Бұл шоуды көру керек

1
2969

Тарихы Америка елінен бастау алып, дүние жүзінің миллион көрерменнің таңданысын туғызған нағыз шоу енді қазақ көрерменінің назарына ұсынылады. НТК арнасы «Караоке-киллер» деп аталатын жаңа жобаның түсірілім жұмыстарын бастап кеткен. Қарапайым халық арасынан ән айтуға қабілетті жастар іріктеліп алынды. Олар тігілген бәйгеге қол жеткізу үшін еш кедергілерге қарамай ән айтулары керек. Ал ол қандай кедергілер болуы мүмкін?! Суық судың астында тұрып ән айту, жылан, құрт-құмырсқамен қорқытса да ,ән айтуды жалғастыру. Жүз рет естігенше, бір рет көзіңмен көр деген. Ойынның ерекше ережесімен таныс болған соң, бұл шоудың көрермені болуға асықтым…

Түсірілім күні… Бағдарламаның идеясы шетелдік болған соң, мамандар сырттан келген екен. Демек, нағыз шоу жасаушылар атсалысқалы тұр… Жоба жасқа да кәріге де қызық болса керек, залда отырған көрерменде есеп жоқ.

«Караоке-киллердің» жүргізушісі түсірілімге әзір. Ұйымдастырушылар халыққа күлкі сыйлап танылып жүрген «Өнер қырандары» тобының актері Дәулет Бижановты таңдапты. Жобаның «киллері» дәл осы Дәулет! Ол – талапкерлерді таныстырушы мен жобаның жәй ғана жүргізушісі емес, қатал да мысқыл тапсырма берушісі! Дәулет жанын шүберекке түйіп, ән айтып тұрған қатысушының қасында тұрып, оған қолдау көрсетіп тұрғанымен, тапсырманы қиындатып тұрады. Кейде өткір әзілдерін де қосып қояды. Әлбетте, бойын қорқыныш билеген әншіге Дәулеттің әзілінен өзінің жаны тәттірек!

Әйгерімнің мамандығы тілші. Ән айту – оның хоббиі. «Караоке-киллердің» кастингінен өткеннен кейін, 500 мың теңгеге қол жеткізу үшін жобаға шындап кірісті. Бірақ ол алда қандай тапсырма күтіп тұрғанын білмейді. Ереже бойынша қатысушы тек ән айтуға дайындалады, ал қандай кедергіге ұшырайтынынан бейхабар. Жүргізуші Әйгерімді көрерменге таныстырғаннан кейін төбеден түсірілген арнайы әткеншекке отыруын сұрады. Әткеншек оны отырғызып, жоғары көтерілді. Әйгерім қорқа бастады… Енді сахнаға келесі сайман орнатылды. Ол ішіне су толтырылған әйнек хауыз. (бассейн) Әйгерім биіктегі әткеншекте. Жүргізуші әмір еткеннен кейін ол әнін бастады. Әйгерім Қайрат Нұртастың репертуарындағы «Қызыл гүлім-ай» әнін таңдапты. Ән бастала бергенде орындаушы отырған әткеншек баяу төмен түсе берді. Ал жерде әлгі су толтырылған хауыз тұр. Әйгерім әткеншегімен, әнімен қоса мұздай суға бір малынып шықты. Әткеншек қайта жоғары көтерілді. Әйгерім әзірге әнін ойдағыдай орындап жатыр. Енді ұйымдастырушы жігіттер бір шелек жыланды әкеліп хауыздың ішіне салып жібергенде, Әйгерім әнін басқаша шырқады. Шоу осы жерде басталды. Судағы жыландардың қатары көбейе берді. Әйгерімнің әткеншегі төмен қозғалып, жыландармен бірге суға түсуге келе жатты. Суға түсе беріп еді, «қызыл гүлім-ай» деген әнге, «ойбай» деген сөздер қосылды. Жаңа ән! Көрерменнің таңданып, бірақ Әйгерімді аяп отырғанын аңғардым. Дәулет «ән айт» деп қолқа салуын тоқтатпайды. Су ішінде жыландармен бірге Әйгерім ән шырқап тұр. Мұндай шоу әлі қазақ телевизиясында болмаған! Осындай арпалыста ән салған Әйгерім әнін аяқтады. Аяқ-қолы қалтырап, тоңып тұр. Бірақ өзіне барып сұрақ қойсам, қатты жиіркеніп, қорыққанын, бірақ шоуға келгеніне мүлдем өкінбегенін айты. Қорқынышын жеңе алды! Әнін орындады!

Әйгерімнің қарсыласы Болат. Болаттың да міндеті кедергіні жеңіп, ән айту. Осы жерде түсірілім алаңы ән айту алаңынан гөрі, футбол ойнау алаңына айналғандай болды. Жас балалардан құралған футбол командасы доп тебуге дайын тұр. Болаттың арқасына төбеден түсірілген шынжыр байланып, ол аяғымен жерде тұрмай, шынжырға ілініп тұрды. Артында доп тебетін қақпа! Болат қақпашының рөлінде! Заман тобы орындайтын «Өмір-өзен» әнін нәшіне келтіріп, шынжырға ілініп тұрып орындап жатты. Бірнеше жас жеткіншек футболшылар Болатқа қарай доптарын тебе бастады. Доптар Болатты ұрып жатса да ән айтуын тоқтатпады. Балалардың тебісіне қарай, Болаттың алып жатқан соққысы да әр түрлі. Ән арасында ауырсынған дыбыстарын шығарып қояды. Болат та әнін сәтті орындап шықты.

Екі қарсыластың ішінен бір жеңімпаз шығады. Оны залда отырған көрермендердің өздері таңдайды. Бұл сайысқа жеңіске жыландармен бірге ән айтқан Әйгерім жеңді. Осы секілді түрлі бір-біріне ұқсамайтын сайыстар көрерменді күлкіге қарқ қылдырып, таңдандырып, кейде жиіркендіріп отырды. Қатысушыларды тоқпен ұрды, қамыс толтырылған суға балды, микрофон ішінен атылып сүт шығып, ауызға шашырады, тышқандармен де ән айтуға тура келді… Шоуды қызықты еткен де осындай қиын тапсырмалар.

Көрсетілім НТК арнасын 29-наурыздан басталады. Табиғаттың жаңарып, көктемнің келуімен бірге жаңа, өзгеше телеөнімнің де пайда болғаны қуантады. Мен көргенімді қағазға түсірдім, бірақ Сіз алатын әсер ерекше болады. Сондықтан қапы қалпай, «Караоке-киллер» кезінде теледидар алдынан табылыңыз!

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз