Арайлы өлкенің айтар мұң-зары
2014 ж. 05 ақпан
1864
1
«Арқада Бурабайға жер жетпейді» деп жырлаған ақиық ақын Мағжанның асқақ жырына арқау болған бұл сұлу да, кербез өңір тарихтың талай талқысына түсер тағдыр жолынан өтті. Қасиетті хан ордасын тігіп, дүйім алаштың басын қосамын деп армандаған хан Абылайдың да, туған жұртын басқаға бодан етпеймін деп бар ғұмырын аттың үстінде өткерген хан Кененің де есімдерін еңселейтін, еңбегі мен ерлігін айғақтайтын тарихи жәдігерлер де тұнып тұр.. Бурабайдың қақ төріндегі Абылай алаңы алыстан асқақтап көрінсе, таудың құзын жиектей орналасқан Кенесары үңгірінің ашылмаған сырлары жетерлік. Хан алаңына биік ескерткіш белгі орнатылса, ал Кенесары ханның үңгірін Ресей сияқты көрші елдерден келетін туристер әлі күнге дейін «Қарақшы үңгірі» дейтінін білеміз бе?! Кешегі кеңес дәуірінде төл тарихымызды бұрмалап, хандарымызды қарақшы еткен сыңаржақ саясаттың сарқыншағы әлі жойыла қойған жоқ.
Әлі күнге дейін жаңағы Абылай алаңын – «Ясная Поляна», Жұмбақтасты – «Сфинкс» деп қазақы ұғымдарды өрескел бұрмалайтындар жоқ дей алмаймыз. Сылаң қаққан биші қайыңдар, тастан қолмен өрілгендей көрінетін жарқабақ тастардың да сырын шашып, Бурабайдың сұлулығына сұқ көздердің сұғынғанын қаламайтындай көрінетіні де содан. Иә, тәуелсіз ел болдық, өз қолымыз да өз аузымызға жетті. Жаңа елордамызды да хан ордасының іргесіне әкеліп еңсесін түзедік. Бурабайдың бағын асырып, бақытын тасытатын күндер де осылай бастау алды. Сексен көлді аясына сыйдырып, айдыны шуақ – нұрға малынған арайлы өлке жанталас өмірдің күйбеңіне кірді. Еліктің жанарындай мөлтілдеген әсем өңірдің тауын қопарып, ағашын отап, суын суалтқан қаскүнемдердің де қарасы алыстап, табиғат аясын жаңаша сырға бөктеру ісі жандана түсті. Әу баста Елбасының бастамасымен туристік кластерді дамыту арқылы Бурабайды бірден-бір туризмнің ошағына айналдыру мақсаты ұсталған еді. Содан бері де бірсыпыра уақыт өтті. Не істедік, не тындырдық? – деген сауал да кесе-көлденең алдымыздан шығады. Шынында, осы жылдар ішінде Бурабайдың бағын ашатындай қандай іс-шаралар қолға алынды. Ендігі әңгімені осы төңіректе өрбітсек. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ел Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы қаулысымен Қазақстан Республикасының туристік индустриясын дамытудың бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама аясында Ақмола облысындағы туристік саланы дамытудың жаңа бағыттары анықталды. Мұнда Бурабай өңіріне сырттан келетін туристерді тарту үшін курорттың тартымдылығын жоғарылата отырып, сервистік және инфрақұрылымдық жүйесін дамыту көзделген еді. Ал, Щучье – Бурабай курортты аймағын 2014-2016 жылдарда дамытуға 20,4 миллиард теңге қаржы бөлінбекші. Өткен 2012-2013 жылдарға бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінсе де, оның 5,8 миллиард теңгесі ғана игерілген. Мемлекеттік бюджеттен де, жергілікті көздерден де қаржы бөлінудей бөлінгенімен, оны ұтымды пайдаланып, ұқсата білу жағы кемшін түсіп жатқанын жасыра алмаймыз. Жергілікті жерде де, республикалық ауқымда да Бурабайдың туристік әлеуетін дамыту мәселесі қаралады-ау. Бірақ нәтиже аз, құлық жоқ екенін көреміз. Елордадан шабылып талай министрлердің де келгенін көрдік. Жиналыстарына да қатыстық, өкінішке орай, бұл басқосулар атқа мінерлердің Елбасы тапсырмасын орындап жатырмыз деп өздерін де, өзгелерді де алдаусыратқан бір шарасы ма деп қаласың. Әйтпесе, Бурабайды өркендетеміз деп өре түре келгелі де ондаған жылдардың жүзі болды. Әзірге ауыз толтырып айтатын ештеңе жоқтай көрінеді. Бәлкім, біреулер мынау ауызын қу шөппен сүртіп отыр деуі де мүмкін. Бірақ бүгінгі жағдай осылай дегізеді. Соңғы жылдары Бурабай қандай еңселі құрылысымен көздің жауын алды десек, алдымен, жын-ойнаққа айналған казинолар аузыңа ілігеді. Ал, осы ойынханалардағы есірген де, еріккен қалталы қазақтар көк долларларды бір сәттік ермегі үшін желге ұшырғанына мәз болып жүр. Оданда зар жылап, кісінің есігін телмірген қандастарына қамқор болып, ата-ананың мейірін көрмеген жетімдерге қарайласпас па еді?! Әттең-ай!.. әттең... деп қапалы көңіліңді кімге жеткізеріңді білмей, қайранда қалған қайықтың кебін киесің. Шымбайыңа батып, жаныңды жаралайтын бұл келеңсіз көріністердің көлбең тартуы табиғаттың жер ұйығы – Бурабайымыздың қадір-қасиетін түсіне алмай жүргенімізден де болар, бәлкім. Қалай болса да, бұл өңірдің тасын өрге домалату үшін елдік мүдде керек дер едік. Әрине, елорда іргесіндегі бұл ірі курортты өркендету үшін ең алдымен бұл өңірде экологиялық, мәдени-танымдық, емдеу-сауықтыру, іскерлік және спорттық алғышарттар жасалуы тиіс. Қазір Ақмола облысында туризм саласында – 739 кәсіпорын қызмет көрсетсе, оның ішінде 261-і шипажайлық және мейманханалық, 410-ы жол бойғы сервистік, 68-і таза туристік қызмет көрсететін ұйымдар болып табылады. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша өткен жылы осы салада 1,7 миллиард теңгенің 6 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 126 жаңа жұмыс орындары ашылды. Облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Бүркітбаевтың айтуынша, өңірімізде туризмді келелі дамыту үшін осы бағытта экономикалық өсім беретін жаңа арналарды ашу қажет деп санайды. Ол үшін халықаралық талаптарға сай келетін инфрақұрылымдарды көбірек іске қосудың қажеттігі айтпаса да түсінікті. Мысалы, этноауылдарды, қолөнер шеберханаларын және тағы басқаларын ашу арқылы туристік әлеуетті жақсартуға болады. Шыны керек, дамыған елдерде туризмнен түсетін табыс ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құраса, бізде бұл әзірге 1 пайызға да жетпейді. Демек, бізге бұл көрсеткішті қуып жету үшін қыруар жұмыс істеу керек. Сервистік инфрақұрылымдарды дамыту өз алдына, Бурабайдың әсем табиғатын қорғап қана қоймай, осы өңірдегі өзен-көлдерді де тазарту маңызды болып табылады. Мысалы, 2008 жылы Қарасор және Айнакөл көлдерін тазартуға 300 миллион теңге қаржы бөлінді. Кейінгі жылдары да бұл мақсатқа деп бюджетке әжептәуір қаржы салынды. Өкінішке орай, қомақты қаржы бөлінсе де, істің тетігін таппаған жергілікті атқарушы билік бұл шаруаны қордаланған күйі кейінге ысыра берді. Бір кездері баршаны саф таза ауасымен, күмістей мөлдіреген көлдерімен, жарқабақты жарып шығып шыңға өрлеген қарағайлы нуымен тамсандыратын Бурабайымыздың жаңа заманның талабына сай қайта түлеудің орнына жүдеп бара жатқанын ащы да болса айтқан жөн. Бір ғана мысал, сол айдыны жарқыраған күміс көлдеріміздің суына үңіліп көріңіздерші. Жағасы таязданып, суы лайланған бұл көлдер бүгін тазартылмаса, ертең бармақ тістеп қалмасымызға кім кепіл. Оны тазартуға бөлінген қыруар қаржы қайда, әлде желге ұшты ма?! Осыған қауқарсыздық танытқан басшыларды емес-ау, сормаңдай болған табиғат аясын аяйсың. Жас болып жанарда іркілген әсем көлдердің, сұлу мүсіндеріне қылау түскен биші қайыңдардың, еңкіш тартып еңсесі түскен асқар шыңдардың зар-мұңын кім ұғар екен?! Бурабайдың туризм ошағы екендігінің иісін шығаратын бір нәрсе анық, ол – курорт аумағында мейманханалардың көптеп бой көтере бастауы дер едік. Себебі, мұндағы кәсіпкерлердің дені кірістен гөрі, шығыны басым нысандарды салуға аяқтары баспайды. Сосын да мейманханаларды салып алып, оңай табысқа белшелерінен батқылары келеді. Ал жаңағы қазақ елінің ұлттық құндылықтарын паш ететін этномәдени-танымдық нысандарды салуға құлшынып тұрған ешкімді көрмейсің. Бізге осындағы туризмді өркендетуге үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің бірі – Ғазиз Ыбыраев Бурабайдағы туризм әзірге маусымдық сипатымен ерекшеленетіндігін айтады. Жаз бойы тырнақтап тапқанымыз қысқы маусымда өз сервистік ошағымызды ұстап қалуға шығындалады. Осыдан кейін таза пайда тауып көр деп ағынан жарылады. Кәсіпкердің бұл пікірінің де жаны бар сияқты. Шынында да, Бурабайда демалу кезеңі тек жаз маусымында ғана қыза түседі. Солтүстіктің алты ай қысында мұнда демалушылар өте аз екенін байқап жүрміз. Оны айтасыз, жаз айларында да Бурабайда сырттан келіп демалушылар қарасы көп дей алмаймыз. Сондықтан курорттың қыс бойы жұмыс істеуі үшін 2020 жылдарға дейінгі дамыту бағдарламасында 5 мың адамға шақталған ірі жабық аквапарк, форум – орталығы, кино – концерт залы және күмбез астындағы спорт кешенін салу көзделеді. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін инвестиция тартып қана қоймай, мемлекеттік құралдарды да тиімді пайдалану аса қажет. Бұл да келелі үлкен істің бер жағы. Ал, туристер үшін турбазалық арналар қарастырылған ба? Бұл да көп ойланатын жағдайдың бірі дер едік. Бурабай Оқжетпесімен, Жұмбақтасымен, Абылай алаңымен ғана ерекшеленбейді ғой. Курортты аймаққа кіргеннен бастап шыққанға дейін аяққа оралып, алдыңнан кезігетін тарихи орындар мен жәдігерлер де бұл өңірге алғаш келушілер үшін аса құнды екенін естен шығармаған абзал. Қазір Бурабай курортын заман талабына сай дамыту үшін бір кездері жөн-жосықсыз салынған зәулім сарай-үйлерді де тәртіпке келтіру қажет етіледі. Неге десеңіз, қалтасы қалың, қолында билігі барлардың бәрі Бурабайдың табиғаты сұлу жерлерінен ойып тұрып жекеменшік коттедж салуға құштар болып, ынтықтары артқандығынан да болар, жер телімдерін алу үшін заңның белден басылуына өзінен-өзі жол берілгенін жасыра алмасақ керек-ті. Егер сол зәулім сарайлардың иесін іздегендер болса, алдымен облыстық, сосын республикалық деңгейдегі шенеуніктерге жолығатыны тағы да анық жай. Осылай құрығымыздың ұзындығын пайдаланып, сұлу өңірдің бей-берекетін кетіре берсек, ертеңгі ұрпағымызға не қалады? Айдыны күмістей жарқыраған Айнакөлдің жағасына әлгіндей сарайларын салып, маңайын ит тұмсығы өтпестей қоршап тастаған көріністер шынымен шымбайыңа батады екен. Қара бастың қамын ойлаған мұндай жаны ашымастарға елдік істерді біз қалай сеніп тапсырып жүр екенбіз?! Сонда қазақ үшін аса қастерлі саналатын киелі Бурабай шенді мен шекпенділердің думанды күндерін өткізетін орынға айналғаны ма?! Оны аптаның демалыс күндері елордадан шенеуніктердің көптеп ағылатынынан да анық байқауға болады. Астанадағы бес күндік қарбалас жұмыстан шаршап-шалдыққан шенеуніктердің тайлы-тұяғымен қалмай, әсем табиғат аясында демалып, мауықтарын басатыны осыны көрсетеді. Кейде облыстық деңгейдегі басшылар мен жергілікті кәсіпкерлерді аяғандай боласың. Себебі, елордадан келетін министрлерің де, депутаттарың да Ақмола облысының орталығында басқосуларын жұма күнге межелеп, сосын бір күн жиналыс, екі күн демалыс өткізуді әдетке айналдырды. Мұны айтып отырғанымыз, онсыз да алты ай қысы әлек салатын бұл өлкеде туризмді ұршықтай үйіріп әкету әсте оңай емес. Ал егер туризмді дамытамыз десек, ең алдымен елдік мүддені жоғары қоюымыз керек. Сырттан демалуға келетін демалушыларға Оқжетпес пен Жұмбақтасты ғана көрсетіп, осы маңнан айналсоқтап шыға алмай жүргенімізді біреу білер, біреу білмес. Осы қарабайыр қарқынмен Бурабайды ұшпаққа көтере алмаймыз. Сондықтан Бурабайдың бағы қашан жанады деген сауалға жауап іздеп қиналатынымыз да бар. Шынымен, шұрайлы жер сұлуы Бурабайдың жұлдызы жанып, әлемге аты мәшһүр демалыс орнына қашан айналады?.. Бақыт СМАҒҰЛ