Хас шебері өнердің - Рахия Қойшыбаева
2014 ж. 19 тамыз
4280
0
Біз бала кезімізден Қазақ радиосының әуе толқынынан тыңдап өскен әншілеріміздің өнері мен өмірі жайлы тым аз білетініміз мәлім. Майдақоңыр мақпал үнімен тыңдаушысын әсемдік әлеміне жетелейтін Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, Ләззат Сүйіндікова, Жаңыл Қартабаева апаларымыздың сазды да назды әндері қай қазақтың да құлағын елең еткізетіні сөзсіз.
Ал драмалық актер, кино саласында да бірнеше рольді сәтті ойнаған, Арқа әндерін тамылжыта шырқағанда алдына жан салмайтын әншіміз - Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рахия Қойшыбаева (1916-1963) жайлы біз не білеміз? Әңгіме желісі осы бір жұлдыздай жарқырап, өнер көгіне шыққан біртуар дарын иесі жайлы болмақ.
Арнайы оқу орнын бітірмесе де бойға біткен қасиетті алмастай жарқыратып көрсете білген, өнер үшін жаралған асыл адам Рахия Қойшыбаева алғаш өнер жолын 1933 жылы Қарағандыда құрылған жұмысшы жастар труппасында бастаған. Сол жердегі актерлар дайындайтын үш жылдық курсты қосымша оқи жүріп, ол үлкен рольдерді сомдай білді. Бұл үйірменің драмалық қойылымдарын Шахмет Құсайынов басқаратын. Рахия «Талтаңбайдың тәртібі» пьесасында «Ақсүйрік», «Майданда» өсекші әйел Мамық, «Кек кеттіде» қарт ана, «Түнгі сарында» Жүзтайлақ рольдерін ойнап, көрермен көңілінен шықты.
Енді Қазақ радиосының алтын қорында сақталған Қазақстанның халық әртісі Мүлік Сүртібаевтың естелігіне көңіл бөлсек:
Мүлік: «Қарағанды шахтерлер қаласы болғандықтан театр керек болды. Соған байланысты жұмысшы жастар театры құрылды. Театр жанынан құрылған студияда Рахиямен бірге оқыдық. Біздің атақты әртістеріміз Қалибек, Серке, Елубай ағаларды сол уақытта көргеміз жоқ. Сол кезде өз ішіміздегі дарындардан үйренуге тура келді. Рахия оқып жүргеннен -ақ өзінің дарындылығын танытты. Біз сахнада образға кіруде Рахиядан көп үйрендік. Рахия Бейімбеттің «Майдан» пьесасында Пүлішпен сөйлесетін кезінде есіктен аттап кіргеннен образға кіріп, жан-дүниесімен ойнайтынына таңғалатын едік.»...
1939 жылы Ақмола Қарталы теміржол құрылысы басталды. Әр облыстан қызу еңбекке араласқан жастардың ішінде Рахия Қойшыбаева да бар еді. Сол сапарда ауыр жұмыс істеп жүріп ол кісі биіктен құлап, беліне зақым келтіреді. Солай бола тұрса да өжет адам белін шарт буып, қызу еңбектен әсте қол үзбейді. Бірер жылдан соң бұл құрылыс та бітіп, Рахия Қойшыбаеваға «Еңбек сіңірген теміржол қайраткері» деген атақ беріледі. Одан соң Рахия Алматыдағы қазақ драма театрына қайта оралады.
Рахия сахнада ана ролін керемет сомдай білетін. Ол ойнаған Мақпал, Күнікей, Зере сияқты рольдер аса мейірімділікті, ана махаббатын сезіммен жеткізуді қажет ететін кейіпкер бейнесі еді. Рахия Қойшыбаеваның «Ақансері-Ақтоқты» трагедиясында Ақтоқтының шешесі Дәмеліні ойнауы қайталанбас көрініс. Ер мінезді әйел көз жасын күлкімен көмеді, мұңын ақпейілділігімен бүркемелейді. Рахия жылап тұрып күлдіреді, күліп тұрып жылата білетін дарын иесі. Ол өзін ұмытып кейіпкер бейнесіне енетін. Оқиғаны шындыққа айналдырып сол кейіпкермен қоса күлсе күліп, мұңайса бірге мұңая білетін. Ол кезде театрға жаңадан келген өнерпаздар Рахиядан көп үйренетін.
Осындай шәкірттерінің бірі - ақиық ақын Иса Байзақовтың қызы, театр актрисасы Мақпуза Байзақова ұстазы жайлы өз кезінде былайша еске алған екен:
Мақпуза: Рахия Қойшыбаеваның көрнекті рольдерінің бірі - «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасындағы Баянның анасы Күнікейдің ролі болатын. Ол кісімен сахна төрінде алғаш кездескенім әлі есімде. Трагедияның соңғы көрінісінде Қозы-Көрпешінен айрылып, Баян сахнаға зарлап шығады. Мен Баян ролінде едім, сахнаға денемді әрең билеп шықтым. Бейіт басындағы қос анама жақындай бергенімде көзім Күнікей - Рахияға түсті. Сол -ақ екен қасіретті ананың жүзінен сыр ұғып денем шымыр етті. Жүрегімнің қылы үзіліп кеткендей ішім елжіреп кетті. Не болғанымды білмей Рахия апайдың құшағында тұрып қалдым. Өз анамның құшағында тұрып мұңымды шаққандай болдым. Дарынды актер менің тұңғыш қадамымды қолдап жібергендей әсерде болдым. Сол күннен бастап Рахия апаймен сахнада кездесу әркез бақыт болды. Апай асқан шабытпен беріле ойнайтын. Өзінің жан-жағындағы жолдастарын да іліктіріп әкететін. Бұл арада Станиславскийдің «ұлы әртіс әрқашан шабыттана ойнаса, орташа әртіс анда-санда шабыты келгенде шабыттана ойнай алады» дегені еске түседі.
Бір күні Рахия апай мені үйіне шақырды. Барған бойы пьесаны қолыма берді де осыны мұқият оқы. Бұл жайлы әзірше ешкімге айтпа!-деді. Шын өнер иесі сегіз қырлы бір сырлы келеді. Рахия апайдың театр , кино актрисасы, белгілі әнші екені көпке аян. Ал жазушылықпен айналысып жүргенін кейін білдім. Өз дарынының өрісін жан-жақты кеңейтіп тынымсыз іздене білген өнерпаз еді. Рахия Қойшыбаева өмірден ерте өтті. Бірақ қалдырған ізі айдан анық. Оны зерттеген әр өнерпаз халықтық мұраны мол табады. Рахия апай өнер мен өмірді бірдей шыңдаған адам. «Тұлпардан із қалады» дейді халық, оның өнері өшпес өршілдігімен құнды. Ол кісімен сахнада бірге ойнағанымды мен әркез мақтан тұтамын» деп еді Мақпуза Байзақова.
Рахия Қойшыбаеваның театр сахнасында үлкен рольдерді сомдай жүріп Мұхтар Әуезовтың «Абай» романы бойынша жасалған пьесасында Зере ролі жайлы Қазақстанның халық әртісі Бикен Римова өз кезінде былай деген:
Бикен: Рахияның бізді толғандырған күрделі еңбегі Мұхтар Әуезовтің «Абай» романындағы Зере ролі. Бірінші көріністе жас шәкірт Абай Семейден ауылға келеді. Сағынып күткен әжесі: «Жаман неме, маған бұрын келмей әкеңе кеттің-ау, жаман неме?!» дегені. Рахия жас Абайға қадала қарағанының өзі немересінің немен келгенін, қай шамалап келгенін барлап отырғандай еді. Рахия үлкен жүректі ел анасының ролін керемет сомдады. Спектакльді көріп отырған орыс режиссері Завадский : «Рахия шын мәнінде дарын, адам жанын тебірентетін нағыз драмалық актер» деп жоғары баға берген»...
Қазақстанның халық әртісі Рахия Қойшыбаева Қазақтың Мемлекеттік Жамбыл атындағы филармониясында да қызмет етіп, жер-жерді аралап өнер көрсетті. Қаймағы бұзылмаған халық әндерін нәшіне келтіре орындап, ән қанатында самғады.
Қазақ радиосының алтын қорында халықтың «Ақбаян», «Гүлдерай», «Ағажан Ләтипа», «Құрбымай», «Көкемай», «Маусымжан», «Ағайша», «Аққайың», «Майра», «Ахау арман», Сырдың «Қараторғайы», Садық Кәрімбаевтың «Жетісу», «Тракторшы қарындас» және тағы да басқа жиырма шақты әні сақталған.
Рахия Қойшыбаеваға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша жасалған пьесасында Зере рөлі үшін 1952 жылы ҚазСР-інің Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ғабит Мүсіреповтың "Қозы Көрпеш - Баян сұлу"-ында Баянның анасы Күнікейдің, Ғ.Мүсіреповтың «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясында Ақтоқтының шешесі Дәмеліні, Шахмет Хұсайынов "Алдар Көсесінде" Меңсұлуды, Сәбит Мұқановтың "Шоқан Уәлиханов"пьесасында Зейнеп cияқты күрделі бейнелерді сахнаға шығарды. Классикалық драматургиядан Н.В.Гогольдің "Ревизорында" Анна Андреевнаның, А.Н. Островскийдің "Шындық жақсы, ал бақыт одан да артық" және "Таланттылар мен табынушыларында" Мавра Тарасовна мен Долина Пантелеевнаның, Ж.Б. Мольердің "Скапеннің айласы" мен "Сараңында" Зербинетта мен Фрозинаның, т.б. сахналық тұлғасын жасады. 1940 жылдан киноға түсті, "Райханда" Ана, "Абай әнінде" Зейнеп, "Алтын мүйізде" Жамал, "Махаббат дастанында" Күнікей, "Біздің сүйікті дәрігерде" милиционер әйел, "Егер біздің бәріміз де" Шайшекер рөлдерінде шебер ойнады.
Ғасырлар қойнауына жететін өшпес ән мұрасын қалдырып үлгі болған дарын иесі Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Рахия Қойшыбаева майдақоңыр үнімен өз заманының бұлбұлы атанған аяулы әнші. Бүгін біз көзден кетсе де көңілден кетпесін деген тілекпен еске ала отырып Рахия апамыздың өмірінен аз ғана мағлұмат бердік. Өнер халықтікі. Алтындай тот баспайтын халық өнері жалғасын тауып өркендей берсе, Рахия апамыздың ізін басқан ұрпақтары көбейе бермек.
Алтын Иманбаева,
Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі