Тіл өнері – дертпен тең

тіл 

І  ...Жақын арада «Аbai-kz» сайты жақсы бір дәстүрді қолға алып, классик қаламгерлерінің шығармаларын оқырманға ұсына бастады. Соның ішінде Әбіш Кекілбаевтың атақты «Ханша дария хикаясы» повесі бар екен. Көптен бері тұщынып оқитын туындылар қолыма түспеген соң, «Ханша дария хикаясын» іздеп отырып тауып алған едім. Бірақ повесть соңындағы сайтты пайдаланушылардың пікірлерін оқығанда, бүгінгі оқырман деңгейінің соншалықты төмендігіне қынжылмасқа лажым қалмады. Көптеген пікірлер алынып тасталған, сірә, тұрпайы жазылған дүниелер болса керек. Қалған пікірлердің басым бөлігі шығарманы сынап-мінеуге, әріп қатесін тексеруге арналған қыжыртпа сөздер екен. Туындыны тамсана оқып, сөз өнеріне сүйсінген оқырман жоқтың қасы. Қарғыстың жаманы – «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дейді қазақ. Жаңағы сынсымақ пікірлерді айтушылар сөз қадірін ұғатын жандар болса екен-ау. Жазғаны қатеден көрінбей тұра, қаламгерді кінәлауға барын салып бағыпты. Бірлі-жарым парасатты оқырман ғана басалқалы сөз айтып, туындыға араша түсіпті... Осыны көргенде небәрі жиырма жылдың айналасында қалай осынша құлдырап кеткенімізге қайран қалдым. «Қырқып тұлпар тұяқ, қыран қанатты, Өңшең дүмше өнер көзін ағартты. Өз қадірін жоғалтқаны емес пе, Қазақ бүгін сөз қадірін жоғалтты» деп осыдан он бес жыл бұрын шырылдаған еді ақын Иран-Ғайып. Көркем әдебиет оқылмаса, сөз қадірі жоғалатынын қаламгерлер қашаннан-ақ болжаған. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары бір ақын ағамыздың: «Жедел жәрдемің қайда әлгі, Қазақ тіліне қан керек!» деп аттандағаны бар еді. Өкінішке орай, қазақ әдеби тілі әлі күнге сол жансақтау бөлімінен шыққан жоқ. Сол қансырағаны қансыраған. Бірінші себеп – кітапқұмарлық атты игі мінезден айырылып қалғанымыз. Оның себебін сараптасақ, сонау мектеп оқытушыларынан күй кеткен нарықтық қатынастардың жаңа басталған кезіне барып тіреледі. Ел қашан есін жиып, нарыққа бейімделіп болғанша, «ұстаз» деген ұлағатты мамандықтың да абыройы кетіп болды. Біле білсек, көркем әдебиетке құштарлық, кітапқұмарлық – мектептегі ұстаздар еңбегімен тікелей байланысты дүние. Абай айтқан жан құмарын өз уақытында орынды жеріне бағыттамаған соң, рухани тәрбиесінде кемдігі көп тұтас бір буын өсіп шықты. Санасы өткінші құндылықтарға бой алдырған, қиялы қанаттанбаған күйі қалып қойған бұл буын да – нарықтық заманның бір құрбаны. Екінші себеп – ашық ақпарат кеңістігі тудырған ағыл-тегіл ақпарат ағымының көптігі. Оқырманның өз ойымен оңаша қалуына, құндылықтарын безбендеуге, талғамын қалыптастыруға мұрша бермей тұмшалап жатқан телегей-теңіз ақпарат өз кезегінде орасан зор рухани бос кеңістік қалыптастыруда. Иә, көп ішіндегі жалғыздық секілді, көп ақпарат ішіндегі бос кеңістік те көзге ұрып тұрады. Бәрі бар, бірақ, ештеңе жоқ секілді көрінетін азырқану содан пайда болады. Құнсыздардың ішінен құндыны ажырату теңізден өзге ешбір тамшыға ұқсамайтын тамшыны іздеу секілді қиын дүние. Бұл талғамы қалыптаспаған жас үшін де, қалыптасқан жасамыс үшін де оңай сын емес. Сонымен қатар көп ақпарат жалықтырады әрі асылын жасығынан ажыратып отыратын уақыт пен құнттылық та көп адамда жоқ. Сондықтан қоғам өмірінің көп деңгейінде қолға түскен ақпаратпен қанағаттану басым. Сөз өнерінде де солай. Басқаны былай қойғанда, ақын, жазушы болуға талаптанып жүрген жастарда да ізденіс өте төмен. «Жазбауға мүмкіндігің қалмаған кезде ғана жаз» деген қасиетті қағиданы көп жастар қадір тұта бермейді. Олпы-солпы дүниесін көреген көздердің сынына салмай, тігісін жатқызбаған күйі оқырманға ойсыз ұсына салады. Ал сөз сыртқа шығып, сенің еркіңнен кетті ме, ендеше ол өзінің жақсылы-жаманды әсер ету әрекетін бастайды. Қалыптасқан оқырманның көңілін қалдырып, қалыптаспаған сананы сарсаң ететін бір қайнауы ішінде қалған туындылар қазір аз емес. Кейбір жас жазушыларға менің кейде «жазбай-ақ қойыңызшы» деп жалынғым келеді. Қиюын тауып қиыспаған, кетігін тауып қаланбаған, айтар ойын айта алмаған, ойға алған бейнесін сомдай алмаған қор болған қайран сөздерді көргенде, сол шығарманы оқуға кеткен есіл уақытыңа ішің ашиды. «Жазбауға мүмкіндігің қалмаған кезде ғана жаз» деген қағида не үшін қалыптасқан? Айтар ойың, сомдар образың санаңда әбден екшеліп, пісіп-жетіліп, қалыптасып, сосын өзіңе-өзің сыймай, жазып тастағанша буырқандыратын бір күйді сезінбей тұрып, Мұқағали айтпақшы, «жалын жұтып, жанын жеп жазбай» тұрып, туынды туынды болмақ емес. Оған жетпей шала туылған сөз – көркем сөз емес, көріксіз сөз. Сөздің киесінен қорқу керек. Айтарың бар болса, лайықты пішініне салып айту керек. Мүмкін саған көл-көсір әңгіме емес, бір үзік сыр жазған ыңғайлы шығар? Жоқ қазынаны қопарам деп, жоқ образды сомдаймын деп, шала бүлінгенше, көкейден жарып шыққан шағын да шымыр шығармаңмен оқырманға бір үзік ой тастасаң, бір нәзік сезім сыйласаң, ойлағаныңның орындалғаны сол емес пе? Жас жазушылардың бәрін шектеп сөйлеуден аулақпын. Бірақ бел көтермес жүкті иыққа артпаған дұрыс. Сөз өнерінің биігіне де абыроймен көтерілу керек. Рас, тума таланттар болады. Бірден қиынға сермейтін, таңдаған тақырыбын оңды-солды алып шыға алатын, жан сүйсінтіп жазатын жастар да бар. Осындайда талант – тағдырдың ісі екеніне еріксіз тоқырайсың. Ал жай талаптың бәрі талантқа ұласа бермеуі мүмкін. Тәжірибе мен ізденістің де берері аз емес. «5 пайыз талант, 95 пайыз еңбекқорлық қажет» деген сөз тегін айтылмаған. Сөз дерті шындап меңдеген адам оның дауасын шындап іздеуі тиіс. Көп оқу керек. Тарихыңа, тамырыңа үңілу керек. Өмірді де, өнерді де, адамдарды да тереңірек тануға тырысу керек. Саптаған сөзіңнің есті де көркем болуын, төрт аяғын тең басып, жорғадай көсіліп тұруын қамдаған жөн. Бірақ сезімің ұшқыр, ойың жүйрік, көкей көзің ашық болмаса, ертелі-кеш еңбектену де лайықты жеміс бермеуі мүмкін. Есесіне сөзі түзу, ойы өрісті, санасы сара тұлға болып қалыптасасың. Ақындық пен жазушылыққа келгенде болам деп, болмай қалу мұң емес, болмасты болдырам деп бос әуреге салыну – мұң. Әркімнің өзіне шақ биігі болады. Соны танып, соған қанағат еткен де дұрыс. Қазақта сөйлегенде тілден бал тамызатын шешендер аз емес. Бірақ бүгінгінің шешендері жайлы қазір көп айтыла да, ауызға алына да бермейді. Қазіргі қазақта шынайы шешен жоқ емес, оны бағалайтын аудитория жоқ. Қазір бұрынғыдай қысқа да нұсқа сөйлеп, тауып айтып, көркем ой сомдаған тұлғаларды емес, сөз мәнісін ұқпаса да оңды-солды сөйлеп, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін тіл мен жағына сүйенгендерді шешен деп қабылдау белең алып бара жатқан сияқты. «Сенің тіл байлығың бар ғой» деп жатады біреулерге. «Бақсам, бақа екен» демекші, сол тілі бай дегендерді қарасаң, қазақ айтқан «бейпіл ауыз, бос мылжың» болып шығады. Сөзге тоқтамайтын, сөз танымайтын адамды шешен деп санау да сөзді тұщынудан қалып бара жатқандықтың салдары. Қазір «шешен тілді» деп көбірек той жүргізетін асабаларды айтып жатады. Шынында да олардың арасында қазақы сөздің қаймағын теріп жүріп, үйреніп, орынды жерде айта білетін, тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын шешен тілділер бар. Таяу арада мемлекеттік мекемедегі қызметінен асабалыққа ауысып кеткен бір замандасымды кезіктірдім. Мені қуандырғаны – ол тойды табыстың көзі деп емес, тәрбиенің көзі деп таниды екен. «Той да тәрбиенің бір түрі ғой, той басқарып жүріп те талайды тәрбиелеуге болады» деген оның сөзіне шын сүйсіндім. Мұндай асаба сөз жоқ, өз аудиториясын табады. Себебі адамның ниеті әрбір қылығынан көрініп тұрады ғой. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінуге ол жарар» деген тағылымды танымнан бүгінгі қазақ та алыстай қойған жоқ. Осындайда кешегі қазақ қоғамының тамаша тәрбие институттарының бірі болған той да бүгін сол маңызын жоғалтпаса екен дейсің. «Той – халықтың қазынасы» дегенді қазақ бекер айтқан жоқ. «Қазақ осы дүние мен малыңды Оңды-солды шашу үшін жинайтын» демекші, ас пен тойға барын салатын қазақ мақтан үшін, бақ үшін емес, дәстүр жалғастығы үшін малы мен жанын аямады. Ол дәстүр – жалпақ жұртқа сауын айтып, алты алаштың басын қосып жинайтын, тарихың күй боп шертіліп, танымың жыр боп төгілетін, әдебің ән болып шырқалатын, талай даудың түйінін тарқатып, елдіктің өнегесін жалғайтын, қиыр жайлап, шет қонған ағайынның басын қосатын, небір шешендер сынға түсіп, нелер есті сөз айтылатын, ақындар айтысқа түсіп, сөз қадірін сарапқа салатын, балуандар күреске шығып, ерліктің рухын көтеретін тұтас бір тәрбие мектебі, елдіктің сән-салтанаты еді. Соны сезінген қазақ ас пен тойдан қалмаған, «той дегенде қу бастардың домалайтыны» осы іздегеніңнің бәрі табылатын тіршілік базары той болғандықтан еді. Осындай бір рухтың жасаңғырап, серпілуі үшін жұмсалған мал-дүниені қазақ ысырап деп емес, береке деп бағалаған. Әлі де болса ас пен той қазақтың қарға тамырлы тұтастығын сақтап келе жатқан ғибраттың көзі болып отыр.   ІІ   Қазір қазақы сөздің дәмі кетуіне тілдің дамуымен қатар жүріп отырған оның қасаңдануы да әсер етуде. Тұрмыс жаңарып, ел жаңғырған сайын сөздік қорымыз жаңа сөздермен толассыз толығуда. Оның көбін өз қорымыздан алып, сөзден сөз жасауға әрекет етудеміз. Ол да жеміссіз емес. Біраз сөзді шеттен алып, аудармай пайдалануға мәжбүрміз. Жаңа кәсіп түрлері пайда болды, жаңа қатынастар қалыптасты. Соның бәрі жаңа сөздерді қажет етуде. Мұндайда ертеден кәсіптік санаға бейім елдердің тілі алға шығады да, мәдени уызға бай қазақ тілі кәсіби салаға бірден бейімделе алмай, уақыттан ұтылады. Сондықтан да қазақ тілі әлі күнге аударма тіл деңгейінде қалып отыр. Ал аударманың өз қиындықтары ұшан-теңіз. Аударылмайтын ұғымдар мен қайталанбас қолданыстар кез келген тілде болады. Қызуын келтіріп, көрігін баптап күтіп отыруға келетін заман емес, сондықтан асығыстықпен тілді иемін ден сындырып жатқан жағдайлар да аз болмайды. Бабын білмеген соң, баптануға жағдай жасалмаған соң, өкінішті салдар көп болады. Ойлануға үлгермеу қазір шектен тыс көп кездеседі. Мысалы, қазір не көп, жоба көп. Аудармашыларды аңдап қарасаңыз, «жобаны біреу жасамайды, жоба біреумен жасалады». Яғни «бұл жобаны мынадай мекеме жасады» демейді, «бұл жоба мынадай мекемемен жасалды» дейді. Адам қолымен жасалған емес, өзімен өзі жүзеге асып жатқан үдеріс секілді сөйлейді. Орысшадан ойсыз аударудың салдары осы. «Компьютерім сынып қалды» дейді біздің ауыл қазағынан-ақ шыққан әріптесіміз. Сынып қалатын ойыншық емесін, машина атаулының тек бұзылатынын ойдан шығарып үлгерген. Бұл да аударманың әлегі. Өткенде ғана теледидардан: «Тірідей кезекте тұрмын» дейді біреу. «Живая очередті» аударған түрі. «Квартира шешіп тұрамыз» деген сөзді алғаш естігенде мүлде түсінбегенмін. Сөйтсем, пәтер жалдап тұратынын айтқан екен ғой. Ал енді аударма еңбектерді көрсең, қиянаттың талай түріне куә боласың. Алысқа бармай-ақ кәсіби ізденістерім барысында кезіккен мысалдарды келтірейін. Қазір дін саласына қатысты кітаптардың көпшілігі басқа тілдерден аударылады. Қай тілден аударылғаны сөз саптауынан-ақ көрініп тұрады. Жақында түрікшеден аударылған бір кітаптың тіліне түсінбей сарсаң болдым. Стильдік қатеден аяқ алып жүргісіз, сөйлемдер дұрыс құрылмаған, ой аяқталмаған, қазақ тіліне жат сөз тіркестері қалай болса солай қолданылған. Мысалы: «Мүминнің рухына нақыш болады», «қате жолдарға жолданбайды», «қатарлардан үйренілген», «әсем түсінген», «қиямет шақырушы», «тәблиғ етуші», «үсуәтүн хасәнә» секілді қай тілде екені белгісіз сөздермен жалғасып кете береді. Діни ұғымдар, жер-су аттары, жалқы есімдер қазақ тіліне аударылмай, түрік тіліндегі айтылу мәнерімен берілген әрі қате жазылған. Мұндай дүниелер діни мазмұндағы әдебиеттің сапасы мен сенімділігін төмендеткені былай тұрсын, оқырманды сарсаң етеді. Түсінгісі келген оқырман еріксіз санасымен қоса тілін бұрмалап, сол кітапқа бейімделуге мәжбүр болады. Сөйте-сөйте қатарымыздан есті, ойлы, талғамды оқырман жоғалады. Сана иілгіш емес, сергек болуы қажет. Көрінгеннің қалыбына құйыла берсе, елдік санадан не қалады? Ал енді жақында «Он бір айдың сұлтаны – Рамазан» деген кітап қолыма түсті. Авторы айды аспанға бір-ақ шығарып, рамазанды он екі айдың емес, он бір айдың сұлтаны деп санауды жөн көріпті. Сонда ғасырлар бойы «Сұлтаны он екі айдың – Рамазан» деп жырлап келген қазақ айналдырған он екі айды дұрыстап санай алмағаны ма?! Бір топтың ішінен біреуді сұлтан деп таныр болсаң, оны сыртына қойып есептемейсің ғой. Өз ішінен шықпаса, ол солардың сұлтаны болып қалай саналмақ! Осылай қарапайым қазақы қисыны жоқ адамдар да қазақша кітап жазып немесе аударып, өзін ешкімнен кем сезінбей жүріп жатыр. Иә, тілінің мүкістігін, ойының қисынсыздығын, сөйлеу мәдениетінің жоқтығын кемшілік деп санамай, соған еті үйренген, қалыпты жағдай деп ұғынған тұтастай қоғам қалыптасып келеді! Бірлі-жарым болса білінбес еді, сөзге деген жауапсыздық жаппай белең алып бара жатқан соң, елдің ертеңі не боларына еріксіз алаңдайсың. Қорлауға қиятындай тіл ме еді қазақ тілі! Жоғалуға қиятындай ұлт па еді қазақ ұлты! Осы жерде шегініс жасап айта кетейін, қандай кемдігі көп ұлт болсақ та, біздің қазақтай жаны жайсаң, ойы таза, қиялы ұшқыр, сезімі сұлу халық дүниеде жоқ! Бір ғана мысал – Утопия идеясына еуропалықтардың дамыған орта ғасырларда, яғни ХV ғасырда ғана санасы жетті. Жер бетіндегі жұмақты арман еткен Томас Мордың «Утопия» кітабы, Томмазо Кампанелланың «Күн қаласы» еңбектері туралы бәріміз орта мектеп оқулығынан оқыдық. Ал біздің қазақ бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген сонау ғұндардан бастап, «Жерұйық» идеясының жетегінде ел болып келеді! Өз бойындағы барлық күш-жігерді бейбіт мемлекет құрылысына бағыттағысы келген ғұндардың атақты көсемі Аттила (Еділ патша) ешкіммен соғыспау үшін Алтынжал атын босатып қоя береді. Баласағұн қаласы маңынан бау-бақшалы, күміс хауізді Шу қаласын салдырған, жау қолымен айқаста қалың елдің азаттығын сақтап қалған Шу батыр да бар күшін мамыражай тұрмыс үшін жұмсайды. Көне түркілерден қалған «Көк бөрі», «Ергене кон» дастандары да – халықтың бейбіт өмірін, абат тұрмысын аңсар еткен туындылар. «Күлтегін» және «Білге қаған» жазбаларын да түгел түркінің Жерұйық мекеніндегі бақытты тұрмысын аңсау сарыны көктей өтіп жатады. «Жерұйық» идеясын ғылыми тұрғыдан әл-Фараби бабамыз VІІ-ІХ ғасырларда-ақ өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» атты еңбегінде негіздеп берді. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» Күнтуды патша мен Айтолды уәзір басқарған Жерұйық мемлекеттің әдеби бейнесі сомдалған. Осы аңсарды жалғастырған қазақ ақын-жыраулары Асан Қайғыдан бастап, ғасырлар бойы Жерұйықты аңсар етіп, жырға қосты. Асан Қайғының желмаяға мініп, Жерұйық іздеп, жер кезгені туралы аңыз әр қазаққа мәлім. Осы аңыздарға назар салсаңыз, «Жерұйық» аңсары тек мамыражай, абат тұрмысты ғана емес, иманға, ізгілікке, адалдыққа толы өмірді аңсаудан туғанын аңғарасыз. Яғни «Жерұйық» идеясы – «күнәсіз мекен» идеясы. Жерұйық – күнәсіз мекен идеясын жасаған, оны сүйген, оған сенген, тіпті жерұйықты іздеп жабыла көшкен қазақтан басқа ұлт дүниеде болмаған! Әлі де біздің аңсарымыз Жерұйық – күнәсіз мекен! Әлі де біз оны ұлт болып армандаймыз, жырға қосамыз, аңыз етеміз, шындыққа айналдырғымыз келеді, мақсат етеміз. Астанасының төрінен «Жерұйық» деген саябақ ашып, «күнәсіз мекен» идеясына ескерткіш орнатқан да осы халық. Жерұйық идеясын жасаған халық өлмеуі тиіс! Жүрегінде жерұйығы бар әрбір қазақ ақырына дейін сол идеяны жасаған елге, жеткізген тілге адал болуы тиіс.   ІІІ   Сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың тетіктері аз емес. Олардың ең бастысы – жеке тұлғаның рухани қажеттілігінің, өзіндік ізденісінің болуы. Абай тілімен айтқанда, жан құмары қажет. «Адам баласы әсемнен әсем таңдайды» дейді Мағжан. Біздің әсемдікке деген құштарлығымыз сөйлеу мәдениетінен де көрініс табуы тиіс. Адамның тазалығы мен тектілігі оның сөйлеу мәнерінен де байқалады. Өзін құрметтейтін адам тілін шұбарлап, қалай болса солай сөйлемейді. Біз барлық адамға «елден асқан шешен бол» немесе «сөйлегенде қызыл тілден бал тамыз» деп талап қоюдан аулақпыз. Қарапайым, таза, орнықты сөйлеу арқылы да сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға болады. Ең алдымен күнделікті қолданыстағы сөздерді ана тіліңде дұрыс айтуға бейімделу қажет. Оның ешбір айыбы, сөкеттігі жоқ. Ол сөзіңнің де, өзіңнің де қадір-қасиетіңді арттырады. Тілді шұбарлап сөйлеуге әдеттенсең, саған деген сенімді көзқарастың қалыптасуы қиын, сенің тұлға ретінде мойындалуың да екіталай. Менің қол астымда бір қыз жұмыс істеді. Мінезі орнықты, қазақы тәрбиемен өскен, қазақша да, орысша да бір кісідей сөйлей білетін, іскерлігі де жап-жақсы қыз болатын. Бірақ үнемі аңғаратыным – ешбір жерде сөзі өтімді болмайтын. Себебі ол орысша мен қазақшаны тоқтаусыз араластырып сөйлейтін. «Мен ойлаймын, что ол осылай-осылай деп... Бірақ бұл не значит что мен оны білмейді деп» деген сияқты сөздермен жеткізілген ой-пікірді кім шыдап тыңдауы және мән беруі мүмкін? Бұл адамның өзіне деген құрметсіздігінің көрінісі. Әйтпесе сол қыздың екі тілде де таза сөйлеуге қабілеті әбден жететін. «Сөзіңізді тыңдатқыңыз келсе, қай тілде сөйлесеңіз де таза сөйлеңіз» деп үнемі үйретіп отыратынмын. Бірақ «үйренген көңіл өртенсе қоймас» дегендей, қалып алып қалған ауызды қайта тәрбиелеуге оның еркі жете қоймады. Осындайда мен Бауыржан Момышұлының сөйлеу мәнерін еріксіз еске алып отырамын. Екі тілді бірдей жетік білген ол кісі ешқашан бір сөйлем ішінде қазақша мен орысшаны араластырып сөйлемеген екен. Кейбір оралымдар орысша оңтайлы болып келсе, сөйлемді түгелімен орысша айтқан, қазақша төгіліп түскен ойлары да шешендігімен, тазалығымен, толықтығымен сүйсіндіреді. Сөйлеу мәдениетіне қатысты екінші бір мәселе – қай саланың маманы болсаң, сол салаға қатысты кәсіби сөздерді ана тілінде қолдануға мән беру қажет. Бұл ересек буынға да, әртүрлі пәндерді қатар игеріп жүрген мектеп оқушысына да, жоғарғы оқу орнының студенттеріне де қатысты. Кәсіби сөздерді басқа тілде қолданудың дағдыға айналуы – сөйлеу тілін барынша шұбарлап жүрген жайттардың бірі. Мысалы, медициналық ұғымдарды алайық. Қазақша сөйлеп отырып та біз сырқатнама туралы айтқанда міндетті түрде «история болезни» деген сөзді қолданамыз. Тұмауратып ауырғаны туралы бір сөйлемді бүгінгі қазақ былай жеткізеді: «Грипповать етіп, система қабылдап, укол салдырып, больничный ашқызып жатырмын». Осыдан бір жылдай бұрын жол үстінде қазақша таза сөйлейтін бір азаматпен сапарлас болдым. Сөйтсем өзін «Төлеген» деп таныстырған бұл жігіт Қарағандыда өскен, дәрігерлік оқуды тәмамдап, Алматыда хирург болып жұмыс істейтін Анатолий атты орыс жігіті екен. Қазақы ортада өспесе де қазақ тілін мектеп қабырғасынан бастап, өзі тырысып үйреніпті, тілі өте жатық, тіпті кәсіби медициналық терминдерді қазақша айтқанда, еріксіз сүйсінесің, «осылай да сөйлеуге болады екен-ау» деп қазақ бола тұра өзің еріксіз ойланып қаласың. Қазақ қызына үйленген орыс жігіті келіншегінің қазақша сөйлемейтінін, үйренгісі де келмейтінін айтып, қынжылыс білдіріп отырды. Үшінші бір мәселе – басқа адамдар түсінбей қалады-ау деген күмәнмен жалпы қолданыстағы күрделілеу қазақша сөздерді орысша айтып әдеттенудің ешбір қажеті жоқ. Осындай себептерден адамдар тілді шұбарлап сөйлеуге қалыптасып кетеді. Тілді шұбарлау оңай, тазарту қиын. Түсінбей қалады десеңіз, аудармасын айтып беріңіз. Сіз таза қазақша сөйлеу арқылы өз санаңызды тазартып, тіліңізді дамытып қана қоймайсыз, өзгені ойлануға, аударуға, түсінуге тәрбиелейсіз. Жақында бір ересек замандасымның сұрағына жауап беріп отырып, «тобырлық психология» деген сөзді қолдандым. Ол кісі мені тоқтата қойып: «Тобырлық психология» деген «психология толпы» ма?» деп сұрады. Сөйтсем көбірек орысша оқыған ол кісі менің кейбір сөздерімді іштей аударып түсініп отыр екен. Мұның өзі ол кісінің сөз алдындағы жауапкершілігінің, пайымдау қабілетінің көрінісі екені анық. Осындай қарапайым сұхбаттар сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеудің күнделікті өмірдегі тәжірибелік бір тетігі болып табылады. Төртіншіден, сөйлеу мәдениетіне қатысты өзін-өзі тәрбиелеу үрдісі тоқтаусыз жүруі тиіс. «Тілім басынан дұрыс қалыптаспады, енді осымен кеттік қой» деп, немқұрайды қала берудің қажеті жоқ. Өмір бүгінгі күнмен тоқтап қалмайды. Сіздің өміріңіз тоқтаса да, өзгенің өмірі жалғасады. Сол үшін де тілдің өмірі жалғасуы керек. Оған бір тамшы болса да сіздің үлесіңіз қосылуы тиіс. Өзгенің емес, өзіңіздің тіліңізді түзету арқылы үлес қосуға тиіссіз. «Өзіңді құтқар, сонда сенің арқаңда мың-мыңдаған адамдар құтылады» деген қанатты сөз дүние тіршілігінің кез келген саласына қатысты айтылған. Жақында жол сапарға шығып бара жатып, жеңіл көлікте отырып, қызметтестеріммен телефон арқылы бірнеше рет сөйлесіп, біраз мәселелерді талқылауыма тура келді. Такси жүргізушісі үнсіз тыңдап отырып, соңынан: - Қай мекемеде жұмыс істейсіз? – деп сұрады. Тілге мүлде қатысы жоқ мекемеде жұмыс істейтінімді естігенде, менің қазақша сөйлейтініме таң қалды. Бұл да біздің қоғамның ақыл-ойының бір көрінісі. Яғни қазақ тілін күнделікті қатынас құралы емес, тілге қатысы бар мамандар ғана қолданатын шектеулі саладағы қатынас құралы деп санау қоғамымызда қалыптасып қалған. Содан кейін такси жүргізушісі кез келген адамға ой саларлық біраз пікірлер айтты: – Біз  кеңес үкіметінің кезінде өсіп, қазақ тіліне мүлде мән бермедік. Бір сөзіміз қазақша болса, екі сөзіміз орысша. Қазіргі жастар да солай. Қазақ тілін таза, шешен сөйлейтін адамдар көбейсе, жастар соларға қызығар еді, еліктер еді, қазақ тілін үйрену, білу сәнге айналар еді. Мен өзім Қазақ радиосын жиі тыңдаймын. Сондағы қыздардың сөзін естігенде, «осылар таза қазақша сөйлеуді қайдан үйренеді екен?» деп таң қаламын, - деді ол.   ІV   Шын мәнінде қазақ тілінде сөйлеуді ешкім ешкімге үйретпейді. Қазақ тілін пән ретінде оқу да қазақ тілінде сөйлей білу дегенді білдірмейді. Тілді біреу үйретеді деп күтіп отырудың да қажеті жоқ. Қазақша сөйлеу ең алдымен адамның өз қалауынан, жеке басының қадір-қасиетінен, тіліне, тарихына, ұлтына деген құрметінен туындайды. Бұл жерде «қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік жоқ» деп бұра тартуға болмайды. Ондай қиындықтың бар екені рас, бірақ, адамға өмір өткінші қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін берілмейді ғой. Керек тілде ғана сөйлеп, ана тілін ойланбай құрбандыққа шалатын болса, адам баласының өзіне керек дыбысты ғана шығаратын жануардан, мысалы, маңыраған қойдан қандай айырмашылығы қалады? Мәңгілік құндылықтар туралы түсінігі мен соларды сақтауға деген талпынысы болмаса, адам өмірі өткеніне мәз болып күн кешуі керек пе? Абайша айтқанда, «Хайуанша жүріп күнелтпек» пе? Сен үшін малын жиған, жанын қиған, ен даланы, ен қазба байлық пен жазба байлықты мұра етіп қалдырған, ең ізгі адамгершілік қасиеттер мен рухани құндылықтарды мирас еткен ата-бабалардың сан мың жылдық еңбегінің сен үшін ешбір құны болмағаны ма? Тіл өлсе, ұлт жоғалады. Тілден өзге ешбір ерекшелік ұлтты ұлт ретінде сақтап қала алмайды. Тіл – мәңгілік құндылық. Сол құндылықтың құны жойылмауына сіз сөйлеу мәдениетіңізді қалыптастыру арқылы үлес қосасыз. Ал енді «қоғамдағы қажеттілік» дегенге назар аударайық. Дәл қазір салыстырып көрсеңіз, қазақ тіліне деген қажеттілік көп пе, ағылшын тіліне ме? Әрине, қазақ тіліне! Біреу мойындар, біреу мойындамас, ел халқының жартысынан көбі қазақ тілін тұтынады, сол тілде сөйлейді, сол тілді ана тілім деп біледі. Ал ағылшын тілін жарты қазақ қолданып, күнделікті өмірде сол тілде сөйлеп жүр ме? Қазақша мен орысшаны былай қойып, бір-бірімен ағылшынша түсінісетін екі қазақты біреу көріп пе? Сонда ағылшыншаға деген жан сала жанығардай қажеттілік қайдан туындады? Біріншіден, бұл ағылшын тілі қызметтік мақсатта қолданылатын шектеулі салаларға тән міндетті қажеттілік, екіншіден, болашақтың жалпылама қажеттілігі, яғни ой-өріс пен қарым-қатынасты кеңейту, ақпараттануды күшейту, халықаралық қатынастар қажеттілігі, үшіншіден қолдан жасалып, сәнге айналып бара жатқан қажеттілік. Сондықтан қазір нақты өмірде, нақты қолданыста қазақ тіліне деген қажеттілік әлденеше есе басым болса да, біз сол қажеттілікті қолдан көлегейлеп, көмескілендіріп жүрміз. Қазақшамыздың шамасында шаруамыз жоқ, уақытымызды, қаржымызды, жүйкемізді шығындап, жан салып, ағылшын тілін үйренудеміз. Әрине, үйренушінің талабына нұр жаусын, оған ешкімнің қарсылығы жоқ, бірақ алдымен ана тіліңнің хал-жағдайына назар аудардың ба? Ата-бабаң мың жыл қолданған, қазір өзің күнделікті тұтынатын, ертең ұрпағыңа мың жыл азық болатын ана тіліңнің жай-күйі қалай? Әлде ар-ождан мен жауапкершілікке қатысты сұрақтар сені мазаламайды ма? Менің әрбір қазақ азаматына осы сауалды қойғым келеді. ...Тағдыр жазып, бір пәтерде отбасылы орта жастағы кісілермен бірге тұруыма тура келді. Өздері пәтер жалдап жүрген, мамандығының ағылшын тіліне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, қазақшасы мәз емес әлгі үйдің елуді еңсерген әйелі күн сайын кешкісін ағылшын тілі курсына барып, шаршап-шалдығып тіл үйреніп жүрді. «Неге өзіңізді қинап жүрсіз?» десем, «керек қой әйтеуір» дейді. Содан бері алты жыл өтті, әлгі әйелге ағылшын тілі қажет болмаған күйі зейнеткерлікке де шығып кетті. Санасыз сәнқойлықтан гөрі саналы іс-әрекетке, болуы мүмкінмен емес, болып қойғанмен өмір сүруге әлі де адамдардың еркі жете бермейтіні осындай мысалдардан байқалады. Сөйлеу мәдениетінің дұрыс қалыптасуына бүлдіршіндердің санасын сарсаңға салып, бірнеше тілді қатар үйренуге мәжбүр ететініміз де барынша кері әсер етуде. Осыдан он-он бес жыл бұрын біздің қазақ зиялылары бастауыш сыныптарда шет тілін үйретуді доғару керек деп жанайқайға басып еді. Қазір біз бастауыш мектеп түгілі, балабақшада шет тілін үйретуді сәнге айналдырып алдық. Оның балалар санасына барынша кері әсер етіп жатқанын әртүрлі даурықпа себептермен бүркемелеудеміз. «Екі тілді ерте үйренген балалардың санасы жақсы дамиды, қиын бағдарламаларды тез игереді, өзгелерден озық болады» деп ғылыми тұрғыдан ешқашан дәлелдеуге келмейтін жайттармен өзімізді де, өзгені де алдаудамыз. Рас, бала жастан тіл үйренуге қабілетті, ерекше дарындылар болады. Сондай бірлі-жарым адамдардың мысалын бүкіл қоғамға таңып, құндылық ретінде қабылдаудың  қажеті жоқ. Балабақша жасындағы сәбиге шет тілін үйрету міндетті түрде төмендегі зардаптарға соқтырады: Біріншіден, баланың негізгі сөздік қоры дұрыс қалыптаспайды, соның салдарынан тіл байлығы болмайды, тіл тазалығы ерте бұзылады, бала ана тілінде сөйлеуден сөзсіз кенжелейді. Екіншіден, өзге ұлттың тілі арқылы балаң санаға оның құндылықтары да сіңе бастайды, соның салдарынан балада ұлтсүйгіштік және отаншылдық сезім дұрыс дамымайды. Үшіншіден, бала санасы тіл арқылы өзге ұлттың идеологиялық бағдарларын жатсынбай қабылдайды, оның ұлттық бағдары қалыптаспаған балаң санасының қорғаныс қабілеті болмайды, бұл баланың бірте-бірте идеологиялық тәуелділікке түсуіне алып келеді. Тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет жоғалады. Қазақ тілін игермеген адам қазақ мәдениетімен сусындай алмайды, қазақы болмысқа ие бола да, оны сақтай да алмайды. Бұл бірінші кезекте бала буын тәрбиесіне қатысты. Мен кезінде қырғыз қызына үйленген түрік жігітінің отбасымен біршама уақыт араластым. Қалада тұратын олар балаларын қазақ балабақшасына берген. Отбасында жүргенде кішкентай үш баласының қай тілде сөйлейтінін адам ажыратып болмайды: бір сөзі түрікше, бір сөзі қырғызша, бірі қазақша, бірі орысша. Балаларда ана тілі туралы ұғым да жоқ, қай тілдегі сөз құлағында қалса, соны қолдана беруге дағдыланған. «Үш баламның да тілі кеш шықты» дейді анасы. Балалар, сірә, қай сөзді қалай айту керегін, қайсысының не мағына беретінін ажырата алмай көп қиналса керек. Таяуда ғана жол үстінде 8-10 жастағы екі баласы бар келіншекпен сапарлас болдым. Өзі қазақша жатық сөйлейді, айтуына қарағанда қазақ әдебиетін сүйіп оқыпты. Балаларын да қазақ мектебіне берген, бірақ балалары қазақша сөйлей алмайды. Мінез-құлықтарына қарасаң, екеуі де алғыр сияқты, бірақ үлгерімдері нашар көрінеді. 24 сағат сапарлас болғанда 8 жастағы қызға Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңінің жалғыз жолын жаттата алмай бәріміз шаршадық. 10 жастағы ұл бірер шумақ жаттап, ерледі, бірақ оның айтуындағы қазақ сөзі қазақшаға мүлде ұқсамайды. Орысша сөйлегенде де балалардың суырылып тұрғаны шамалы. Тек күнделікті қолданыстағы сөздерге ғана жаттыққан. Осының бәрі балабақшадан басталған қос тілділіктің зардабы. ...Біз біз кездегі өркениетінен ажырап қалған, қайта өркениетке ұмтылған қоғам ретінде құнсыз құндылықтарға алданудан тыйылуымыз қажет. Сөз мәдениетін, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру бір күннің шаруасы емес. Әдеттегідей бұл жолы да біз мың жыл бойы жиып-терген тіл байлығымызды, сөйлеу мәдениетін тоздырып алып, енді қайта құрап, тілімізді жамап-жасқауға мәжбүрміз. Қазақ тарихы құрбандыққа аса бай. Соның елеулі бөлігі – соңғы ғасырларда ай-күннің аманында жөн-жосықсыз шалынған құрбандықтар. Қазақы тілдің құнары да құрбан болып, жұрнағы қалып тұр. Қасаңдана, қарабайырлана бастаған, аяусыз шұбарланған ана тілін табиғи құнарына бүгін қайтармасақ, ертең осы жұрнағына да зар боларымыз анық. Қазақ тілінің тамырына қан жүгірсін десек, әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуі және сөйлесуі қажет.   V   Сөйлеу мәдениетінің жоғалуы өзімен бірге көптеген әлеуметтік дерттерді ала келеді. Ең алдымен тілдің қолданысының кемуі ұлттық рухани құндылықтар қолданысының кемуіне алып келеді. Рухани құндылықтар кем қолданылған сайын әлсірейді, жұтайды, ақырында ұмыт болады. Ешбір ұлт өкілін өз ұлтының рухани құндылықтарынан тыс жат құндылықтар толыққанды тұлға ретінде қалыптастыра алмайды. Қазір қазақ тілінің байырғы қазақ қоғамындағыдай кең өрісте, бүкіл қарым-қабілетімен, көркемдігімен, шешендігімен қолданыла алмауы салдарынан көптеген мақал-мәтелдер, көркем теңеулер, шешендік оралымдар, ұйқасты, мәнерлі сөздер қолданыстан шығып барады. Жақында біздің орта жастағы филолог ағамыз менің өлеңдерімде қолданылған «тін», «назалы», «ойжады», «естанды», «арсауға» деген сөздердің мәнін сұрады. Тілдің тіршілігі – қолданылуында ғана, жаңағы кейіпкеріміз өзі тілтанушы бола тұра күнделікті қолданысында болмаған сөздердің мағынасын түсінбей отыр. Бір өзге мамандық иесі менің өлеңдерімді оқып болып: «Өлеңдеріңіз қазақша жазылған ба?» деп сұрағаны бар... Бұған дейін қазақ әдеби тілі мен сөйлеу тілінің айтарлықтай айырмашылығы жоқ еді. Сөйлеу тілін ерекшелендіретін жергілікті жерлерге тән жекелеген сөз қолданыстары болатын. Қазір біздің әдеби тіліміз бен сөйлеу тіліміз бір-бірінен алшақтай бастады. Бұған жаңа сөзжасам әдістерімен көптеген сөздер мен сөз тіркестерінің жаңадан қолданысқа еніп жатуы белгілі бір дәрежеде әсер етуде, бірақ ең басты мәселе тағы да сөйлеу мәдениетінің жұтауына келіп тіреледі. Негізгі сөздік қорды белсенді қолданбағандықтан, сөйлеу тілінің өміршеңдігін сақтамағандықтан, оны көркем де кемел тұрғыда қолдана алмағандықтан біз қазақ әдеби тілі мен ауызекі сөйлеу тілінің ажырауына себеп болудамыз. Бұл үдеріс жетістік емес, келеңсіз құбылыстар салдары болып саналады. Қоғам өмірінің белсенді салаларында қазақ тілінің аударма тілге айналғаны аздай, кәсіби және күнделікті қолданыстармен шектелген қарабайыр ауызекі сөйлеу тіліне айналу қаупі бар. Ұлттың тілі жұтаса, мінезі өзгереді. Орыс тілді қазақ балаларының мінезі тік, құрмет сезімінің кем болатыны − ұлттық мінез бен құндылықтардан хабарсыз қалудың салдары. Мұндай мінез орыс ұлтының өзіне жарасады, себебі ол сол ұлттың өзге құндылықтарымен астасып жатады. Яғни сол халықтың бойындағы табиғи ашық мінезділік, тәрбие мәселесіндегі өзіндік құндылықтар, қоғамдық ортадағы мінездер мен іс-әрекеттерді қабылдау ерекшеліктері тоғыса келіп, тік мінезділікті табиғи түрде туындататындықтан, ол ортада бұл мінез ерсі көрінбейді. Ал үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпеген, үлкенге қызметті парыз деп білген, әйел баласы ердің бетіне келмеген, келіні иіліп сәлем салған, «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, Ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген тәліммен өскен біздің қазақ халқы үшін өзінен кіші баланың тік мінездің жөні осы екен деп, ә десе мә деп, бетінен алып жатқаны шаншудай қадалары сөзсіз. Оған өзіміз де куә болып жүрміз. Қазір қоғамдық ортада қызмет көрсету саласында көбіне орыс тілді жастар жұмыс істейді. Бір нәрсені анықтап сұрағың келсе, екі сөзге келмей, дікілдеп жауап беретіндері аз емес. Осындайда бір апамыздың «Өзіңнен кішіден сөз естігеннен жаман нәрсе жоқ» дегені үнемі еске түсіп отырады. Тілде рух бар. Сол рух сөйлеу арқылы сақталады. Себебі сөйлеу жоғалса, тіл жоғалады, тілмен бірге рух кетеді. Қазақ тіліндегі көптеген шұрайлы қолданыстардың өзге тілге аударылмайтынын біз жиі айтып жүрміз. Бұл кәсіби сөздерге ғана емес, рухани құндылықтарды білдіретін ұғымдарға да қатысты. Мысалы, «обал» деген сөзді орыс тіліне қалай аударасыз? Жанама ұғымдар табылуы мүмкін, бірақ осы ұғымды бар бояуымен, қолданылу ерекшеліктерімен бере білетін сөзді өзге тілден табу қиын. Сол секілді орыстың «предвзятое отношение» деген сөзін қазақшаға аудару өте қиын. Өйткені бұл – менталитеттің ерекшелігін көрсететін ұғым, ал қазақ менталитетіне байыбына бармай, алдын ала шешім қабылдап алып, соған сәйкес іс-әрекет жасау тән емес. Тіл – тұлға санасын қалыптастырушы фактор. Сондықтан тіл сапасы жоғалса, адам сапасы да жоғалады. Қазір біздің алдымызға қазақ бола тұра қазақша ойлай алмайтын, жаза алмайтын қызметкерлер көп келеді. Олар бала кезінен қазақ тілін толыққанды дәрежеде тұтынып өспегендіктен, сөйлеу тілі кемел дәрежеде дамымағандықтан толыққанды ойлауға да, жазуға да қабілетсіз болып қалыптасқан. Бұған сөйлетпейтін, жаздырмайтын, тек жаттап алып, белгілей беретін тестілеу тәртібін қалыптастырған білім беру жүйесінің де кері әсері өлшеусіз. Ойлау да, жазу да – шығармашылық үдеріс. Шығармашылық қабілеті, мүмкіндіктері толық ашылмаған адам толыққанды тұлға бола алмайды. Соңғы онжылдықта мектеп бітірген буында сауатсыздықтың белең алуы да осының салдары. Мұның зардабын бүкіл қоғам тартуда, себебі сол буын қазір ел қызметінің ен ортасында жүр. Мен баршаға бірдей сын айтудан аулақпын, бірақ өкінішке орай тілдік тұрғыдағы сауатсыздық қазір кең тараған әлеуметтік дертке айналып отыр. Бұл жағдай белгілі бір дәрежеде қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады, өзгелер енді солардан үйренуде.     Сөйлеу мәдениетінің төмендеуінен қазір бізде қазақ сөзінің ырғағы өзгеруде. Баршамыз білетіндей, қазақ тілі буындық (силлабикалық) жүйеде дамыған тіл, сондықтан қазақ сөзінде әлсіз ғана екпін бар, ол тек соңғы буынға түседі. Ал орыс тілі екпінді (тоникалық) жүйеде дамыған, сондықтан бұл тілде екпін ауыспалы болып келеді, сөзге мағына дарытуда шешуші роль атқарады. Қазір қазақтың бірқатар жастары сөйлегенде орыс тілінің әсерімен қалаған буынына екпін түсіріп сөйлейтін болды. Нәтижесінде қазақ сөзі қазақша дыбысталмайды, қазақша естілмейді. «Тарих» сөзін «тарих» деп бастапқы буынға екпін түсіру әдетке айналып барады. Соның салдарынан «тарихтан», «тарихтың» деп септеудің орнына «тарихтен», «тарихтің» деп жуан буынға жіңішке жалғау қосуды да қалыпты жағдай санап жүрміз. Кезінде ортағасырлардағы араб тілінің, араб поэзиясындағы аруздық өлең өлшемінің әсерінен түріктердің тіл ырғағы да үлкен өзгеріске түсті. Байырғы түрік тілінде де екпін соңғы буынға түсетін болса, аруздың әсері сол екпіннің әртүрлі буынға ауысып түсуіне әсер етті, соның салдарынан түрік тілінде бір сөзге екі екпін қойылатын жағдайға жетті. Мысалы, «яғни» деген сөзге қазақшада сөз соңында бір ғана екпін қойылса, түріктер бұл сөздің екі буынына да екпін түсіріп айтады. Екпіннің өзгеруінің салдарынан арада бірнеше ғасыр өткенде түріктер өз сөзін өзі танымайтын жағдайға жетті. Сондықтан да ХХ ғасырдың басында Түркияда тілді тазалау реформасы жүргізілді. Біз әзірге мұндай тақсыреттің алдында тұрған жоқпыз, дегенмен теңіз тамшыдан құралады, үлкен қиындықтар да ұсақ-түйектерден бастау алатынын ескеруіміз қажет. Қара сөзден ырғақ жоғалса, өлеңмен жылап көрісетін жағдайға жетеміз. Екпіннің дұрыс қойылмауынан туындаған тағы бір назар аударарлық келеңсіз жайт – бізде жас буынның өлең оқу мәнері өзгеріп барады. Жақында ғана мен орта мектепте өткізілген бір байқауға куә болып, балалардың өлең оқу мәнерін естігенімде не жыларымды, не күлерімді білмедім. Қалаған буынына екпін түсіріп, жасанды сазбен, жалған мәнермен оқу әбден белең алыпты. Өлеңді сезініп оқу деген ұмыт қалып бара жатқан сияқты. Мысалы, байқауда Мұхтар Шахановтың белгілі өлең жолдары оқылды, дұрыс мәнермен оқылғанда ол былай болып шығуы тиіс еді (екпін түсірілетін буындар қою әріппен беріледі): «Қайран ақын, наркескен ой, ұшқыр қиял, батыл арман, Исатайдан айрылғанда жер бауырлап жатып алған. Бұдан асқан қаралы түн туған емес басына оның, Досы барда алшысынан түсуші еді асығы оның». Осы өлең жолдарын байқауға қатысушылардың бірі салтанатты екпінмен, жалған мәнермен оқығанда шамамен мынадай болып шықты (екпін түсірілген буындар қою әріппен беріледі): «Қайран ақын, наркескен ой, ұшқыр қиял, батыл арман, Исатайдан айрылғанда жер бауырлап жатып алған. Бұдан асқан қаралы түн туған емес басына оның, Досы барда алшысынан түсуші еді асығы оның». Қысқасы өлеңнің мән-мазмұнынан ештеңе қалмады. Салтанатты екпінмен оқылатындай бұл өлеңнің мазмұнында қуанышты ештеңенің жоқтығын, адам өлімі туралы әңгіме болып отырғанын, өлеңді сезініп оқу керектігін, екпін мен ырғақ ауысса сөздің мәні жоғалатынын өлеңді оқушылар да, оны баптаған оқытушылар да ескермеген тәрізді. Балаң оқушылар өз бастарынан өткізіп көрмеген эмоциялық ахуалдарды бере білмеуі мүмкін, бірақ мұны ұстаздары білуге, үйретуге тиіс еді. Өкінішке орай, оқушылар тұрмақ, кейде танымал театр артистерінің де өлеңді сезіне алмайтынына куә болып жүрміз. Жақында дыбыстық таспадан сондай бір кәсіби актрисаның өлең оқығанын тыңдадым. Өлеңнің қазақы үнмен, қазақы мәнермен жатық та әдемі оқылғандығында талас жоқ, бірақ актрисаның өлеңді түсінбегені және мүлде сезінбейтіні дауыс ырғағынан бірден байқалды. Мән бермеген нәрсенің бәрі жоғалады. Қазақ сөзге бай, бірақ байлықтың мәні шаша беруде емес. Тілге деген бұл салғырттығымызды қоймасақ, атамыз қазақтың «ақыр байдың түбі аштан өлер» деген мақалының кері келері анық. Тілді сақтаудың басты жолы – оны қолдану. Сөйлеу мәдениеті сөйлей жүріп сақталады, сөйлей жүріп дамиды. Өзге тілдерге деген ықыласымыздың бір бөлігін болса да өз тілімізге аударсақ, қазақ тілінің тамырына қан жүгірер еді. Бір ғана мысал. Қазір банктерде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтін қазақ жастарының көбі екі тілде сөйлей біледі. Бірақ қазақ тілді тұтынушы болмағандықтан, олардың қазақша сөйлеу тілі мүлде жетілмеуде. Қазақша сөйлей бастасаң, обалы не керек, көпшілігі қолынан келгенше қазақша сөйлеуге тырысады. Бірақ олардың сөзін қиыстыра алмай қиналғанын көрген тұтынушылардың өздері жұмысты жылдамдату үшін керісінше орысша сөйлеп кетеді. Мұндайда қызметкерлердің ойында «онсыз да орысша түсінеді ғой, несіне қазақша сөйлеп жанымды қинаймын» деген ой қалары сөзсіз. Сол қызметкермен қазақша сөйлесу арқылы сіз оның ұмыта бастаған қазақшасын есіне түсіресіз, сөйлеу тілін дамытасыз, қазақ тілінің қажет екендігіне деген сенімін нығайтасыз, тілге деген құштарлығын оятасыз, қазақша білетініне мақтаныш сезімін тудырасыз. Бұл өз кезегінде өз ұлтын мақтан тұту, құрметтеу сезімдерін оятады. Мен тіпті банкоматтарды пайдаланғанда да қазақ тілін таңдаймын, себебі тұтынушылар тарапынан қазақ тілі мүлде қолданылмаса, осы желеумен ол қызмет аясынан шығарылып тасталуы мүмкін. Біздің әрбір қадамымыз тілді өлтіруге емес, тірілтуге бағытталған саналы қадам болуға тиіс. Мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін қолдануда біз шарттылыққа көп бой алдырудамыз. Барлық құжаттар алдымен орыс тілінде жасалады, содан кейін қазақшаға аударылады. Бұл бір айнымастай заңдылық болып кеткен. Сондықтан да қазақ тілді мамандардың қадірі жоқ, олар қашанда екінші кезектегі, екінші сұрыптағы кадрлар саналады. Олардың идеялары пайдаланылғанда орыс тіліне аударылып пайдаланылады, ал аударма барысында идея өзінің қан-сөлінен айырылып, жартылай жансызданып қалады. Себебі көптеген ұлттық тірек ұғымдар мен құндылықтардың өзге тілде дәл баламасы жоқ. Идея бірінші кезекте өзі туындаған тілде таралуы тиіс, себебі сол тілде ғана ол өзінің бар логикалық болмысымен, барлық эмоциялық қырымен танылып, дами алады. Аударма да ақпараттану үшін қажетті үрдіс, бірақ кез келген ақпаратпен алдымен түпнұсқада танысқан әлдеқайда тиімді. Тілдің қашанда идеологиялық құрал болып келгенін де жадымыздан шығармауға тиіспіз. Ол өзі қызмет еткен идеологияны насихаттайтын ақпараттармен байытылумен болады. Жақында біз қазақ даласындағы діни білімнің дамуы туралы зерттеу жасаттық. Тапсырысты орындаған маман орыс тілді болатын, соның салдарынан біздің белгілеген жоспарларымыз бен берген нұсқауларымызға қарамастан, жасалған дүние қазақ ұлтына қарсы бағытталған көзқарастардан ғана тұратын кереғар дүние болып шыға келді. Себебі қазақ даласындағы діни білімге қатысты орыс тіліндегі материалдардың басым бөлігі сол баяғы отаршылдық көзқараспен қазақты қара танымаған сауатсыз, дін ұстап жарытпаған дүмше ретінде көрсетуге бағытталған сарынмен жазылған дүниелер болып отыр. Орыс тілді мамандардың көпшілігі қазақ тіліндегі мәтінмен жұмыс істей білмейді, соның салдарынан олар тек біржақты ақпаратпен ғана сусындайды. Ал қазақ тілді мамандардың артықшылығы олардың барлығы да орыс тіліндегі материалды еркін пайдаланады, сіңіреді, қорыта алады. Идеологиялық дүниелер тіл табиғатымен тікелей байланысты. Сондықтан қазақ тарихы да қазақ тілінде жазылып барып, басқа тілдерге аударылуы тиіс... Біздің мекеменің қызмет барысында мынадай бір жайт басымыздан өтті. Өзіміздің қызмет бағытымызға қатысты Үкімет қаулысының жобасын қазақша дайындап, содан кейін оны талапқа сәйкес орыс тіліне аударып, тиісті талқылау органдарына ұсынған болатынбыз. Талқылау барысында әрбір сөздің заңдық түсініктемесіне келгенде мамандар үнемі орыс тіліндегі нұсқаны негізге алып, қазақшасын соған сәйкестендірумен болды. Біз қаулының қазақ тілінде дайындалып, орысшаға аударылғанын, түпнұсқа мәтін қазақша болып табылатынын айтқанымызда, мамандар таң қалды. «Таң қалды» деген тым сыпайы айтылған теңеу, дұрысы, айран-асыр болды. Сөйтсек, бұл мекеменің тарихындағы мың-мыңдаған нормативтік құқықтық актілердің арасында тұңғыш рет қазақ тілінде жасалып, орысшаға аударылғаны біздің құжатымыз екен. Қазақ тілінде құжаттама жүргізу, заң шығаруға келгенде мамандар көбіне біздің тіліміздің кәсіби оралымдарды дәл беруге келе бермейтінін, яғни сындыруға көнбейтінін айтып ақталуға тырысады. Бірақ тілдің қасаң да, иілгіш те болмауы оның кемдігінен емес, байлығынан, бекзаттығынан, беріктігінен деп білген жөн. Тілде мінез де, рух та бар. Ол сындыруға көнбегенімен, байытуға көнеді. Біз де сөзжасам әдістемесін жетілдіру арқылы қазақ тілінің кәсіби тіл ретіндегі мүмкіндіктерін ашуға тиіспіз. Қазақ тілінің алтын дәуірі бәлкім, баяғы жорық жырауларының жасампаз кезеңінде басталған болар, бәлкім кешегі кеңестік кезеңде сөз өнерінің небір жауһар туындыларын дүниеге әкелген ақын-жазушыларымыздың еңбегімен кемелденген болар, бүгінгі алмас қылыштай жарқылдаған жаңа туындылармен толығып жатқан болар, қалай дегенде де тілдің алтын дәуірін ғұмырлы ету өз қолымызда. Бар рухани байлығымызды, бар қасиетті құндылықтарымызды, бар аңызымыз мен ақиқатымызды, бар тарихымыз бен танымымызды, бар ізгі сезімдерімізді сеніп тапсырған тіліміз сол аманатты абыроймен арқалап келеді. Сол қара нардай қасиеті үшін біз де ана тілінің қадіріне жетуге тиіспіз. Тарихымызды жасаған, тарихымызбен бірге жасасқан тіліміздің бізден талап етері біреу ғана – ол қазақ тілінде сөйлеу.   VІІ   Қазақтың ең қастерлі құндылығы сөз болған. Бар жиған-терген ілімін, тұрмыс даналығын, сезімі мен сенімін бабаларымыз сөзбен жеткізді, сөз өнеріне сыйғызды, сөзге сеніп тапсырды. Қазақтың сөздік қорындағы көптеген ұғымдар, теңеулер дүние жүзіндегі ешбір халықта кездеспейді. Сөздің қадіріне жетпей, орынсыз қолдану көбіне білімсіздіктен туындайды. Қазақ ақпарат кеңістігі сөз өнеріне баулитын құралдардан кенде емес. Мәселе соны игеруге деген құлшыныстың, сөз алдындағы жауапкершіліктің болмауында. Бір ғана көркем әдебиетті алайық. Қазақтың баға жетпес сөз құнары сонда жинақталған. Соңғы он-он бес жылда көркем әдебиеттің насихатталуы қалай төмендеді, солай қоғамда жауапсыз, орашолақ сөйлеу үрдісі белең алды. Жиырма бес-отыздардағы замандастарымыз «біздің ұрпақ» деген тіркесті ойланбай қолданатын дәрежеге жетті. «Ұрпақ» деген ұғымды қазақ өзінен өрбігендерге, негізінен немере, шөберелеріне қатысты қолданады. Отыздағы жастың арғы ұрпағы тұрмақ, бел баласы бес-он жасқа жаңа ілікті ғой. Ол әлі өз сөзін айтатын дәрежеге жеткен жоқ. Сонда отыздағы жас қай ұрпағы туралы әңгіме айтып отыр? «Біздің ұрпақ» емес, «біздің буын» болуы керек еді дұрысы. Бір ғана «буын» деген сөздің орнымен қолданылмауы қазақтың сөздік қорын осыншама жұтатып, түсініксіз етіп отыр. Осы сөздің қолданысына ең ақыры басалқалы сөз айтатын аға буын әріптестеріміз де мән беріп жүрген жоқ. Мен соңғы кездері қазақша жазатын кейбір жас ақын-жазушыларға да «қазақ тілін үйреніңіз» деп айтуға мәжбүр болып жүрмін. «Жасандылық» пен «жасампаздықтың» ара-жігін ажырата алмай-ақ көркем шығарма жазып жүргендерді көзіміз көріп отыр. Тауға қолданатын теңеуді тасқа қолданып, жер мен судың сипатын қарадай шатастырып жүргендер де аз емес. Бұқаралық ақпарат құралдары тілбұзарлардан аяқ алып жүргісіз болып барады. Олардың кейіпкерлері қашан көрсең «пікірлерімен алмасады» да жүреді. Тілі сау қазақ «пікірлерімен алмаспайды», «пікір алмасады». «Басынан бал-бұл ұшты» деп бір журналисіміз сайрап тұр. Қазақта «бастан бақ таюы», «дәурен көшуі» мүмкін, бірақ не ұшса да «көзінен ұшады» және «бал-бұл» емес, «бұл-бұл ұшады». Әлгі журналист «көзінен бұл-бұл ұшты» мен «жүзі бал-бұл жанды» деген тұрақты тіркестерді қосып-шатып, қалаған жерінен ұшырып, қалаған жеріне қондырып отыр. Қоғамымыздың сөз ұстарлары – көркем әдебиет пен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жағдайы мұндай болғанда, тілдің ертеңі кімдердің қолында болғаны? Тіл өлсе, ұлттың өлетінін бәріміз де білеміз. Ендеше тілді бұзу арқылы ұлтты өлтіруге күн санап, бір тамшыдан үлес қосып жүргенімізді неге ұғынбаймыз? «Тіземнен сүріндірсең сүріндір, тілімнен сүріндірме» деген қазақ едік. Сөз қадірі кетсе, қазақта қандай құндылық қалмақ? «Ойланбай тұрып, ойлан» деген нақыл бар Шығыста. Біз тым болмаса, сөйлемей тұрып ойлануды үйренсек, аз олжа болмас еді. Сөз киесінен қорқу – қазақтың қанына біткен бір қасиет. Сол қасиетті санамызда сақтап қала алмасақ, ұлт болып ұйысып тұрмағымыз да екіталай. Сөз қадірін жоғалтқан ұлт өз қадірін жоғалтады. Біздің үлкен-кіші замандастарымыз өзін сыйлағысы келсе, сөзін сыйласын, сөзге жауапкершілікпен қарасын, сөз үйренсін, сөз ұғынсын. Өкінішке орай, біздің қоғамда тілбұзарларға арналған заң жоқ. Сөз алдындағы жауапкершіліктің бәрі арға жүктелген. Ендеше, арымызға абай болғанымыз жөн. ...Көркем әдебиеттің міндеті неде? Уақыт озған сайын жиі жаңғыратын осы сауалдың қаламгер мен оқырманға бірдей өзекті екені анық. Сөз – құдіреттің елшісі. «Құдайым көңіліме ақыл салды» деген сөз қазақ қисса-дастандарында жиі айтылады. Алла тағала көңілге – ақыл, жүрекке сезім салып, бойға талант бітірген соң, аманат-дарын да адам үшін өтелмеген парыз болып тұрады. Шектелушілік болған жерде даму болмайды. Базбір қаламгерлердің өз туындысын ғана үздік санайтын рухани агрессиясы сол шектелушіліктен туындайды. Көркем сөздің мақсаты – рухани агрессияны ояту емес, керісінше одан құтқарып, рухани тепе-теңдікке келтіру. Әлімсақтан ақырзаманға дейін көркем сөздің міндеті жалғыз болып қала бермек: ол – рухты, рухани құндылықтарды сақтау, көнергенін жаңғырту, жұртшылықтың жүрегіне жеткізу. Қандай әдіс-тәсілдерді қолданады, қандай жолдармен адам жадына әсер етеді – ол басқа мәселе. Көркем сөздің құдіреті арқылы адамның ішкі психологиялық иірімдерін ашу, түйсікке, түпсанаға қозғау салып, жан сарайын тазарту (катарсис) дегеннің барлығы да сол әдебиеттегі әдіс-амалдардың нәтижесі болып табылады. Түпкі нәтиже – пенде-ғұмырдан биік тұратын рухтың аңсар-мұратына ұластыру. Әдебиет адамзаттың рухын құтқаратын бірден-бір құрал деуден аулақпыз, бірақ ол – ең пәрменді құралдардың бірі. Қаламгерден қашанда жоғары деңгейдегі сауаттылықтың талап етілуі заңды. Ал «Оқырман талғамы нашар» деген ұғым түбірімен қате. Жазушы оқырманға түсініксіз болып қалудан қорқып, өзгенің деңгейіне түсуі қажет емес, керісінше, өз биігінде жазып-жырлап, оқырманды сол биіктікке тартуға, тәрбиелеуге тиіс. Парасатты оқырман солай қалыптасады. Жазылып жатқан дүниелердің асылы мен жасығын ажыратпай жариялай беретін кебір талғамсыз баспалардың тірлігі – мәселенің екінші жағы. Басылған дүниелерді қабылдау-қабылдамау жеке тұлғаның – оқырманның еркінде. Таңдау еркі мен пайымдау қабілеті ешбір дәуірде қазіргідей ауыр сын таразысына түсіп көрген емес... Көркем әдебиеттің насихатталуы күшейсе, талғампаз оқырман қатары көбейері де анық. Оқырманды көркем әдебиетке тарту тұтастай халықтық іс-шараға айналса да артықтық етпейді. Бұл бағыттағы жұмыстар апталық, айлық шара деңгейінде емес, жылдық бағдарлама ретінде жүргізілгені жөн. Мемлекет деңгейінде «Көркем әдебиет жылы» жарияланса, көптеген іс-шараларға ұйытқы болып, талай идеяларды туындатып, ойға ой қосылар еді. Халықтық ой-сананы іске қосудың тиімді жолдарының бірі осындай жалпыхалықтық ауқымдағы іс-шаралар жүргізу екені анық. Мұндай жауапты да шешімтал қадамдар қаламгерлер қауымын да серпілтіп, туындыларын кемелдендіруге, құндылықтарын қайта безбендеуге құлшынтары сөзсіз. Мұның барлығы оқырман мен қаламгердің өзара байланысының жандануына, бір-біріне деген  құрметінің артуына, қаламгердің оқырман сынынан мезгілінде хабардар болып отыруына, оқырманның қаламгер ұстанымдарын лайықты бағалауына ықпал етіп, нәтижесінде ортақ қазынамыз – шығармашылық әлемінің жаңа биіктікке көтерілуіне жол ашар еді. Талант шеберлігінің табиғи таразысы қалыптасса, көркем әдебиет те өзінің лайықты тұғырына орнығары анық. Алдыңғы буын ағалар қалыптастырған «Әдебиет – ардың ісі» деген киелі ұғым ескірмеуге тиіс. Әдебиет – өнер. Адамтану, ақиқаттану өнері. «Ақиқаттанудың табалдырығынан айтарың болса ғана атта, әйтпесе ардың ісін былғама!» деген ұстанымға жаңа буын қаламгерлерінің де ұйығаны абзал.

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ,

ҚР Дін істері агенттігі төрағасының кеңесшісі,

филология ғылымдарының кандидаты.

qazaquni.kz