Әншілер тележүргізуші болып, телеөнімнің сапасын түсіріп жүр
2014 ж. 03 наурыз
4865
3
Соңғы 8-10 жылда отандық телеарналардағы бағдарламаларды әншілер, мамандығы көпшілікке беймәлім депутаттар, әртістер мен шоу-мендер жүргізетін болып жүр. Ал олардың арасында ауызша сөздің нормаларын шатастыру, дыбысталған сөз бен жазба сөздің парқын ажырата алмай әдеби тіл нормасын бұзып айтатындары жоқ емес. Ондай жағдайлар еліміздегі коммерциялық телеарналарды айтпағанда, мемлекеттік телеарналарда да кездесіп тұрады. Мысал айтар болсақ кейбір жұлдыздардың «күтіп отқанда», «мен сияқты скромный екенсіз» дегенге ұқсайтын ұсқынсыз сөз тіркестерін эфирден күнде естіп жүрміз. Одан бөлек кейбір жүргізуші-әншілер арасында студияға келген қонаққа: «қазір не істеп атсыз?», «от души дайындықпен келген», «да ну, солай ма?» деп қойып қалатындары да бар. Мүмкін бұл үрдіс телебағдарламаны жасаушы мамандарға хабардың рейтингісін көтеру үшін керек те шығар. Сіз қалай ойлайсыз?
Меруерт Түсіпбаева, әнші, актриса:
– Мен жалпы қазақстандық телеарналарды көрмеймін. Және мен оны жасырмаймын да. Оған себеп көптеген қазақша хабарларды әншілердің жүргізетіндігі. Ал ара-тұра әнші әріптестерімнің жүргізген бағдарламаларын көріп қалсам, қаным басыма шабады. Шындығын айтайын, әншілер арасында сауатты сөйлей алатындар некен-саяқ. Көбісінің ойы таяз, тілі мүкіс. Жазып бергеннің өзін әрең оқиды. Одан бөлек кейбір әнші-жүргізушілер бағдарламаны майысып жүргізсем, көрермендерді баурап аламын деп ойлайтын болса керек. Жарассын, жараспасын өздеріне ғана түсінікті қалжыңдарды айтып қалып жатады. Бірақ олар қатты қателеседі. Себебі, бүгінгі көрермен осыдан 15-20 жыл бұрынғы көрермен емес. Қазіргі көрерменнің көзі ашық, саяси сауат жоғары. Сондықтан әр адам өз орнын білуі керек. Етікші етігін тіксін, тракторшы жерін жыртсын, әнші әнін айтып, ешбір саясатқа да, идеологияға да араласпай-ақ жүре берсе деймін. Ал хабарларды арнайы білімі бар журналистердің өздері жүргізгені дұрыс. Менің айтпағым бағдарламаларды телевидение саласында жүргендердің өздері жүргізсін..
Рахманқұл Омаров, актер:
– Бұл барлық елде бар тәжірибе. Мысалы, Ресейде болсын, Батыс елдерінде болсын рейтингі жоғары телебағдарламалардың негізгі бөлігін не шоу-мендер, не әншілер жүргізетінін көріп жүрміз. Әрине мен саяси-сараптамалық бағдарламаларды да әнші мен биші жүргізсін деп отырғаным жоқ. Алайда рейтингті көтеру үшін ток-шоулар мен ойын-сауық бағдарламаларын жүргізуде танымал жұлдыздарды тартқан дұрыс. Кезінде мені де «Айтуға оңай» секілді көтерер жүгі ауыр, саяси салмағы басым бағдарламаны жүргізуге шақырған еді. Бірақ, мен ол ұсыныстан бас тарттым. Себебі, ондай бағдарламаны кәсіби деңгейі жоғары журналист жүргізуі керек деген тоқтамға келдім. Ал, біз неге Тамара Асар жүргізген бағдарламаның сәтті шыққанын айтпаймыз.. Ал, Мұрат Қожа ше? Оның әртістік қабілеті бар болғандықтан ол жүргізген хабарды да сәтті жобалар қатарына қосуға болатындай. Жалпы алғанда, өзі танымал, өзі сауатты маманға қай жерде болмасын жол ашық болуы керек.
Біреуге сын айтып, мін тағу біздің мақсатымыз емес. Біздің мақсат – бүгінгідей ақпарат ағымы өте қарқынды заманда ұрпағымызға дұрыс тәрбие беріп, әсіресе экраннан айтылған әр сөздің арқалайтын жүгі, атқарар міндеті, берер тәрбиесі, һәм көпшілікке салар ойдың барын ұқтыру.
"Алаш айнасы"