Тоқтар ӘЛІБЕК: «Бабалар сөзі» – ұлттық бренд»

Токтар «Бабалар сөзі» жүз томдық топтамасы - ұлттық бренд. Бұл дүниежүзілік мәдениетте теңдессіз оқиға болды. Тұлпарды тұяғынан таныған халықтың бүгінгі ұрпақтары атадан балаға қалған мұраны космостық жылдамдықпен зымырап бара жатқан ХХІ ғасырда әлемге паш етіп отыр. – Алдымен, өзге ұлттардың фольклор әлеміне қысқаша шолу жасап өтсек. – Қазақ фольклоры түбегейлі жиналмаған. Солай дегенмен де қазір қолдағы бар материалдар дүниежүзілік фольклор әлемінде алдыңғы орында тұр деп есептеуге болады. Мына көрші алпауыт мемлекеттер Ресей мен Қытай тарихында фольклор осындай ауқымда сақталмаған. Себебі олар көшпелі халық болмаған. Ал енді түркі халықтары ішінен алып қарағанда мынау іргелес қырғыздар 40 том, Башқұрттар 20 том шығарды. – Олар шығарып болды ма? – Шығарып жатыр дегеннің өзінде ауқымын шамалауға болады. Мәселен қырғыздар шығарған 40 томның ішінде «Манас» жырының бір өзі біраз томдарын қамтиды. – Жалпы қазақ фольклорына зерттеушілер назары қай ғасырда түсе бастады? – Қазақ фольклорының жинала бастағанына шамамен 2 ғасыр уақыт болды. Жалпы фольклор жинау мәселесі бірнеше топқа бөлінеді. Алғашқы топ – әскери барлау мақсаттағы зерттеушілер. Арнайы жасақталған экспедициялар қазақ жерінің табиғатын, пайдалы қазбаларды, адамдардың тұрмыс-салты мен этнографиясын тарих пен шежірені қамтып, қысқасы кешенді түрде зерттеу жүргізген. Ол кездегі зерттеушілер қазақ тілін білмеді. Екінші бір тобы В.В.Радлов, И.Н.Березин, Г.Н.Потанин, В.В.Бартольд, Ә.Диваев сияқты жинаушылар фольклорды ғылыми құндылық ретінде қарастырды. Үшінші бір үлкен топ – Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, С.Бабажанов, М.Көпеев, Ж.Шайхисламұлы, А.Сабалұлы, М.Тыныштықұлы, Ораз молда секілді ұлт азаматтарының есімімен жалғаса береді. Бұлардың алдыңғы жинаушылардан өзгешелігі – халық шығармаларының тарихи танымдық, идеялық көркемдік қасиеттеріне, жанрлық ерекшеліктеріне, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге байланыстыра ұғынуында. Кейінгі жинаушылардың ішінде Мәшһүр Жүсіптің бір өзіне бүкіл қазақ фольклорының шамамамен 10 пайызы тиесілі. – Фольклор қай кезеңде жүйелі түрде жинала бастады? – Біз қазір Кеңес дәуіріне жабылып тас лақтырып жатырмыз. Дегенмен де еліміздегі жиналған фольклор байлығының 90 пайызы осы дәуірдің еншісінде. – Ал енді осы байлықтың жа­рыққа шығу тарихына тоқталсақ. – XIX ғасырдың 2 жартысынан бастап қазақтың зиялы қауым өкілдерінің жиғандары – Қазан төңкерісіне дейін 700-ден астам кітап болып басылып шықты. Бұл кітаптар қатал цензура талқысынан өтті. Мәселен, сол кезде Шортанбайдың, Дулаттың кітаптары қатаң бақыланған. – «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», - деп уәжге тоқтаған елдің рухани әлеміне цензураны алғаш алып келген Ақ патша екен ғой. – Иә патша үкіметінің цензурасы өте қатал болды. Сол кезеңде цензурадан өтпеген кітаптар баспаларда қалып койды. Біз қазір сол дүниелерді іздестіріп жатырмыз. Менің ойымша, Қазан мен Уфадан жақсылап іздесек, әлі де болса табылып қалады. –Кеңес үкіметінің фольклорға бүйрегі бұрған екен. Жалпы фольклор жинаудың қыр-сыры мен ерекшеліктеріне тоқталсақ. – 1920-1921 жылдары Ә.Диваев ұйымдастырған кешенді фольклорлық-этнографиялық экспедициялар мол жетістіктерге қол жеткізіп, жиналған материалдар Қазақстан ғылыми-зерттеу қоғамының аясында алғаш рет бір орталыққа топтастырылды. Бара-бара бұл іс-шаралар КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институтының қарауына өтті. 1961 жылы аталған институт жеке екі құрылымға бөлініп, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының іргесі қаланғанға дейін экспедициялар ұйымдастыру барысында қазіргі қолжазба мұралардың қомақты бөлігі жиналды. Ең көп жиналғаны – эпостық шығармалар. «Бабалар сөзі» жүз томдық сериясының басым бөлігі де эпостық жырлардан тұрады. Бұл асқан бір бай дүние. – Фольклорлық мұралардың кеңес дәуірінде жариялану барысы жайлы айтсаңыз? – Қазан төңкерісінен кейін халық әдебиетінің ғылыми тұрғыда баспа бетін көруі 40-шы жылдардан бастау алады. Алдымен халық ақындарының – Жамбыл, Нұрпейіс, Нартай, Шашубайлардың шығармалары жарық көре бастады. Идеология деген жарықтық бұл жерде де келіп килікті. Мәселен, зар заман ақындары мен Құлманбет, Сарбас, Досмұхамбет сияқты дарынды тұлғалардың шығармалары назарға алынбады. Бұл үрдіс Ұлы Отан соғысы кезінде біраз іркіліс тапты да 50-ші жылдардың басында қайта қолға алынды. 60-шы жылдары халық мұраларының жарыққа шығуы жоғары деңгейге көтерілді. Мысалы, айтыстың 3 томдығы шықты, батырлар жырының шағын кітапшалары тұтынушы тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. – Әлі есімде 60 шы жылдардың аяғына таман бастауыш сыныпта оқып жүргенде кітапханада көзіміз жәутеңдеп, батырлар жырын сұрайтынбыз. Сонда кітапханашы: «Сен әлі баласың, жоғарғы класқа барғанда оқисың»,- деп бермейтін. Сондағы құштарлықты айтсаңызшы! Фольклорды көп томдықпен шығаруға талаптанған тұңғыш ғалым – Мәлік Ғабдуллин емес пе? – 60-шы жылдары Мәлік Ғабдуллиннің бастамасымен «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» сериясы шыға бастады. Мұнда қолжазба мәтінінің хатқа түсірілуінен қорға тапсырылғанға дейінгі мәліметтер қамтылады. Араб (шағатай, қадім, төте), латын жазуларындағы әр мәтіннің қысқаша мазмұны түсіріліп, түрлі библиографиялық көрсеткіштер беріледі. 80-ші жылдарға дейін серияның 6 томы басылып, тоқтап қалды. 70-ші жылдары мақсатты түрде жобалар жасала бастады. Тарих сахнасына Есмағанбет Исмайылов, Рахманқұл Бердібаев, іле шала Сейіт Қасқабасов, Шәкір Ыбыраев, А.Сейдімбеков секілді ірі фольклортанушы ғалымдар шықты. 70-ші жыл мен 80-ші жылдардың аяғына дейін фольклор кешенді түрде жиналғанымен әлі де болса толық жүйеленбеген еді. Аталған ғалымдардың атсалысуымен бұл мәселе қолға алынды. Сөйтіп, 80-ші жылдардың басында фольклор мен авторлық ауыз әдебиетінің ара жігі ажыратыла бастады. – Жалпы фольклорды көптомдық етіп шығару идеясы қай кезде басталды? – 80-ші жылдың басында «Көп томдық халық әдебиеті» атты көптомдық ғылыми басылымдар жарық көре бастады. Шамамен 18 том. Осы кезде қолжазба мұраларды жинау, сақтау, жүйелеу, жариялау, зерттеу мәселелері көтеріліп, тоқсаныншы жылдардың басында институтта Қолжазба және текстология орталығы ашылды. Орталықтың жанынан арнайы бөлімдер жасақталып, жүйелеу, жариялау, зерттеу бөлек-бөлек тақырыптар ретінде қарастырылды. «Қорда қаншалықты мұра бар? Келешекте қандай ауқымда кітаптар шығара аламыз?» деген мәселелер қозғалды. Ондаған жылдар жан-жақты зерттеліп, жүйеленіп, тоқсаныншы жылдардың ортасында біздің ғалымдар «100-150 томдық кітап шығаруға болады» деген болжамдар жасады. Бұл шаруаға сол кезде жас фольклортанушы, ғылым докторы Шәкір Ыбыраев көп еңбек сіңірді. Қысқаша айтқанда, КСРО-ның құлауы қарсаңында қолжазба мұраларды игерудің жағдайы осылай еді. – Кеңестер Одағы тарап кетті. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген заман келді. – Иә. Көп томдық шығарамыз деген арман әдіре қалды. Ғалымдар жан-жақа шашырап кетті. Шәкір ағай институттың директоры болды. Одан кейін Астанаға ауысты, академик С.Қасқабасов та сонда қызметке шақырылса, академик Р.Бердібай туған еліне кетті. Осылай, ғажайып бастамалар тоқтап қалды. Содан 2002 жылы С.Қасқабасов институтқа директор болып тағайындалды. Бұл кез еліміз еңсе көтеріп, халықтың жағдайы түзеле бастаған шақ еді. Сөйтіп, күн тәртібіне көптомдықтар мәселесі қайта қозғала бастады. Сейіт ағаның бастамасымен 100 томдық ғылыми басылым жоспарлап, оны шығару ісі қайта қолға алынды. 2002 жылы «Бабалар сөзі» деген атаумен 7 том кітап басылым көрді. Олардың денін діни дастандар құрады. 2003 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Үкіметтің қаржыландыруымен қайта жариялана бастады. – Содан бері он жыл уақыт өтіпті. Сол кезде осынау игілікті істің басында кімдер тұрды? – Бұл бірегей жобаның авторы да, жетекшісі де академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов болды. Ол – бүгінде берісі ТМД, әрісі әлем деңгейіндегі ірі фольклортанушы ғалымдардың бірі. Сөйтіп, өзіміздегі ұзақ жылдарға созылған арман, талпыныс тәуелсіздіктің арқасында мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болды. – Сонымен жоба қолға алынды. Жобаның өзіндік ерекшеліктері туралы айта кетсеңіз. – Мұндай үлкен шаруаға кірісер алдында жоғарыда аталған 7 томдық ғылыми басылымды баспаға дайындауда аздаған тәжірибе жинақтаған едік. Кірісіп кеттік. Өзіңізге мәлім бұл күрделі еңбек 2013 жылы, мерзімінен бір жыл бұрын толық аяқталды. «Бабалар сөзі» жүзтомдық сериясы – әлемде теңдесі жоқ, бірегей жоба еді. Бізден бұрын әлем халықтары фольклорында мұндай ауқымда жарыққа шыққан ғылыми басылымдардың тәжірибесі болған емес. – Алғашқы томдарды шығар­ған авторлар араларыңызда бүгінде бар ма? – Осынау іргелі дүниеге алғаш жауапты редактор болып профессор Бақытжан Әзібаева тағайындалды. Шамасы 24-томнан кейін осы жауапты міндетті филология ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы Серікбай Қосан атқарды. Түрлі себептермен құрастырушы-мамандар ауысып жатты. Басылымның негізгі құрастырушылары Қолжазба және текстология бөлімінің қызметкерлері болды. Атап айтқанда, Қ.Алпысбаева, П.Әуесбаева, С.Сәкенов, С.Қорабай, М.Шафиғи, Б.Әбжетов, Т.Әкімова, Ж.Рақышева, А.Ақан, Қ.Орынғали, Т.Әкімова, Ж.Салтақова, Н.Мүрсәлімова, Е.Сманова, Б.Тұрлымбеков, Г.Иманәлиева, Н.Елесбай, Ғ.Райыс, А.Оралбек, Ю.Пилтан, А.Байғазы секілді құрастырушылардың негізгі тобы қатысты, сонымен бірге ұжымнан тыс т.б. зерттеуші-мамандар тартылды. – Қарап отырсақ «Бабалар сөзі» дастандардан басталған екен. – Иә, дастандар Қазақстанның қолжазбалар мен сирек кітаптар сақталатын қорларында айырықша мол сақталғанмен, олардың 70-80 пайызы кеңестік идеологияның салдарынан жарыққа шықпаған. Бірақ негізінде дастандардан емес, жоба бойынша мифтерден бастау алу керек болатын. – Дастандардың тақырып аясына тоқталсаңыз. – ХІХ ғасырдың соңғы шире­гінде Қазақстанда ислам насихаты кең өрістеді. Оған, біріншіден, христиан миссионерлерінің қазақтарды шо­қындыруға бағытталған әр­екеттері себеп болды. Соған жауап ретінде Қазақстанға ислам әдебиеті үсті-үстіне жеткізілді, татар һәм ортаазиялық молдалар да өз ықпалын күшейтпекке барын салды. Орыстар қайткенде де қазақтарды християн дініне кіргізуге тырысты. Орыс-түзем мектептері, мұғалімдер семинариясы көптеп ашылып, жергілікті халық ғасырлар бойы пайдаланып келген араб жазуы кирилл әліпбиіне ауыстырыла бастады. Қазақстандағы Дін басқару жүйесі әкімшілік құрылымдары арқылы басқарылды. Қажы сапарлары, мешіт, медресе ашу, жергілікті имамдарды тағайындау мәселелері отаршылдар тарапынан шешілді. Осы кезде қазақты не сақтап қалды? Оны сол кездегі көшпелілік тұрмыс салты сақтап қалды. Егер қазақтар отырықшы болғанда ортасына бір шіркеуді салып, шоқындырып тастауы ғажап емес еді. – Меніңше қазір де сол жағдай сақталып отыр. «Бабалар сөзінің» жүз томдығын «қасықпен су тамызғандай» қып шығарды. Енді оны кімнің аузынан табасың? – Бұл пікіріңізге қосылам. Әйтсе де ол кезде діни дастандарды халыққа кеңінен тарату жолдары табылды. Діни шығармаларға сұраныс болғандықтан молдалар оны қолдан көшіріп көбейтті. Ақындар оны жаттап жырға қосып таратты. Осындай әдістермен XIX ғасырда діни насихат өз шыңына шықты. Ал қазіргі жағдай мүлде өзгеше. «Бабалар сөзінің» тиражын көбейту, оның электронды нұсқасын шығарып, әлем деңгейінде насихаттаудың мүмкіндігі бар. – Тәуелсіздік алып, шекара ашылды. Қандастарымыз ата мекеніне оралды. Жан-жақтан қазақтар келді. Олар өзімен бірге әдебиет те ала келді дегендей. – Осы «Бабалар сөзінің» 12 томы Қытай қазақтарының фольклорына арналды. Сол жақтан оралған қандас жазушылардың бірі белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев екеуінің атынан күнделік жариялады. Онда институт «Бабалар сөзінің» 25 томын қытай қазақтары әдебиетінен көшіріп алыпты» деген уәж келтіреді. Сонда біз 100 томдықтың төрттен бірін қытай қазақтары әдебиетінен көшіріп алыппыз... Негізінде екі жақтағы халықтың фольклоры бір. Қытайға «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Арқалық» сияқты ондаған эпостық жырлар кезінде осы жақтан барған. Біз аздаған өзгерістерін ескеріп, ол жырларды Қытай қазақтарының нұсқасында кіргіздік. 50-60 жылдарға дейін Қытай қазақтарының көпшілігі кеңес оқулықтарын оқыған. «Қазақтар Қытай қазақтарынан көшіріп басыпты», – деген сөзді қадірменді ұстазымыздың атынан айтылуы ұят іс. Бұл «екі жақтағы қазақтарды бір-біріне айдап салу» деп есептеймін. Кейін баспасөз беттерінде осы мәселеге байланысты арнайы пікірлер айтылады деп ойлаймын. – Бұл әңгіменің шығуы батырлар жырларының нұсқаларының өте көп болуынан шығар? – «Бабалар сөзінде» бір ғана Қобыланды батыр жырына 4 том арналды. Жалпы эпостық жырлар жобада 63 том құрап отыр. «Қозы Көрпеш Баян сұлу» 1 том болып шықты. Бір ғана эпостық шығармалардың өзінен жүз том шығаруға болатын еді. Амал жоқ ат басын тарттық. – Яғни жоспарланған ауқымға сыймай қалған шығармалар өте көп болып шықты. Солай ма? – Иә. – Бұл жағдай басында неге ойластырылмаған? – Біз басында эпостық шы­ғармаларға қатысты Қазақ­станның қолжазба қорла­рын­дағы толық мәліметтерді анықтай алмадық. Осындай олқылықтарға жол берілгенін мойындауға тура келеді. Сирек қорларда сақталып қалған көне қолжазбалардағы, кітаптардағы, микрофильмдер мен микрофишалардағы мәтіндерді қазіргі қаріпке аударып көшіру, сондай-ақ ескі үнтаспалардағы, күйтабақтардағы, бейнетаспалардағы туындыларды қағазға түсіру, мағынасын ашу, зертханалық, текстологиялық зерттеулер жүргізу – мұның бәрі орасан еңбек. Ал мәтін тарихын зерделеу, діни және тарихи тұлғалар есімдерін, шығармалардың жыршысын, айтушысын, жинаушысын, тапсырушысын, көшірушісін, географиялық атауларынын, экспедициялар көрсеткіштерін, түсініксіз сөздерді, түрлі варианттар мен версияларды айқындаудың, ғылыми түсініктер жазудың машақаттарын айтып-жеткізу тіпті бөлек әңгіме. Қысқасы, ай сайын жүзтомдық серияның әр томын баспаға дайындау – табандылықтың, қажырлы еңбектің нәтижесі деп айтар едім. Сөйтіп, 63 томнан кейін ұсақ жанрларға ауысуға тура келді. Біз осы күнге дейін кезінде Өтебай Тұрманжанов құрастырған 1 том мақал-мәтелдер жинағын қайта-қайта басып оқып келдік. Зерттеу нәтижесінде 5 том мақал-мәтелдер жарияланды. – Сонда кеңес дәуіріндегі 70 жыл­да 4 том мақал-мәтел қолжазба қо­рында өзінің жарыққа шығу сәтін күтіп, саржамбас болып жата берген бе? – Иә. 150 жыл бойы жиналып, толығып отырған қор ғой бұл. Әрине мақал-мәтелдердің барлығын саф алтын деп айту қиын. Ғылым қажеттілігіне байланысты 5 том көлемінде іріктеліп, варианттары мен версиялар қатар ұсынылды. – Жүзтомдықта тағы басқа қандай тақырыптар қамтылды? – 2004-2010 жылдар аралығында эпостық жырлардың 63 томы жарық көрді, оның 10 томы Қытайдағы қазақтардың фольклорына арналған. Бұл топтамаларда 52 хикаялық, 65 діни, 57 ғашықтық дастандар, 95 тарихи, 47 шежірелік, 4 тапонимдік, 103 батырлық, 10 аңыздық (89-т.) жырлар мен олардың варианттары, версиялары қамтылды. «Бабалар сөзі» жүзтомдығының бұдан кейінгі томдары қазақ фольклорының шағын жанрларына бағытталып, жұмбақ жанрынан бастау алды. Атап айтқанда, 64-томға 2279 жұмбақ, 65-69-томдарға 27 577 мақал-мәтел, 70-71 томдарға 6771 шумақ қара өлең, 72-77-томдарға 531 ертегі, 78-томға 77 миф, 79-томға Моңғолиядағы қазақтардың фольклоры – жалпы мәтін саны: 1247, 80-88- томдарға 370 топонимдік, 320 шежірелік, 356 күй, 612 тарихи аңыздар, 90-91 томдарға 198 ғұрыптық фольклор мәтіні, 92-томға 110 өтіріктер мен мысалдар, 93-94 томдарға 3515 магиялық фольклор мәтіні, 95-томға 200 хикаят, 96-98-томдарға 1033 ауызекі әңгіме, 99-100-томдарға 1416 шумақ ән-өлеңдер енгізілді. Жүзтомдықтың жалпы көлемі – 2600 баспа табақ. Ал қазір қолымызда реттік саны бойынша 101-том дайын тұр. Бұл – 100 томның мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші. – «Бабалар сөзі» қанша тиражбен шықты? – Тираж өте аз. Бар жоғы 2 мың дана. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда 4 мыңнан астам кітапхана бар, солардың өзіне бір-бірден жетпей тұр. Елбасының бастамасымен 7 жылға созылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында ұшан-теңіз мәлімет жиналды. Шетел мұрағаттарынан қаншама дүниелер алынып келді. Бір ғана біздің инситутта аталған бағдарламаның аясында жарыққа шыққан «М.О.Әуезов шығармашылығының» 50 томы, жазба мәдениетімізге тән «Әдеби жәдігерлер» топтамасының 20 томы, сегізтомдық «Қазақ музыкасының антологиясы» ғылыми басылымдары, сондай-ақ онтомдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», үштомдық «Қазақ өнерінің тарихы» сияқты іргелі еңбектер – институт ғалымдарының төккен тері. – Қыруар жұмыс атқарылған екен. Халқымызда «тойдың болға­нынан боладысы қызық» деген мақал бар. Жобаны орындау барысында кездескен проблемалар туралы айтсаңыз. Жалпы жоғарыдан жоба тізгінін қай мекеме ұстады? – Жоба «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында атқарылғандықтан қаржы Мәдениет және ақпарат министірлігінен бөлінді. Ал негізгі жұмысты атқарған ғалымдар тобы Білім және ғылым министірлігінің қызметкерлері. Қаржы мәдениеттікі болғандықтан біздің министрлік бұған жіті назар аударған жоқ. Менің ойымша, ендігі кезекте «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын толық игеру (сақтау, жүйелеу, жариялау зерттеу т.б.) Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе отырып ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарлама жобалауы қажет. Мәселен, бір ғана «Бабалар сөзі» жүзтомдық сериясын игеру үшін ондаған жыл уақыт қажет деп есептеймін. – Елімізде қолжазбатану енді ғана басталған секілді. – Осы арада айта кетейін. Біреулер «біз айтысты шығарып жатырмыз» дейді. Мен сол кітап шығарушылардың біреуін де қолжазба қорынан көрген емеспін. Сонда қайдан алып шығарды олар? Қолжазба қоры Қазақстанда ғылыми кітапхана мен біздің институтта ғана бар. Бұл жерге келмеген адам оны қайдан тапты? Олар кезінде шыққан кітаптан кітапқа көшіріп жүр. Ал біз негізінен қолжазбаға сүйенеміз. Біз ойландық, есептедік, жоспарладық, сонымен ақындар шығармашылығы, жыраулық поэзия, би-шешендер шығармашылығы – барлығын топтастырдық. Оның ішінде ХYІІІ – ХХ ғасырлардағы ақындар поэзиясының таңдаулылары ғана алынды. Авторлық термелер, авторлық жоқтаулар, мысалы, Көдектің жоқтауы немесе Майлықожаның термесі, Нысанбайдың Кенесарысы, осындай туындыларды бөлек-бөлек жанрға жүйелеп, «Ғасырлар үні» деген атпен үкіметке тағы бір 100 томдық үлкен жоба ұсындық. Бұл жобаға институт директоры болып келген белгілі қоғам қайраткері - Уәлихан Қалижанов білек сыбанып кірісіп жатыр.Сонымен қатар «Бабалар сөзінің» жетекші ретінде соңғы нүктесін қойған да осы кісі. – Күніне қанша сағаттан жұмыс істедіңіздер? – «Бабалар сөзін» шығарған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Негізгі жұмысты атқарғандар – қолжазба бөлімінің қызметкерлері, небары он адам. Олардың жұмыс уақыты – сегіз сағат. Өз басым соңғы 4 жылдың көлемінде сенбі, жексенбі күндері демалып көргем жоқ. Тойға, асқа баруды тоқтаттым десе де болады. Әр жұмыс күні үйде қосымша 1-2 сағат, ал сенбі-жексенбі күндері күні бойы істеуге тура келді. Жұмыс өте ауқымды, әріптестерім де үлгере алмаған жағдайда, үйлеріне алып кетеді. Жұмыстан тыс уақытта қосымша жұмыс істейді. Несін айтасыз, қолжазба бөлімінің қызметкерлері нағыз патриоттар болып шықты. Біз уақытпен, ақшамен есептескен жоқпыз. Әр зерттеуші-құрастырушы өзінің азаматтық міндетін атқарды. – Ақша демекші сіздердің еңбек ақыларыңыз ойдағыдай төленді ме? – Төленді. Мардымсыз. – Қаламақы көлемін бағалаған қай мекеме? – Бізге бұл бағаны баспа белгіледі. – Яғни, сіздердің еңбектеріңізді бағалайтын қожайын баспа болып шықты. – Иә. – Ал баспаға сіздердің еңбек­теріңізді осылай бағала деп нұсқау берген мекеме бар емес пе? – Мен ол арасын біле бермеймін. Бәлкім, Мәдениет министрлігі шығар. Себебі «Мәдени мұраның» қаржылық мәселелерінің барлығы осы министрлік арқылы жүзеге асырылды. Олар қаржыны қалай, неге белгілегеніне біздің қатысымыз, араласымыз жоқ. – Осы әттегенайлар келесі «Ға­сыр­лар үнінде» қайталанбайды деп деп айта аласыз ба? – «Үмітсіз шайтан» деген сөз бар. – Айтпақшы мен сол 100 томдықты сатып алсам деп едім. Қайдан табам? – Сіз оны таба алмайсыз. – Неге? – Алғашқы томдар осыдан 10 жыл бұрын басылып шықты, олар қазір сатылымда жоқ. Өзіміз таппай отырмыз. – Қайтабасылым деген болуы керек қой. Ол тіпті арзан болуы керек. – Шынында да «Бабалар сөзін» 20-30 мың тиражбен қайта басса болар еді. Қазақстанда баспа өндірісін осылай дамыту керек. Екіншіден, осы кітаптардың аудио нұсқасы шығарылуы керек. Бұл қазіргі жаһандану заманында өте тиімді болар еді. Электронды кітап нұсқасы – қазіргі заман талабы. Сонда 100 том қалтаңызға сыйып кетеді. Біздің қызметкерлер Монғолияға, Кытайға, басқа да көптеген жерлерге экспедицияға шығып жүр. Барлығының да сұрайтыны осы кітап. Егер бізде электронды нұсқа болса, шет елдердегі қандастарымызға беріп, үлкен насихат жұмыстарын жүргізер едік. – Біздің бала кезімізде мұғалімдер батырлар жырын әндетіп оқып беретін. Енді сол дәстүр жалғасын тапса дұрыс болған екен. – Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға үлкен алғысымызды білдіреміз. Біз мәтінін даярлап бердік. Соның негізінде «Батырлар жыры» шықты. Батырлар жырын түкпір-түкпірден жыраулар келіп жырлады. Ол аудиодискіге жазылып таратылды. Барлығы – 50-ақ жыр. Менде бір жәшік жыр тұр. Оларды көбейтіп тарату керек, тіпті тегін тарату керек. Мысалы, мәшине айдап отырғанда неге батырлар жырын тыңдамасқа?! Қазір қазақта екінің бірінде мәшине бар. Сонда үлкен насихат болар еді. Бір жазбаның қазіргі құны қымбат, оны әркім сатып ала алмайды. Оны арзандатып, көбейту мәселесін ойластырса жақсы болар еді. – «Бабалар сөзінің» авторлық құқы кімде? – Бұл – қиын мәселе. Бабалар сөзін көшіріп кітап шығарып жатқандар өте көп. Жай барып кітапханадан алып керектісін көшіріп баса береді. Бізде әлі күнге дейін министрліктегі Білім және ғылым комитеттерінің арасында, жоғары оқу орнымен іргелі зерттеушілер арасында келісімшарт жоқтың қасы. Оқулықтар көбінесе қайталаумен шығып жатыр. Егер келісім-шарттар болса, шығарылып жатқан хрестоматиялық кітаптарды бірлесе отырып дайындап, оқулықтар жазуға болады ғой. - Күрмеуі толық шешілмей жүрген тағы бір мәселе қазақтың аңыз-әңгімелерінен мультфилмдер шығару, эпостық дастандардың сюжетіне тарихи фильмдер түсіру қажет. – Мысалы, біздің қазақтар Оңтүстік Корея мен Түркияның тарихи фильмдерін көреді. Қазір корейліктер Орта Азияны шарлап жүр. Оларға белгілі сюжеттер керек. Ертең кәріс Қобыланды жауларымен соғысып, дүниежүзінде Қабыланды сол ұлттық батыры болып кетсе, таң қалмаңыз. Арамызда солармен бірлесіп жұмыс жасап жатқандар да бар. Бірақ олар кімнің мүддесі үшін жұмыс жасап жатқандығын білу керек. Біз жер байлығымызды сатсақ та, рухани байлымызды сақтап қалуымыз керек. Ертең біздің мұнайымыз, алтынымыз бітеді. Ал, рухани мұрамыз біткен күні – ұлттың да күні бітеді. Елбасының биылғы жылғы Жолдауындағы «Мәңгілік ел» идеясын көтеретін бірінші мәселе – ол рух, патриоттық, отансүйгіштік мәселелер. Осы мақсатта біз ата-бабаларымыздың ерлік істерін, мыңдаған жылдық жауһар шығармаларды өскелең ұрпаққа таныту арқылы ұлттық идеяны қалыптастыруға қомақты үлес қосамыз деп ойлаймын. Сұхбаттасқан Нұрлан ӘБДІБЕК