Көңілін мұң тербеп, кеудесін күй кернеп жүретін шығармашылық адамының жаны әуелден әсерлі әуенге жуық тұрса керек. Белгілі режиссер Болат Атабаевтың да бір ермегі – ән екен.
Күйкі тірліктен шаршағанда бір сәт қоңыр домбырасын алып, оңашада ыңылдап ән толғауды ұнататынын айтып ағынан жарылғаны бар еді.
– Неге екенін, бала жастан үйлесімді әуезге құмартыппын. Жұлдыздары жамыраған ақ самала түндерде бақ шетіндегі орындықта ұза-а-ақ отыратыным есімде. Репредуктордан талып жететін әсем ән қиялды қияға самғатады. Содан біртіндеп өзім де ақырындап өлең айтуға бейімделе бастағандаймын...
Бұл әдет күні бүгінге дейін сақталған секілді. Ислам деген досы екеуі жеті сайын қосылып ән салуды әдетке айналдырған.
– Әлі күнге шырқаймыз. Досым
– жақсы баяншы. «Қазақ әндері» жинағын алып аламыз да, бастан-аяқ әуелетіп, бірталайға дейін барамыз.
Көбінесе халық әндерін, сондай-ақ Шәмшінің, Әбілақат Еспаевтың, Төлеген Мұхамеджановтың әуендерін қалайтын көрінеді. «Және бір қызығы, әуесқой сазгерлердің әндерін ұнатамын» дейді өзі.
Екі жолдастың ерекше әуестігін аңдаған жақындары: «Әй, мыналарың тамаша екен! Бірақ осынша игілікі екеуара ғана шектемей, сахнаға шықпайсыңдар ма!» деп ошарылатын секілді.
–От басы, ошақ қасындағы нәрсені сахнаға шығарып жын соғып па. Білеміз ғой өз шамамызды!
–деп күледі бұл.
– Әйткенмен, аздап тырыссақ, қолдан келмейтін де шаруа емес сияқты-ау сол...
Осы тұста бір мезет томсырайып қалатын Бөкең ернін жымырып, иығын қушитады:
– Кейде ойлаймын, расында,бойдағы өнерді көрсетуге неге қысылады екенбіз деп. Ондайда Есенғалидың:
– Ей, аңғалдық, аңғалдық,
Үстінде тұрып алтынның –
Күмісіне біреудің таң қалдық, – деген шумағы есіме түседі. Шынымен де, қызық, біз жеке қасиетімізді аса бағалай бермейміз ғой. Әйтпесе жақсы дүниенің көбі өз жүрегімізден шығып жатпай ма. Соны жұрт алдына шығаруға неге ұяламыз?! Әйтеуір, білмеймін, өз басым ылғи жасырамын да жүремін ән салатынымды...
Адамның өз-өзіне сын көзбен қарауы, түрлі қайшылықты құбылыстардың жауабын тынбай іздеу нағыз ой адамына, шын өнер иесіне тән мінез шығар.
– Жақында ауылға бардым. Балауса балғын шақтағы апаларды, әжелерді аңсап, көшеге шығып көпжүрдім олай-былай. Анадайдан: «Әй-и! Не боп жатыр ана жақта-а?!» деп сығырайған көзін алақанымен көлегейлеп, айғайлап тұратын бұрынғы шешелеріміз жоқ қазір. «Манаштың ұлымысың-ей?! Серейіп өсіп кетіпсің ғой өзің. Зорға таныдым. Бері кел!» – деп те ешкім шақырмады. Қайтарда ішім қан жылап, автобус терезесінен сыртқа қараймын. Бірақ өз қалауымның өте қисынсыз екенін де пайымдадым. Мен өседі екем, өзгереді екем. Ал қалған дүние тап менің бала кезімдегідей тұра беруі керек пе. Ауыл да өседі. Ел іргесі кеңейеді. Жаңа ұрпақ келеді. Ескі өмір музей секілді қашанғы сақталып тұрмақшы! Қырық жылдан кейін келгенде тіршіліктің бәрін бәз-баяғы қалпында көргім келуі нағыз эгоистік қой...
Осылайша бүкпесіз ақтарылған Болат Манашұлы бір мезгілде өзінің айрықша бір дағдысының сырын да ашып қалады.
– Әрбір спектакльді қояр алдында тары тазартатын әдетім бар. Базардан әдейілеп тасы мен күрмегі көбірек өнімді іздеп тауып, үш-төрт келісін бір-ақ аламын. Әкелген соң оны дастарханға жайып тастап, біртіндеп тазалауға кірісемін. Бұл жұмыс барысында келешек рольдерімді орын-орнына қойып, оларды іштей ойнатып, «шымылдығымды жауып» бір-ақ тоқтаймын. Өстіп, өз-өзіңмен ақылдасқандай болып отырғанда үш-төрт сағаттың қалай өткенін аңғармай қалады екем. Ең ғажабы, ертеңіне театрға қанаттанып кіріп, дайындыққа үлкен шабытпен кірісемін. Тазарған тары да бос қалмайды, бәрін кофеуатқышпен әдемілеп тартып, сүтке бөктіріп, майға шылап, жент жасаймын. Және мұндай «үдеріс» әр қойылым сайын қайталанады...
Болат Атабаевтың алғашқы мамандығы неміс тілі пәнінің мұғалімі екені мәлім. Оның бұл істі шыңына жеткізе игергені сондай, кейін осы тілде пьеса жазып, бірталай уақыт тілмәштық қызмет атқарады. Үш жылдай Мюнхен ұлттық театрында тәжірибе шыңдап, әр кезеңде еліміздегі немістің өнер шаңырақтарында Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», А.Закстың «Өз ошағың», В.Гейнцтің «Жүздеген жыл толқындарында», «Адамдар мен тағдырлар» аталатын драмаларын сәтті сахналайды.
* * *
Бөкең қазір де Германияда жүрсе керек. Кәсібі – өзінің сүйікті жұмысы режиссерлік.
Мұндайда «Тарыдай шашылған қазақ» деген тіркес ойға еріксіз оралады екен.
Олай болса, біздің кейіпкеріміз де тағдырдың сұрапыл толқындарымен арпалысқан Алаштың бір түйір дәні-ау, ә...
Құлтөлеу МҰҚАШ