздарымыз түп-тамырынан ажырап барады. Бірақ, шын мәнінде олар биологиялық заңдылық бойынша өз ата-бабасының өткеніне бәрібір сүйіспеншілікпен қарағысы келеді. Бірақ, оны жалғайтын алтын көпір, тәрбиелеу тетіктері, ұлт бейнесімен тығыз сабақтастыру жолдары жоқтың қасы. Этноауыл олардың жеке адам ретіндегі туристік қызығушылықтарына жауап берумен бірге жаңа дәуір ұрпағын өзінің ата тегі, түп-тамырымен, ұлттық өмір-тынысының шынайы болмысымен сусындатады...
Ал, қаржылық мүмкіншіліктер мен этноауылды құруға қажет барлық заттық жағдайлар мен адам күшін, мал-мүлікті дайындау қиын шаруа емес. Тек іскерлік пен ұйымдастырушылық қабілет керек. Және мемлекет тарапынан қолдау қажет әнине. Өзіміз үшін өткенді тану мен қайнаған қала тірлігінен демалуға арналған бұл жоба шетелдіктер үшін таңғажайып дүние болары заңды. Себебі, көшпенді тұрмыстың басқаларда жоқ ерекшеліктері кімді болса да тамсандырмай қоймайтындай тарихи, экзотикалық, этнографилық ерекшеліктерге ие. Тек осыны өзіміз бағамдап, пайдаға жарата білу міндеті тұр. Егер қажет болған жағдайда бұл жобаны барлық талаптарға сай етіп, жан-жақтылы тетіктерін толық түрде дайындап, қызықты да ерекше дүние ретінде ұсыну қиын емес. Ары қарай өзін-өзі мазмұндық және қаржылық тұрғыдан толық ақтап, жақсы жетістікке жететіні де даусыз. Ал, Арқа өңірі үшін бес ай жылы мезгілде іске асатын жобаның қысқы уақытқа сай нұсқасын да дайындауға болады. Қыс маусымы ұзаққа созылмайтын жылы өңірлер рүшін бұл жоба тіпті қолайлы. Тоқ етері, ұлтымыздың өткен тарихы, тұрмыс салты, шаруашылық келбеті біз үшін өзгеше мүмкіндігін ұсынып, өткенмен сабақтасар өнегелі жолын айқара ашып тұр.
Суреттер Mikiya Nishimura-ның Фейсбуктегі парақшасынан алынды