Шоқанның ізін басқан экспедиция "Жұлдызды теңізде" болды!
2014 ж. 30 шілде
3927
1
Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған "Шоқан Уәлиханов керуенінің ізімен" атты ғылыми-танымдық экспедицияның Қашғарияға сапары одан әрі жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тұрпан қаласын аралағаннан кейін жоба қатысушылары Қарашаһар қаласына келді. Бірақ кестеге ілесу үшін мұнда көп аялдауға мүмкіндік болмады. Дегенмен экспедиция мүшелері жергілікті тұрғындармен тілдесіп, қала өмірі туралы сұрасып үлгерді.
Ұзақ жолдан соң аздап тыныққаннан кейін қазақстандық ғалымдар қайтадан жолға шығып, Қытайдың ең биіктегі тұщы көлі - Бағрашкөлге дейін барды. Көне тұрғындар оны Батыс теңіз немесе Балық теңізі деп атаған. "Мұнда балықтың алуан түрі өседі. Түрлі құс мекендейді. Кейде Орталық Азияда емес, мұхиттың не теңіздің жағасында тұрғандай боласың. Көл үстін тұман жиі басады. Бұл жолы да солай болды", - дейді экспедицияның ғылыми жетекшісі Смайлжан Иминов.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің биолог-өлкетанушысы Жасқайыр Қарағойшиннің айтуынша, көлде тұқытұқымдас балықтар, жайын, алабұға және басқа да балықтар өседі. Сонымен бірге, бұл жер - қарлығаш, суқұзғын, үлкен аққұтан, ақ қанатты бізтұмсық шағала, өзен шағаласы сияқты құстардың базары.
Таудан түн ортасында түскен экспедиция мүшелері Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының географиялық орталығы - Қорла қаласына келіп, сонда түнеді. Қорлада қазақстандықтар қаланың орталық көне мешітінде болды. Тұрғындардың айтуынша, мешітті қашғариялықтар тұрғызған.
Қорладан 100 шақырым жүргеннен кейін экспедицияға қатысушылар Такла-Макан шөлінің солтүстігіне тап болды. Көне елді мекеннің орнында лобнор халқының өкілдері тіршілік еткен. Ғалым Шоқан Уәлиханов бұл өңір туралы: "Тарым өзені өз суын Лобнор көліне құяды, Лобнор моңғол тілінде "Жұлдызды теңіз" дегенді білдіреді. Көлдің маңында фонтан тәрізді жоғары атқылайтын лай су көздері бар, қытайлар оны жұлдызды аспанға теңейді. Қытайлар лобнорлықтардың Қорлаға шаруамен келген кезде өздерімен бірге балықтарын алып жүретінін айтады, себебі олар басқа тамақты жей алмайды", - деп жазған. Уәлихановтың өзі бұл жерге жете алмаған, сол себепті осы жақтан келген саудагерлердің мәліметіне сүйенген.
Лобнорға құятын Тарым өзені өз арнасын талай өзгерткен, онымен бірге көлдің аумағы да өзгерген. "Бұл жерлер атақты саяхатшылардың еңбектерінде жиі айтылады. Олардың әрқайсысы көлдің орнын түрліше белгілеген. Ресей ғалымы Николай Пржевальский көлді географтар көрсеткен жерден емес, басқа аумақтан тапқан. Ресейге келгеннен кейін ғалымдар арасында оның дәл осы көлді тапқаны туралы дау туған. Пржевальский өзінің Лобнорды тапқанын, бірақ Тарым аңғарының әрқашан ауысып отыратынын дәлелдеп берді", - дейді Иминов. Тарым соңғы рет 1923 жылы арнасын өзгертіп, басқа көлге құя бастады. Соның салдарынан Лобнордың суы ортайып қалды.
"Шоқан Уәлиханов керуенінің ізімен" экспедициясына қатысушылар бұдан соң Такла-Макан шөлінің қақ ортасына дейін барып, тораңғылы орманның орнына жетті. 300 жыл жасайтын тораңғы шөлдің қатаң климатына бейімделген. Қабығы мен жапырағы тығыз ағаш ылғалды өз бойында ұзақ сақтайды. Лобнорлықтар тораңғыдан қайық жасаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күзде тораңғының жапырағы түскен кезде адамдар ағаштың шырынын алады. Бұл нектардың емдік қасиеті бар екен, ол жүрек ауруларына дауа болады.
"Шоқан Уәлиханов бұл жерде бола алмады, бірақ бұл оның арманы еді. Қашғарияда болғанында ол бұл қалалар, осы жерлер туралы жиі ойлады. Біз оның арманын іске асырдық дей аламыз. Бірнеше күннен соң біз Қашғарияда болып, онда ғалымның ізімен жолымызды жалғастыратын боламыз. Экспедициямыздың екінші миссиясы "Орталық Азияның Ұлы Жібек жолы" туристік бағытын жасау екенін ұмытпаған жөн", - дейді экспедиция жетекшісі Орденбек Мазбаев.
Еске сала кетейік, Қашғарияға арналған "Шоқан Уәлиханов керуенінің ізімен" атты ғылыми-танымдық экспедиция 24 шілдеде басталған болатын. 12 күн ішінде экспедиция мүшелері Қытай мен Қырғызстан аумағындағы 6000 шақырым жолды жүріп өтуі тиіс. Қазір қазақстандықтар көне Құшар қаласында. Мұнда олар будда үңгірлері мен ІІІ-Х ғасырларда Субаш қаласы болған монастырьді аралап көрмек. Зерттеушілер тобы Қашғарға 30-31 шілдеде жетуі тиіс.
tengrinews.kz