ЖАСЫЛ ӘЛЕМ (Швейцария сапары)
2014 ж. 23 маусым
4143
6
Бәрі жасыл!
Қаласы, даласы да!
Көкорай бел көркем көл жағасы да.
Сырдария көңілмен сыймай тұрмын
Алатау мен Альпінің арасына!
Жартасы да жап-жасыл, әр тасы да,
Жасыл көзбен қарайды қалқасы да...
Жасыл нүкте боп енер жәннат әлем,
Сан бояулы әлемнің картасына!
Швейцария - жерұйық даңқы дара!
Қазақтардан бөлек тіл, салты ғана!
Саумал самал соғады Сарыарқадай
Тау басынан құлайды Сарқырама!
Көрген де арман, көкпеңбек мына көлді,
Құлпыртыпты – ау, құдайым, құрама елді.
Керілгенде – кеткен бе тасқа айналып,
Келіншектау* алдымнан шыға келді...
Көз алмадым көргендей жаңа тауды
Теңеу таппай ақтардым бар атауды.
Сәукелесі ұласқан ақша бұлтқа
Түсірді еске кербез шың Қаратауды!.
Келіншектің жайнаған өңі міне,
Желік бітер желкемдеу көңіліме...
Мөңіремес сиыры, иті үрмейді,-
Бәрі риза өйткені, өміріне!..
Жұмақ әлем көлемі аз ғана ма?
Талай ерлер тарихын жазды арада...
Ленин қашып келген жер** қандай әсем!-
Тегін адам, әрине, таз бола ма?
Кер самалмен келісті кеш кіреді,
Бура бұлттар бұрқырап көшті бері.
Жүрек тілі сағаттың зырылдаса,
Жүрегіңнің дүрсілі естіледі..
Шық кетпейтін шырайлы шірікін ғалам,
Бір-ақ сәттей көрінді бұл күн маған...
Ұзарта гөр өмірді деп тілейсің,
Отанында сағаттың сыртылдаған...
Желмаямен бабамыз жеткен желге,
Тоқтамай-ақ осындай кеткен бе елге?!.
Кең даламды сағынып, кеттім ұшып,
Асан атам түйесі шөккен жерге!
Қазыбек ИСА
20.06.2014.
- *Швейцария астанасы Берн қаласының маңында Interlaken қалашығы маңында Jungfrau (Келіншектау деген сөз) тауы бар.
- ** Ленин Швейцарияның Цюрих қаласын паналаған.