Хаттарды пайымдасам, жағдайым қиын тәрiздi...
2014 ж. 21 ақпан
2454
6
Ендi ертегiге айналған баяғы бiр замандарда хат жазып, хат алысу деген де бiр ғанибет едi-ау. Әлде бiр себептермен Құлжанбайдағы мектептiң сегiзiншi сыныбын тастап, аудан орталығына ауысқан кезiмде, бұрынғы сыныбымдағы 13 баладан аптасына 13 хат келiп тұратын. Мазмұны бiрiнен-бiрi аумайтын, икемсiз бала қолдарымен жазылған сол хаттар маған қаншама қуаныш, қаншама сағыныш алып келетiн. Қарағұмбайдың, Нұрмұханбеттiң, Өмiрзақтың, Қожамұраттың және тұлымы желбiреген тоғыз қыздың “алтыннан ардақты, күмiстен салмақты” деп басталатын үшбу хаттарын асыға тосып жүрушi едiм. Бәрiне жауап жазушы едiм. Ал редакциялардан келетiн хаттардың қызығы қандай едi десеңшi. “Өлеңдерiңдi алдық. Талабың тәуiр екен. Бұл жолы пайдалана алмаймыз. Тағы да жазып тұр. Сәлеммен Ермек Өтетiлеуов”. “...Сәлеммен Қоғабай Сәрсекеев”. “...Сәлеммен Есенжол Домбаев” деген секiлдi егiз қозыдай ұқсас хаттардың талайын алғанбыз. Алматыға оқу iздеп келгенiмде өзiме хат жазатын сол Ермек, сол Қоғабай, сол Есенжол ағаларымды бiр көргенше ынтық болдым. Сөйтсем, олар мен сияқты жүздеген балаға осындай дайын үлгiдегi хаттарды бiрiнен соң бiрiн күн сайын жолдап жатады екен ғой. Кейiн өзiм де осылайша редакцияның атынан хат жазу мүмкiндiгiне ие болған кезiмде, баяғы ауылда хат күтiп жүретiн жуан бас баланы есiме алып, әр хатты дербес мәтiнмен жолдауға тырысып жүрдiм. Хат жазу да, хат алу да бiр ғанибет екен ғой.
Қазiр ешкiм конвертпен хат жолдамайды. Сәлем хаттарын телефоныңа “лақтыра” салады. Болмаса, интернет арқылы саған жазған хатын дүние жүзiне жариялайды. Күздiгүнi Бекболат Тiлеухан iнiм маған “Айтысқа келiңiз, аға” деп интернет арқылы хат жазған екен, интернетке икемiм жоқ мен оның хабарын көлденең адамдардан естiп, ыңғайсыз күйге түстiм. Екi адамның арасындағы хатқа жасырылған құпия сырға кiм көрiнгеннiң ортақтасқаны қолайсыз екен. Әуел баста әдейi осы сөзiмдi елдiң бәрi естiп-бiлсiн деп жалғанға жария салып жазған хаттың жөнi бiр бөлек қой. Оның қасында қалтафонға жазған хаттың өзiмен жылап көрiседi екенсiң. Мiне, менiң айтыскер ақын қарындасым Сара Тоқтамысова хат жазудың осы жолын таңдапты: “Аға, көңiлiңiзге кiрбең түсiрсем, кешiрiңiзшi. Сiз менiң өнердегi әкемсiз. Әуелi Алла, сосын сiздiң арқаңыз барлық жетiстiктерiм. Аман болыңызшы тек. Қызыңыз Сара”.
Өз басым үнемi қолдап, қолпаштап жүретiн ақын Сараның менiң көңiлiме кiрбiң түсiрдiм бе деп неге именшектеп қалғанын сұрамадым. Өзiнiң iшi бiлетiн шығар. Көп ұзамай, 14 қаңтар күнi осы мазмұндас хат елге мәлiм Айнұр Тұрсынбаевадан да келiп жеттi. “Қажымаңыз, аға! Шын жүрегiмнен сiзге және отбасыңызға шынайы бақытты ғұмыр тiлеймiн. Сiздiң жасаған жақсылықтарыңыз әрқашан есiмде жүредi. Өткен туған күнiңiз құтты болсын! Екi күн болды, звондап сiздi ала алмай жатырмын. Жүз жасаңызшы!”.
Жылда аталып өтетiн менiң туған күнiмдi Айнұр неге бiр айға жылжытып жiбергенiн онша ұғынбадым да, ақын қарындасыма бiр ауыз өлеңмен хат жаздым:
Езуiнен кетпейтiн темекiсi
Болғаным ба шынымен көне кiсi.
Пайғамбардың жасына биыл келем,
Туған күнiм – ақпанның он екiсi!
Айнұр өзiнiң жаңылысқанын түсiне қойып, қолма-қол жауап жiбердi:
Иә, иә, ақпанның он екiсi,
Памятiмнiң тозды екен неге күшi?!
Жатқа бiлген датаны шатастырып,
Сiз емес, мен боп тұрмын көне кiсi.
Астанадағы “Нұр Отанның” айтысынан кейiн бұл қарындастарым неғып менiң көңiлiмдi аулап қалды десем, қыздар ғана емес, ақын iнiлерiм де менiң тағдырыма алаңдаулы екен. Ақтөбеден ендi ғана көрiнгелi жүрген айтыскер бауырым Ершат Қайболдин мынандай өлең-хат жолдапты:
Еңбектеп еңбектенген Ерман Жүрсiн,
Бiз – Кененбiз, әрине сен – Жамбылсың.
Отпен ойнап жүрсiң-ау айтыс үшiн,
Тасташы, саясатта нең бар? Құрсын!
Жаратқанға алақан жайған құлсың,
Қадiрiңдi қалың ел қайдан бiлсiн?
Салқыны саясаттың соғып кетiп,
Қартайып қалыпсың ғой, қайран Жүрсiн.
Сөндiрмеуге тырыстың от-мұраны,
Шаршатты ма билiктiң көк тұманы.
Сен айтысты бар қылдың.
Бiрақ байқа,
Айтыс сенi түбiнде жоқ қылады!
Зияны бар болады зейiн жоқта,
Қақтайтындар толып жүр миыңды отқа!
Айтысты жоя алатын Үкiметке
Сенi құртып жiберу қиын боп ба?!
Жаныңдағы жандардың бәрi қашып,
Жалғызсырап жүрсiң бе арып-ашып.
Айтыстың жанашыры Жүрсiн әке-ау,
Соңғы кезде жүр саған жаным ашып.
Өзiме айтыскерлер жолдаған осы хаттарды пайымдап көрсем, шынында да менiң жағдайым қиындап кеткен тәрiздi. Маған да, менiң есiмiммен байланыстырылатын ақындар айтысына да бiр қатер төнiп келе жатқан сияқты. Әйтпесе, Сара мен Айнұр, тiптi, мына Ершат неғып маған аяныш бiлдiредi? Осылар бiр қауiптiң маған да, айтысқа да таянып қалғанын анық бiлетiн тәрiздi-ау. Өмiрiмнiң соңғы айларын көктей шолып қарасам, күйзелiстерiм көбейiп кеткен екен. Дауласушылар да, жауласушылар да, аяқтан шалушылар да баршылық. Өзiмдi-өзiм алдарқатайын деп, еңсемдi ендi тiктей берейiн дегенiмде, Астанадағы ақын iнiм Мейiрбек Сұлтанханнан хат келдi:
Қолға алып өткiзсең де қай жарысты,
Билiкпен бiтпей қойды-ау майдан iшкi.
Соңғы кезде талайлар сыртыңыздан
Тасадан тас атумен айналысты.
Күншiлдер iшi күйiп, күл шашады
Қалтасына түскен деп пайда күштi.
“Ендi айтыстың маңынан жүрмеспiн” деп
Қыжылың сыртқа шықты қайнап iшкi.
Төл өнердi төбеңе көтерем деп,
Бастап ең белдi бекем байлап iстi.
Атақты ақындардың барлығы да,
Айтыстың астауынан айран iштi.
Отыз жыл осы айтысты өрге сүйреп,
Сарқып келе жатырсыз бойда күштi.
Қобыландының ұрпағы емессiз бе,
Қолдан берген жараспас жай намысты.
Бас-көзi болып өзiңiз келмесеңiз,
Қара өлеңнiң қолынан байрағы ұшты.
Асықтың алшы болып түсуi де,
Иiрген адамына байланысты!
Маған келiп жататын осындай өлең-хаттардың баршасы менiң басымнан өтiп жатқан керуен-күндердiң куәсi, тауқымет-тақсiреттердiң таңбасы, осыларды көпке дейiн өшiрмей, сақтап жүремiн, оқып жүремiн. Өзiмнiң де өлеңмен хат жолдап қоятын дертiм бар. Соңғы екi-үш айда бiрнеше хат жазыппын. Ең әуелi Арқалықтағы ақын iнiм Айбек Қалиевтен хабар келдi. Шығармашылық кешiне шақырыпты. Бара алмай қаламын ба деп, өлең жолдадым.
Ақылман ақын едiң бай көңiлiң,
Айтысты не қыламыз, Айбек iнiм?
Сес көрсетiп сұрланған бұл билiктiң,
Көңiлiнен шығамыз қай бегiнiң?!
Серттей сөзiң жеткенмен әр ауылға
Жауығатын жандар көп жарау ұлға.
Бәйтеректiң басында мерген отыр
Әр сөзiңдi iлдiрiп қарауылға.
Заманақыр етпедi мұңды кiмдi,
Көрiп жүрмiз қулық пен сұмдығыңды.
Ертеңiмiз не болар деп жасқанбай
Айтып жүрсiң алашқа шындығыңды.
Айтып жүрсiң айтыста ғажаптарды,
Таң атуға, – дейсiң сен, – аз-ақ қалды.
Құлағының түбiнен мылтық атып
Оятумен келесiң қазақтарды.
Оянбайды ұйқыдан мешел қоғам,
Дарытыпты жазылмас кеселдi оған.
Балтырыңды тiстелеп шәуiлдейдi
Ит қалды ма шайырдан өш алмаған?!
Айтысыңды жiлiктеп, бұтарлаған
Бұл қоғамда қылыш жоқ жұқармаған.
Абылай хан сөзiне қонақ берген
Сенен гөрi бақытты Бұқар бабаң!
Аяр заман бiтiрiп ақшаға бақ,
Жүректерге қанжарын жатса қадап,
Жүрегiңнiң түгi бар болмаса егер
Айтар ма едiң қасқайып патшаға дат?!
Сыртымыздан қарайды ел бақылап,
Саңырауға сөзiң қор, жеңдi ақымақ.
Жиырма жыл тауымыз шағылмаған
Сен де ақымақ, Айбекжан, мен де ақымақ!
Сөз – сүйектен деушi едi, өнер – қаннан.
Үмiт үзбей жүремiз келер таңнан.
Сенi арқаңнан қағармын мен өлгенше,
Қағатын жан бар ма екен менi арқамнан?!
Әр жерден таяқ жеп жүретiн басы асау ақынды арқадан қағып қайтайын деп жолға шығып едiм, сәтi түсiп, Жезқазған арқылы Ұлытауды, Арғанатыны басып өтiп, Арқалыққа таң ата иек артудың орайы келдi. Айбек те қуанып қалған тәрiздi. Ал бiр ай бұрын шақырған Көкшетаудағы Арман Бердалиннiң шығармашылық кешiне қатысу маған бұйырмады. Дәл сол 8 желтоқсан күнi Астанада “Нұр Отанның” айтысы өтетiн болып, менi “аяқ-қолымды буып” сол додаға алып барды. Амал жоқ, Арманға хат жолдауға тура келдi. Өйткенi соның алдында Арман маған мынандай өлең-хат жолдаған:
Шығып жатса сөкпеңiз өктем үнiм,
Көрешектi көруде көптен iнiң.
Ұлытаудан оралған сiз сияқты
Көкшетауға мен де , аға, өкпелiмiн.
Көңiлiмнiң келмей жүр күйi неге,
Бостан-босқа бұл iнiң күйiне ме?!
Бiржан салды байлаған кендiр арқан,
Мазалайды түсiмде жиi неге?
Әлде бiр күн мойныма киiле ме?..
Сiз қалдырған жалғанам iзге қалай,
Ашық күнде адастым түзде талай.
Тағдырымды Тәңiрге тапсырып ем,
Құдай менi жолдады сiзге қарай.
Ендi аға, жүр дейсiз бiзге қалай?..
Әуелде айтысты арқыратып бастап, бiраздан берi дiн жолына түскен, “Арақ пен қазақ” деген терме-толғауы бас жүлде алып, елге танымал болған Арман “Құдай менi жолдады сiзге қарай” деп жөн сұрап жатқан соң, ер-тоқымын арқалап арғымақ-өлеңнiң жұртында қалған iнiме өзiм бiлетiн ақылымды айтайын деп, мен оған жауап жаздым. Өлеңдi “Арманды азғыру” деп атадым:
Ей, Арман – немересi Бердалының,
Бiлдiң бе баянсызын ер бағының.
Арқырап аламанда жүрушi едiң,
Басылып қалғандай ма ендi арының.
Басыңды тауға да ұрып, тасқа да ұрып,
Сен iздеп жүрушi едiң басқа ғұрып.
Кiсiнiң басына бұлт айналғанда
Қалады басқа түгiл дос та құрып.
Бiледi есер шақта кiм шамасын
Аға деп ендi маған мұң шағасың.
Қарағым, көрешектiң бәрi алдыңда –
Жасисың, жұқарасың, жұмсарасың.
Сақасын қазақ бiткен терiс атып
Бiлмейдi жүргендерiн ненi шатып.
Көзiмiз көп нәрсеге жеткен бiздiң
Жүргенде айтыскерлер менi сатып.
Ей, Арман – немересi Бердалының,
Себебi арақ деп ең сен бәрiнiң.
Қазақтың жауы жалғыз арақ емес,
Жазғырып не қыласың ер қаруын.
Сенiмен тұрғаным жоқ керiскелi,
Iсiмнiң толып жатыр терiстерi
Перiштенi ұмытып, сайтанға ерем
Шемен боп қалған кезде шер iштегi.
Ей, Арман – немересi Бердалының
Айтайын базынаның ендi ауырын:
Iштегi қыжылдарды басу үшiн,
Толғап-толғап тартайық, кел бауырым!
Бұл өлеңдi Арман қалай қабылдағанын бiлмеймiн. Әйтеуiр содан берi А.Бердалиннен хат-хабар жоқ. Бiрақ өзiмнiң төл шәкiртiм, Оралдағы Бауыржан Халиолладан бiрнеше хат келiп қалды. “Айбек пен Арманға, Дәулеткерейге жазғандарың шедевр екен. Өзiңнiң шәкiртiң маған бiр ауыз сөзiңдi қимадың ғой” деп қиылады. Қинайды. Бауыржанға жазған хатымда Құдай ауызыма мынандай сөздердi салды:
Қатынға бiр жалтақтап, кеңсеге бiр,
Жүргенiмде басады еңсенi өмiр.
Қалт-құлт еткен ағаңның қаламынан,
Қарағым-ау, күтесiң сен шедевр.
Шынымен-ақ сен менiң шәкiртiмсiң,
Жалғастырып араны жатыр тылсым.
Құдай сүйер қылығың жоқ сенiң де,
Iшiңмен де, сыртыңмен жақынсың тым.
Сен емессiң сыпайы, жорға бала,
Кейде құрып қоясың торды ағаңа.
Сенi ойласам, менiң де дейтiнiм бар:
“Сорқұдыққа қондым-ау сорға бола”.
Көздерiңнiң ұнайды оты маған,
Отсыз сөнiп қалмай ма ақын адам.
Сен айтысқа шыққанда уайымдаймын,
Кетсе екен деп аман-сау сахнадан.
Сен де қырсық, Бауыржан, мен де қырсық,
Менi жөнге салады жеңгең ұрсып.
Артық кеткен жерлерiм еске түссе,
Дөңбекшимiн төсекте ендi ыңырсып.
Өгiз өлдi демейсiң, арба сынды,
Өрге сүйреп жүресiң өр басыңды.
Сен айтыста ойнайсың ажалменен,
Бүркiтпенен ойнаған қарға сынды.
Бауыржан көп, әлi де жоқ ұшығы,
Солар жақтан жетедi соғыс үнi.
Ибрагимов, Жақыпов, Омаров, сен,
Бәрiң бiр-бiр секiлдi Момышұлы.
Бәрi дайын мылтықты бiр атарға,
Атыңа сай бола алсаң – мұрат ол да.
Ойнап жатыр ағаңның тағдырымен,
Бiр Бауыржан (Байбеков) “Нұр Отанда”.
Табаннан су өткенмен бауырдан сыз,
Ешкiм бiзге дей қоймас, тәуiр жансыз.
Бауыржансыз оңайлау болғанымен,
Өмiр мәнсiз секiлдi Бауыржансыз!
Менi ұстаз тұтасың. Рақмет,
Ұстазды да таңдайды бiр-ақ рет.
Саған ұстаз болу да – бiр қиямет,
Маған шәкiрт болу да – бiр ақырет!
Осы өлеңдi алған Бауыржан маған алғысын айтып, жаннатқа баруыңа тiлектеспiн дептi. Жауабы:
Тас көмiр құсап тәуiр жанатын
Қызуың ыстық, Бауыржан ақын.
Бауырлар бiзге бұйырта қоймас
Вахабтар барар тәңiр жаннатын!
Жалпы, мен өлең-хаттардың қысқа қайырылғанын ұнатамын. Соңғы сондай хатым Талант Арынғали ақынға арналды. Бұл өзi бiр кезде айтыстың бел баласы едi. Сөзi де өрнектi, әнi де айшықты осы iнiм асабалықты кәсiп еткелi берi айтыстан алшақ жүретiн болды. Талай доданы жаратын ақын едi. Үнемi, көрген сайын, айтысқа орал деп өтiнiп жүремiн. Оған:
Талассыз Талант Арынғали iнiм,
Дарылдай беру дарынға қиын.
Өлеңге орал, өнерге қайрыл
Басыңда әзiр барында миың! –
деп жаздым.
Хош, бiз жазысып жүрген хаттардың бiр парасы осындай, оқырман қауым!
Сiздер бiр-бiрiңiзге хат жазасыздар ма? Хат – адамдардың арасындағы дәнекер. Хат жазып тұрыңыздар!
Жүрсiн ЕРМАН,
ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi
Жас Алаш
*Тақырып өзгертілді