ҚЫРАН ТАҒДЫРЫ
2014 ж. 02 шілде
3874
3
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. КСРО Жазушылар Одағының мүшесі (1969), КСРО Жазушылар Одағының пленум мүшесі (1978), Қазақстанның халық жазушысы (1996), Республикадағы тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс – Арал және Балқаш проблемалары жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы (1988), 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі аясында қазақ халқына «ұлтшыл» деп кінә таққан КОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының қаулысына қарсы және сол Желтоқсан кезіндегі шындықты қалыптастыру жөнінде тұңғыш рет Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумында (1988), КСРО халық депутаттарының І-ші съезінде (Кремль, 1989) батыл мінез көрсетті. КСРО билігі бұған құлақ аспаған соң белгілі ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты А.Сахаровтың, кейіннен Ресейдің тұңғыш Президенті болған Б.Ельциннің қолдауымен бұл проблеманы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында екінші рет қайта көтеріп, КСРО Президенті М.Горбачевты Желтоқсан оқиғасын зерттеу және оған түбегейлі баға беру жөнінде жаңа комиссия құруға мәжбүрледі. Бұл комиссия КСРО билігі жүріп тұрған кездің өзінде-ақ КОКП Орталық комитетінің Саяси Бюросына Одақта бірінші боп саяси айып тақты…
М.Шаханов 1926 жылы ислам дінінің қалдығы деген желеумен Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесі тойлауға тыйым салған «Наурыз» мерекесінің 62 жылдан соң қайта салтанат құруына мұрындық болды (1988 ж.). 1989 жылы 22-қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі орыс және қазақ тілдеріне бірдей мемлекеттік дәреже берген заңды қабылдап, тіпті оған дүркірете қол соғып қойғанда, екінші рет қайта шығып сөйлеп, депутаттарды қазақ тілін жеке мемлекеттік тіл жасауға үндеді және қабылданған заңның үлкен зардабы болатынын ескертті. М.Шаханов ұсынысы Президенттің қолдауымен дауысқа қайта салынып қазақ тілі жекедара мемлекеттік мәртебе иеленді. Ақын соңғы жылдары «үш тұғырлы тілге» де, тікелей қазақ халқын және республикадағы аз ұлттарды тікелей жоюға алып баратын, бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтқа» да батыл қарсылық танытып келеді.
М.Шаханов 1989-91 жылдар аралығында КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, 1990-93 жылдары – республика Жоғарғы Кеңесінің, 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
М.Шахановтың «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырды. Оның шығармалары дүниежүзінің 50-ден астам тілдеріне аударылды.
Ақын өз елінің мемлекеттік дәрежедегі сыйлықтарынан, «Халық қаһарманы» атағынан, орден, медалдарынан жүйелі түрде бас тартты. Ол оны былай түсіндіреді: «Отан біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына еткен қызметі үшін жылу дәметпеуі керек. Отан да өзінің дараланған перзенттерін марапаттап отыруы шарт. Бірақ ол өте әділетті түрде шешім табуы тиіс. Қазір елімізде кез-келген заңдастырылған немесе заңдастырылмаған ұрылардың ең кемі екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында болғым келмейді. Ал шет мемлекеттер ұсынған сыйлықтарды алатын себебім, ел перзентіне көрсетілген, есепке құрылмаған риясыз құрмет сәл де болса республикамыздың рухани мәртебесін өсіреді».
Мұхтар Шаханов – «Қырғыз Республикасының халық ақыны», жиырмадан астам шет елдік академиялардың, университеттердің құрметті докторы, профессоры. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған Орта Бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының, Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының, Түркия, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері тағайындаған «Түрік әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» атағының иегері. 2002 жылы М.Шахановқа «Жазагер жады космоформуласы» атты шығармасы үшін Калифорния Ғылым, Индустрия, Білім және Өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы Алтын медалі мен Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағы берілді. «Нобель» сыйлығының 100 жылдығына орай Тамбов қаласында өткен «Нобель» сыйлығы лауреаттары мен нобелшілердің халықаралық конгресінде «Нобель» ақпарат орталығы, «Нобель» қоры, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясы бірлесіп бекіткен «Нобельдің Алтын медалімен» марапатталды.
Әмір Темірдің соңғы өсиеті
Күш пен ақыл кімде мықты - соның даңқы ең үстем.
Қиып өтіп өзен-көлден,
Қия-шыңнан,
Еңістен.
Сырнайлатып,
Кернейлетіп Әмір-Темір әскері
Мәрмәр қала Самарқандқа оралды зор жеңіспен.
Кешке таман тұс-тұсынан сансыз жарық самсаған,
Көк Сарайдың аясында шаттық қосты қанша адам.
Аққу мойын әсем әндер қалықтады төбеде
Темірдің бұл жеңісі еді көптен күтіп, аңсаған.
Ой-сезімді айналдырып інжу-тізбек алқаға,
Қожа Хафиз шабыттанып жыр оқыды ортада.
Әмір-Темір қанаттана,
Жырға балқып,
Шоқтанып,
Арайланған жанарында шоқтай қызу от жанып:
- Неткен асқақ сұлулық бұл,
неткен жомарт сезім! - деп,
Қайта-қайта басын изеп, қолын соқты шаттанып.
Кенет біреу алға шығып бұрды өзіне жиынды,
Ханға қарап қалбаң қағып, бірнеше рет иілді:
- О, кемеңгер қасиеттім, ұлылардың ұлысы,
Даңқымыздың көшбасшысы, құдіреті, тынысы,
Сізсіз күллі Азияның бітпек емес бір ісі,
Сізден асқан данышпан жоқ,
Егер біреу бар десе,
Оның өзі - Сіздегі ұлы парасаттың інісі.
Тіпті әлемде Сізбен қатар қоя алмаймыз ешкімді!
- Дұрыс!
- Шын сөз!
- Хан жасасын! - деген қоштау естілді.
- Қай кезде де сом алтынның қадірі жоқ қолдағы, -
Деп әлгі адам әңгімесін әрі қарай жалғады, -
Шын өнердің мәнін білер,
Сөздің сәнін, дәмін білер,
Талғамыңыз тағы мені таң қалдырды, алыбым,
Сізді барлап өлең сөздің құдіретін таныдым.
Өнегеңіз ғасырлардан ғасырларға көшеді,
Өзіңіздей көсемі бар елдің бағы бес елі!
- Тоқта!
Доғар!
Сарапталық,
Сен бе, мен бе жетесіз?
Сөзбен арбап, мақтау жолын меңгеріпсің қатесіз.
Бір күшейсе, өткел бермес тоғышарлық індеті.
Әр адамның тірліктегі зор замани міндеті -
Саф өнерді ардақ тұту және терең түсіну.
Жан байлығын есепке алмау - босқа көкіп, ісіну,
Халқымыздың ұлы рухын, бедел-парқын түсіру.
Тек қарынға билік берсек мына ғалам не болмақ?
Онда ізгілік өзендері ақпай қалар табандап.
Қашыр озып,
Тұлпарлардың мерейі ақсап,
Шабандап,
Қарға біткен қарқылдасып, қырандарды жамандап,
Биік пенен аласаның шекарасы жоғалмақ.
Тұс-тұсынан мақтау сөздер құлағанмен көшкін боп,
Әлі күнге жағымпазын жазалаған ешкім жоқ.
Диірменің айналған соң жалғандықтың желімен,
Басқа арнаға түсіруге міндеттімін сені мен...
Сәл ойланып:
- Кімсің өзің, мақсатың не? - деді хан.
- Әрқашанда орын ашқан Сізге жүрек төрінен
Қорасанның хакімімін... Құттықтауға келіп ем...
- Жалған хакім, жалған таудың даңқы жермен теңессін.
Бар, қайта бер!
Қорасанға енді хакім емессің!
- Ұлағатты ұлы ханым, күн келбеттім, кеңісім,
Мұныңыз тым ауыр жаза болмас па екен мен үшін.
Шетке қағу - өзіңізге шын берілген хакімді
Тарылтпай ма сіздегі ұлы жомарттықтың өрісін?
- Міне, міне, сын сағатта санаң қалай бұлтыңдар,
Қырдың қызыл түлкісін де алдап кетер тұрқың бар.
Жанарымды тұздай етіп,
Өтпей жүрген қыздай етіп,
Көзсіз мақтап, беделімді асырдың-ау таудан да.
Сен жанымнан табылар ма ең бастан бағым ауғанда?
Ондай шақта жалт бұрылып кетеріңе дау бар ма!
Мадақ cөздер төбесінен қарша борап жауғанда,
Елікпейтін басшының тым аз боларын білесің,
Cондықтан сен қатерлісің жасырынған жаудан да.
Билік деген - қалың елдің көз қадайтын алаңы.
Мені жиі, жөнсіз мақтау салтқа айналып барады.
Кейбір қулар шектен шығып тіпті теңеу таппауда.
Жалған жыршы, жалған ақын,
Желпи келіп жел қанатын,
Бұдан былай ерік берсе әділетсіз мақтауға,
Сол сәтінде-ақ бұйырамын қатал, ауыр жазаға!
Әділетті жаза барда ғаділетті ел аза ма?
Таразылар уақыт кейін, кім боркемік, кім мықты,
Тек әділ сын - ел тірегі,
Жалған мақтау өлтіреді,
Әміршінің санасынан сығалаған шындықты.
Ал бұл жұртқа әкеледі қанша қайғы-қасірет.
Құнсыз етіп мерей көгін,
Жағымпаздың көбейгенін,
Ұғу керек туар жаңа қасіреттің басы деп.
Мың намыссыз жағымпаздан құлдық ұран құлаған,
Артық маған қасқайып кеп шындықты айтқан бір адам.
Енді шындық менің мына билік құрған өлкемде
Ізгілікпен жұптасады,
Нық басады ертеңге, -
Деп әмірші жігер жүзген жанарында бақ жанып,
Жанған бақпен шығып кетті қалың жұртты қақ жарып.
Содан бері қанша жапты сонау таудың басын қар,
Сан гүлденіп, сан қуарып,
Әмір-Темір даңқын алып,
Жұмыр жердің кеудесінен ұшты дүлей ғасырлар.
...Бас қолбасшы Самарханның бас көшесі бойында
Ескерткіш боп биіктеп тұр, берілгендей пайымға,
Берілгендей уайымға,
Ғасырында есепсіз көп қан төккені жайында,
Бірақ ұлы бір мінезді салт еткені жайында...
Нән бәйтерек әлдене деп сыбырлайды қайыңға...
Ханның соңғы өсиеті,
Сөзге айналған қасиеті,
Алты жүз жыл өткеннен соң, кәне, кімнің ойында?
Бір жас жігіт мінбеде тұр (сырт көзге тым ақылды),
Қосатындай көңілменен алыс пенен жақынды.
Қалбақтады, жалбақтады,
Арыстан ғып ардақтады,
Данышпан ғып салмақтады,
Ескерткішті орнатуға бұйрық берген хакімді.
...Сәлден кейін хакім оны өз қасына шақырды...
Нақ сол тұста оң қанаттан,
Парасаты самғап аққан,
Өзегінен гүл көктеген,
Темір аса құрметтеген,
Қожа Хафиз өлеңдері жаңғырыға оқылды...
............................................................................
Ой салар деп сеніп едім талай жаңа кескінге,
Ұлы жырға бірақ назар аудармады ешкім де...
Қыран тағдыры
Баяғыда,
Бабамыздың бабасының бабасы
Жүрген кезде сүйенбей таяғына
Көңіліне пәктіктен өсірген гүл,
Жомарт әрі мейірбан жесір кемпір
Ұстап апты ауласына келіп қонған бүркітті.
(Одан мұндай батылдықты кім күтті?)
Ал Бүркіттің көріп имек тұмсығын
Кемпір қатты үркіпті.
Оны өзінше "майысқан" деп ойлапты,
Сөзге келмей пышағын тез қайрапты.
Имек жерін кесіп, жонып, тегістеп,
Сорлы құсқа бір жақсылық жасауға бел байлапты.
Гүжім аспан әлеміне айбатты,
Қайратына тамсандырған аймақты,
Қайсар қыран тағдыры,
Ақылсыздау, бірақ адал кемпірдің,
Пышағында ойнапты.
Кемпір байғұс сыртқа жайып шын сырын,
"Басы қайтты, - деп қуанды, - қауіптің".
Жона-жона имек бүркіт тұмсығын
Тұмсығына ұқсатыпты ол тауықтың.
Енді бірде бүркіттің
Өткір, ұзын тырнақтарын аңғарып,
Басын шайқап тұрып қапты таңданып:
- Мүшкіл екен,
Мүшкіл екен бұл халің,
Сорлы құсым, егер де мен жолықпасам бағыңа,
Жетіпсің-ау жүдеп өлер шағыңа, -
Деп отап ап тастады бар тырнағын.
Патша жұртқа жар салды:
- Талмас қанат,
Алмас қылыш иықты,
Маған ылғи аңсататын биікті,
Тіпті жалғыз інім өлген кезде де
Ұмыттырған кеудемдегі күйікті,
Бүркітімді жоғалттым ең сүйікті.
Қыран еді ол бастан бағы ұшпаған,
Менмін деген арланды,
Менмін деген киікті,
Тырнағы мен тұмсығында ұстаған.
Қайырымдылық ерлікке тән әманда,
Бүркітімді тауып берген адамға
Ат басындай алтын сыйлау
Түк қиындық туғызбайды маған да.
Ойға, қырға шабармандар ағылды,
Жұрттың бәрі бүркітті іздеп сабылды.
Үміт оты сан тараптан жағылды,
Бірақ, бүркіт қиындықсыз табылды.
Мазасыздық бұлты сондай серпілді,
Алас-күлес шаттық күйі шертілді.
Шадыман жұрт хан көтере мадақтап,
Патша алдына алып келді кемпірді.
Патша лезде құсын танып, түнеріп
Үнсіз қалды зілман ойға тіреліп.
Көңліндегі апас-қапас тасқынды,
Айғақкерлеп жанарына жас тұнды.
Енді бір сәт оймен шолып қиырды,
Қабағын тас жиырды.
Нөкерін тез шақырды да бүркітті,
Өлтіруге бұйырды.
- Тағдырыңды қасіретке байланған,
Ап шыға алман, бұл тұйықтан, қайраннан.
Хош бол, құсым, - деді патша қыранға, -
Өлген жақсы қасиетін жойғаннан.
Сонан кейін:
- Иә, кемпірім, аман ба?!
Деп жадырап шыға келді ол табанда, -
Сендей жомарт адамдар,
Ауадан да қажет біздің қоғамға.
Үстем содан мерейің де, бағаң да.
Шапағатың тиді, міне, маған да.
Әттең, әттең... осы дарқан пейліңе
Ақылыңның сай келмеуі жаман да.
Тұғырыңда тұра алмайсың тағат қып,
Сөйтіп тағы жасайсың-ау ағаттық.
Нәрестенің қолындағы қанжардай -
Ақылсыздың қолындағы жомарттық.
Жаның адал.
Адал содан асың да.
Ат басындай алтыныңды ал,
Тосылма!
Бірақ мына алтын алған қолыңды,
Амал қанша, қалдырасың осында.
Тек өзіңді санай көрме ғарыпқа,
Қатал жаза қолданды деп қамықпа.
Өйткені сен қарсы шапқан жаудан да
Қауіптісің халыққа.
Қалың қауым сенен оңғақ күй көрсе,
Саған қарап жомарттықтан жиренсе,
Не болмақшы?
Ал мына алтын өзіңді
Асырасын арқаң жерге тигенше!
Қатал патша дегенінен қайтқан ба?!
Сөйтіп қолын кескен екен кемпірдің...
Анам маған осы аңызды айтқанда
Көз алдымда сен тұрдың.
Дарының да, даңқың да бар жаңғырғын,
Ақ тілектер арай шашса гүлдейсің.
Бірақ ертең не күтеді алдыңнан,
Білмейсің-ау,
Оны мүлдем білмейсің.
Тұтастырып бақ пен сордың арасын
Сиқырлайды атар таңның назды үні.
Бүгін кіммен,
ертең кіммен боласың?
Тым күрделі бұл сұрақтың мазмұны.
Заман егер аямаса бар нұрын,
Мансап сені құлата алмас торына.
Жатсам-тұрсам тілемеймін тек,
Тағдырың,
Түспесін деп әумесердің қолына.
Егін жұртқа бағалы тек дәнімен,
Дән саларлық ойларыңды сұрыпта.
Дос көңілін ұсынғанның бәрінен
Достық шыға бермейтінін ұмытпа...
Қалдаяқов өзені
Бар қазақты тамсандырған,
Таңнан-таңға ән салдырған,
Өзін әнмен қарсы алдырған Шәмші едің.
Зорсығанның көбісі құры сүлде,
Ешкім көзі тірісінде
Ән көгінен дәл өзіндей таба алған жоқ нар сенім,
Қандай ғажап кереметің бар сенің.
Ұлылыққа еліктегіш отсыз, нәрсіз көздер көп,
Біреулер жүр саусағының көмегімен сазгер боп,
Ал сен ұлы жүрегіңмен,
Пейіліңмен, тілегіңмен,
Күллі тамыр тірегіңмен,
Дарын едің алдына жан салмаған,
Ұлт сезімін арқалаудан талмаған.
Отырардың еңкеймеген рухын
Әр қазаққа ән арқылы жалғаған.
Бәлкім, содан маңдайыңның қасіреті тым қалың,
Пенделік пен кенделікті көп көрсең де сынбадың.
Заманыңда ұшырсаң да әннің небір сұңқарын
Тіпті сазгер қоғамына мүше болмай кеттің-ау,
Ерлік шығар сондай сәтте еңкейместен тұрғаның.
Өкпелеме қазағыңа, өкпелеме, іңкәрім.
Жігіттің бір жарқыны едің,
Дәуірдің сом алтыны едің,
Едің және арайы.
Бірақ сенен әлдеқайда қымбатқа
Бағаланды қалайы,
Солай көшкен бұл даладан ұлылардың талайы.
Мына шақта, ізгіліктің тауы тозған кезеңде,
Қырандардан қораздар мен тауық озған кезенде,
Хас тұлпарды топ жабағы
Қалың шаңға жауып озған кезеңде,
Айналдың сен енді ешкім бөгей алмас өзенге.
Енді саған өшпес, өлмес атақ даңқтың кезегі,
Келгендігін досың түгіл, қастарың да сезеді.
Кеш болса да жадырап ақ, еркелеп ақ еліңе,
Ұлтымыздың ұлы өзені - Қалдаяқов өзені.
Түсінісу теоремасы
Қара бұлттай қайғы жапты бөлменi,
Адамзаттың алғыр, ұлы қыраны -
Лев Толстой жатыр едi өлгелi.
Әйелi кеп қолын сүйiп, жылады:
"Тежей алмай мiнезiмнiң тасырын,
Өзiңменен өттi жарты ғасырым.
Мен бейбақты кешiре гөр.
Күнәм көп...
Keшipe гөp,
Keшipe гөр, асылым?!"
Өткен күнiн оймен шолып алыстан
Yнciз, iштей күбiрледi данышпан:
"Жә, кемпiрiм,
Жасыңды тый,
Жеттi ендi,
Жылап ешкiм қайыра алмас өткендi.
Қаштым сенен...
Саған жақын жүргенше,
Артық көрдiм жиhан кезiп кеткендi.
Жалғыз сенен қаштым ба екен мен бiрақ...
Ресейден бөлiнбестей болдым-ақ,
Iз бастадым күртiк қарды омбылап.
Күллi әлемдi тамсандырған ақылым
Сенен қолдау таппағаны қорлық-ақ.
Бiр шындық бар ешкiмнiң жоқ таласы -
Ұл-қызымның болдың ғазиз анасы.
Қартайғанда түсiнiспей, әттең-ай,
Жолымыздың қырсыққанын қарашы.
Дей алмаймын: "Маңдайымның сорысың...
Қамқорым боп создың қанша қол ұшын.
Бipaқ менi түсiнбедiң.
Түсiнуге және де
Тырыспадың...
Кешiрмеймiн сол үшiн,
Кешiрмеймiн сол үшiн...".
Күллi адами пенделiкпен алысқан,
Қыран ойы тұрақ таппай ғарыштан.
Әйелiне қарап терең күpciнe,
Мәңгiлiкке көзiн жұмды данышпан.
Қайда,
Қайда
Көңiл сырын көзден ұғар нәзiктiк?
Yш өлшем бар -
Биiктiк пен тереңдiк, кеңдiк (яки жазықтық).
Бұл үшеуiн бағаламау - көзсiздiк hәм кереңдiк.
Ал түсiнбеу...
бақытсыздық болар ол,
Иә, адамдық қатынаста жоқ әлi де сара жол.
Оңай емес,
оңай емес бұл егес,
Қашан болсын бiрлiк жолы бұрыстау.
Керек десең, түсiнбестiк кiнә емес,
Қылмыспен тең - түсiнуге тырыспау.
Оһ, қаншама бұлақтарды жұрт түсiнбей суалтты.
Cөйтiп, қанша бәйтеректi қуартты.
Оһ, қаншама ұлыларды жұрт түсiнбей өлтiрдi,
Сөйтiп, мына тiршiлiкке үлкен зиян келтiрдi.
Бруноны отқа жаққан,
Галилейдi сотқа тартқан,
Бiржан салдың арқан байлап қолына,
Жылан болып Ұлықбектiң иiрiлген жолына
Түсiнбестiк едi ғой.
Соның бәрi адамзаттың сорына.
Түсiнбестiк аз жайды ма қанатын?
Мұнан асқан нала бар ма,
Ұлы Абайды сабаған да
Түсiнбестiк болатын.
Талантына тамсандырған талайды,
Жазған шақта Әуезов сол "Абайды",
"Бұл туынды шыға алмайды белеске",-
Деп құлшына қарсыласқан,
Қияс ойға қамшы қосқан,
Тағы да сол түсiнбестiк емес пе?
Ал, Әуезов жолсыздыққа бұл сынды
Ызалана қол сiлтеп,
Iштей, үнсiз күрсiндi:
"Tүciнeтiн халық аман болсын", - деп.
Өткен - өттi.
Бiрақ бәpi есепте.
Қандай азап,
Қандай азап - ұғыспау.
Түсiнбеген кiнәлi емес десек те,
Қылмыспен тең - түсiнуге тырыспау.
Түсiнбестiк - секiлдi бip көк тұман,
Сол көк тұман тудырады көп күмән.
Бip жас дарын көтерiлсе мiнбеге,
Жұрт түсiнбей қалмаса екен деп тұрам!