Қайрат Нұртастың Ресейдегі концерті аншлагпен өтті

a6ba3df5f5c33279347782e7740ea8f8Қазақстандық әнші Қайрат Нұртастың Ресей Федерациясының Омск қаласында өткізген концерті жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының тақырыбына айналды. Омск қаласының бұқаралық ақпарат құралдары қазақстандық әнші Қайрат Нұртастың концертінің аншлагпен өткенін ерекше таңданыспен жазды. Жергілікті БАҚ-тың жазуына қарағанда, Қайрат Нұртастың концерті өтетін күні Омск орталық цирк ғимаратына көрермендер сыймаған. Билеттер алдын ала сатылып кеткеніне қарамастан цирк ғимаратының алдына халық көп жиналыпты. Билет сатып алуға үлгермеген халық концертті ғимараттың жақтауларындағы балкондардан тік тұрып тамашалаған. Концертке жергілікті қазақ ұлтының өкілдерімен қатар өзге ұлттың өкілдері де келген. Олар өздерін Қайрат Нұртасты сүйіп тыңдайтындықтарын айтып, оның өнерін жоғары бағалаймыз деп жергілікті БАҚ-қа сұхбат берген. "Бұл менің Омск қаласына алғаш рет өнер көрсетуім. Өкінішке орай, менің жоспарларым өте тығыз. Алыстағы ағайынға келуге тырыссам да жұмыс жоспарларым оған мүмкіндік бере бермейді. Бұл қалада өнер көрсету маған арман болатын. Себебі, Омск - бұл қазақтың қаласы, қазақтың жері. Алдағы уақытта осындағы ағайын үшін үнемі келіп тұруға тырысамын", - деп ойын бөлісті Қайрат Нұртас жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында. Концерт лазерлік шоуға жалғасып, концерттің соңында әншінің анасы, продюсері Гүлзира Айдарбекова Омск тұрғындарына өзінің алғысын білдірген. Концерт соңында Қайрат Нұртас: "Алдағы уақытта Омск қазақтарын өзімнің жаңа әндеріммен және жаңадан түскен фильмдеріммен қуанта аламын. Жақында менің қатысуыммен жаңа фильм түсіріледі. Фильм менің өмірім туралы болады", - деп көрермендерін қуантқан. Бір қызығы, Ресей жерінде өткен концерт тек қазақ тілінде өткен. БАҚ өкілдері концерттің қазақ тілінде өтуіне қатысты "қазақ тілінде өткен концертке ешқандай реніштер болған жоқ. Көрермендердің көбі қазақ тілін түсінбесе де, қазақ әншісіне деген құрметін көрсетіп, әншінің қазақ тіліндегі айтқан әндері мен лебіздерін жылы қабылдады" деп жазады.

nur.kz