"Шардара барған шайырмын демес бұл күнде!.."

sabit lahan

  Асқақ арманды ауыл ақыны Сәбит Лахан шығармашылығы туралы бір үзік сыр

     Өзiмiздiң сыйлас, сырлас iнiмiз С.Лахановтың жергiлiктi басылымдарда жарияланып жүрген жырларын тұщына оқып жүргенiмдi атап айтқым келедi. Тiлi жатық, ойы айқын болғандықтан ба, әйтеуiр, жаныма жақын тиедi. Қайбiр жылы  елімізге белгілі дарынды ақын, қоғам қайраткері, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Қазақ үнi» газетiнiң бас редакторы, жерлесiмiз Қазыбек Исаның 50 жылдық мерейтойына арналған мүшәйраның бас жүлдесін жеңіп алған  Сәбиттiң өлеңдерiне қазақтың темiр мiнездi тегеурінді ақыны Темiрхан Медетбек ағамыздың   “Шардарада жап-жақсы ақын iнiлерiмiз өсiп келедi екен” деп жоғары баға бергенiн айта кетуiм керек-ау. Таяуда Сәбиттiң бiр топ өлеңдерi белгiлi мемлекет және  қоғам қайраткерi, жерлесiмiз Ислам Әбiшевтiң қолдап-қуаттауымен «Дала дарыны» жобасы бойынша «Оңтүстiк орамдары» атты жинаққа енгенiн естiп, қуанып қалдым. Осы iс-шараның басы-қасында жүрген азаматтарға iштей алғыс айттым. DD ontustik oramdary   Мұны айтып отырғаным, ауылда жүрген ақындардың асқақ армандары көп жағдайда жүзеге аспай қалатындығы жасырын емес. Әдеби ортадан алыста жүрген соң, көзi тiрi ақтаңгер ақындармен жүздесiп, сырласып жүрудiң сәтi де көп ұшыраса бермейтiнi анық. Шалғайда өмiр сүрiп жатқан қаламгер қауымның жан жүрегi езiлетiн, ең болмағанда бiр өлеңiңдi тұщынып тыңдап, дұрыс бағасын беретiн адамға зар болатын жағдаяттар кездеседi. Сондай сәттерде «шiркiн-ай, осындай жiгiттерге қалай қол ұшын созсақ екен» деген ойға да қаламыз. Қолдың келтелiгi осылайша көп жерде өз кесiрiн тигiзiп жатады. Ал Ислам бастаған мына бiр игi шара Сәбит секiлдi ауыл ақындары үшiн үлкен қолдау екендiгi даусыз. Ендi ауылда, арамызда жүрген ақын iнiмiздiң жырларын бiр шолып көрелiк. Ауылдағы ақынның балауса жырларын оқып отырып, ел деп, адамдар деп соққан жүрегiнiң дүрсiлiн сезiнемiз. Мұндайда ол:     Болғанмен тағдыр қатал тым, Бiлдiрмей бойдан мұң табын. Ауылда ақын атандым, Шықпай-ақ жұқа кiтабым,- деп ақкөңiлмен шынайы тебiренедi. Сәбиттiң жырларында қалада туып, асфальтта өскен, ауыл ғажайыптарын бiле бермейтiн, сезiне алмайтын ұрпаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, тек қана ауыл перзентiне тән сезiм мен сергектiк басым.       Бiздерге деген сағыныш, Бiлiнер салған көрпеден. Самауыр шайын қанып iш, Мың есе артық кофеңнен, - деп, ағынан жарылып, ақтарылады. Армандары көп ауыл ақынының қөңiлi мырза, сезiмi таза.     Кешқұрым неткен шу деме, Жамырап шықса қозы-лақ. Түйеге мiнгiң келе ме? Оны да берем жозылап, - деп, кең құшағын жаяды, құлшына тамсандырады. Осы жерде ол егер “атқа мiнгiзем, қайыққа мiнгiзем“ десе мына өлең осынша әсерлi болмас едi. Түйеге мiнгiзейiн деген соң қызығасың, қалай болады екен дейсiң. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданындағы  Қоссейiт ауылының түлегi Сәбит Лахановтың жинаққа енген өлеңдерiн оқып шыққаннан кейiн оның күнделiктi күйбең тiршiлiктiң аясында көмiлiп қалмай, өмiр ағысына iлесiп, алға жылжуға, үлкен мақсаттарға бел буған күрескерлiк рухына риза болдым. Сәбит «Музамен мұңдаса» отырып, «Оңашада» ойланып-толғанып, «Өмiр сынақтарына» көзқарасын бiлдiрiп, «Ел алдында есеп берiп», «Жырының туын жықпаудың» қамын ойлап, «Көк түрiкпiн», «Танып қой, менi!» деп атойлап, айбаттанып шыға келедi. Кейде «Теңiз боп кетсем бе екен?» деп толқынданады. «Үкiлеген үмiтiм үзiлмейдi» деп шабыттанады. «Ұлы көшке iлесем» деп талпынады. «Ғашық болған бiр керемет» деп жалындап жанып та жүредi. «Бұрылмай өтсем жынданасыңдар, Бiрiңнен бiрiң қызғанасыңдар, Қыздар-ай, қыздар»,- деп бұла сезiмнiң отын шашады. «Сағынсаң iзде менi» деп назданып шалқаяды. «Ақынның жары бақытты болуы керек» деп сырласады. Бiрқатар жырларынан ауыл ақынының азаматтық сарыны естiледi. Махамбет Өтемiсұлының 200 жылдық мерейтойына арналған «Жәңгiрдiң опынуы» - қарқарадай ханды оңашада табындырған ұлы жыраудың рухына тағзым жасау рәсiмi өте сәттi жазылған дүние. «Ұлы Отан соғысынан оралмаған жауынгерлерге арналған ескерткiш басындағы ойлары» келер ұрпаққа аманат ретiнде айтылады. Қысқасы, ауыл ақынының армандары Сәбит ақынды әлi де талай-талай биiктерге шығаратын сияқты.  "Шардара барған шайырмын демес бұл күнде"-деп ақын Қазыбек Иса айтқандай, Сәбиттің алысқа шабатыны анық. Жолың болсын, бауырым! Есенбай БЕЙСЕНБИЕВ, ҚР Журналистер Одағының мүшесi www.qazaquni.kz