ГЕНЕРАЛ САБЫР РАҚЫМОВ ҚАЛАЙ ҚАЗАҚ БОЛДЫ?

Генерал Рахымов   Құрметті оқырман, бейбіт заманда да ерлікке орын бар. Бұл мақала осындай ерліктің иесі туралы. Ұзақ жылдар бойы ұлты басқа деп танылып келген Ұлы Отан соғысының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымовтың қазақ екенін кім және қалай дәлелдегенін көпшілік біле бермейді. Білсе де сирек айтылатын осы бір деректі есінде сақтай қоюы қиын. Себебі мәліметтер ағыны селдей соғылысқан теледидар арналарынан бірінен соң бірі төгіліп жатқан заманда тарихымыздың осындай айшықты беттері туралы жиі айтылып отыруы керек. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесі күндері теледидардан жиі көрсетілетін, осы жеңістің 60-жылдығына арналып түсірілген 120-минуттық «Қазғыұрт қыраны» деректі фильмінде батыр генералдың жұбайы Құралай апай Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеген ұлтжанды азаматтың есімін екі рет атайды. Фильмнің 40-шы минутында Құралай апайымыз: «Бірінші Әсілхан Оспанұлы жазды», дей келе сол фильмнің 80-минутында: «Әсілхан Оспанұлы деген доцент Шымкентте тұрады. Сол: «Мені атса атып жіберсін, басқалар күймеседе мен күйемін, деп әлігі кісі жазды» дегенін бүкіл Қазақстанның халқы көрді. Шымкенттің жаймашуақ күндерінің бірінде генерал Сабыр Рақымовтың жұбайы Құралай апай ғалым Әсілхан Оспанұлының үйіне келіп иығына шапан жапты. Бұнысы ғалымның азаматтық ерлігі үшін, генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдегені үшін, және батыр туралы жасаған басқа да зерттеушілік жұмыстарын құрметтеу белгісі еді. Сонымен бұл қалай болып еді? Ғалым Әсілхан Оспанұлы өзінің зерттеу жұмыстарын 1971 жылдың жазында Қазығұрт бауырындағы Жаңабазар жеріндегі «Коммунизм» совхозының тау жақ түкпіріне орналасқан Жамбыл атындағы бөлімшесінде тұратын генералдың шөбере туыстарының үлкені жастағы Байдар ақсақалдың үйіне барып сұхбаттасудан бастайды. Осы кездесудің нәтижесінде Байдар ақсақал, Шерхан Рысқұлов, Қанат Құрымбаев, Әбу Тілеухановтар өздерінің генерал Сабыр Омарқұлұлы Рақымовтың туысы екенін және батырдың ұлты қазақ екенін растап әрқайсысы ғалымға бөлек қолхат жазып береді. Бұл қолхаттарда жазылған сөздердің шын екенін растап, сол кезде Шымкент облысы Ленин (қазір Қазығұрт ауданы – Б.О.) ауданының Жаңабазар ауылдық кеңесінің мөрі басылып расталады. Осыдан соң ғалым Ә.Оспанұлы Ташкент қаласының орталығында орналасқан Әлішер Науайы атындағы опера және балет театрының түбіндегі «Шымкент орамы» деп аталатын көшенің 9-үйіндегі 37-пәтерде тұратын батырдың жұбайы Құралай апаймен кездесіп әңгімелеседі. Осындай ізденістерінің нәтижесінде, осыдан қырық екі жыл бұрын, яғни өткен ғасырдың 1972 жылының 9 мамыр күні шымкенттік ғалым, филология ғылым ғылымдарының кандидаты, Шымкент педагогикалық институты қазақ әдбиеті кафедрасының доценті Әсілхан Оспанұлының Ұлы Отан Соғысының батыры, генерал С.Рақымовтың ұлты қазақ деп жазылған «Қазығұрт қыраны» атты зерттеу мақаласы Шымкент облыстық (ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы солай аталған –¬ Б.О.) «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2-4 беттерінде жарық көрді. Осы жерде осындай мақаланы жариялаған газеттің сол кездегі редакторы (газеттің 4-бетінде «бас редактор» деп емес, жәй ғана «редактор» деп жазылыпты –¬ Б.О.) Әмірсейіт Әлиев ағамыздың атын атауды жөн санап отырмын. Әсілхан Оспанұлының осы мақаласы бір айға жетер-жетпесте 1972 жылдың 6 маусым күні Қазақстан ЛКСМ (Ленинский Коммунистический Союз Молодежи – Б.О.) Орталық комитетінің органы болып табылатын «Лениншіл Жас» (Қазіргі «Жас Алаш» газеті, сол кездегі редакторы С.Бердіқұлов – О.Б.) газетінің 3-бетінде мәтіні еш өзгеріссіз «Қазығұрт қыраны (Генерал Сабыр Рақымов туралы жаңа дерек)» деген тақырыппен жарық көрді. Бұл жаңалық бүкіл республика көлемінде елеулі оқиға болып үлкен қоғамдық пікір туғызды. Сондықтан бұл құбылысқа билік басындағылар да немқұрайлы қарай алмады. Әрі бұл жарияланым туралы Өзбекстан басшылығына да хабар жеткен. Сонымен басшылық келтірілген деректердің анық-қанығын түсінудің орнына ғалымды ұлтараздықты қоздырды деген пайыммен айыптамақ болды. Ғалым Әсілхан Оспанұлының мақаласында мәтін нақты былай деп жазылған: «Екі енені бірдей емген тел қозы десе де болады, ол өзі қазаққа перзент болса, өзбекке жиен. Өйткені, оның шешесі, біздің жеңгеміз Бәһірәйім Ташкент маңындағы Жүнісабад деген жерде тұратын өзбек диқанының қызы еді. Революциядан кейінгі аласапыран кезде күйеуі қайтыс болғасын туған ағасы Рақымның көлейтінде болуды ұнатты. Сол нағашысы Рақымды саялап жүрген Сабыр да мектепке берген кезде соның балалары қатарында Рақымов болып жазылып кеткенін кейін білдік» деп қабылдамай, ғалымның тарихи шындықты дәлелдеп жазғанын «халықтар достығына сызат түсірді». Бірақ билік биігіндегілер мақалада жазылғандай Сабыр Рақымовты екі елдің перзенті деп қабылдамады. Шымкенттегі қазіргі Облыстық әкімият орналасқан ғимараттағы Облыстық партия комитетіне келіп түсініктеме беруін талап етеді. Ғалым бұндай кездесулерде өз дегенінен қайтпай қайсарлық көрсеткен. Іс бұл әңгімелермен шектелмейді, әуре-сарсаңның не бір түрі басталады. Ғалымға «Әсеке, бұның сізге қажеті қанша, ертең балаларыңызға қиын болады» деп «кеңес» берушілер да табылады. Шындықты ту еткен ғалым Әсілхан Оспанұлы бұндай мәймөңкі «кеңестерге» бой алдырмай батырдың өмір жолын зерттеуді тоқтатпайды. Генералдың анасы Бәһірайымның туған бауырларымен кездесіп сұхбаттасады. Олар да С.Рақымовтың әкесінің қазақ екенін растайды. Батырдың жұбайы Құралай екеуі Ташкент облысы Орджоникидзе атындағы аудандық «Коммунист» колхозының жерінде тұратын Сабыр Рақымовтың немере қарындасы Лүтпі Оспанқұлқызының үйінде 1973 жылы 21-тамыз күні болып, Лүтпі апайдың аузынан жазып алған әңгімесін арқау етіп, Шымкентке келген соң «Ақырғы аттаныс» мақаласын жариялайды. Шымкентке батырдың жан жары, Ұлы Отан соғысының ардагері Құралай апайды шақырып сол кездегі теледидардан көрсетуге мүмкіншілік жасады. 1973 жылдың 7 көкек күні Оңтүстік Қазақстан радиокомитетінің қызметкері Төлеп Құлымбетовтің дәнекерлігі арқасында кешкі жетіден қырық бес минут өткенде ғалымның «Қазығұрт қыраны» мақаласы облыстық радиодан оқылды. Ғалым бұнымен шектеліп қалмай 1973 жылдың күзінде батырдың жары Құралай апаймен бірге, азамат соғысы жылдары Сабыр Рақымовпен Баку қаласындағы әскери оқу орнында бірге оқып, қанды шайқастарға бірге қатысқан белгілі кинорежиссер, Социалистік Еңбек Ері Кәміл Ярматовке, барып жолығады. Шаңырақ иесі қонақтарын қуана қарсы алып ұзақ сұхбаттасады. Ғалымның сол жылы жазған «Өмірі өнеге өнерпаз» мақаласында жазғандай өзі қойған С.Рақымовтың ұлты кім еді, деген сұраққа К.Ярматов: «Қайсымыздың қай ұлттан екенімізді біле бермейтінбіз. Әйтеуір түркістандықпыз деп жүре беретінбіз» деп жауабын келте қайырған. Өзбекстанның ең мықты кинорежиссерінің бұлай деп жауап беруінің өзіндік себебі бар болатын. Ол өз ұлтының тәжік екенін де жұртқа жария ете бермеген, себебі сол кездің саяси жағдайы сондай болатын. Сөз реті келген соң айта кету парызым – К.Ярматов өзінің тәжік халқының ұлы екенін 1987 жылы Ташкент қаласындағы Ғафур Ғұлам атындағы әдебиет және өнер баспасынан жарық көрген «Возвращение (Оралу – Б.О)» атты естелік кітабының 112-бетінде жазды. Ғалымның бұлтартпас дәлеліне қарсы жалпы сөздерден басқа ештеңе айта алмаған билік басындағылар газет редакторларына ғалымның С.Рақымов туралы болмаса да жалпы соғыс тақырыбына жазған басқа еңбектерін жариялауға тыйым салады. Дегенмен ғалым Әсілхан Оспанұлы шындықты дәлелдеу мақсатында Қазақстан мен Өзбекстанның ресми мекемелеріне өзінің дәлелдерін келтіре отырып көптеген хаттар жазады. Құрметті оқырман, сөзім дәлелді болу үшін төменде сол хаттардың бірнешеуінен үзінді оқыңыз: Заведующему отделом пропаганды и агитаций ЦК Компартии Казахстана тов. Плотникову А.П. от доцента чимкентского педагогического института, кандидата филологических наук ОСПАНУЛЫ А. Здравствуйте, Андрей Павлович. В свое время в Чимкентском областном комитете КП Казахстан сперва у заведующего отделом пропаганды и агитации тов. Котунова Ю.Е., после у секретаря обкома тов. Тлеубергенова И.Т. мне сообщили, что моя деятельность направленная к уточнению казахского происхождения отдельных выдающихся личностей вообще, генерал-майора, уроженца совхоза «Коммунизм» Ленинского района Чимкентской области Сабира Омаровича Рахимова в частности, будет иметь отрицательное влияние в укреплении братских уз дружбы между казахским и узбекским народами. Как видите, положение в которое поставлен я не из ахти хороших, наряду с этим предупреждением мне стало известно, что последовало ваше указание не печатать, впредь материалов, касающихся генерала Сабира Рахимова. Согласно этому вашему указанию наши товарищи из редакции газеты «Оңтүстік Қазақстан» стали сторониться от публикации даже тех материалов, в которых повествуется подвиги солдат Великой Отечественной, которым приходилось совместно служить с генералом-майором Сабиром Рахимовым. P.S. Можете рассматривать мое письмо по своему разумению как частное письмо или как официальный документ. 30 августа 1976 года. г.Чимкент. *** Заведующему отделом пропаганды и агитаций Чимкентского областного комитета Коммунистической партии Казахстана тов. Котунову Ю.Е. От доцента чимкентского педагогического института, кандидата филологических наук ОСПАНУЛЫ А. ОБЪЯСНЕНИЕ Я поочередно побывал у Куралай Натуллаевой и Романа Рахимова (сын С.Рахимова), у другого троюродного брата генерала Сабира Рахимова Есалы Медетбекова, у родных дяди генерала Сабира Рахимова Тулегена и Азизмата Каримовых, у двоюродной сестры генерала Сабира Рахимова Лутфи Оспанкуловой, которые тоже дали подтверждавшие пояснения имеющихся у меня сведений. Таким образом, на чашу весов были положены свидетельства живых людей, являющимися действительно родственниками Сабира Рахимова с одной стороны и предполагаемые официальные документы ученых и не ученых коллег из Узбекистана вообще и автора книги «И снова в бой», изданного в г. Ташкенте в 1971 году Леонида Юсупова в частности, по моему искреннему убеждению обстоятельства жизни и факты, даже сама многоликая и весьма сложная жизнь говорит в пользу объяснений родственников покойного генерала, потому что, показания живых свидетелей важнее, чем любая бумага, хоть она и с гербовой печатью. *** г.Ташкент, редактору газеты «Правда востока» Глубокоуважаемый товарищ редактор! Не знаю почему, истриография Узбекистана долгие годы старалась и, можно сказать, старается и поныне, выдавать выдающиеся исторические личности не узбекского происхождения за узбеков по той лишь причине, что они родились или начали свою трудовую деятельность в Узбекистане. Так, например, видные деятели Коммунистической партии советского государства и ученые как Назир Турекулов, Абдулла Ярмухамедов, генерал-майор Сабир Рахимов, академик Хадиша Сулейменова долгие годы выдавались и выдаются за узбеков, не говоря об исторических личностях как Ялангтуш бахадур – известный правитель Самарканда ХVІІ века. На самом деле все они по происхождению казахи. Антинаучность подобного рода-поступок общеизвестна. К тому, оно противоречит интернационалистическому характеру жизни народов Средней Азии и Казахстана. Асильхан Оспанулы, кандидат филологических наук, доцент чимкентского института. 20 декабря 1986 года, г.Чимкент. Бұл хаттар ғалымның ақиқат жолындағы күресінің аз ғана бөлшегі. Ұлтжанды азамат, ғалым Әсілхан Оспанұлы билік басындағылардың немқұрайлығына қарамай батырдың ерлігін насихаттап, атын мәңгілік есте сақтау үшін әрекет етуін тоқтатқан жоқ. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласындағы әскери мектеп-интернатқа генерал Сабыр Рақымовтың есімін беру мәселесін бірінші болып 1992 жылы көтеріп газет беттерінде мақалалар жариялап, өзінің ұсыныс хатын Қазақстан Республикасының Білім министрлігіне жолдап, министрдің орынбасары Ш.Беркінбаевадан жауап та алған. Ғалымның атына келген «Құрметті Әсілхан Оспанұлы! Білім министрлігі Сіздің Шымкент қаласындағы Республикалық мектеп-интернатқа С.О.Рақымовтың атын беру жөніндегі ұсынысыңызды қолдайды» деп 1996 жылдың 2-ақпанында жазылған хатта бұл ұсынысты іске асыру үшін мектеп-интернат ұжымының келісімі мен жиналыс хаттамасы керек екені жазылған. Ғалымның жанкештілігі арқасында мектеп-интернатқа батырды аты беріліп, мектеп ауласында мүсіні орнатылды. Біраз уақыт бұрын Шымкент қаласының «Жеңіс» саябағында батырдың биік ескерткіші орнатылды. Нағыз ұлтжанды азамат ғалым Әсілхан Оспанұлы 2005 жылы көзі жұмылғанға дейін батырдың есімін насихаттап, ел есінде мәңгі сақталынуы үшін тынбай әрекет етті. Генерал-майор Сабыр Омарқұлұлы Рақымов туралы ғалымның дайындаған кітабы да өз кезегін күтіп жатыр. Уақыты келгенде ол да жеке кітап болып жарық көретін шығар. Жазушылар көбейіп кеткен қазіргі заманда, қазақ халқының тарихын шындық шеңберінен аспай, қара қылды қақ жарғандай етіп жазу керек деген пікірлер көптеп айтылуда. Бұл өте дұрыс пікір. Батыр С.Рақымовтың ерлікке тола өмір жолы да ел тарихынан бөлек болмайды. Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін батырдың туыстарының өздері дауыстап айтуға қорыққан өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында «Атылсам атылып кетейін, бірақ Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеймін» деп, сол кездегі билік басындағылардың қоқан-лоқысынан қаймықпай, алға қойған мақсатына қол жеткізіп басқа да іс-әрекеттер жасаған, мысалы: «КСРО-ны Никита Хрущев басқарған жылдары Қазақстанның Өзбекстанға берілген жерлері қайтарылсын», «Ленинград қаласындағы Эрмитажда көп жыл тұрған Ахмет Яссауи кесенесінің қазаны Түркістанға қайта әкелінсін», деп билік басындағыларға талап хаттар жазған, Оңтүстік Қазақстанның ақындары Майлықожа, Мәделіқожа, Құлыншақ, Ергөбек және басқа да сөз сүлейлері туралы талмай зерттеушілік жұмыстарын жүргізе жүріп, қоғам өміріне белсене араласқан, Желтоқсан көтерілісшілерін жақтағаны үшін жұмысынан кетірілген азамат-ғалым Әсілхан Оспанұлының еңбектері де еліміздің тарихының көрнекті беттерінде өзіндік лайықты орны бар.

Бердалы ОСПАН, мәдениеттанушы. www.qazaquni.kz