Төл өнеріміз болмаса да, төрімізге шыққан эстрада өнері

c88df5cd0f80b2b470b5ad112d426939Байқау бізге керек пе? Эстрада қазақтың төл өнері болмаса да, төрімізге шығып, телеарналар мен радио, ғаламтордың арқасында санамызға әбден сіңісті болып кеткенін жасыра алмаймыз. Тіпті эстрадалық музыкаға берілгеніміз соншалық, екі ән айтқан әншіні қазақ эстрадасының жұлдызы деп қабылдаймыз. Өйтпегенде ше? Теледидардан күндіз-түні көрсетілетін әншілердің бейнесі, олардың орындайтын әндері жасөспірімдер мен жастарымыздың жадыларына жатталып қалған. Ал телеарналардан нағыз талантқа даңғыл жол ашамыз деп ұрандаған түрлі байқаулар дауыстары бір-бірінің көшірмесіндей қыз-жігіттерді стилистің алдынан бір өткізіп, қазақ эстрадасына жолдама беріп жатқан жоқ па? «Алаш айнасы» тілшісі «шын мәнінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дарындарды халыққа танытатын байқаулар қандай болу керек» деген сұраққа жауап іздеп көрді. «Қазақ эстрадасы» бар ма? Бүгінде біздің қазақ эстрадасы деп жүргеніміз қырғыздың, өзбектің әуендеріне сөз жазып алып, оны өңдеп үлкен сахнада да, тойларда шырқап жүрген әуендер ме? Мұндай дүниелер бүгін қалтаңды қампайтқанмен болашағы жоқ жылтырақ секілді. Әркімге бір еліктеп, әркімнен бір көшіріп алған әуендерімізді қазіргі қазақ эстрдасы деп атап, айдар таққанша өзіміздің эстрадалық, симфониялық оркестерімізді жасақтап, джаз, рок, блюз салаларын меңгерген кәсіби әншілер даярлауға әрекет еткеніміз жөн. Ал ол үшін әнші болам деген адам музыкалық оқу орындарын бітіріп қана қоймай, білімі мен білігін қашанда жетілдіріп, түрлі байқауларға қатысып тәжірибе жинақтағаны артықтық етпейді. Қазіргі таңда біздің елімізде талантын халық мойындаған, алыс-жақын шетелдердегі дүбірлі додалардан жүлдемен оралып еліміздің атағын шығарған кәсіби әншілер саусақпен санарлық. Осы бірлі-жарым әншілеріміздің көбі кешегі кеңес заманында қалыптасқан эстрадалық мектептің өкілдері. Біздің алғашқы эстрадалық әншіміз дүниеден озғанша бұл-бұл үнін жоғалпаған қайталанбас өнер иесі Роза Бағланова еді. Ол кезінде Болгарияда өткен бүкіләлемдік байқауда оған тең келер әнші болмаған¬дық¬тан, бас бәйгені қанжығалаған болатын. Одан кейінгі буын вокалды аспаптар ансамблі ретінде құрылған «Дос-Мұқасан» тобы және Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев, Нағима Есқалиева, Майра Дәулетбақова секілді белді әншілер біздің эстрадалық өнерді биікке шығарып, талай байқауларда қазақтың әнін әлемге танытты. Сол замандағы эстрадамыздың деңгейінің жоғары болуының себебі тек әншілердің ғана емес, ақын сазгерлердің, жалпы сауатты музыканттардың еңбегінің нәтижесі еді. Егемендігімізді алған соң өз елімізде де түрлі халықаралық байқауларды ұйымдастыру қолға алынғаны рас. «Азия дауысы», «Жас қанат», «Шабыт» секілді фестивальдар талай жаңа есімлдерді елге танытты. Медеу Арынбаев, Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева секілді әншілеріміз осындай байқауларда жүлделі орындар алып, тіпті өзге елдерде өткен байқауларда да бақ сынаған болатын.  Басы жақсы басталған осы байқаулар кейіннен сахнада жүрген әншілердің, байқауға қатысушылардың, көрермендердің арасында біршама сынға ұшырап, беделін төмендетіп алды. Яғни, әділ қазылардың әділдігіне, жеңімпаздардың дарынына күмән келтіріле бастады. Осындай байқаулар туғызған кикілжіңдер, байқауға қатысуға ниетті жастардың сағын сындырып жатады. Нарық эстраданы қарық қылды Заманға қарай байқаулар да өзгеріп соңғы жылдары телевизиялық шоулар көбейді.  Солардың бізге етене танысы «Суперстар кз», «Х фактор», «Саз әлемі» және «Қазақстан дауысы» секілді байқаулар. Әрине бұлардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Дегенмен айырмашылықтары аса көп емес.Шоудың аты шоу болған соң мұндай байқаулар нағыз дарынның бабын келтіріп, бағын ашады дегенге сену қиындау. Одан гөрі табыс табуды көздейтін, халыққа дауысыңды бер дейтін телешоулардың дәурені жүріп тұр. Елімізде ұйымдастырылып жүрген ән байқаулар мен ән шерулерде жүлделі орындар әншінің дарыны мен қарымына қарай емес, оның жарнама жасап берген беделіне орай берілетінін екінің бірі біледі. Сондықтан да шетелдерде өтетін деңгейі жоғары байқауларға Қазақстаннан қатысатын әнші таппай қалып жататынымыз жасырын емес. Тіпті шетелдік байқауға қатыса қалған жағдайда әншілеріміз өзінің қандай ән орындайтынынан хабарсыз болып жүретініне де куә болғанбыз. Ал қазақ эстрдасына жаңа есімдер қосу мақсатында ұйымдастырылатын байқаулар шамамен 14 пен 25 жас аралығындағы жастардың sms дауысы арқылы жеңімпазды анықтайды. Яғни, бұл тәсілмен әнші өзінің вокалдық дарынына, актерлік шеберлігіне орай әділ бағаланады деуге келмейді. Сонымен «ұялмаған әртіс болады» демекші, көп дауыс жинаған қатысушы жеңімпаз болып шыға келеді. Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:  – Мен  телеарналарда жүріп жататын шоу-бағдарламаларға, музыкалық байқауларға аса назар аудара бермеймін, оған уақытым да жоқ. Оның үстіне біздің телеарналар көбіне өзге шетелдік бағдарламалардың көшірмесін көрсетеді. Деңгейі төмен, ұйымдастырылуы олқы жобаларға қатысуға да, тіпті оған мән беруге уақытымды қиғым келмейді. Шоу-бизнесте бәсекелестік жоғары болу үшін ең алдымен кәсібилікті, білімді жетілдіру керек. Толқын Забирова, әнші:  – Әншіің білімі, кәсіби деңгейі өсу үшін байқауларға қатысудың маңызы зор. Үлкен сыннан өткен сайын әншінің тәжірибесі молаяды. Егер байқаулар дұрыс ұйымдастырылса, қазақ мәдениетінің деңгейі бір сатыға көтеріле түсер еді. Қазір халықтың құлағына той әндері әбден жаттанды болып қалды. Ал нағыз кәсіби музыканы, әншінің вокалдық мүмкіндігін көрсететін байқауға арналған әндерді көпшілік біле бермейді. Сондықтан меніңше, ең алдымен еліміздегі байқауларды кім көрінген емес, нағыз кәсіби мамандар ұйымдастыру керек. «Сын түзелмей мін түзелмек емес», Телешоуларды сынап, әнші біткеннің бәріне топырақ шашу емес біздің мақсат. Тек жүздеген мың доллар жұмсап, ұлттық және республикалық арналардың төрінен миллиондаған халыққа таралатын телевизиялық шоулар нағыз талантты таныта білсе екен дейміз. Ия, талант күнде тумайды, тіпті кейде нағыз дарындылар байқаулардан шет қалып та жатады. Сондықтан елеусіз деп ескерілмей қалған дарыннан жарық сәуле көре білетін, оның шамшырағын жаға білетін мамандарымыз көбейсе, эстрадамыздың да көсегесі көгерер еді.

"Алаш айнасы"

Коллаж: Абай Омаров