ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҰЙЫМ – ШЫҢДАЛУ ОРДАСЫ

1
3829

Шардарада Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестік ашылды 

Қызырлы Қызылқұм, мәйекті Мырзашөл, шағылды да, шағалалы Шардара өңірі әдебиет пен өнер терең тамыр жайған, дарындарға бай өлке. Осындай өнерлі өңірден, Шардарада жылқы жылы талантты жүйріктерді баптауға үлес қосу үшін жерлесіміз, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестік ашылды.
Ұлы даланың шалғай шетінде жатқан шағалалы өлкедегі қуанышты хабарды өздеріңізге жеткізе отырып, шығарма­шы­лық бірлестіктің төрағасы ретінде оқырмандармен өз ой-толғамымды бөліскім келеді.

Құрметті өнерге әуес, әдебиетсүйер қауым!
Бүгінде Мәңгілік ел атанып, айналамызға ат үстінен қарайтын елге айналдық. Атты ақтап, абыройды сақтап қалу үшін рухани деңгейімізді кемелдендіруіміз қажет. Анық та, алып та болашағы бар Қазақ елінің алтын уығындай туған ауылымызда Абай атамыз өсиет еткендей бойында шапағат пен мейір, ойында өзіне сенетін ақыл мен жігер ұялаған жалынды ұрпақ тәрбиелеу міндетіміз.
Қызылдың даласы, Сырдың жағасы аңыз бен ақиқатқа толы. Кәрі тарих қаншама қызыл тілдің шешенін, қара сөздің көсемін бесіктен шығарды. Алтын топырақ күмбірлеген күйге, нөсерлеген жырға айналды. Биге түсті, бояуға малынды. Трагедия мен ерлікке толы ежелгі «Мұңлық– Зарлық» жырын, «Алпамыс батыр» эпосын есіңізге түсіріңізші, ата-бабамыздың мұңы мен сыры, шуағы мен мейірімі, арманы мен аманаты құйылып тұр.
1959–60 жылдары, дәлірегі есімде жоқ, аудан орталығынан жүз шақы­рымнан аса шалғай орналасқан «Жі­бекші» фермасына айналасын әнмен қырған Құтбай ақын келіп, ән салды. Үстіндегі үйлесімді ұлттық киімі, дөңгелек бөркі, мейірімді көркі, таудан құлаған өзен сарынындай ерекше даусы әлі есімде сақтаулы. Сәл кейінірек сол құстың ұясындай кішкентай ауылға сонау алыс Алматыдан мем­лекеттік драма театрдың әртістері келіп, Мұхтар Әуезовтің «Қобыланды батыр» пьесасын қойды. Біз бірінші рет сахнадағы өнерді көріп, аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Шөл далада мал баққан аядай ауылдың балалары қазақ батырларының ерлігін тамашалап, қалмақтарды қалай жеңгенін көріп қайран қалдық. Ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеудің, ата дәстүріне адал болуға баулудың ғибратты жолы осы емес пе?!
1969 жылы біз оқитын Шардара ауылындағы 8-мектеп интернатқа атақты ақын Асқар Тоқмағанбетов бастаған бір топ ақын жазушылар келді. Олардың арасында шығармасын мектеп оқулықтарынан оқып-білетін жазушы Сейітжан Омаров, ақын Сапарғали Бегалин, ОҚО-ның бас ақыны Омарбай Малқаров, балалар жазушысы Нәсіреддин Сералиев тағы басқалар бар болатын. Атақты адамдардың өлеңдерін тыңдап, әңгімелерін естіп кішкентай балалар бақытқа бөлендік. Мұғалімдер мен достарымның өтініші бойынша мен Асқар ағаға арнап өлең оқыдым. Үнім құмығып, мойным қисайып:
– Асқар аға, Асқар аға!
Келіпсіз міне бүгін Шардараға.
Құрметтеп қарсы алады қуанышпен,
Мектеп те, ұстаздар да, жас бала да!– деп балапан торғайша шырылдадым. Асқар аға арқамнан қағып, бетімнен сүйіп, батасын берді.
Қызылқұм тыңы игеріліп, су электр станциясы құрылып, Шардара талай-талай таланттардың шығармасына арқау болды. Асқар Тоқмағанбетов «Асауға тұсау», Қуандық Шаңғытбаев «Шағалалы Шардара» дастандарын жазды .Әлем әдебиетінің көрнекті өкілі Олжас Сүлейменов, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, Сабырхан Асанов, Тұманбай Молдағалиев, Төлеген Айбергенов, тағы басқа ақындар Шардараны әсем жырларына орады. Әдебиетші, сазгер жерлесіміз Мамыр Жалаңбасов ақын Төлеген Айбер­геновтың сөзіне ән жазып, бұл шығарма бүкіл Қазақстанды шарлап кетті. Атақты композитор Нұрғиса Тілендиев, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов, композитор Мыңжасар Маңғытаев шағалалы мекенде талай қонақ болды.
Қыр мен Сыр қабысып жатқан бай өлке, баянды өлке өз бауырынан талай ақындарды, әншілерді, термеші-жыршыларды, суретшілерді шығарып, қанаттандырды. Жазушы Жәлел Кеттебеков, Қалмұрат Әжікеев, ақын Камал Ендібаев, Уәли Исқақов, ақын әрі шымшыма сөздің шеберлері Ниятолла Сейданов пен Оңалбай Еспанов, өлең сөздің жанашыры Жарқынбек Қаныбеков, сол кездері біздің ауда­нымызға қараған жиделілік Балқаш Әпсенов, енді таныла бастаған жас айтыскер ақын Тәшман Нысанбаев, күйші Сәдуақас Шорабеков, әнші ағайынды Жұмабек пен Бейсенбек Бибосыновтар, Жиенбек пен Нұрлыбек Шырынбековтер, Кеңес Ибрагимов пен Әмірхан Алқабаев, суретші Оңғар Арыстанов, тағы басқа да таланттар есімі кейінгі ұрпаққа өнеге, өлмес мұра. Қазір қатарымызда жүрген Мейірхан Аңламасов, Жұмабек Мұқанов, Өзбекстаннан оралған Қасқырбай Серікбайұлы, Құдайберген Өтеш, Дүйсен Әбдіраманов, Роза Шығанақова, әнші-термешілер Хадиша Мұсабекова, Әбдіғаппар Айдаров, Мәмедәлі Романов, суретшілер Әкім Мұсақұлов, Темірәлі Айдарбеков, Құдайбергендер, тағы басқалар маңдай терден маржан шашып жүрген мақтаныштарымыз. Алыста жүрсе де, бір бүйрегін туған аулына бұрып тұратын елімізге белгілі ақын, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Қазыбек Исаны, Әмірхан Балқыбекті, Әлібек Шегебайды, Бақыт Қалымбетов сияқты жерлес азаматтарды біз мақтаныш етеміз.
Әдебиетсүйер қауым!
Шардара ауданында жүргізілген әдеби бірлестіктер тарихы туралы өзім білетін дерекке азырақ тоқталсам деймін. Ең алғаш ауданымызда әдеби бірлестікті 1978-жылдары жазушы Жәлел Кеттебеков пен әдебиетші мұғалім, сазгер Мамыр Жалаңбасов ағамыз жүргізді. Үйірмеге Жұмабек Мұқанов, Пердеш Есенбеков, тағы басқалар белсене қатысты. Мен сонау «Қызылқұм» мектебінен келіп жүрдім. Мәскеудегі әдебиет институтынан білім алған Жәлел аға орыс, еуропа әдебиетін көбірек сөз қылса, Мамыр аға Абай үлгілерін, Мұқағали мен Төлегендегі жаңалықтарды айтып, айырмашылықтар мен ұқсастықтарға ерекше тоқталды. Мұқтар Шаханов туралы әңгімелейтін. Ақындар достығы мен олардың арасындағы қызықты мінездерден естеліктер айтатын.
1983 жылдары Төлеген Айбергенов атындағы әдеби бірлестік құрып, оған мен жетекшілік жасадым. Бірлестік жұмысы аудандық кітапхананың залында өтетін. Бірлестікке Қазыбек Иса, Лесбек Аманов, Құдайберген Өтеш, Зікіра Қожаев, Меруерт Өмірзақова, Руфа Мырзабекова, Күләш Қарамырзаева, тағы басқалар үзбей қатысты. Қазыбек Иса қазір өздеріңізге белгілі, республикаға да, түркі дүниесіне де танымал талантты ақынға айналды. Жаңылыспасам 1985 жылы болуы керек, облыс орталығында республикалық «Жігер» фестиваліне іріктеу жүрді. Ол іс-шараға аудан-ауданнан небір мықты ақындар қатысты. Үміттерін үкілеп сынға түскен ақындарды әділқазылар емес, тыңдарман қауым өзі таңдады. Сонда көпшіліктің ұйғарымымен осы Қазыбек 1-ші орынды жеңіп алды да, республикалық «Жігер» фестиваліне Алматыға жолдама алды. Республикалық фестивалда да маңдайы жарқырап көрініп, әдеби қауымның зор ықыласына бөленді. Зікіра қазір Жетісайда. Былтыр кітабын шығар­ды. Меруерт республикалық «Теміржолшы» газетінде қаламы ұш­қыр журналист. Руфа Қызылордада әнші. Лесбек жерлес ақындардың талайының сөзіне ән шығарып, «Қара бауыр қасқалдағы» бүкіл елге танылды. Әдеби бірлестік мүшелері Камал ақынға арналған облыстық айтыстың қызықты өтуіне үлес қосты. Айтысқа қазіргі айтыстың ақтангері, сол кезде 8-сыныпта оқитын Бекарыс Шойбеков бірінші рет қатысқан еді. Мұқтар Құралов, Ақбөрі, Кәрима Оралова, Қаныбек Сарыбаев тағы басқалар қатысты. Абылай ханның 280 жылдығын ауданда ұйымшылдықпен өткізуге мұрындық болдық. «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына көмектестік, өзге тілді азаматтарға мемлекеттік тілді оқытып үйреттік. Әртүрлі мекемелерде тілдің маңызы жайлы әңгімелер өткіздік. Кейінірек бірлестікке Оңалбай Еспанов жетекшілік етті. Бұл кезеңде біршама қызықты шаралар атқарылды. Бірлестік құрамына ақындар мен бірге термешілер, айтыс ақындары, әншілер, асабалар мүше болды. Олар ауыл-ауылды аралап өнер көрсетті. Елді мекендегі өнерсүйер қауым оларды асыға күтетін. Әсіресе Одақ тарап, елдің іші абыр-сабырға түскен шақта бірлестіктің қызметі үлкен мәнге ие болды. Оңалбайдың қоңыр, сүйкімді даусы тыңдармандарын бірден тартып алатын. Ол айналасына кілең өнерсүйер топты жиып жүретін.
Ұлы ақын Абай айтпақшы,біздің де негізгі мақсатымыз – «тіл ұстартып, өнер шашпақ»…
Осындай іргелі де жүйелі жұмыстарды ақпараттық насихаттауда аудандық «Өскен өңір» газеті елеулі еңбек етті. Кейінгі жылдары оның қатарына Нұрмахан Қары басқаратын «Шартарап-шарайна» газеті қосылды.
«Ат тұяғын тай басар»,-демекші, Қызылдың құмынан қуат алып, Сырдың сыңғырынан сыр ұғынған жоғарыда аттары аталған марқасқаларымыздың ізін алып келе жатқан іні-қарындастарымыз аз емес. Өзіндік өнерімен талай-талай шаршы топта танылған Сәкен Бекманов, Қанат Дауылбаев, өлең өлкесінде енді танылып келе жатқан Сәбит Лаханов, күні кеше ғана айтыскерлігімен көзге түскен Қуаныш Тастановтарды, өнер атты киелі мекенге енді ғана қанат қаққан тағы бір топ жастарымызға бағыт-бағдар көрсету, жол мен жөн сілтеу азаматтық парызымыз деп ойлаймын.
Осы орайда енді жаңа әдеби-мәдени, өнер ұйымы «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестік» құрылды. Бірлестік жұмысының бағыт-бағдары, не себепті оны Қазыбек Иса атына қойып отырғанымыз туралы сөз енді басталады. Бұл тақырыптағы әңгіме өз алдына бөлек әңгіме. Бүгінгі заманға сай бұл жаңа бірлестіктің жарқын қадамдары – жаңа есімдер ашып, бәйгеге қосуымен құнды болмақ!
Мен сөзімді өз өлеңіммен аяқтайын.

Аялаңдар ақынды

Талмай іздеп асыл сөзді татымды,
Ала таңды шала ұйқымен атырды.
Ұрпағына өлеңімен хат жазған,
Қадірлеңдер, ағайындар, ақынды!

-Әнім бе?-деп әр әуенді ақырғы,
Барқыт түнді алағызумен батырды.
Жаны жұмсақ өзгелерден, туғандар,
Түсінуге тырысыңдар ақынды!

Көзін сатып сұрамайтын затыңды,
Шаршамайтын артық айтып ақылды.
Жүрегімен сүйетұғын, сүйсе егер,
Жүдетпеші кім болсаң да ақынды,

Жүзден озып келсе дейтін атыңды,
Көп сұрайтын қуанышты сәтіңді.
Тірі жанның барлығына тілеулес,
Алақанға салыңдаршы ақынды.

Қалтасында қалған жалғыз бақырды,
Сыйлайтұғын жемейін деп ақыңды.
Жан адамға жасамайтын жамандық,
Жай адам деп ойламаңдар ақынды.

Жақтырмайтын жат көзқарас, жат үнді,
Аттан салса, Алпамыстай ақырды.
Абдолладай айналатын аңызға,
Батырым деп бағалаңдар ақынды!

Бауырына тартып алыс-жақынды,
Бірлік туын бір ұстауға шақырды.
Маңдайыңа сыймай ертең кететін,
Тірісінде аялаңдар ақынды!

Нұрғали Ыбырайым

1 Пікір

  1. Шардаралық ақындарымызды əрқашан мақтан ете отырып, бүгінгі жастарымызға ақынның қыл қаламынан шыққан өлең жолдарды насихаттап түрлі іс-шаралар өткізіп отыру міндетіміз деп білемін! Еңбектеріңізді ел бағалайды!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз