Қазақстанда сұлулар сайысын Ресейде қыздар сатып сотталған шоумен өткізуде…
2014 ж. 19 ақпан
4903
4
Кеше Керекуден досым «Ресейде қыздарды сатып, бес жылға сотталған Дмитрий Еременко деген аттышулы шоумен қыздар сайысын өткізді» деп хабарласты. Содан қолыма қалам алып болған жәйт туралы кеңірек жазуды ұйғардым.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы—өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық азамат етіп тәрбиелеу біздің де қоғам алдындағы борышымыз. Өзге халықтар сияқты, қазақ халқының бала тәрбиесі жөнінде ықылым заманнан бергі жиып-терген мол тәжірибесі бар. «Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге»-деп қараған халқымыздың ұл баланы тәрбиелеуді аталары мен әкелері өз қолына алса, қыз баланы тәрбиелеу әжелері мен аналардың ісі болып саналған.
Бүгінде «еркекше» киінген, жалаңбас, жартылай жалаңаш жүрген кыздарды шаммен іздеудің қажеті жоқ. Әйелдердің шашына күн тисе, қыздардың кіндігіне, яғни әкелер ұрпағына у тиеді дейтұғын біздің ауылдың кәріқұлақ ақсақалдары. Осындай лас және ұятсыздықтың салдары отбасындағы берекесіздікке, ажырасуға әкеп соқтыруда. Ананың ақылын місе тұтпайтын қыз, әкеге айбат көрсететін ұлдарды көз көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Иіні мен кіндігін ашып, ары мен барын шашып жүргендерде қандай адамгершілік болады құдайым-ау?
Осының бәрі үйдегі көгілдір жәшіктен көретін әртүрлі жантүршігерлік оқиғалардың салдарынан ба деп ойлаймын. Әйтеуір қай арнаны ашып қалсаң, жалынға оранып жатқан базарлар, кісі өлімі, пара алып жатқан жерінде ұсталып жатқан шенеунік, тастанды бала, әке-шешесін қарттар үйіне жетектеген кесір келін мен ессіз ұл, қым-қиғаш, оқыс оқиғалардың отанына айналғаны қай заман.
Атам қазақ бұрын -соңды естімеген небір сұмдықтар белең алып барады. Жақсылықты даттап, жамандықты мақтайтын пасықтар қаптап кетті. Аллаһты емес, арақты зікір еткен қарттар, өсиеті жоқ, өсегі көп әжелер, тойымсыз бай, орынсыз шай қоғамымыздың сырқатына айналды. Тіліңді алмас, құлағын салмас бейбақтарға тәрбие берер иманды үлкендер қатары азайды ма? Некесіз сәби, нашақор ұл-қыз, жемқор һәм парақор бастық, араққұмар әйел көбейсе, болашағымыз не болмақ?
«Оккупай-педофиляй» қызыл түсті фашистік қозғалыстардың идеологиясы келіп еді, енді «Менің қаламның келбеті» атты сұлулық байқауын өткізуге шоумен Ресейлік Дмитрий Еременко деген біреу келді... Осыдан он жыл бұрын Дмитрий Еременко (ол кезде тегі- Петраковский) Нижний Новгородта сән-салтанаты келіскен қонақүйлердің бірінде сұлулық байқауын өткізген. Шетелдік қалталы азаматтарға 9 жасар екі қыз баламен көңіл көтерудің құнын 5000 долларға бағалаған. Бұл қыздардың ата-аналары: «Элит-мода» атты сымбат агенттігі қыздарымыздың болашағын жарқын етеді—этикетті, жоғарғы ортаға өзін қалай ұстауды үйретеді, іскер ортада таныс-тамыр табады»-деп сенген.
Үлкен сахнада өнер көрсететін табысты бойжеткендердің атақ-даңқы жер жарып, зор байлыққа кенеліп жатса, қалай қарсы болсын. Сымбат бизнесі парықсыз елдің барлығы жапа-тармағай жабылатын сәнге айналғаны қашан. Кішкентай қызын Мәскеудің таңдаулы жезөкшелер қатарына өз қолымен жетектеп апарып қостым деп қай ата-ана ойласын? Петраковский «сымбат бизнесімен» 10 жылдай айналысқан. Азғын агенттік барлық бөлмелерге жасырын камера қойған. Онысы өзіне сотта бұлтартпас айғаққа айналды. Бейнетаспаларда оқушы қыздарды қалай азғырғаны анық көрінеді. Ресей соты оны бар-жоғы бес жарым жылға бас бостандығынан айырған. Түрмеден шығып, әйелінің тегіне өтіп, Петраковскийді Еременко етіп өзгертіпті... Біздің елге келіп, Орал, Қостанай, Өскемен қаларында сұлулық байқауын өткізіп үлгеріпті...
Көрші елде сотталып келген адамға сәбиін сеніп тапсырған ата-аналардың обалы жоқ. Қасқырға қой бақтырып қойған біздің жергілікті билік өкілдері ай қарап жүр ме? Сұлулық байқауын өткізуге кім рұқсат беріп жүр? «Ресейден шоумен келді» деп алдына түсіп жүгіре бермей, «бұл кім өзі?»-деп екі шұқып, бір қараған адам ұтылмайтынын түсінетін кез әлдеқашан жетті. Әншейінде көшеде сақалды адам көрсе, кірпіше жиырылатын полиция өкілдері Дмитрийге ұқсаған оңбағандарды тобасына келтіріп, отаны Ресейге қуып жібермей ме?
«Мисс Атырау-2013» байқауына қатысқан 16 жасар Назерке Файзуллина ТОП-7 құрамына өту үшін - 10000 АҚШ долларын, ТОП-4-ке өту үшін -20000 АҚШ долларын сұрағанын ұялы телефонға жазып алыпты. Ұйымдастырушылардың бірі Диана Качиева деген ханым «ондай болуы мүмкін емес» деп ат-тонын ала қашып отыр. Сотқа арыз түсіріп соттасып жатыр. Бұл тек Атырауда емес, Қазақстанның 14 облыс орталықтарынан тыс ауыл - аймақтарда өтеді-мыс. Күйеуге шықпаған ботадай сүйкімді қыздардың бар арманы қас-қағым сәтте танымал болу, жартылай жалаңаш тәнін сахнаға шығып көпшілікке көрсету. Осылай басынан бақайшағына дейін сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан елімізде енді қаршадай қыздарды сайысқа түсіріп «Мисс Қазақстан» деген желеумен ұйымдастырушы жылпостардың астына жығып салып беріп отырғанын түсінбейді. Қыздарды мисс боласың деп шетелге апарып, оларды төсек қатынасына итермелейтіні бесенеден белгілі. Бар ойы қалта қалыңдату мен құмар қандыру. Соған көрші тұратын аңқау ата-аналар екі езуі құлағына жетіп мақтанып: «менің қызым Қазақстанның миссы болады, құдай қаласа» деп қояды. Атасының басы, мисс деген бәледен садаға кетсін. Өйткені, қазақта «жынның өзі бейім адамға жұғады» деген сөз бар. Өзіміз кім көрінгенге еліктеп, төрімізді ұсынамыз. Олар білгенін істемегенде қайтсін. Әрине, біз бұл жерде барлық сұлулық байқауына топырақ шашудан аулақпыз. Дұрыс жолға қойылғандары да бар болуы керек... Ал мынадай Ресейді шулатып, түрмеден шығып келген шоумен-сымақтарға тізгін беріп қою-елдігімізге сын!
Бізде аспандағы жұлдыздан жердегі жұлдыз қаптап кетті. Екінің бірі жұлдыз, екінің бірі танымал, жүлдегер, биші, ақын, сазгер, композитор т.б. Аузы бар ақылды, тілі бар данышпан қоғамға киліктік. Әу демейтін қазақ жоқ десек те, сырлы сөздің қадір-қасиеті жоғалып бара жатқаны анық. Кешегі қолдарында қос-қос дипломы түгілі, он сыныптық білім де болмаған қасиетіңнен айналайын, қазақ өнерінің саңлақтары қайта тіріліп келсе, бетімізге түкіретіндей жағдай қалыптасты.
Сіздер не дейсіздер, қадірлі оқырман?
Жұмамұрат Шәмші,
тарих ғылымдарының кандидаты
www.juldizdar.kz