Пикассоның картинасының астынан белгісіз ер адамның портреті табылды
2014 ж. 18 маусым
2829
0
Вашингтондағы Филиппс жинағындағы Пабло Пикассоның ертедегі шығармаларының бірі "Көкшіл бөлме" астынан зерттеушілер белгісіз ер адамның портретін тапты.
Инфрақызыл сәулелердің көмегімен пиджак киіп, галстук таққан ер адам анық көрінеді. Ол шынтақтап отыр, қолының саусақтарында - үш сақина бар. Бұдан 60 жыл бұрын "Көкшіл бөлме" картинасының астынан тағы бір суреттің белгілері байқалған.
1990 жылдары ғана бұл пайымдауларды рентген сәулесі арқылы тексеру мүмкін болды. 2008 жылы Филлипс жинағының, Вашингтондағы ұлттық өнер галереясының және Корнель университетінің мамандары инфрақызыл сәулелер арқылы анық емес бейнені көрді, ал өткен аптада жетілдірілген сканер технологиясының арқасында порттреттің барлық егжей-тегжейі белгілі болды.
Сарапшылар енді картинада кім бейнеленгенін анықтауға тырысуда. Пикассо картиналары екі қабаттан тұратыны алғашқы оқиға емес.
Оның Нью-Йорктегі Гуггенхайм мұражай коллекцияларындағы "Киім үтіктеуші" шығармасынан да жаңғыртушылар мұртты ер адамның бейнесін тапқан болатын.
nur.kz