ЕЛ СЕНІ ЕНДІ ІЗДЕЙ БАСТАЙДЫ!..
2014 ж. 09 сәуір
4205
14
Есітейін деген сөзім бе еді?!. Төбемнен жай түскендей болып, есімді жия алмай отырмын… Қасымхан ағам телефон соғып: “Әмірхан інімізден айрылып қалдық!» деген суық хабарды есіткенде құлағым тарс бітіп қалғандай болды… Бішгектегі екі күндік сапарды бір күнге шегеріп, Алматыға асығып жеткенімде, Қордайдағы шекарада аса мазасызданып, көлік тексеруге шыдамай түсіп кетіп, кеденді жаяулап кесіп өткенімде есітейін деген сөзім осы ма еді… Қаншама ағаларыма, қатарларыма қоштасу сөзін жазып ем… Ал әдебиет әлеміндегі соңымнан ерген қанатымның қазасына қайғырып, қазанама жазамын деп кім ойлаған?..
Кеденнен өткен соң-ақ, телефон қосылды. Ақпарат хабары кім-кімнің хабарласқанын жариялап жатты… Ішінде ерекше көзге түскені Әмірхан інімнің таңғы сағат он жарымдарға дейін маған 5 рет телефон соққаны… Өткенде ғана, бір апта бұрын Алматыға келгенде іздеп, хабарласқанымда, телефонды Мархаба келін алғанда «ағаң іздеп жатыр» деп айтарсың» деген едім… Кеденнен өткен соң, шамамен түскі сағат үш жарымдар шамасында телефон соғып едім, ешкім көтермеді… Сөйтсем, сол кезде сенің бұл дүниеден бақи дүниеге кетіп қалған кезің екен ғой… Өмірден кетеріңнен үш сағаттай бұрын жанұшырып неге іздедің екен ағаңды?.. Не айтпақшы болдың, бауырым?!. «Қаз-аға!» деп қаздай қаңқылдаған дауысыңды естимін бе енді?!. Мархаба келін жылап тұрып: «Өткенде сіздің іздеп жатқаныңызды айтқанымда: «Мені Қазағам ғана іздейді» деп мәз болып қалып, сізді біраз іздеген еді...» - деді өксіп тұрып...
Осыдан 7-8 жыл бұрын өмірден өткен аса білімдар, қазақ әдебиетін тереңнен танитын әкең – Жұмабек ағамыз осы Алматыдағы «Құлагердегі» үйде қиналып жатқанда: «Артыңнан еріп, Алматыға келген ініңе бас-көз болып жүргейсің» деп тапсырып кеткен еді-ау… Қай жерден қате кетіп ек?.. Қалай қапы қалдық біз?!. Қайран да менің бауырым! Қайда ғана асықтың?! Еліңе бергеніңнен берерің көп еді… Шардарадай шалқып жүрдің… Шалқар теңіз біліміңмен атақты ғалымдардың аузын аштырып, тарпаң талантыңмен талайды таңдандырып едің… Шардарадағы мектепті бітіргеніңде Қызылқұмда мұғалім болып жүрген мені іздеп келгенің кеше ғана сияқты еді… Алматыға арман қуып келіп, әдеби қауымды аузыңа қаратып, мойындатқаның да кеше еді… «Аға, үйленейін деп едім, келінді алып кетуге құда болып өзіңіз барыңыз» деп, ұяла келіп, ұяң келін Мархабаны әпкесі Гүлзаттың қолынан алып кеткеніміз кеше ғана еді… «Жас қазақ үні» («Қазақ үні») газетін ашқанда, жастармен бірге жанымда жалау боп жүргенің де кеше еді… Шардарада қамал алған қырық жасыңды еліміздің белгілі қаламгерлерімен бірге тойлағанымыз, кешіңді өзім жүргізгенім кеше ғана еді ғой…
Қайда ғана асықтың, қайран да менің бауырым!?. Әлібек екеуіңді «Соңымнан ерген қос қанатым, енді «Шардара келген шайырмын демес бұл күнде» деп марқайып жүретінмін…
Сен өр рухыңмен, телегей теңіз біліміңмен шежірелі Шардара, қызыр қонған Қызылқұм, дарынға мырза Мырзашөл, өркениет бесігі болған сырға толы Сырдың сырбаз ұлы, Алаштың аймаңдай ақынының үлгісін көрсетіп жүруші едің, бауырым! Руханият әлемінде алдына қара салмаған сенің шексіз білімің тек қуалап оқудан ғана емес... текті топырақтағы тереңге тамыр тартқан тума түйсіктен туындап жатқандай көрінетін... Енді бір ай шамасында Мұқағалидың жасы – қырық беске толар едің- ау!…
Қатарыңның алды едің... ажалға да... алдымен бастадың! Әкеңді көп айтушы едің… Кез келген ақынды «оны менің әкем қатты жақсы көретін» деп бағалайтынсың… Әкеңнің артынан неге асықтың, бауырым?!.
Өзің шалғайдағы Шардарадан аңсап келіп, талай дүрілдеп жыр оқып, шалқып жүрген Алматының кең көшесімен… енді сені соңғы рет Шардараға… кілемге орап… шығарып салдық!.. Соңыңда аяулы анаң, асыл жарың, жауқазын жалғыз қызың қалды! Егіліп елің қалды!.. Шалқар ұлынан айрылған Шардара қалды! Ел маңдайына біткен дарын ең, маңдайға сыймай кеттің!.. Жалын едің, жанып кеттің! «Қазыбек-ау, қайда қалдырып кеттің Әмірханымды? Қайда тастап кеттіңдер?» деп, жоқтау айтып көріскен анаңның зарлы дауысы сай-сүйегімізді сырқыратты... «Даланың ұлы қаланы жаулап алуға, Аттанған еді Жаушықұм атты төбеден!»- деп, өзің жырлап өткен туған жерің рухи майданда қамал алып қайтқан жаужүрек ұлымен қоштасып жатқанда жаңбыр жауып, Шардара аспаны елмен бірге егіліп, жылап тұрды... "Мен өлгенде бір ақын қуанса еді..."-деп едің... жүз ақын жылады...
Бірақ, Алла ісіне амал жоқ! Өзі берді - өзі алды! Алла алдыңнан жарылқасын! Бұл жалған дүниеге, пәниге сыймай бұлқынып кеткен асау жүрегің мен ақадал жаның анау шын бақи дүниеде жәннаттан жай тапсын деп тілейміз!
Ел кімді жоғалтқанын енді біле бастайды!..
Ел сені енді іздей бастайды!..
Бақұл бол, бауырым!
Қазыбек ИСА
10 сәуір 2014 жыл