Бәкір ТӘЖІБАЕВ: "ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ талан-таражға түсе бере ме?"

тажиб 31 жыл жарияланбаған зерттеудің жанайқайы бүгін де маңызды... Республикалық «Қазақ үні» газетінің өткен жылғы №48-49 сандарында және биылғы №1-2 санында жарық көрген ақын Зейнолла Әкімжановтың «Тарихи шындыққа сәйкессіздік» атты мақаласы оқырмандар арасында түрлі қызу пікірталас туғызып отыр. Бүгін газетімізде 31 жыл бойы жарияланбай келе жатқан, талантты ақын, сазгер Бәкір Тәжібаевтің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорынан алынған ашық хатын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.   Қазақ халқының ұлттық байлығының үлкен бір бөлігі – рухани мұралар. Олар сан ғасырлар бойы халықпен бірге жасап, тарих соқпақтарында толығып, жетіліп отырды. Алғашында жеке адамдардың шығармашылығында туындағанмен, жад арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысу барысында авторларының есімдері ұмытылып, жол-жөнекей түрлі өзгерістерге түсе отырып халық мұрасына айналды. Сөйтіп, бүгінгі күнге бір ғана шығарманың бірнеше версиялары, саналуан нұсқалары жетті. Бұл – фольклортану ғылымының шеңберіндегі заңды құбылыс. Алайда, кейінгі жылдары осы рухани құндылықтарды халықтың өзіне қимай, жекелеген адамдардың шығармашылығына телу арқылы ғылыми тұрғыда дәлелденбеген тарихи тұлғаларды қалыптастыру, оларды жасанды түрде дәріптеу үрдісі белең алып келеді. Әсіресе, жең жалғастырған әлдебір топтардың нақты ғылыми негізсіз халық әндері мен күйлерін әлдекімдерге бей-берекет үлестіруі, бұл ниеттерін елдің беделді басылымдарының беттерінде, электронды ақпарат көздерінде ашық насихаттауы зерттеуші-ғалымдарды алаңдатады. Осы мәселе ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының өзінде марқұм Бәкір Тәжібаевты да қатты мазалағанын қалың оқырманға ұсынылып отырған қаламгердің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында сақталған «Халық қазынасы талан-таражға түсе бере ме?» (1055-бума, 1-дәптер.) атты ашық хатынан айқын аңғаруға болады. Хаттың жазылу мерзімі 1983 жылдың 22 тамызы болғанмен, қайда, кімнің атына жазылғаны белгісіз. Алайда, машинкада терілген мәтіннің соңында қаламмен «1947 жылдан КПСС мүшесі, жазушы» деген сөздер жазып, қол қоюына қарағанда, Б.Тәжібаев хатты Қазақстан КП Орталық комитетіне қаратып жазған сыңайлы. Хаттың ортаңғы шекесінде «Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтының директоры М.Б.Базарбаев жолдасқа!» деген нұсқау жазылған, бірақ авторы көрсетілмеген. Өз кезегінде М.Базарбаев: «Б.Уахатов, Р.Бердібаев жолдастарға – ұсыныстарыңызды күтемін!» деп қол қойып, «3.ХІ.83» деген мерзім көрсеткен. Бірақ хат ғалымдар ортасында талқыланбаған. Сонымен бірге аталған қолжазба қорында Б.Тәжібаев, С.Балмағамбетов, И.Шұғаев сынды үш бірдей талантты ақын, сазгер, күйші жандардың бірлесіп жазған ашық хаты сақталған. Бұл хатта да негізінен қазақтың халықтық мұралары талан-таражға түсіп, көлденең көк аттылардың қанжығасында кетіп жатқандығына қынжылыс білдіріліп, соған орай бірқатар мысалдар келтіріледі. Мұнда да әсіресе, Сегіз сері мен оның маңына топтасқан көптеген «жұмбақ» серілердің қазақ әдебиеті мен фольклорына тигізіп жатқан залалды әсеріне айрықша тоқталған. Сегіз сері тек халық әндерін ғана емес, Бәкір ағаның атақты «Ақбұлақ» әнін де еш жол-жосықсыз тартып алған болатын. Бірақ Бәкең өз әніне емес, Ұлтымыздың ұлы мұраларына арашашы болғандығы төмендегі хаттардың мазмұнынан айқын байқалады. Төрелігін оқырманның өзі айтсын. Тоқтар ӘЛІБЕК, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай ҚОСАН, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Ежелгі дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты I Ән-күй – халық қазынасы. Ән-күй халқымызбен бірге жасасып келе жатыр және халқымызбен ғұмыр кеше беретіні әркімге аян. Соңғы кездері сол халық қазынасы – ән-күйді кейбір «білгірлер» аты мәлім халық композиторларына, сондай-ақ аты мәлім емес адамдарға теліп, үлестіріп жүргендерінің куәсі болудамыз. Осылай «шүлен үйлестірушілер» бұқаралық үгіт-насихат рупоры саналатын Қазақстан радиосы мен теледидарынан, күнделікті шығар газет, ай сайын шығар журналдардан, әртүрлі баспалар шығаратын кітаптардан да бой көрсетіп, елге «жаңалық» таратуда. Қалың жұрт алдында 1970 жылдардың аяқ шенінен бастап «іске» кіріскен, ұйымдасқан азын-аулақ топ (олардың аты-жөні туралы кейіні­рек мысал келтіріледі) Қазақстан ғылым академиясының «егініне» түсіп, ешқан­дай дерексіз, ешқандай ғылыми тұжырымсыз қиялға сүйеніп, насихат жүргізумен айналысып келеді. Ол адамдар күні бүгінге дейін өздерінше Қазақ ССР Ғылым Академиясының әдебиет пен өнер институт рөлі мен беделін «арттырғысы» келуде. Оларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» бүгінге дейін табылған емес. Міне, аса таңқаларлық осындай жайға зейін қоймаудың қияпаты қынжылтып, осы туралы екінші мәрте қолымызға қалам алуға мәжбүр етті. II Ең алдымен, сиықсыз, сұрықсыз жайларға кешірек қосылса да, бірақ белсенділік танытып келе жатқан Қазақ радиосының «насихатына» тоқтап өтейік. Эфирден беріліп жатқан көптеген халық әндері «пәленшелердің», «түгеншелердің» атымен, яғни «пәлен» Серінікі, «түген» Серінікі» деп берілуде. Мысалы, халық әндерінен «Жиырма бес» Салғаранікі, «Ләйлім», «Ғашығым», «Бурылтай» Біржандікі, «Қара торғай» (Сырдың халық әні), «Алтыбасар» Ыбырайдікі, «Гауhар тас», «Ғайни», «Бес қарагер», «Әйкен-ай» Сегіздікі, «Топай көк», «Ардақ» Жарылғапберлінікі, «Юран» Естайдікі, «Сұржекей», «Шәпибай-ау» Жаяу Мұсанікі, т.б болып бұрын-соңды атақты әншілердің орындауында лентаға жазылып алынған. Жоғарыда аты аталған халық әндері бүгінде диктордың жаңа «алғы сөзімен» күнбе-күн эфирден беріліп жатыр. Сонда радио басшыларына мұндай «жомарттыққа» кім ерік берді екен? Ол жағына ақыл жетпейді?!. Соған қоса жоғарыда аты айдай әлемге танымал халық әндерінің көптеген жылғы басылымын қалайша оп-оңай жоққа шығаратынына таңғаламыз. Басқа ұлттарда халық әндерін біздердікіндей әркімге таратып беру тәжірибесі кездесе бермейді. Қазақ халық композиторларынан жоғарыдағы маржан әндерді қызғану емес, оларға «телінген» әндердің стильдік және мазмұн жағынан келмеуін кейбір адамдар неге ойластырмай отыр? Олай ойламайтыны – тек әркім өз ата-бабасының атақ-даңқын шығаруға (мұны тарихшылар «трайбализм» деп жүр) жан аямай, көз жұмбайлық әрекет жасауында болар деген тұжырымға келмеске ылаж жоқ. Жалпы айта кетер нәрсе, аты мәлім халық композиторлары музыка тарихынан өз орындарын алған. Олардың өз төл шығармалары өздеріне жетеді. Олар жамап-жасқаусыз-ақ халқына қадірлі! Олар туралы академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары», «Ән-күй сапары» атты құнды дүниелер жазып кетті. Атақты А. Затаевич те бұл турасында көл-көсір еңбек етті. Соған қарамастан 1970 жылдардың соңғы шенінен Салғара, Сегіз деген «серілерді» кім тапты. Музыка тарихына олар неге ілікпеген? Бұрын неге қалыс қалған? Күй турасында да осы мерзім ішінде «жаңа авторлар» қаптап бара жатыр. Ықылас қобызшының күйлерін домбыраға түсірген Сүгірге «Боз інген», тағы басқадай халық күйлері (Қаратау шертпелері) қолды болып кетті. Сонда халық ән-күйлерін орындаушылардың бәрі бірдей композитор болып кете ме? Біздің бүгінгі «зерттеушілер», ең алдымен, А.Затаевич, А.Жұбанов зерттеулерін, жинақтарын оқып шығулары әбден керек! Әйтпесе ойына алғанның бәрі орнын таппай, құр демагогия мен дилетантизмге ұрынары сөзсіз. III Содан соң ғана шындыққа бойұсынып, халық әндеріне, күйлеріне араша түсе алар еді. Мысалы, «Ләйлім» Біржандікі емес. Бұл ән Біржанның «Ләйлім шырағынан» инто­нациялық жағынан да, шығу негізі, туу мотиві жағынан да тым шалғай жатыр. Өйт­кені Біржан «Ләйлім шырағының» өз өмірбаяны бар... Ал «Ләйлім» – лирикалық халық әні. Сол секілді Біржан «Ғашығында»: Дариға-ай, дүниеге неге келдім, Келдім де бір жемтіктің соңына ердім... – деп айтуға тиіс емес. Ән сазы қыз аузынан шыққаны танылып тұр... Тағы да халық әні «Бурылтай» турасында А. Жұбанов: «Біржан әнінің аты «Бурыл» болған. Бір қатар кісілер «Бурыл» болса, «Бурыл тай» да болар деп, «Бурыл тай» атап кеткен. Біздіңше, ол дұрыс емес» (А.Жұбанов. Замана бұлбұлдары, 1975. «Біржан сал», 49 бет ). Эфирден беріліп жүрген «Юран» әнінде: Осы әнді Юран деген қыз айтыпты Баласы басқа адамның салған емес, – болып айтылса, ән авторының кім екендігі өзінен-өзі ашылмай ма?!» «Алтыбасар» Ыбырайдың творчестволық почеркіне келіңкіремейді... Біз, әрине, «Алтыбасарды» Ыбырайға қимаудан аулақпыз. Бірақ авторы белгісіз әндерді әбден шын­ды­ғына жетпей біреуге тели салудан да аулақпыз (А. Жұбанов. Замана бұлбұлдары. –196-бет). «Ыбырай әндерінің тізімінде «Қаратор­ғай» деген ат бар... Әннің сөзіне қарағанда біз білетін «Қараторғайдан» басқа музыкасы бар сияқты!» (А.Жұбанов. З.Б. –201-бет) Ахмет Жұбанов тағы бір сөзінде: «...Кейбіреулер қазақтың ежелгі қанына сіңген, әлі күнге арыла алмай келе жатқан жерлестігіне тартып, жақсы ән, жақсы күй болса, өзінің аталасына, ауылдасына жапсырады» – деген (А.Жұбанов. З.Б. –203-бет). Ахаң айтып кеткендей, халқымыздың өзімен бірге жасасып келе жатқан, небір маржан дүниелер «Қазақ әндері» жинағы қаншама басылымдар көріп, көпшіліктің рухани азығына айналса да, бүгінде сол дүниелер талан-таражға түсіп, әркімге танылып, респуб­ликалық радио мен баспалардағы, газет-журналдардағы кейбір адамдардың құлшына кірісуімен өз жерлестеріне зорлап беріліп, ғылымға да, заңға да кереғар іс істеліп отыр. Сол айтылған заңсыздықтың құрбандары: «Сұржекей», «Шәпибай-ау», «Ардақ», «Топай көк», «Гауhар тас», «Ғайни», «Бес қаракер», «Әйкен-ай», «Қарғаш», «Балқурай», «Сырғақты», тағы басқа әндер. Мысалы, Қуан Лекеров айтқан «Топай көктің»: Жарылғап ескі әншінің маңғазы еді, Әнді ерттеп, күйді мінген ардагері. Осы әнді Көкшетаудан есіттім деп, Баянға алып келіп жайған еді, – деген сөздері әннің кімнің аузынан шыққанын көрсетіп тұрды. (А.Жұбанов. З.Б. –387-бет) «Жарылғапберді өзі ән шығармаған, бірақ қатарынан озған әнші-орындаушы болса керек. Міне, оның репертуарынан Қали «Шама», «Топай көк», «Ардақ», «Келіншек» және басқа әндер алады» (А.Жұбанов. З.Б. –352-бет). «Сондай-ақ «Сырғақты» әнін Ыбырайға жапсырудың ешбір орны жоқ, ол әннің Әсеттікі екені әлдеқашан белгілі. Ыбырайдың «Балқурайы» атанып кеткен ән де біз білетін «Айман – Шолпанға» енген «Балқурай» емес, тек аттас» (А.Жұбанов. З.Б. –203-204-беттер). IV Ендеше А.Затаевич жинап, тілхатқа (нотаға) түсірген сан мыңдаған халық ән-күйлерін, А.Жұбанов жазып кеткен халық композиторлары шығармаларын қайта тексеріп (ревизиялап), авторлығын бұрмалаудың қисыны жоқ, тіпті, заңсыз­дық дейтініміз де сондықтан. Халық компози­торларының бәрі де, ең алдымен, халық мұра­сынан сусындаған. Орындаушы әншілер туралы да академик А. Жұбанов көп жазды. Сол көп орындаушылардың бәрі бірдей ән мен күйге автор болып кете алмайтынын да дәлелдеген. «Созақ ауданында Ықыластан көп кіші Сүгір деген домбырашы өмір сүрген. Ол Ықыластың барлық күйлерін домбырада ойнаған. Жаппас Қаламбаев Ықылас күйлерін Сүгірден үйренеді» (А.Жұбанов. Ғасырлар пернесі. – 268-бет). Салғара, Сегіз, Қожаберген, Айша деген «серілер» ешқандай жазбалар ішінде кездеспейді. Ауызекі дәстүр бойынша кейбір адамдар «ата-бабам шежіресі» деп, академияға күллі ел айтып жүрген аңыз, ән-күй, жыр, мақал-мәтел, шешендік сөздерін жинап көл-көсір етіп тапсырады. Және де бәрінен бұрын өз «болжамын» шындыққа саяды. Талай ғасыр өтіп кеткен өз көзімен көрмеген әлгі аталарының атағын шығарам деп, газет-журналдарға «Ел аузынан» деген айдар тағып жариялап, тіпті кітаптарға да енгізуде... Мұндай болжамдардың теріс, дұрысы турасында академик, жазушы Мұхтар Әуезов: «Тарихи өлеңдердің авторлары көбінесе сол оқиғаларды көзімен көрген тұстастары» – деп, әділ, тап басып жазса, ал өз көзімен көрмей-ақ, әркімнің долбарымен біздің бүгінгі тұстастарымыздың бірі Қаратай Биғожин Сегіз сері Байрамұлы Шақшақов (1818-1854 жж.) «қалдырған» деп, «Керей шежіресі» деген қолжазбасын Қазақ ССР Ғылым академиясына тапсырған. Сол бойынша академияның ғылыми қызметкері Гүлшат Тұрсынова «Қаратаудың басынан көш келеді» («Елім-ай») деген мақаласын «Мәдениет және тұрмыс» журналына (№6, 1981жылғы саны) жариялатқан. Сол мақалада халықтың белгілі «Елім-айын» ерлі-зайыптылар Қожаберген жырау (өлеңін), соның әйелі Айша (әнін) шығарыпты-мыс... Бұл адамдар Омбы жағынан Сыр бойына «қайындап» келгенде айтса керек. «Елім-айдың» қанша нұсқасы болса да, айтушысы халықтың өзі. Ән – ақтабан шұбырынды кезінде, импровизациямен шыққан зар. Оның қаншама нұсқасын қаншама адам айтса да, тарихта ел білетін бір ғана түрі халыққа кең жайылған. Ендеше «Елім-айға» жаңа автор іздестірудің тіпті де жөн-жосығы жоқ. Осындай «жаңашыл­дықтың» кесірінен «Елім-ай» әні «Қазақ әндерінің» кейінгі басылымдарына кірмей қалып жүр... V «Әркім білгенін биік қояды» дегендей, біз өмір сүрген дәуір ғасырлар бойы жырланып келе жатқан халқымыздың асыл мұралары – «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Айман – Шолпан», тағы басқа таңғажайып дастандарын, жырларын, ән-күйлерін теліген бұл күнге дейін аты елге мәлім емес Сегіз дегенді тауып алып, тарихи тұлға ретінде көрсеткісі келетіндер тобы радиоға, газеттер редакцияларына бірінен соң бірі ықпал етуде және науқандық жұмысында олар ешбір кедергісіз ойындағыларын елге әйгілеп үлгерді. Сонда Сегіз сері дегендері кім? 1) «Қ.Ә»-нің 1977 жылғы 1 июль күнгі санында Е. Жақыповтың «Сегіз сері» деген мақаласы жарық көрді. Қазақ тарихында ешқандай прогрессивтік рөл атқармаған Шақшақ бидің немересі, Байрамұлы Мұхамедқанафия дегенге Омбыдағы кадет корпусын бітіртіп, Шоқан туған жылы сол Мұхамедқанафия Байрамұлы Шақшақов «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», «Айман – Шолпан» дастандарын, «Гауhар тас», «Ғайни», «Қарғаш», «Әйкенай», «Ақбұлақ» әндерін шығарады-мыс. Бұл қалай? Қашқын офицерді іздеуші болмаған ба? Ал Ғ. Мүсірепов: «Ұлпан» повесінде: «Сегіз сері» деген Омбыға тақау Қызылжар жерінде, өз елінде емін-еркін салдық құрып жүр ғой! Әлгі қашқын Мұхамедқанафия Байрамұлы Шақшақов қалайша Сегіз сері атана қояды? Шақшақов туралы да, Сегіз туралы да тілдей болса да деректі документ бар ма екен? Бар болса неге айтылмайды? Ал Мұхамедқанафия да деп жүргендері – Шоқан (Мұхамедқанафия) Уәлиханов. Сонда Сегіз дегендері «мата даңқымен бөз өткені ме?..»-дейді. Қалайша екі ғасырға жуық уақытта қазақ халқы жоғарыда аталған өз асыл қазынасының «авторын», яғни Шақшақовты атамаған? Ау, атадан балаға мұра болып келе жатқан халқымыздың ауыз әдебиетіндегі інжу-маржандары ешқандай Шақшақовтікі немесе Сегіздікі емес, халқымыздың өз мұрасы емес пе еді! 2) «Қ.Ә» газеті өзінің 1978 жылғы 3 марттағы номерінде И. Кенжалиев: (бұл да ғылым кандидаты) «Сегіз Сері – Шақшақов Исатай – Махамбет көтерілісіне қатысқан, көтерілісшілерге кейбір соғыс тәсілдерін үйреткен» – дейді. Өзі тарих ғылымының кандидаты бола тұра, ешқандай жазба дерекке сүйенбей, тіл ұшымен айта салынған кіп-кішкентай мақала қазақ тарихын мүлде бұрмалау болып шыққан! «Исатай – Махамбет көтерілісі туралы талайлар Рязанов, Шахматов, Жұмалиев тағы басқалар ғылыми еңбек жазды. Шөреков ақынның Исатай, Махамбет туралы дастаны бар. Ол кітаптардың бірде-біреуінде не Сегіз, не Шақшақов туралы бір ауыз сөз айтылмаған. Мұны М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми хатшысы, филология ғылымының кандидаты А. Мусинов (21июнь1978 ж.) маған жазған хатында: «Сегіз сері жайында әдеби газетте жарияланған әдебиетші Е.Жақыпов пен тарихшы И.Кенжалиевтің мақалалары Академияның да, институттың да пікірі емес, жеке өздерінің пікірлері», – делінген. 3) Соған қарамастан «Қ.Ә» газеті әлі күнге өзі жазған Шақшақов Байрамұлы Мұхамедқанафияны мүлдем ұмытып, Сегіз сері Шақшақов деп атап, халық өлеңдерін, «ел аузынан» алынған деп бұрыштама қойып, соның атымен жариялап келеді. Шақшақов бұл күнде Сегіз сері болып кетті. Шақшақовтың өз атын, әкесінің атын «Қ.Ә» мүлде есінен шығарып алды. Оған телінген өлеңдердің ақауы көп. «Қ.Ә.-нің» 21ноябрь 1980 жылғы санында жарияланған Сегіз серінің өлеңдерінде «Не артық, не ғаріп» өлеңдері «Үш ғасыр жырлайды» академияның жинақтағы толғау жыр алыптарының айтқаны кейінгі біреулердің қолдан өзгерткен нашар көшірмесі болып шыққан (Балқы Базар, Нұржан Наушабаев толғау тақпақтарымен сабақтасып-ақ тұр). «Қ.Ә-нің» 20 март 1981 жылғы санында «Сегіз серінің Исатайды жоқтауы» делінген өлеңде: Барлауға барған кезіңде, Дұшпанмен жалғыз ұрысып, Қапыда қаза тапқаның, – деген жолдары мүлде ойдан шығарылған. Тарихи мәліметте олай емес. Барлауда емес, қасында серіктері болған. Жау зеңбірегінің қардай жауған оғынан көп адам қырылған. Исатайдың Оспан деген баласы да сол тұста қаза тапқан... Исатай мен серіктерінің қабірлері «Ақбұлақ» өзені бойында емес, («Ақбұлақ» өзені картада жоқ) Қиыл өзенінің бойында, Шейтсайда жатыр. Бұл туралы «Қ.Ә» газеті 23 январь 1981жылғы «Исатай – Махамбет ұрпақтары» деген мақаласында дұрыс жазған. Осы деректі батырлардың ұрпақтары да растап отыр. Жоғарыдағы өлеңде «Исатайды жоқтау» емес, бастан-аяқ мақтау. Және ол мақтауы да оңды емес. Сол «жоқтауда»: Офицері патшаның, Ұстап алып байлатқан, Мылтық пенен садақты Өзі жөндеп өзі атқан, Аю мен қабан жолықса, Сойылып ұрып сұлатқан... Бүркітке қасқыр алдырып, Тазылары бәрі алып... – болып кете береді. Исатайдың батырлығы мен тамаша портретін Махамбет жырларынан оқып өскендерге, түсінетіндерге, жатқа білетіндерге жоғарыдағы Сегіз серінікі делінген өлең асыл болып көріне қоймас! Баспасөздегілер мен ғылым қуған адамдар осының өзінен-ақ зер салып ойланбас па? Ең алдымен, Сегіз кім? Мұхамедқанафия Байрамұлы Шақшақов кім? Сегізді – Шақшақов деу үшін көз жеткізер дерек қажет! Ал ауыз әдебиеті ғой дегеннің өзінде «Қ.Ә» жариялап келе жатқан материалдарды пенсиядағы қарттарымыз: «пәленше, түгеншеден» естіп, жазып алып едік» дегенге ғана сүйенеді. Барлық мәліметтердің жазылып алыну мерзімі де күні кеше ғана! Бір сенімсіз жері – сол «пәленше, түгенше» қарттар көзі тірісінде бұл мәселені өз ауыздарымен неге айтпаған? Кейінгі мен өткен «шежіреші» қарттарымыз ауыз әдебиетінің атын жамылып алып, сонау атам-заманда өтіп кеткен бабаларының атын шығарғысы келетіні кімге болса да айқын болар. Сондай-ақ әндерінің тағдырына келсек, бұрыннан айтылып келе жатқан халық әндерінің бірде-бірі музыка зерттеушісі Затаевич жазған сан мыңдаған қазақтың ән-күй жинағында Сегіздікі, не Шақшақовтікі делінбеген. Сегіз дегеннің – Шақшақ немересі емес екенін, оның әдеби кейіпкер ғана екенін, кезінде академик жазушы Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» атты кітабында (Қазақстан баспасы. 1974 жыл) жазып қалдырған болатын. Сол кітаптың 137-138 беттерінде Сәбең былай жазған: «Мақпал-Сегіз оқиғасы Сырдария бойында болған...» ...Бір жылы Сырда жұт боп, Жөнелген жылқыны айдап Арқаға ауып... Шынында Сәбеңнің айтып отырғаны Балқы Базар жырлаған «Мақпал-Сегіз» дастанынан алынған. Базар жырау дастаны былай басталады: Бір-бірін қалап кеулі, сүйген жастан, Сал – Сегіз «Төртқара» – Әлім тайпасынан, Қыз Мақпал – «Шөмекей» дейді, руы – «Аспан». Бапаңнан естіп едім хикаясын Бір жиын-мәжілісте басты қосқан. Сондықтан «Мақпал – Сегіз» әңгімесін Әлеумет тыңдасын деп еттім дастан. Сәбең айтып отырған жырдың оқиғасы өткен жер-су, кейіпкерлер шыққан, ел аттары Сыр бойы жерінде. Мысалы, «Базар» жырындағы «Еліміз Егіз көлді жайлап келді» деген жолдарындағы «Егіз көл» Томай алқабында. Осы жырда тағы да: Жер таңдап, мал-жайы үшін шөп іздеген Арқаға жылқы жайып отар кеткен, Мақпалдың сүйген жары Сегіз деген, – болып айтылады да, алыс отардан қос атпен сүйгенінің хабарын естіп келген сол Сегіз жеңгесіне былай дейді: Еліміз көше-көше «Байтақ» өткен, Жүнінен ақ қозының байпақ еткен. Бұралып ат байлайтын асыл Мақпал, Көзіме көрінбей тұр, қайда кеткен?... Осындағы айтылып отырған «Байтақ көл» Ырғыз жерінде. «Байтақ көл» жағы Сырдың Қызылқұмын жайлаған елге Арқа тұс болып есептелген. Бұдан шығатын қорытынды: «Қ.Ә» газетінде Е.Жақыпов, И.Кенжалиев және басқа жолдастар көтерген Сегіз Шақшақов Байрамұлы Мұхамедқанафия емесін С.Мұқанов зерттеуі растайды. Сегіз сері әдеби кейіпкер дейтініміз де сондықтан. Сәбеңнің жазбасында «Мақпал – Сегіз» хикаясын Ілияс Жансүгіров ақын да дастан еткен көрінеді... Ендеше, ауыз әдебиетіндегі «алып-қашпа» сөздерді пайдаланып, халық мұрасын тәрік етуге болмас! Ата-бабаның атын шығаруда өткен тарихты өзінше өзгертуге ешкімнің де хақы жоқ болар! Сондай-ақ «Жершілдік» пен «Жікшілдіктің» бүгінде ешбір пайдасы жоқ! Ондайдың тамырына балта шабылса керек-ті! хат VI Тағы да «Қазақ әдебиетінің» 1983 жылғы 15 июльдегі санында Нәбиден Әбуталиев «Сегіз сері» деген мақала жариялады. Автор (дүние салған қарттар айтушы еді деп...) Сегіздің лақап атын бұрынғы жазғандай «қашқан офицер» етпей, оған сегіз жасынан «киік аттырып» және бұрынғыдай «кадет корпусын» бітіртпей, Омбыдан орысша төрт жылдық білім алдыртады да, 17 жасынан патша әкімдеріне қарсы қозғалысқа қолбасшылыққа дайындайды. Сол жылы тарихта белгілі орны бар адамдар Көтібар, Арыстан батырлармен, кейін Исатай, Махамбеттермен таныстырады. Тіпті Исатай – Махамбет көтерілісінде көп ұлтты жасақтың басшысы болады. Кейін Жанғожа батырға жетеді... Сөйтіп заманында болған адамдарға кездесіп, Сегіз тарихи тұлғаға айналып, «Гауhар тас», «Мақпал», «Қалқаш», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан» халық дастандарын, қала берді «шежіре» жазды делінеді. Ау, мұның бәрі 1983 жылға дейін қайда қалған, баспа жүзінде неге жарық көрмеген? Айтылып отырған «тарихи тұлға» – Сегіздің «Қос қыран», «Дабыл», «Көк найза», «Садақ», «Алмас қылыш», «Жорық» күйлерін шығарыпты деп тағы айтылады. Және осы айтылған елге танымал туындылардың соныкі екенін академик жазушы Ғ.М. Мүсірепов, Қ. Мұхамедханов, Ж.Бектұров, А.Сатаев, И.Жақанов, академия қызметкерлері М.Жармұхамедов, Е.Жақыпов, тағы да облыстарда тұратындардың «растайтыны» жазылады... Енді, осы орайда, ат төбесіндей аты аталған шағын «топтың» көрсеткен мәліметтерінің шын, шын еместігіне зер салып көрелік: 1) Әдебиетте белгілі, жоғарыда айтылған азаматтар Сегіз туралы жинап-тергендерін қандай деректерден алған? Ол жағы беймәлім. Тек дүниеден өткен көпке белгісіз қарттардың ауызекі айту дәстүріне ғана негіздегісі келеді... Бұрыннан бар ғылыми деректерде бұл «тарихи тұлғаның» кедейлер көтерілісіне,олардың басшы батырлары Көтібар Бәсенұлы «Берсенов» болып теріс аталған, Исатай, Махамбетке, Жанғожаға адам сенбес дәрежеде қосақталып кеткен. Бәсенұлының ұрпақтары ортамызда әлі де бар. Қазақтың тұңғыш архитекторларының бірі Бәсенов Төлеудің зайыбы Гауhар Қонаева ортамызда жүр. Батырдың туысы Нияздың немере, шөберелері де тірі. Ал Жанғожа батырдың кенже қарындасы Қарлығаш сұлу деген кім?.. Өкініштісі сол, Сегіз туралы «жаңалық ашушылар» 1983 жылға дейін қайда журген? Олардың айтып отырған адамы не Рязанов пен Шахматовтың, не М.Әуезов, С.Мұқанов пен Қ.Жұмалиевтің жазған еңбектерінде, немесе А.Жұбанов жазбаларында, немесе академиялық ғылыми-зерттеу жинақтарында кездеспесе, ондай тұжырымға қалайша сенуге болады?.. Талас тудырып жүргендердің бәрі де жоғарыда аты аталған қазақтың игі, атақты жазушыларының, ғылымдарының әдебиет, өнер зерттеушілерінің тірі кезінде болған еді ғой, неліктен сол шақтарда бұлар өз «қаhарманын» әдебиет, өнер тарихтарына қоса алмаған? Бұл жай-көңілге күдік, сенбестік, ұялатады... Қазақ ән-күйлері қаншама рет баспа жүзін көрсе де, бұл Сегіз деген адамның аты-жөні еш жерде кездеспейді. Соныкі делінген күйлер Қазанғапта, Адайда, Құрманиязда, Төреште т.б.-ларда бар. Оларды зерттеуші, күйші Балмағамбетов арамызда. Ендеше халық ән-күйлері және халық композиторлары шығармаларын тасқа таңба басқандай етіп жариялап, ғылыми зерттеген, бірнеше тамаша кітаптардың авторы, академик А.Жұбанов еңбектері қайтадан түзетуге түсе ме, қалай?.. Сөз болып отырған мақалада көрсетіл­гендей, «Мақпал – Сегіз» дастанының он жеті нұсқасы бар көрінеді. Он жеті ақынның жырларының бір мазмұнда болатынын мақала авторы неге ескермеген? Бұл мәселе академик-жазушылар М.Әуезов, С.Мұқанов, академик-ғалым А.Жұбанов, Қажым Жұмалиевтердің назарынан кезінде шеткері қалмауы тиіс еді ғой. Академик-жазушы, Социалистік еңбек ері Ғабит Мүсірепов ағамыз жоғарыда аттары аталған өз тұстастары тірісінде Сегізді жарыққа шығармауы оқырмандарын ойландырады... Әлде Н.Әбуталиев мақаласы біреудің жазып жүрген көркем шығармасының жобасы ма?.. Солай болған күннің өзінде өмірде болған адамдар туралы жазылып келген көркем шығармалар сол адамдардың өмірбаянынан алшақ, ауа жайылмауы тиісті, Петр 1-ші, Карл Маркс, Ленин, тағы басқа қоғам қайраткерлері туралы жазылған туындылар бұл айтқанымыздың куәсі болса керек-ті. Қорытып айтсақ, бұрын жарық көрген қазақ әндерінің, халық композиторлары ән-күйлерінің елге сіңісті болып, тарап кеткен басылымдарынан, әртүрлі көп жылғы ғылыми зерттеулерден ауытқып, тыңнан авторлар табудың жөн-жосығы қисынсыз... Халық әні «Жылыойды» Сегіз шығарыпты дегенге, бүгінгі «Жылыойдың» қалың жұрты келісе қояр ма екен? Ұшқанда құс қанаты талар Қазақстанның ұшы қиырсыз бұрыш-бұрышын аралап, тарихи қозғалыс басшыларына көсемдік етіп жүрген Сегіз фантастика немесе детектив кейіпкері дәрежесінде. Бұл да ғылымға жат... VII «Қазақ әдебиетінде» сөз алғандардың ішіндегі ғылым кандидаттарының тағы бірі Қ.Мұхамедханов халық әні «Әудемжерді» Көкпайдікі деп, осынау жалғыз ән туралы екі бет мақала жариялатты. Бұл жолдас та академиктердің көзі тірісінде өз ойын жүзеге асыра алмай, 1983 жылы кесіп-пішіп «шешім» айтуы да ғылыми тұжырымға жанаспайды. VIII Осы орайда өз пікірін білдірген, Республикалық баспасөз комитетінің жауапты қызметкері Нұрғазы Шәкеевтің «халық әндеріне» комиссия құру туралы ортаға салған ойы құптарлық. Бірақ комиссия құрамы негізінен Қазақ Ғылым академиясының әдебиет-өнер институтынан болғаны абзал. Қазақ ССР Ғылым академиясы үлес қосып, жарыққа шыққан «Халық әндерінің» сан жылғы жинақтары әбден қалыптасып, жұртшылық мұрасына айналғаны белгілі. Тағы бір ұсыныс – сөзі ескірген (архаизм мағынасында) әндердің өлеңдерін белгілі ақындарымыз жазса, оның да айыбы жоқ. Өйткені орыс халық әндерінің күні озған өлеңдерінің орнына орыс халқы Пушкин, Некрасов, Полонский, Кольцов, Есенин тағы көптеген ақындар жырын пайдаланып, әндеткен ғой! Қазақ әндерінің тарихында да Ұлы Октябрь революциясынан кейінгі жылдары қосылған өлең-жырлар баршылық. А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдарының» алғы сөзінде осы туралы айтылған. Тек қана «Қазақ әндерін» қайтадан «түзейміз» деп, «күзеп» алып жүрмелік!.. «Қазақ әндерінің» тұнық қалпын ылайлап алмау үшін, кейбір қайшы пікірлерге жол бермеу үшін, комиссия құрамының әділдігіне «Маркстік этика» ғана сарапшы болады. Осы ілімде: «Разрешение нравственных конфликтов базируется на построении иерархии нравственных ценностей (общественный долг рассматривается как более высокий по сравнению с частным) с четким осознанием диалектики абсолютного и относительного в применении любой нравственной нормы (из нормы требующей говорить правду, например, исключают смертельно больных)». («Марксистская этика», Москва. Издательство политической литературы, 1980 г.). Халық әні – қазына. Оны көздің қарашығындай сақтап, қастерлей білейік! Өйтпеген жағдайда «Тат темірді күл етеді» деген халық мәтелінің кебін келтіреді. 1983 жылғы 15 августа Партия ардагерлерімен кездесуде Ю.В.Андропов жолдас былай демеп пе еді: «Әртүрлі жолсыздық, иесіздік, заңдарды бұзушылық, ашқарақтық, па­рақор­лық мыңдаған үгітшілер мен насихатшылардың жұмы­сын жоққа шығарады ғой». Ендеше азын-аулақ адам­дардың ғасырлар бойы бүтін халық болып жинаған және өз игілігіне жаратқан қазынасын тәрік етуге қалайша ар-ож­даны жетеді? Халық мұрасы – ән-күйлерімізді аялайық, ардақтайық, сақтайық! 22 август, 1983 жыл 1947 жылдан КПСС мүшесі, жазушы Бәкір ТӘЖІБАЕВ Екінші хат Біз бірінші хатымызды жазып болғанда, «Жұлдыз» жур­налының №9 саны 1983 жылғы сап ете қалды. Мұнда да салдар, серілер турасында ғалым Әлкей Марғұланның «Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер» деген мақаласы жарық көрген екен. Жалпы мақала авторы сал, серілер туралы түсінгенде осы өнердің адамдарын ішкі жан сұлулығымен емес, сыртқы әлекеш-үлекеш киінуіменен ерекше көзге түсіргісі келген. Бір мысал: «Біржанның қыстауы алтынның ну ортасы Мыңшұқырдың қасында болған дедік. Одан шыққан көп алтынды Біржан зергерлерге беріп, неше алуан әдемі алқа, сұлу сырға, әсем білезік, сақина жүзіктер соққызады. Өзіне арнап алтын балдақ, алтын ер, алтын жүген, алтын шідер жасатады. Бұлар аңыз емес, болған шындық» – деп жазылған мақалада. Осы мақалада сал, серілер үйір-үйірімен жүр. Мысалы, «Сегіз сері 1835 жылы Ниязбен бірігіп, қасына жүзден аса сері жігіт ертіп, Жайық бойына кетеді...» Серілер сөйтіп, Исатай – Махамбет көтерілісіне қа­тынасады-мыс. Осы да шындық па? Сегіздің Ғабит Мүсіреповке өте жақын адам болғандығы да айтылады... Осы қаhарман туралы жазған топтаған адамдардың тізімі үстемелей түскеніне таң қалдық... Ғалымның Ағаш аяқ деген серісі ғашық болған қызына тез бару үшін аттың орнына екі ұзын ағаш бақан мініп үйренеді. Жүргенде сербеңдей аттап, оншақты қадамды бірден басып отырады-мыс... Бұған қалай сенерміз? Атақты әнші Мұхит бір емес, екеу болып кеткен. Бұрыннан біз білетін Мұхиттың жаңа аттасы ешқандай туындысымен көрінбейді. Сонда қалай, бұрынғы түп­нұсқада көрсетілгендерді, жазыл­ған­дарды, ел қабылдаған әндерді ендігі жерде екінші Мұхит Қаратаевқа жапсырамыз ба? Ал бірінші халық таныған Мұхит Мералиевті күйші-композитор етіп қоямыз ба? Осы мақалада көптеген халық композиторларының күйлері де бір-біріне ауысып кеткен. Ықыластың «Жез киігі», Құрманғазының «Қызыл қайыңы» өздерінде аталмайды. Егерде осы аттас күйлер болса, күні бүгінге дейін неге елге таралмаған? Сондай-ақ Тәттімбетте де «Балбырауын», Сейтекте «Бұлбұл Айша», сыбызғы аспабында «Серпер», Тәттімбетте «Тоғыз тарау», «Теріс қақпай», «Жылқыда», Марғұланда «Алатау» (бабасы Олжабай ерді еске түсіріп, соның алтауына шығарған болса) 1983 жылға дейін неге аталмаған, неге дәлелденбеген? Бұдан шығатын қорытынды: ғалымның жоғарыда аты аталған салдары мен серілері (Сегіз сері, Нияз сері, Ағаш аяқ сері, Мұхит Қаратаев сері, Марғұлан сері, тағы да көптеген серілері) Қазақ ғылым академиясының ән-күй турасында шығарған туындыларында осы кезге дейін неге жоқ? Көзі тірісінде, өзімен бірге қызметтес болған М.Әуезов, Қ.Сәтпаев, С.Мұқанов, А.Жұбанов, тағы басқа да ға­лым­дар барда тарихтан неге өз орындарын таппаған? Осындай бірін-бірі қолдап, қолпаштап ән-күй тарихына қазіргі күні «жаңалық» енгізушілер еңбегі ғылымға жаңалық болып жараса ма, халық кәдесіне жарай ала ма? Бәкір ТӘЖІБ АЕВ, 1947 жылдан КПСС мүшесі, жазушы, Сәдуақас БАЛМАҒАМБЕТОВ, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясы­ның аға оқытушысы, музыка зерттеушісі, күйші Ислам ШҰҒАЕВ, журналист