"Өлеңдерім бәріне ұнасын деп ойлаған ақын – саясаткерге айналады..."

akberen 1

Ақберен Елгезек:  "Өлеңдерім бәріне ұнасын деп ойлаған ақын – саясаткерге айналады..."

– Біз көбінесе ақындық тағдыр туралы көп айтамыз. Ақынға тағдыр керек дейміз. Сіздің ойыңызша ақындық тағдыр деген қандай болады? – Ақын боп дүниеге келудің өзі – тағдыр. Кім арыз жазып келеді дейсің?.. – Біз ақындық мінез дегенді басқаша түсінетін секілдіміз. Айғай-сүреңмен жүретін ақындарды да шын дарын дейтін секілдіміз. Сіз не айтасыз? – Ақынның мінезі – өлеңінде көрінеді. Жұртты қыра жаздап жүретін жындысүрей ақындар болады, өлеңдерін оқысаң, жаны көбелектің қанатынан да нәзік. Ал, оның өмірде ноқтаға басы симай жүретіні – оның сондай әрекет арқылы қоғамнан қорғанып жүргені деп қабылдау керек шығар... – Орыстың үлкен ақыны С.Кирсанов бір кезде «Біз орыс совет поэзиясының жаңа белесі болатын ақынды күтіп отырмыз» депті. Біздің әдебиет, жаңа заманның әдебиеті дейік, өзінің жаңа белесін күтіп отыр деп ойлайсыз ба? – Кейде көп уақыт көрмеген бір танысыңды күтіп отырасың. Саябақта. Әлгі күткен кісің қасыңнан өтіп бара жатады. Ол да сені танымай бара жатады. Күткен адамыңа ұқсатасың, бірақ басқа секілді. Шындығында ол басқа боп кеткен. Сен де басқасың, бірақ мойындамайсың. Бәрі сен қабылдағандай, сен көріп үйренгендей болу керек. Тіпті, саябақтағы жаңа орындықтың өзін жатырқайсың. Ал, уақыт орындықпен қоса сені де өзгертіп тастағанын байқамайсың. Қазақ әдебиеті күткен жаңа дәуір 2000-шы жылдардың басында-ақ басталып қойған. Уақыт бойынша да, айтары жағынан да заңды құбылыс секілді. Қазақ поэзиясы ғана емес, жалпы әдебиеттегі бұл авангардтық буын – кез келген құбылысқа жаңаша қарауды, дүниені өзгеше сезінуді, басқа үміт, өзге стиль, тіпті өзгеше үрейді алып келді. Бұл буынды жазғырудың ешкімнің хақысы жоқ. Мүмкін бұл буынның өкілдерін жеңіл дүниені сүйетін сыншы я оқырман қабылдамауы мүмкін. Оған бұл қыз-жігіттердің кінәсі жоқ. Олар солай жаратылған. Психикасы да, болмысы да сондай. Енді қайтесің, сондай қылып жаратқан Құдайды жазғырасың ба? Олар тура осылай жазу үшін тиісті тағдырды басынан кешкен. Енді соның бәрін сызып тастап, «түсініксіз, күңгірт, қияли» деп күйе жаға салуға адамда кем дегенде нөл жүрек немесе екі басы болу керек. – Біздегі поэтикалық мәдениет туралы ойыңыз қандай? – Қазақтың өлеңінде өзгеше поэтика бар. Бәзбір білгіштер қазақ поэзиясын қанатын қырқып, аққуды үйдің үйретілген үйрегіне айналдырып, жерге түсіргісі келеді. Тобыр жүретін күнделікті жолдың шетіндегі шаңға жылтырақ жағып тастай салады. Қанша жылтырағанмен ол шаңға уақыт өте келе көміліп қалады. Одан да «шаң басқан архивтерде» жатсын. Немесе таза күйінде мұражайда тұрсын. Эстеттер тауып алып, қабылдаса болды ғой. Шындығында қазақ поэзиясының табиғаты біз тірілткіміз кеп жүргендей, аспани, ғарыштық, асқақ поэзия. Оны өз тұғырына қондыру үшін, біз оқырманды, болашақ оқырманды тәрбиелеп, оның талғамын биіктетуіміз керек. Әйтпесе, әлемнен қалғанымыз – қалған. – Кейінгі жас ақындар өлеңінің мелодиясын жиі бұзып алып жатады. Мұның бір себебі ырғақ сындыруда болса керек. Жалпы, бұл үрдіс ақынның ерекшелігін білдіре ме өзі? – Жаратылыста 7-ақ нота бар болса да, олардың бір-бірімен шексіз қосылуы арқылы музыка пайда болады. Бірақ біз сол музыканы өзіміздің танымымызға, талғамымызға сай еститін секілдіміз.Ал, ғарыштық музыка қандай? Мүмкін ол біз білетін гармония заңдылығына бағынбайтын шығар. Немесе біз ешқашан қабылдай алмайтын я қабылдауға қабілетіміз жетпейтін өз заңдылығы бар шығар. Оның формасы қандай, әуені неше нотадан тұрады? Иығыңды қиқаң еткізесің. Білмегеннен. Білгің келгеннен құлағыңды алақаныңмен қоршап, тосасың ғой! Тіпті, бояу деген не, ол қандай болады табиғатта? Қайдан түскен жер бетіне бояу біткен? Ол бояулар біздің қабылдауымызда ғана жасыл немесе көк пе? Жасыл дегеніміз – қызыл шығар. Тек атауы ғана өзгерген. Қарашығыңды үлкейтіп ашып, көргің келеді. Біздің поэзия сол туралы. Қызық емес пе? Тақ-тұқтан қызық секілді. Өлеңді өзінің жалаңаш, таза һәм сұлу күйінде қағазға түсірген абзал. Бәрібір ырғақсыз, музыкасыз өлең болмайды. Ол техника мәселесі. Мен форма үшін ойды құрбандыққа шалуды қылмыс деп отырмын. Мәселе, формада болса, ол заманнан өттік. Киіз үйді сағынып, аңсағандар бетон үйлерінен шығып кетіп, есік алдына киіз үй тігіп алып тұрғанын көрмеппін. Немесе мәшинесінен түсіп, атқа мініп шауып жүргендерді байқамаппын. Не боп қалды? Техникадағы жаңалықты қабылдай саламыз. Себебі, ол тәннің ыңғайына жасалған. Ал, жан байғұс сонда не істемек? Дамымайтын жан Тәңіри қабілетінен айырылады. Есесіне, адам баласы мына жаратылыстардағы талай қызықтан шет қалып жатады. Жалпы, әлем баяғыда верлибрге – ақ өлеңге көшіп кеткен. Кейінгі 20-30 жылдық еуропалық поэзияда ұйқас, шумаққа тән ырғақ, тар шеңбер мен қысылған қалып деген жоқ. Нағыз өлеңнің уақыты келген секілді маған. Адамдар санасының түрмесіне қамалып, әбден ашығып, әлі құрыған, қабырғалары ырсиған, аузында сөлі жоқ, жүзінің әрі кеткен бейшара өлеңнің уақыты кеткен сияқты. Өлең де, адамның санасы секілді еркіндік алып жатқандай боп көрінеді бізге. Сондықтан, «бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек». – Сіздің жаныңызға адамзат тарихындағы қай ғасыр, қай кезең, қай дәуір жақын? – Мен өз дәуіріме ризамын. Басқа кезеңдер бізге оңай немесе сол кезде поэзияны көбірек түсінген, ақындарын құрметтеген болып көрінеді. Олай емес. Өмір, қай заманда да – өмір. Заңдылықтары өзгермейді оның. – Өткеннің бәрі де сағыныш қой. Кешегі қиындықтың өзі бүгін қызық болады. Айтыңызшы, осы күнге дейін өз-өзіңізді танып болдыңыз ба? – Жоқ, танығам жоқ. Өзімді танудан гөрі басқаны тану жеңілірек маған. Себебі, басқа адамды мен көріп тұрамын, сөзін естимін, жазғанын оқимын. Ал, өз ішіме үңілуге қорқамын. Қатты үңіліп қойып, мен ойлап жүргендей емес, өзге біреуді көріп қоюдан сескенем. Ол мен ойлағандай қатыгез болмай шығуы да мүмкін. Керісінше шықса ше? – Кезінде Маяковский өзінің жаңа өлеңін Горькийге оқып бергенде, Горький ақынды құшақтап жылапты дейді. Керемет әсер еткен шығар мүмкін. Әбіш Кекілбаевтің студент кезінде сөйлеген сөзіне ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі орнынан тұрып қол соққан екен. Әдебиеттегі бүгінгі ағаларда бұл үрдіс әлі де бар ма? – Жақтырғандар да, жақтырмағандар да болды. Сол Маяковскийді бәрі жақтырып, төбесіне көтеріп алған жоқ. Біз өлең оқығанда қол соғып, жылағандар да болды, жүзінде кекесін тұрып, сынағандар да болды. Ең бастысы, ешкім немқұрайлы қараған жоқ. Соған тәуба деймін. – Атақ пен адалдықтың арасында пәлендей сабақтастық бар ма? – Атақты болу – әр балаң ақынның арманы шығар. Бірақ, атақ демей-ақ қояйын, танымалдылықтың өзі – үлкен жауапкершілік. Керек десең, атақ ақынның өмір сүруіне үлкен кедергі келтіретін дүние. Еркіндік жоқ. Іс-қимылыңды, айтқан сөзіңді аңдыған ағайынның алдында жүресің. Онша жақсы емес. Ал, адал болу одан да ауыр. Ең алдымен, өз алдыңда адал болу – ауырдың ауыры. Ертең бәрі жақсы болады деп өмірдің бетіне тік қарай алмаудың өзі – үміттенуден бұрын, өзіңді өзің алдау сияқты. Оның орнына ертеңің дұрыс болу үшін, бүгін еңбек еткенің тезірек өз жемісін берер еді. – Әдебиеттегі аға буын өкілдері кейбір жастардың өлеңдері туралы «күңгірт, түсініксіз» дегендей уәж айтып жатады. Бұл өзі не нәрсе, жастарға қанағаттанбау ма, әлде мұның басқа да себептері бар деп ойлайсыз ба? – Бұл туралы талай жерде айтқам, қайталап айта бергім келмейді. Мен мына нәрсені айтқым келеді. Дәстүрлі поэзияны ғана қабылдай алатын аудиторияға, тақпақты ғана поэзия деп қабылдайтын сыншыларға, өткен шақтың поэзиясының өкілі боп жүрген ағаларға, апайларға, көкелер мен дөкейлерге жағам деп жеңіл өлеңге, қарабайыр шумақтар мен түсінікті образдарға көшкен ақын – поэзияны сатқан адам. Себебі, бұл заманның ақыны мына бес күн тірлікке жаңа поэзияны қалыптастыру миссиясымен келген. Иә, жаңаның жолы қашанда ауыр. Сені ешкім қабылдамайды, сенің өлеңдерің елдің аузында жүрмейді, тойларда оқылмайды, бәрі жапа тармағай газеттеріне баспайды. Миссия сонысымен қиын және сонысымен қызық қой. Ең алдымен поэзия – философияның лирикасы екенін ұғу керек. Ал, ол көпшіліктің жейтін жемісі емес. Өлеңдерім бәріне ұнасын деп ойлаған ақын – саясаткерге айналады. Бұл дәуірден кейін де жұрт бар ғой. Оларға не бересің? Тіпті, сенен кейін келетін ойшылдарға біздің заманда мынандай бар деп нені асқақ ұсына аласың? Мені сол жағы көбірек толғандырады. Бұрын жүйкеге тиетін сөздерге құлағым да жүрегім де үйренген. Мен оларды оқуға я тыңдауға уақытымды жібермеймін. Менің өз атқаратын парызым бар. Ал, сыншылар айтады да қояды. Тіпті, олар менің миссиямда өз рөлдерін ойнап жүргендерін түсінбейді. Өз миссиясын атқара берсін. Біздің шаруа – парызды тиісінше атқарып кету. – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Хамит Есаман

www.ar-ay.kz