ҚОСПА МА, ҚОЙЫРТПАҚ ПА?
2014 ж. 18 тамыз
3454
0
-Басыңда ең болмаса 56 грамм ми жоқ шығар,- дейміз.
Сосын күлеміз. Бір жағы ұрсады, екінші жағы күледі. Сонда екеуміз бе? Жармақ. Мағауиннің Жармағы. Жоқ, оны бір Мұхаңның бұрын үлкен Мұхаң жазып кеткен. «Абай екі жарылды» деген. Бір жағынан би болуды, елге ағайын арасынан болыс қойып беруді жан-дүниесімен жек көре тұрып, екінші жағынан сол былғаныш іске білек түре араласқанын осылай жазған. Әрине елдің бәрі «оқыдық», «оқып жатырмыз» дейтін атақты романда емес. Көлемі романның жүзден біріне жетпейтін, бірақ мазмұны асып түспесе кем емес, әрі эпопеядан әлдеқайда бұрын жазылған зерттеу мақаласында.
Күлген себебіміз: «басыңда ми жоқ» деп ұрсып жатып, есімізге Қалтай жарықтық түсіп кетсін. Қиын жылдары кең қанатының астын паналатып орынбасар қызметіне алып еді. Қазақтың арғы дәуірдегі күлкі тудырған кейіпкері Қожанасыр болса, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы тауып әрі күлдіріп айтқыштық жағынан Қалекеңнен асқаны жоқ. Ол кісіге де айтқан-айтпағаны белгісіз күлкілі кептер жамалып кеткен. Қалжыңдары жиналған арнайы кітаптар шыққан. Біз де біреуіне атсалыссақ керек.
Сол Қалекең бір қыста аяғы тайып құлап, ауруханаға түседі. Дәрігер миы шайқалған деп, ем-домын белгілейді. Бастысы бірер күн қозғалмай жатуы керек. Түс ауа палатаға келіп тексерсе, Қалекең жату орнына қағаз қарап отыр дейді.
-Аға, сізге отыруға болмайды, жату керек. Миыңыз шайқалған,- деп шырылдайды емдеуші дәрігер жас қыз.
-Ештеңе етпейді,- деп Қалекең қамсыз отыра береді.
Емдеуші дәрігер жүгіріп бөлім бастығына барады. «Солай да солай, сіз тапсырған үлкен кісі жату орнына қағаз жазып отыр.» Енді екеулеп келеді. Беделді дейтін бөлім меңгерушісі манағыны қайталайды.
-Мына қыз дұрыс айтады. Оған сенбесеңіз, мені тыңдаңыз. Сіздің миыңыз шайқалыпты. Енді тынығып жату керек.
-Олай емес қой,- деп миығынан күліп Қалекең отыра береді.
Болмаған соң бұлар бас дәрігерге жүгіреді. Аздан соң үшеулеп келеді. Бас дәрігер Қалтайды таниды.
-Қалеке, бұлар рас айтады. Сіздің миыңыз шайқалған. Нанбасаңыз, мынау суреті,- деп қолындағы табақтай пленканы көрсетеді. -Енді жатыңыз, тынығыңыз.
-Онда кемпірімді шақырыңдар,- депті Қалтай үшеуіне қарап.
-Қалеке, мен медицина ғылымының докторымын. Мына екеуі болса ғылым кандидаттары. Сонда бізге сенбей үйдегі кемпіріңізге жүгінесіз бе?- деп таң қалады бас дәрігер.
-Енді өмір бойы «осы Қалтай сенде ми жоқ, ми жоқ» дей беретін кемпірім миым бар екенін бір ғылым докторы мен екі кандидаттың аузынан естісін де,- деп бәрін күлдіртіпті қайран Қалекең.
Күлген себебіміз – осы.
Ал, өзімізді өзіміз жерден алып жерге салып жатқан себебіміз – мынадай. Үш ай бойы шықпай, тығылып жатып алған Астананың жазы тура 3 тамыз күні 30 градустық ыстықпен жарқ еткенде, жұрттың бәрі көшеге ақыры шолақ жең жейде, балақсыз шортпен шыққанда басқа қалпақ, үстіге курта киіп біз келеміз. Абырой болғанда куртканың сырмасын салып алғанбыз. Ішіндегі жүннен тоқылған кеудеше, оның ішіндегі көйлек, оның ішіндегі жылы ішкиім, оның ішіндегі ақ майка көрінбей тұр. Ауырып жата бермей таза ауа жұтуға шыққан кейпіміз. Аң-таң болып, бірақ өте бере сылқ-сылқ күліп екі жас қыз кетті. Шорт киген екі-үш шетелдік өтті қасымыздан. Мұндай киімнің бізде де екеуі бар. Бірін былтыр бірер күн киюге үлгерсек керек. Екіншісі киілмеген қалпы, екі-үш жолақ жең жейдемен қаттаулы жатыр. Ішіміз ашыған. Бүгін тура соларды киіп шығатын күн еді.
-Әне, 56 грамм миың болса да /енді алдын ала шолақ балақ, шолақ жең киім сатып алуға ми керек қой/ сол миыңда 56 қыртыс жоқ,- деп ұрсуды жалғастырдық. –Өзіңе-өзің қастық жасайсың да жүресің.
Жармақтың бір бөлігі екіншісіне рас айтады. Өзімізге – өзіміз жау екеніміз Айдан анық. Алыста жатқан ақсақал Мұхтар аға Мағауин «қазақтың жауы – қазақ» деген сұмпайы сөзді Абай айтпағанын, жалпы ешбір халық өзіне өзі жау еместігін шырылдап түсіндіріп, етектей мақала жазған. Аузы дуалы кісі емес пе, содан кейін ақпарат құралдарында осы арамза тіркес айтылмайтын болды. Тәубе. Ақсақал керек екен. Ал, «қазақтың жауы – қазақ» болмаса да «өзіміздің жауымыз – өзіміз» болғаны даусыз.
Үш күн бұрын аттай шауып жүргенбіз. Отыз күнгі оразадан ағзамыз тазарып қалған. Айтпақшы, оразаның соңғы күні ауызашар мен сәресін өз үйімізден ішейік деп, жексенбі болса да ұрланып, тығылып Алматыға тартып кеткенбіз. Әйелімізге «түу, мына күндерің ыстық екен, Астанамызда салқын, рахат еді» деп назданғанбыз.
Бекер айтыппыз. Будданың «күннің жаманы болмайды, сол күнді ыңғайына, қолайына қарай пайдалана алмайтын адамдардың жаманы болады» дегені соңынан еске түскен. «Әй, Қайнеке, айттық қой сенде ми жоқ» деп. Артынан өкінесің де жүресің. Будданы біз тұрмақ Абай оқыған. «Әттең жас кезімде неге қолыма түспеген. Нағыз қазына осында екен ғой» деп тамсаныпты. Әй, осыны оқыған біреу «Абай Будда дінін ұстанбақ болыпты» деп жүрмесінші. Енді жетпегені сол еді.
Хош, Жаратушының күнінің жаманы болмаған. Ыстық Алматыдан салқын Астанаға таң ата келіп, жұмысқа оралдық. Оспанхан марқұмның бір сықақ әңгімесіндегі сияқты «онда саумыз». Ораза айттың бірінші күні өтті. Ертесінде түсте отыз күн қолға ұстамаған үстел теннисінің қалағын жалақтатып шықтық. Отыз күн бойы ойнамай сағынып қалыппыз. Арман Сқабылұлы бауырымыздың естелігін жоққа шығармай, жақсы ойнадық. Онда да саумыз. Үшінші, сәрсенбі күні тура сондай ойыннан соң спорттық жейдені ауыстырғанмен, терімізді баспай жатып, жеңіл киіммен көшеге шығып кетіппіз. Онда мақтаған Астанамыз тым салқын еді. Кешке мұрттай ұштық. Міне, өзімізге өзіміздің жасаған қастығымыз. 56 грамм миымызда 56 қатпар болса бұлай істер ме едік?
Енді ми қайнатар ыстықта көрінгенге көзтүрткі болып жүрісіміз мынау. Осы тұста тағы күлгенбіз. Бұл жолы Бердібек еске түскен. Соқпақбаевтың атақты «Балалық шаққа саяхаты». Ағасы қызметке тұрған соң қыста киерсің деп беріп жіберген киімді жаздағы тойға қалай киіп барғаны. Жеңгелерінің сөзбен шымшылап, достарының ашық мазақтағаны. Мақтану үшін барып, не дұрыс отыра алмай, не тамақ жей алмай қор болғаны. Жармақтың бір жағы тағы ыржақтап күлді. Екінші жағының ит-жыны құрысты. Әлдекімдер онсыз да күлкілі киініп алған адамның бет-аузының оңды-солды ретсіз құбылғанына қарап «жынды ма» деген шығар. Жармақ басымызда Мұхтардан, Бердібектен, Қалтайдан, тіпті Буддадан ойлар араласқан қоспа пайда болғанын қайдан білсін. Әлде қойыртпақ. Ойдың қаттысы мен сұйығы бола ма, өзі…
Қайнар Олжай (“Facebook” әлуметтік желідегі парақшасынан алынды)
3 тамыз 2014 жыл. “Қамшы” сілтейді