Ұстаз ұлағаты
2014 ж. 02 ақпан
3066
3
Қазақтың көптеген ұлы мен қызы іспетті біз де ауылда өсіп, ата-әжеміздің тұнық тәрбиесінің қайнар көзінен мейір қандырдық. Атам марқұм Балтабай Байболұлының мерзімді баспасөздің тұрақты оқырманы болуының арқасында газет-журналға үңіліп, жаңалыққа құлақ түре жүруге ерте дағдыландық. Ел газеті – «Егемен Қазақстаннан» бастап, біздің үйден табылатын барша басылымның жарияланымдары жадымызға жаттала берді, мазмұнды мақалалардың авторларын сырттай танып, есімдері мен еңбектерін біліп жүрдік. Осылайша мектеп қабырғасынан атына қаныққан жазбалары жағымды, ұстанымы ұнамды қаламгердің бірі – Құлбек Ергөбек ағамыз болатын.
Жасөспірім кезімізден басылымдарға жақын болуымыз нәтижеде біздің журналистік мамандықты таңдауымызға үлкен септігін тигізді. Орта мектепті жақсы үлгеріммен аяқтаған соң, асқақ арман жетегінде Түркістан қаласына келдік. Қасиетті шаһарда орын тепкен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне журналистика мамандығы бойынша құжат тапсырдық та, шығармашылық емтиханға қызу дайындалдық. Күні бүгінге дейін есімде, 2004 жылдың 6 шілдесінде алғашқы жазбаша емтихан алынатыны хабарланды. Атаулы күні таңертеңгісін жүрегіміз лүпілдеп, емтихан өтетін университет ғимаратының алдына жиналдық. Бір мезетте ғимарат іргесіне көлік келіп тоқтады да, ішінен Құлбек аға түсті. Бұл – есімі етене, жүзі таңсық ағамызбен тұңғыш дидарласуымыз болатын. Бақсақ, Құлбек Сәрсенұлы талапкерлердің бабын сараптап, сынақ қабылдайтын алқа төрағасы екен. Жазу түріндегі әуелгі емтиханда тақырып таңдау еркі берілді де, біз «Журналист болғым келеді» тақырыбына мазмұндама жаздық. Жазбаша жұмыстан жоғары балл алғандар екінші тур – сұхбаттасу сынағына кіруге мүмкіндік алдық. Екінші емтихан шілденің 8 жұлдызында өтті. Кезегім келген кезде сынақ болып жатқан аудиторияның табалдырығын тулаған жүрекпен батылсыз аттап, Құлбек аға бастаған алқа мүшелері жайғасқан үстелге тақап келдім де, орындыққа отырдым. Төраға сауалын бастады: – Жарияланымдарың бар ма, айналайын? – Иә, - дедім де, аудандық «Төлеби туы» газеті мен оның оқушыларға арналған «Шамшырақ» қосымшасында жарияланған біршама тырнақалды туындыларымды көлденең тарттым. – Қандай республикалық газеттерді оқисың? – «Қазақ әдебиетін». – Қандай себеппен? – Оның «Жас қалам» қосымшасы бар, өзім өлең жазатындықтан көбіне соны оқимын. – Ендеше бір өлеңіңді оқи ғой. Ептеп бойым үйреніп, батылдана бастаған мен Қайрат Рысқұлбеков ағамыздың рухына арналған жырымды жатқа оқыдым. – Бердіқұловты білесің бе? - деп сұрағын жалғады алқа төрағасы өлеңімді тәмамдаған мезетте. – Иә. – Кім ол кісі? – Сейдахмет Бердіқұлов – қазақ спорт журналистикасының негізін салушы. Ауызша сынақ осылайша аяқталды. Осы диалогтың тағдыршеш сұхбат екенін, санамда тасқа басылғандай таңбаланып қалатынын мен ол кезде білгенім жоқ. Алла қолдап, студент атандық. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін албырт күндер басталды. Сабақ кестесі реттеліп, пәндер жүйелі жүргізіле бастаған шақта бізге дәріс оқитын ұстаздар тізімінен Құлбек ағаның есімін оқып, қуанғанымыз әлі есте. Дегенмен, аудиторияда отырып, профессор Құлбек Ергөбектен дәріс алу бақыты бізге бұйырмады. Сол 2004 жылдың қараша айында Құлбек ағаның сүйікті кенжесі Сәбит қайғылы қазаға ұшырады. Тосын қаза әкені ұлдан, бізді ұлағатты ұстаздың дәрісінен айырды. Уақыт зымырап өтіп жатты. Біз семестрлерді сырғытып, университет әлемімен етене таныса бердік. Журналистік білім алып жүрген студенттер, оқу орнымызда өтіп жататын қандай да бір келелі жиынға Құлбек ағаның қатысып, сөз сөйлеуін мереке қатары қабылдайтынбыз. Себебі, ол кісінің қиыннан қиыстыратын шеберлігі мен байтақ тіліміздің байлығын молынан пайдаланатын шешендігі, мәселенің мәнісін әбжіл ашып, тереңіне мейлінше бойлай білетін білімдарлығы бізді салған жерден елітіп әкететін. Университетке жиі келетін мәртебелі меймандармен өтетін жекелеген жарқын жүздесулердің тізгінін Құлбек аға ұстаған мезетте, ол кісінің кемел білімі мен сырлы сөзді шебер қолданатын ділмарлығы айқын аңғарылып, ерекшеленіп тұрар еді. Кездесуші құрметті қонақ пен жұртшылық арасында әдемі диалог орнатып, өзі де тақырып төңірегінде төгіле сөйлеген кезде еріксіз таңырқасатынбыз. Сондай рухани кештерден айызымыз қанып, өреміз өрістеп, көңіліміз биіктеп шығатынбыз. Шын шеберлікке деген қапысыз құрмет бізді Құлбек Сәрсенұлына жақын жүруге дағдыландырды. Орайы келгенде ағамыздың жұмыс бөлмесінен табылып, байтақ әңгімесіне құшырлана құлақ қоятынбыз. Осылайша бір кездері аудиторияда отырып тыңдауға мүмкін болмаған рухани дәрістерге кабинетте қалауымызша қанығу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Аттары аңызға айналған Алаш арыстарының алып тұлғасын келістіре кейіптеп, жанпида еңбектерін тамылжыта толғағанда тамсана тыңдар едік. Бейсенбай Кенжебайұлы әлемінен сыр шерткен шақта, ғасырлар қойнауынан әдебиет тарихының сүрлеуін тауып, оны даңғыл жолға айналдыра білген Бейсекеңдей көрнекті ғалымның табандылығы мен қайраткерлігіне тәнті болатынбыз. Бейсенбай атамыздың көзі тірісіндегі қалтқысыз қызметі өз алдына, абыз ақсақал бақилық болғаннан бергі ширек ғасырдан асатын уақыт бедерінде рухын тербей, есімін қастерлеп, халық жадында жаңғырту жолындағы жүйелі жұмыстары жан сүйсінтеді. Осының бір айғағы – Түркістан қаласында «Бейсенбай Кенжебайұлының Түріктану музейінің» негізі қаланып, руханиятқа қомақты үлес қосуы деп білеміз. Мұнымен сабақтас, Құлбек ағаның «Түркі халықтарының кітапханасын» жасақтап, ғылым мен білім орталығына айналдырған ересен еңбегі қандай марапатқа болса да лайықты іргелі іс! Халықаралық университетімізді білікті басшы, үлкен жүректі азамат Серік Жайлауұлы Пірәлиев ағамыз басқарған кезең – дамудың қиясына өрлеген серпінді жылдар болғанын сол шақтың студенті ретінде жақсы білеміз. Сол тұста Құлбек ағаны университеттің ілгерілеуінде өзіндік үлесі үлкен рухани генератор болды десек артық айтқанымыз емес. Осы жылдары Серік Жайлауының идеясымен негізі қаланған Студенттік ректорат пен университеттің тәрбие саласында жемісті еңбек еткен Талжан Раимбердиев ағамыздың бастамасымен құрылған Бекзат Саттарханов атындағы «НАМЫС» жастар қоғамдық бірлестігі – көптеген талантты жастардың шыңдалу мектебіне айналды. Жарқын идеяның жүзеге асып, көшбасшы студент жастардың өзін-өзі басқару жүйесінің орнығуына Құлбек ағаның вице-президент болғандықтан ғана емес, жас буынға тілектес азамат ретінде шынайы септескеніне куәгерміз. Әрі аталмыш құрылымдар Құлбек Ергөбек сынды айтулы азаматтармен етене араласуға кең жол ашты. Басшылық ауысып, университет президенттігіне Лесбек Ташимов ағамыз тағайындалған кезең де тарих қойнауына еніп үлгерді. Лесбек Тәшімұлы өзіне дейінгі басшылар тұсында қалыптасқан құндылықтарды сақтай отырып, өзіндік жаңашылдығымен жетекшілік етуге кірісті. Бұл шақта да Құлбек Ергөбек сынды үлкен түрколог, Түркістанның түлеуін діттеп, түрік тамырластардың тұтастығын көксейтін абзал азаматтың орны дараланып тұрды. Өз кезегінде ұстазымыз университеттің негізгі миссиясына сәйкес, рухани келбетін айқындай түсіп, беделін биіктету ісінде аянып қалған жоқ. Керегесі кең оқу орнына Уәлихан Әбдібеков ағамыз басшы болып отырған қазіргі мерзімде Құлбек Сәрсенұлының толымды тәжірибесі кәдеге молынан жарап, Түркология ғылыми-зерттеу институтына жетекшілік жасауда. Табиғатынан еңбекпен етене ағамыз ғылым орталығының өрісін кеңейтіп, жұмысын жандандыру үшін тынбай тер төгіп жүрген жайы бар. Серік Жайлауұлы сынды үлкен азаматтардың сенімі және Лесбек ағаның ұйғарымымен біз 2008 жылдың сәуір айында университеттің Жастар ұйымының жетекшісі ретінде қызметке тартылдық. Жүктелген міндетті абыроймен атқарып, артылған сенімді ақтау үшін ерінбей еңбек етуге тура келді. Әрбір қастерлі істің рухани негізі мен өзегі болатыны мәлім. Негізі әлсіз бастаманың баяны бұлыңғыр болмақ. Осынау мақсатты мазмұндандырып, өзекке нәр беретін қоректі өз басым Құлбек ағадан іздедім. Университет президенті мен өзге де тәжірибелі азаматтардан жалпылама басшылық, ұйымдастыру мәселелері турасында кеңес алып отыратын болсақ, барша бастамалар мен жалынды идеяларды рухани тұрғыда кемелдендіре түсу үшін әрдайым Құлбек ағаға жүгініп отырдық. Тығырыққа тірелгендей болған шақтарда да ағаны іздер едік те, сырлы сұхбаттардан соң жанымыз жадырап, көңілдегі түйткіл тарқап жүре беретін. Тау тұлғалармен етене араласып, көпті көрген шежіре, қызметте ысылып, тәжірибе толыстырған білікті басшы, руханият саласында қалам қайраткері бола жүріп, сөз маржанын терген білімпаз ретінде Құлбек ағаның көрсеткен көмегі ұшан теңіз. Қандай да бір бастамамызды негіздеп, жүйелеуде таптырмайтын ақылшымызға айналған Құлбек Сәрсенұлы, кезеңінде жастардың жалынды көшбасшысы болған, ұлтымыз руханиятына өлшеусіз үлес қосып, халыққа қалтқысыз қызмет етудің үздік үлгісі дәрежесіне көтеріле білген – Өзбекәлі Жәнібек тұлғасын кеңінен тануымызға да септесіп еді. Өзбекәлі Жәнібекұлының туылғанына 75 жыл толуына орай, өзі бас болып құрастырған «Рух сардары» жинағын қолтаңбасымен сыйлаған болатын. Бағалы еңбекті бас алмай оқудың нәтижесінде тұғырлы тұлғаны студенттерге таныта түсу мақсатында еске алу кешін ұйымдастыру идеясы туындады. Жалпы, Өзбекәлі атамызды еске алуға арналған (соңғы кеш 80 жылдығына арналды) үш бірдей кеш ұйымдастырылған болса, осы жиындардың жоғары деңгейде өтуіне ұстазымыз сіңірген еңбек ерекше. Өзекеңнің қарындасы Айғаным Серім апайымызбен бірге жан-жақты қолдау көрсетіп, рухани кештің төрінде аяулы азамат турасында тамылжыта төгілген кезде жастардың жүректері жалынға оранғандай, атпал азамат ортамызға оралғандай әсер беретін еді. Өлмес өмір сүрген тұлғаның бейнесін ұрпақ жадында тірілту деген осы болса керек-ті! Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2010 жылдың қазан айында оқу орнымыз қабырғасында халықаралық «Түркі бастамасы» жастар құрылтайы өтті. Шет елдерден және республикамыздың барлық облыстары мен жетекші қалаларынан жастар жиылып, мәртебелі меймандар қатысқан алқалы басқосуды ұйымдастырып, өткізуге Құлбек аға орасан зор жәрдем берді. Құрылтайға құрметті қонақ ретінде азамат ақынымыз, ана тіліміздің бас жоқшысы Мұхтар Шаханов ағамыздың қатысуы – жиынның маңызын еселей түсті. Мұхтар ағаның келісімін ала отырып, жастардың халықаралық басқосуын поэзия кешімен қорытындылауды ұйғардық. Осы мәселені ақылдасу үшін сол кезеңде университетіміздің тәрбие саласына жетекшілік еткен білімі мен білігі шебер шендескен басшы Жамбыл аға Айменов екеуміз Құлбек Сәрсенұлымен сөйлесіп, Мұхтар ағаның жыр кешін басқаруды өтіндік. Өз кезегінде ағамыз пленарлық мәжілістің тізгінін ұстағанын алға тартып, бұл жастардың жиыны болғандықтан арқалы ақын мен жас көшбасшылардың кездесуін жүргізуге бізге қолқа салды. Дарияның жанынан құдық қазбас болар, әрі десе Мұхтар Шаханұлы сынды ақиық ақын, күрескер қайраткер мен жалынды жастардың жүздесуін Құлбек ағамыздың дәрежесінде біздің жандандыра алмайтынымыз анық еді. Сондықтан да ағаның өзіне жүгіндік. Әлбетте, ол кісі өзіндік өрнек, дағдысымен Мұхаңның тұлғасын асқақтата, шабытына шабыт қосып, поэзия кешінің ажарын ашып, шырайын кіргізді. Осы шағын мысалдан-ақ, Құлбек Сәрсенұлының қарапайым болмысы мен астындағы атын түсіп беруге даяр мәрт мінезі, ізбасар інілеріне деген қамқорлығы айқын көрінеді. Соңғы жылдары білімімізді Түркияда жалғастырып, докторантураны сонда оқу туралы ой туындап, мақсат мазалады. Осы мұратты мықтап, мәселені көңілде орнықтыра түсіп, ақыл берген ағаның бірі Құлбек Сәрсенұлы болатын. – Барғаның дұрыс, оқып кел, қызметке үлгересің,-дер еді әркезгі қамқор пейілін танытып. Алла тілегімізді оңғарып, 2012 жылдың күзінде туыстас Түрік Республикасына білім алуға аттандық. Үлкен сапар алдындағы құжаттарды рәсімдеудің қарбаласы кезінде Құлбек ағаның өз қызмет көлігін пайдаландырып, қалтамызға қомақты қаржы салып берген әзиз әкедей жақсылығын айрықша атап өткіміз келеді. Түркістан қаласына асқақ арман жетегінде жетіп, Ер Түріктің бесігі болған қасиетті мекенде сегіз жыл жүріппін. Осы жылдарда жолыққан қазынамның бірегейі ретінде Құлбек Сәрсенұлымен арадағы сыйластық пен әке мен бала ортасындағыдай ыстық қарым-қатынасқа қол жеткізуімді айтар едім. Құлбек ағаның рухтас інілерінің бірі Талжан Пердешұлының перзенті үйленіп, өткен күзде дүбірлі той жасады. Салтанаттың төрінде, құрметті қонақтардың қатарында той иесінің мәртебесін көтере ақ тілегін ақтарған Құлбек Сәрсенұлының тұщымды тұжырымы көңілімде бек ұялап қалды: «Талжан – нағыз достыққа адал азамат. Талжанмен бірге қандай майданға болса да тайсалмай түсуге болады!»-деді сонда Құлбек аға. Осы ретте ағамыздың үзеңгілесіне деген биік бағалы өміршең пікірін өзіне қайтарғымыз келеді. Азаматтық ажары айшықты, кісілік келбеті көркем ұлағатты ұстазды арқаланып, тұлғасын бетке ұстай қандай дода болмасын тәуекел етіп түсуге, түйткілді түйіндерді тарқатып, қиындықтарға бірлесіп иық тосуға болатынына кәміл сенеміз! Мырзахан БАЙБОЛОВ, Түркия Республикасы, Анкара қаласы, Гази университетінің докторанты. www.qazaquni.kz