ТУ ҰСТАП, ТОП БАСТАҒАН ТАРЛАН ЕДІ...

shabandoz Iles 

Мәскеуде маршал Буденныйдан марапат алған марғасқа шабандоз

 Ілес Аманқұлұлын еске алып, көкпар берілмек.

 Зырлап өтіп бара жатқан уақытқа дауа жоқ...  Әйгілі көкпаршы, көкпардан бүкілодақтық, республикалық және облыстық сайыстардың  бірнеше дүркін жеңімпазы  Ілес Аманқұлұлының  өмірден озғанына да бір жылдың жүзі болуға айналыпты.

Ілес Аманқұлұлы кезінде даңқы жер жарған, тұлпарының тұяғы Мәскеуді басып, талайды таңғалдырған, Бүкілодақтың астанасында шаң қалдырған шабандоз еді!  Аты аңызға айналған Кеңес Одағының Батыры,  маршал Буденныйдың өзінің қолынан марапат алған марғасқа еді бұл көкеміз. Мәскеуде атқа мінген бүкіл Одақ бойынша шабандоздардың серкесі болып, қолына ту алып, топ бастаған топжарған тарлан еді Ілекең... Ілес Аманқұлұлы 1938 жылы қазіргі Арыс ауданына қарасты Қожатоғай ауылдық округінің Байтоғай ауылында дүниеге келді. Байтоғай ауылы  талай тарихтың терең сырын айтып жатқан  Сырдария бойында орналасқан.  Әр жылдың көктемінде осы ауылдың қыр жағында орналасқан Мәслихат төбе, Айғыр ұшқан, Дастарбасы жайлаулары нағыз жер жәннатына айналып,  құндыздай құлпырып,  қызғалдақ қаптаған  көк шалғынға  айналады. Осы өлкеде орта мектепті бітірген соң, Ілес ағамыз Сарыағаш қаласындағы Қапланбек мал-дәрігерлік техникумын тамамдап, Байтоғай бөлімшсінде әр түрлі  шаруашылық қызметтерін атқарады. 1972 жылдан бастап аға шопандық қызметке ауысып, кеңес үкіметі тарағанша осы жұмыста болды. Еңбек жолында көптеген табыстарға жетіп, сол заманның еңбек озаттарына берілетін талай жүлделеріне, марапаттарына ие болды. Жұбайы Жамал Қалжанқызы екеуі бес ұл, үш қыз тәрбиелеп 47 немере, 6 шөбере сүйді, өзі көзі тірісінде ұлдарымен қоса қыздарына  да ата дәстүрімен молынан енші бөліп берді. Ілес Аманқұлұлы жалғызбын деп тартыншақтамай, жасынан өжет, алғыр, атқұмар болып өсті. Әсіресе, ұлттық  спорттық ойынымыз көкпар шабуды ерте бастады, ел көзіне де шабандоздығымен ерекше түсті. Енді Ілес Аманқұлұлының көкпардан алған кейбір марапаттарын тізбелеп өтсек, артық болмас деп ойлаймыз : 1-дәрежелі Диплом , 1-орын үшін, Қазақ  ССР-і , Республикалық 10-спартакиада, 1960 жыл Диплом, 1-орын үшін, ОҚО, облыстық спартакиада , Шымкент, 1960 жыл Диплом, 3-орын үшін, 4-бүкілодақтық көкпаршылар сайысы, Москва қаласы, 1961 жыл Бұл сайысты ұйымдастырушы КСРО ауыл шаруашылығы министрлігі, дипломға осы сайыстың бас төрешісі, маршал Буденный С. М.  қол қойған, Ілес аға бұл сайысқа Қазақстан атынан түскен. Сонымен қатар, осы жолы  Ілес Аманқұлұлы Қыз қуудан да 1-дәрежелі Диплом  олжалап қайтқан ,  ол дипломға да атақты маршал Буденный С. М. қол қойған. 1961 жылы тағы да маршал Буденный С. М. қол қойған Грамота алған, мұнда 4-бүкілодақтық көкпаршылар сайысының өтуіне сіңірген еңбегі үшін деп атап өтілген. Ілес Аманқұлұлының Москвада , орталық ипподромда Қазақ  ССР-ның туын қолына ұстап , астындағы ақбоз атымен шеру бастап бара жатқан және сол жылдарғы атақты шабандоздармен бірге түскен  суреттері сақталған (жоғарыдағы сурет). Ұлттық ат спорты – көкпарымызды талай ақын жырға қосқан. Көкпар — сын, күш жеткен ер тартып алар, Арқалы шын көкпаршы қарқын алар. Арқадан ащы терді сарқып алар. Білектің, тақымның да аттың күшін Көрсету — тақым көкпар шарты болар. Түседі сынға мұнда жігіттерің, Қамшылап ер қайратты үміттерін. Бұлшық ет бұтта, қолда бұлтылдатып, Сынайды зілмәуір зор жіліктерін. Көкпар — сын, күшпен қоса намыс қайрар. Қалдырмай қалжаққа ессіз қағыс жайлар. Бермейді мұрсат саған түтін сорар, Бермейді мезет саған сағыз шайнар. Көңілдің зәуірі – бұл, ат ойнатқан. Ат күшін, жігіт күшін атойлатқан. Қалыпты ескі Тұран заманынан, Жылқы айдап, інген сауып, бота ойнатқан,- деп, қазақтың белгілі ақыны  Естеу Нүсіпбеков жырлағандай, көкпардың көрнекті тұлғасы болған Ілес Аманқұлұлының өмір белестерінің бір парасы  осылай өрнектеледі. Сөйтіп,  Ілес Аманқұлұлы 17 жасынан атақты шабандоз аталып, 22 жасында Мәскеуде табысты өнер көрсетіп, ел намысын сәтті қорғады, сол заманның марапаттарына ие болды. Атағыңмен талай жер жарған едің Дарабозды өзіңдей таңдады елің, Мәскеуде шаң шығарған шабандозым, Ту ұстап, топ бастаған тарлан едің!-  деп,  дарынды ақын, халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты, жыр қаламдозы Қазыбек Иса тап басып жырлағандай, даланың дара біткен дарқан ұлы еді... Сонымен қатар, ел ішіндегі, аудан, облыс, республика көлеміндегі көкпаршылар сайыстарына  жасы ұлғайғанша үзбей қатысып, талай олжа еншіледі. Ұлттық спортымыз - көкпардың ел ішінде кеңінен насихатталуына мол үлес қосып отырды. Жүрген жерінде, өзі қатысқан немесе жасы ұлғайған кезде өзі басқарған, төрешілік жасаған  көкпар сайыстарында көкпар тарту ережелерінің қатал сақталуын, сайыстың әділетті өтуін қатты қадағалап отырды. Өзімен бірге көкпар шапқан замандас шабандоздары да, Ілекеңнің тәрбиесін, өнегесін көрген жас шабандоздар да,  тарланбоздың талай тамашасын,  адамгершілігі мен  мәрттігін және әділтеттілігін аңыз етіп айтып отырады. Қазақтың атын шығарар осындай додабұзар тарландар ел есінде сақтала берері анық. Тек оның ерлікпен тең ерекше қайратын кейінгі ұрпаққа үлгі ете білуіміз керек. Біз бүгін еліміздегі шабандоздарды, атбегілер мен көкпар жанкүйерлерін, жалпы марқұмның әруағын сыйлайтын қауымды  даңқты шабандоз Ілес Аманқұлұлын еске алу мақсатында  29 наурыз күні Байтоғай ауылында өтетін  үлкен көкпарға шақырамыз.    

Тұрақ-Серік МҰСАБАЙҰЛЫ,

Байтоғай ауылы,

Арыс ауданы

Оңтүстік Қазақстан облысы

 ДАРАБОЗ Көкпарға ықыласы ауған елім, Шыңдалып, бастырмаған   жауға жерін. Тоқтамыс ханннан кейін  Ресейді Сен дағы  ақбоз атпен жаулап едің...   Атағыңмен талай жер жарған едің Дарабозды өзіңдей таңдады елің, Мәскеуде шаң шығарған шабандозым, Ту ұстап, топ бастаған тарлан едің...   Жігіттің  бағын жүйрік  аттар сынар,- Қыз қуудан талайлар тапқан сыңар, Артынан ақиық ер қуған кезде, Ат басын ару өзі тартқан шығар...   Елемедің жүрсең де,  жарақатты ап, Талай жерде  тамсанды ел дара мақтап. Буырқанып тұрдың ғой ат үстінде, Буденныйдай маршалың марапаттап.   Жаужүрек, қарулы қол, тақым мығым, Ұмытар сенің бүгін атыңды кім? Даңқыңа сай боламыз дейтін ұрпақ, Сыр бойын дүбірлетіп жатыр бүгін!..  

Қазыбек ИСА