Тайқазан

тайказан

Қасиетті Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне қадам басқанда алғашқы кездескеніңіздегі қазандық бөлмесіндегі атойлап сізді қарсы алар құнды жәдігерлердің бірегейі асыға іздеп келген Тайқазан болар. Үлкен есіктен ішке енгенде алғаш көзге шалынғаны да осы қазандық бөлмесіндегі қадыр тұтқан қастерлі Тайқазан. Ал, Тайқазан дегенде еске түсетіні 1399 жылы 25 маусымда (хижра бойынша 801жыл, 20-шаууал) Түркістан шаһарының батысындағы 30 шақырымдай жердегі Қарнақ ауылында осы өңірден өндірілген сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдар қоспасынан құйылғандығын айтушылар жыр етіп ауызға алады.

Асыл металдардың жеті түрі де қасиетті саналған-мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір қоспалары қосылып құйылған қазанның салмағы 2 тоннаны құрайды. Ал, сыйымдылығы 3 мың литр болғанда, биіктігі 1,60 метр, диаметрі 2,42 метр. Тұғырының биіктігі 0,54 метр де, диаметрі 0,607 метр болып келуінде де мол мағлұмат жатыр. Қадір тұтқан Тайқазанның сыртқы бөліктерінің өрнегі де ерекше назар аудартады, соның өрнектелуі басқашалау бес бөлігі айшықты қолтаңба қарымымен ерекшеленеді. Мамандардың зерделі зерт­теулері көп жайтты алдыңызға жайып салады. Тайқазанның бе­тіндегі бірінші жоғарғы бөлігіндегі айналдыра салус қолтаңбасымен Құран Кәрім аятынан үзінділер оймышталып, ол пайғамбар (c.ғ.с.) хадистерімен үндесіп отырады. Бұларда аталмыш қазанның кімге бағышталып құйылғанын, біткен уақыты көрсетілген. Екінші қатарда ірі он кубба (емшек іспеттес) және он өрнекті тұтқа арқылы жиырма картушқа бөлінеді. Онымен қатарласа келген қос бөлігіне сулус қолтаңбасымен тайқазанды жасаған шебердің аты-жөні берілген, ал қалған он сегіз бөлігінде куфи жазу үлгісімен парсыша тілек мәтіні жазылған. Енді үшінші қатарда Құдайдың Құдіреті жайлы ескерту куфи жазу үлгісімен 22 рет қайталанып берілген. Рет санымен төртінші қатарда қазанның бүйір бөлігінде тұтқа өрнектеріне келетін үлкен жапыраққа ұқсас он ою айшықталып, жиырма кіші кубба бедерленуі мәнді әңгіменің түйінін түсіндіргендей болады. Соңғы жағында бесінші бөлігіндегі қиылысып келетін доға түріндегі сипатына тән өрнектер бедері де үлкен ойды білдіреді. Оның маңайындағы жүрек пішіндес келетін және қазақтың дәстүрлі қошқар мүйіз секілді ою­ларының нәзік үйлесім тапқан әдемі иірімдері ғұлама Ахмет Иассауидің хәл, яғни жүрек ілімінің мағынасын меңзеп тұрғандай әспетті жеткізеді. Бір қызығы, Тайқазан бетінде өрнек тапқан жүрек пішіні мен қошқар мүйіз оюларының сырбаз кейіптегі түрлі қарыммен айшықталып, бүткіл кесененің өн бойынан көрініс табуы қасиетті ғимарат пен тайқазанның өзара үндестігін айғақтайды. Бұл ұста Әбділ Әзиз Шарафатдин Тебризидің шын шеберлігін айғақтай түседі. Кесененің лаухасында, қазанның тұтқасында, шы­ғардандарда, есік алқасында үндестік тауып жатуы ұлттық нақыштардың идеялық бірлікті аңғартатыны көңілге ерекше мақтаныш сезімін ұялатады. Сапар НҰРПЕЙІС