ЖҮРЕКТЕРДІҢ НӘЗІК ҚЫЛЫН ТЕРБЕТТІ

Арман концертКөз алдымызда керіле көсілген қазақтың кең даласы көлбеп жатыр. Жусаны мен жуасы аңқыған жазира жаһан. Сағымын тербеткен саумал самалы қыз қолындағы салалы саусақтардай өрнегі өзгеше жер жамылған түкті кілемді аялай сипап жатқандай. Алыстан қобыздың күңіренген даусы мен сыбызғының жүректі сыздатқан нәзік үні келеді құлаққа. Кенеттен қазақтың киелі қара домбырасының қоңыр үні қосарланып, теңіз суын сапырған дауылдай екпіні үдей түсті. Дархан дала дүбірге толды. Жалын желмен жуған жылқы тұяғының дүбіріне жүрек дүрсілі де үн қосты... Театрланып басталған «Дүлділ ән мен пырақ күй» атты әсем ән мен тәтті күй кешіне жиналған талғампаз көрермендер дәл осы көріністі көзімен көріп, дәл осы сезімді басынан өткерді. Ғабит Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының қазіргі өлшеммен алғанда шағын залын лық толтырған көрермен қауым «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған ұмытылмас бұл мерекені жадында мәңгілік сақтап қалары сөзсіз. Күмбірлеген күй мен сағындырған сазды әуен, әуелеген дәстүрлі әндер әрбір жүректің қатпарын қуалаған қазақы тамырына қан жүгіртті. Жылқы десе, жанын берген, атқа отырса, арқасы қозған қазақты бұл кештің атауының өзі алыстан тартқандай еді. Осы орайда ұйымдастырушылардың тақырыпты да ұтымды таңдағанын алдымен айта кеткен жөн. Бауыр еті - балаларын «Құлыншағым менің!» деп аймалайтын қазақ үшін жылқының жөні бөлек-ау, шіркін!.. Төрт түліктің төресі – жылқыға арналған ән мен күй театрдың төрт қабырғасын түгел теңселтті десек артық емес. Ғасырлар бойы ердің қанаты болып келген, ел үшін, жер үшін шайқастарда сенімді серігі болған дүлділдерге арналған ән мен жыр қазақта жетіп артылады. Ол бір емес, ондаған кешке арқау болары хақ. Әрбір әннің, әрбір күйдің өзіндік тарихы, шығуына байланысты өзіндік шежіресі бар. Алпамыстың – Байшұбары, Қобыландының – Тайбурылы... Қай батырлар жырын алсақ та хас батырлармен оның тұлпарлары басты кейіпкер ретінде қатар жүретіні белгілі. Жылқы мінезді қазақтың басты байлығы да жылқы болып келген, жылқысыз күнін қараң деп білген, ал арғымағынан айрылса өзін жетім санаған. Басқасын айтпағанда, атақты Ақан серінің Құлагерінен айырылып, аймақты күңірентіп аңырағандағы трагедиялық көріністі көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші... Осы тұлпарларына, арғымақ­тарына арналған әндері мен күйлері арқылы ғана қазақ халқының сан салалы озық өнерінің бір қырын көруге болады. Жер жүзіндегі халықтар арасында күй өнерінен алғанда өзгелерден оқ бойы озық тұрған қазақтың мәдениетін осылай көрсете білудің өзі үлкен өнер дер едік. Олай дейтін себебіміз, бүгінгі күн дәстүрлі әнге деген жастардың қызығушылығы кеміп кетті. Батыстың елірме эстрадасына еліктеу оған басты себеп болып отырғаны да аян. Сөзінде мән, сазында сән жоқ «өнер» өмірімізге еніп, өкінішке орай, өзіміздің ұлттық дәстүрлі әндерімізді ығыстырып жатқанын мойындауымыз керек. Атадан қалған асыл қазынаны ардақтауға үлкен үлес қосып отырған «Адырна» сияқты ұжымдарға қалай разы болмайды жұрты. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» дегендей, мұндай шараларды жиі өткізуге қаражат жетісе бермейді. Ал, Үкімет тарапынан мұндай жекелеген ұлттық өнерді ұлықтайтын бағдарламаларға көңіл бөлінбейді. Оны ұйымдастырушылар тарапынан айтылған лебіздерден де байқап қалдық. Қалтасы қалың мырзаларымыз қайдағы бір қазақы концертке бола әмиянының аузын ашқысы келмейді. Олар үшін қазақтың қара домбырасы, дәстүрлі ән мен күйі ескінің қалдығы, өткеннің сарқыншағы ғана. Дегенмен, «Жас-Ай» шығыс-тибет медициналық орталығы, «Жер-Су» корпарациясы, «Асыл кітап» баспасы сияқты ұжымдардың басшылары шіріген бай болмаса да қолдарынан келгенше бұл бағдарламаны барынша қолдап келе жатқаны қуантады. Қазақ өнерінің өрісін кеңейтуге атсалысып отырған азаматтарға көрермендер де шексіз алғыстарын білдірді. Тағы бір байқағанымыз, бұл жолғы көрермендердің бәрі халқымыздың орта тұрмыстық дәрежедегі қатарынан екені көзге ұрып тұрды. «Астана-Операдағыдай» «мені көріңдер» дегендей сықиып киініп, шіреніп отырғандарды көрмедік. Бірақ, жиналғандар дәстүрлі өнердің нағыз жанашырлары екенін байқатты. Әрбір ән мен орындалған күйге қызу қол соғып, орындаушыларға тік тұрып құрмет көрсетті. Кештің әрі мен сәнін келтіретін де әншілер мен күйшілер. Ол жағынан сахнада иненің көзіндей кемшілік болмады. Халқының сүйіктісіне айналған өнер шеберлері көрермендерінің көңілін көкке көтерді. «Тұран», «Алашұлы» топтары, Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев, Сейіл Аяғанов, Ерлан Төлеутай, Еркін Шүкіманов, Тілеулес Құрманғалиев, Ұлжан Байбосынова, Айгүл Үлкенбаева, Ерлан Құжиманов, Талғат Әбуғазы, Саят Нұрғазин, Жақсыкелді Майасар сияқты майталмандар бұл кешті нағыз мерекеге айналдырды. Бір байқағанымыз, дәстүрлі әндер мен күйлерді орындаушы жастарымыз жаңа шыққан жасыл құрақтай жамырай өсіп, жетіліп келеді екен. Бұл жақсылық нышаны. Бұл қазақтың ән мен күйлері әлі де ғасырларға жалғаса беретінінің белгісі. Лайым солай болғай! Зейнолла Абажан Алматы қаласы