"Қазақстан дауысы" жобасының жеңімпазына жүлдесі әлі берілмеді

sphotoБіраз жұртты көгілдір экранның алдына қаңтарған «Қазақстан дауысының» аяқталғанына да бірнеше күн. Жеңімпаз бас бәйгеге тігілген 5 миллион теңгені алды ма? Шетелдік дыбыс жазу компаниясымен арадағы келісімшарт жасалды ма? Осыны жоба жеңімпазы Шахаризат Сейдахметовтың өз аузынан естиік. – Бәйгеге тігілген қаражат қалтаңа түсті ме? – Жоқ, түскен жоқ әлі. Ол үшін банктен жеке есепшот ашу керек, сосын жібереді. Шынымды айтсам, оған бас қатырып жүрген мен жоқ. Алдымен өзімді қолдаған, дауыс берген тыңдарманға, дос-жарандарға алғысымды айтып алайын. Ақша содан кейін бола жатар. Мен қазір Ақтөбеге жол жүріп бара жатырмын. Досым үйленіп жатыр еді, соны құттықтап қайтпақпын. – Дыбыс жазу компаниясымен келісімшарт жасасу жағы қалай болып жатыр? – Шынымды айтсам, ол жағынан хабарым жоқ. Жоба бітті, біз кеттік. Содан кейін ұйымдастырушылардан ешкім хабарласпады. Қандай компания, қашан жұмыс істеуді бастаймыз? Ол туралы ештеңе білмеймін. – Өткен жолы хабарласқанымызда тәлімгерің Нұрлан Албанмен кездескелі жатқаныңды айтып едің, ол продюсер болуға ұсыныс жасаған жоқ па? – Нұрлан Албан маған ондай ұсыныс жасамады. Дегенмен, оған бола өкініп отырғаным жоқ. Алматыда этно-рок тобын құрып жатқан жігіттер топқа қосылуды ұсынды. Бұйыртса, сол жігіттермен бірлесіп жұмыс істеуім мүмкін. –  «Қазақстан дауысында» өңкей жастар біраз уақыт бірге болдыңдар. Бір-біріңе бауыр басып қалған шығарсың. – Әрине, бір-бірімізді қимай қоштастық. Жалпы, мен адамдарды талантынан бұрын, адамгершілігіне қарап бағалаймын. «Қазақстан дауысында» сондай адамгершілігі мол, мәрт мінезді достар таптым. Бізге осындай мүмкіндік жасағаны үшін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Мына бір қызық жайтты айта кетейінші. Жоба жаңа басталған кезде қатысушылардың арасынан эфирге ең бірінші болып мег шықтым. Жігіттер «Жолың жеңіл болсын, жоба сәтті аяқталсын!» деп тілеп жатты. Сонда мен: «Жігіттер жобаны өзім бастадым, біржола өзім аяқтасам қалай қарайсыңдар?» деп қалжыңдаған едім. Барлығы ду күлді. Қазір ойлап отырсам, осы айтқаным періштенің құлағына шалынған сияқты.

Арай ДӘУЛЕТҚЫЗЫ,  aynaline.kz