Қазаққа пайдасы жоқ мереке кімге қажет?

 

Еліміз егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздік туын желбіреткелі, құдайға шүкір, мерекеден кенде емеспіз. Мұның үстіне біз онсыз да негізінен тойшыл, сауықшыл, думаншыл халықпыз ғой. Мүмкін бұл жаман қасиет емес те шығар. Алайда кей-кейде тым асыра сілтеп жібереміз. Тойдың да тойы бар екендігін қаперден шығарып алатындығымыз тағы бар. Солардың ішінде өзімізге зияны тиетіндері, тіпті елдігіміздің тұтастығына сына қағатындары да екендігіне ой жіберіп жатпайтындығымызды қайтерсіз. Сондай бір табиғатымызға жат тойлардың бірі, жыл сайын кең байтақ еліміздің аудан мен қала әкімдерінің бір-бірінен асып түскісі келіп, жарыса өткізетін мерекесі — Қала күні деген дардай атағы бар мейрам-сымақ. Бюджеттің есебінен қисапсыз мол қаржы жұмсалатын, соның қомақты бөлігі негізінен Ресейден шақырылған ортаңқол артиссымағының қалтасында кететін мереке. Қазақтың, яғни осы елдің иесінің не тарих қойнауында қалып қойған тамаша салт-дәстұрін, не бай тарихын насихаттауға тигізер көк тиын пайдасы жоқ меркесымақты атап өтуді тоқтататын күн туды деген ойдамыз. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, осы мерекені тойлаудың өзі «сендерде қала деген атымен болған жоқ. Бұларды салып берген біз» деген арам ниетті жандардың қолтығына су бүркеміз. Яғни осы қалалардың жүз бірдеңе жылын атап өту арқылы сол шаһарларды салған кісілердің аттарын атап өтуге мәжбүр боламыз. Демек, олардың «қала салған еңбегін» қосымша түрде болса да мойындауға мәжбүрміз. Ал бұлардың кезінде қазақтың болашағын ойлап салынған дүние еместігін, қайта қазақ жерін уыста мықтап тұрып ұстап тұру мақсатымен жедел тұрғызылған әскери бекініс есебінде тұрғызылғандығы тіпті де естен шығып кетеді. Өзгелерді білмеймін, біздің Қостанайда дәл осы «дәстүр» көптен бері қалыптасқан. Биыл да сол қарқыннан тайған жоқпыз. Қостанай қаласының 135 жылдығын атап өту тамыз айының аяқ кезіне белгіленсе де, дайындық жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен. Әсіресе, осы күнге арналған «керемет сурет көрмесі ашылды» деп бастықтар мен баспасөз біткендер әйелдері ұлт тапқандай қуанып жатыр. «Бұрын-соңды болмаған бұл не керемет екен» деп әуесқойлықпен біз де оған бас сұқтық. Сөйттік те шалқамыздан түсе жаздадық. Облыстық өлкетану мұражайының бір бөлмесінде орын тепкен бұл көрме жергілікті суретшілердің туындыларынан тұрады екен. Оның ең көрікті жерінде, өзге суреттен еңсесі биік жерде әскерилердің оқалы киімін киген сол кездегі «Торғай облысының генерал-губернаторы Константинович» пен «полковник дәрежесіндегі Липпо» дегеннің портреттері «мен мұндалап» бірден көзге шалынады. Қазаққа ерекше еңбегі сіңген адамдардай шіреніп тұрғандығын қайтерсің. Бір қарағанда бұлар жай ғана портреттер секілді. Алайда бажайлап қараған адамға мұның астарында үлкен бір сыр жатыр. Әрине, «сендердің қалаларыңды міне осылар салып берді» деген жазу жоқ мұнда. Түсінетін адамға қазақтың қаласының пәленбай жылдығына арналған көрмеге патшалық Ресейдің жоғары әскери шенділерінің суреттерінің неге ілініп тұрғандығын айтып жатудың өзі артық шығар. Біле-білген адамға біз осындай таяз ойымыздан туындайтын «тапқырлығымыздың» «қала біздікі» деп өзеуреген, ниеті бұзықтардың қолтығына су бұркіп жүргенімізді білсек нетті. Мінекей, осы Қостанайдағы өздерін тәуелсіз санайтын баспасөзде «Қостанай қаласын салған адамдарға ескерткіш орнатып, көше атын беру керек» деп жағы талмай сарнап жүргендердің құдайы беріп қалатындығы даусыз. Несі бар, бүгін кезінде басқыншылықтың іргесін нығайту мақсатымен бекіністі тұрғызған полковниктер мен генералдардың портретін салып, төрімізге іліп қойсақ, күні ертең сән-салтанаты келіскен ескерткіш тұрғызудың ауылы алыс емес те шығар. Ар жағында «қала біздікі» деп, сосын «жер біздікі» деп шыға келетіндердің қатары көбейетіндігін айтып жатудың өзі артық болар. Содан соң, Украинадағы жағдайдың жылыстап отырып, бізге келмесіне кім кепіл? Мінекей, бір қарағанда елеусіздеу көрінетін осы мерекенің астарында үлкен бір ой жатыр. Атын өзгертуге келгенде тұрғындарының басым бөлігі қасарысып қалатын Петропавел мен Павлодардың салынған күнін тойлаудан не ұтамыз? Әулие Петр мен Павелінің бейнесін көтеріп көшеге шыққан тобырды тамашалау үшін бе? Немесе Павел патшаның бізге бірген «сыйының» кереметтігін қызықтау үшін бе? Ал енді Орал қаласын тойласақ әлем-жәлем киініп, қылышын шошаңдатқан казачествоның маршына қатысамыз ба? Қысқасы, «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» мынадай. Астанадан басқа қалалардың мерекесін тойлауды тоқтатқаннан ештеңеден ұтылмаймыз. Астана қазақтікі, оған ешкімнің дауы жоқ. Ал қалғандарының жөні бөлек. Мүмкін алдымен мұндай мерекелерді тойлауға бюджеттің есебінен арнайы қаржы бөлуге тиым салынғаны жөн шығар. Бұл ақшаны сол шаһарлардағы қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсаса, халықтың алғысына бөленер еді. Ал өз қаласының мерекесін тойламаса ұйқысы қашатын, ішіне ас батпайтын жандар болса, өз қаражаттарын шығарсын. Мемлекеттік органдардың бұл іске атсалысуының өзі ешбір ақылға сыймайтын дүние. Тойлағымыз келсе Наурыз бар, Тәуелсіздік мерекесі бар, тіпті Халық бірлігі күні бар, жетіп артылады ғой. Шашылса, соған шашылсын. Мемлекеттің өз мерекесінен ештеңе аяп қажеті жоқ. Ал әзірге тамыз айы облысымыз үшін апта сайын өткізілетін даңғаза мерекеге айналатын түрі бар.Алдымен облыс орталығының күні барынша сән-салтанатымен тойланады. Сосын өздерін Ресейдің бір қаласындай сезінетін Рудный, Лисаков секілді шаһараларға кезек тиеді. Мұндағылар өздерінің тойларына Ресейдің атақты әнші-жұлдыздары Доминик Джокер,Светлана Разина келеді деп қуаныштары қойындарына сыймай жүр. Ал біз болсақ «қазақ әншілерінің өнерлеріне қашан сусындар екенбіз» деп екі көзіміз төрт болған жағдайдамыз. Мүмкін қала әкімдері «сендерге қала салып берген біз» деп кеудесіне нан піскен ұрпақтың өкілдерінің көңілін қалай аулаймын деп жүргенде өз әншілеріміздің келімсектерден кем түспейтіндігін қаперінен шығарып алған шығар.

Автор: Жайберген Болатов, Қостанай

Алаш айнасынан