«Қазақстан дауысы» Қазақстанның жарқын жобасына айналды
2014 ж. 21 қаңтар
4836
12
Жуырда Алматы қаласында «Қазақстан дауысы» жобасы аяқталды. Бас жүлдені көрермендердің дауыс беруі арқылы әнші Шахаризат Сейдахмет жеңіп алды. «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы көрермен назарына ұсынылған жоба сәтті аяқталды десек артық айтқандық емес. Төрт тәлімгер өздеріне тиесілі 16 үміткерді таңдап алды. Кейбір үміткердің бабы келіссе де, бағы жанбады. Олардың таңдаудан жаңылысып, өкініп қалған тұстары да болды.
Әр жексенбі сайын қазақ жұртының екі көзі көк жәшікке, нақты айтсақ, «Қазақстан дауысы» музыкалық бәйгесіне телмірген. Әлемдік жоба саналатын бұл байқау тұсауын кескен сәттен бастап көрерменнің қызығушылығын оятты. Қарапайым жұрт тәлімгерлердің біліктілігіне күмәнмен қараса, қатысушылар Медеу Арынбаев, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Нұрлан Албанның бұрылып, олардың таңдауына зәру болды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде бастапқы іріктеу кезеңінің әділетсіз болғанын, ресейлік «Голос» аналогына жетпейтінін де сөз еткендер табылды. Ал жуырда Ақтық кезеңде төрт үміткер бақ сынаған болатын. Олар Роза Мұқатаева, Тимур Омаров, Жанғали Әбішев және Шахаризат Сейдахмет. Осылардың арасынан тыңдармандар дауысы бойынша жеңімпаз атанған торғайлық - Шахаризат Сейдахмет. Ол 1986 жылы 12 қарашада дүниеге келген. Тәлімгері - Нұрлан Албан. Шахаризат жобада дәстүрлі ән орындаушысы ретінде танылған еді. Ақтық сында да орындағаны - халық әні «Саған халқым». «Қазақстан дауысы» атағына лайықты деп танылған оған әлемге әйгілі «Universal» дыбыс жазу студиясымен бір жылға келісімшартқа отыру мүмкіндігі бұйырды және 5 миллион теңге қаржылай сыйақы табысталды.
Ақтық сынның екінші кезеңінде Роза Мұқатаева тәлімгері Мәдина Сәдуақасовамен «Қазақстан жастарының әнұраны» (А.Дүйсенбі, П.Ли) әнін орындады. «Розаның мінезі биязы, қарапайым, адамдармен тез тіл табысқыш. Оның бойында қазақ қызына тән барлық қасиеттер бар», дейді жоба қатысушылары. Ал тәлімгері Мәдина Сәдуақасова шәкіртіне « Қазақ өнерінде Роза Мұқатаева үшін орын бар», деген бағасын берді. Финалдың екінші кезеңінің қорытындысы бойынша, Роза аз дауыс жинап, жобадан шығып қалды. «Қазақстан дауысы» жобасы мен жанкүйерлік танытқандарға алғыс білдіремін», - деді ол. Танымал әншімен ән шырқауды түйіндеген - Жанғали Әбішев. Ол әлемге әйгілі әнші, опера саңлағы - Майра Мұхамедқызымен Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін керемет орындады. Жанғали Әбішев - Медеу Арынбаевтың шәкірті. Ол «Қазақстан дауысы» жобасының өткен сынында тәлімгердің аз дауысын алса да, халық қолдауымен финалға жетті. «Сенімнен гөрі арманмен жүретін адаммын. Финалға жетемін деп көп армандадым», - дейді Жанғали. Финалдың алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша, Жанғали аз дауыс жинап, жобадан шығып қалды. Тимур Омаров ақтық сынның үшінші кезеңіне өтті. Бұл жолы ол «Көрмей тыңдау» сынында орындаған «Жан сырым» әнін орындады. Сөзі мен әнін жазған - Сейфуллин Жолбарыс. «Өткен сында біраз қорқыныш болды. Бірақ өзімді қайрадым. Финалға өткенімде, өзіме деген сенімім артты. Мен жеңіске жететін сияқтымын», - деген болатын ол. Бүгінге дейін «Қазақстан дауысы» ән байқауын тікелей эфирден теледидардан тамашаласақ, гранд- финалында көрермен ретінде қатыстық. Бірден бұл жобаның бір адамның ғана емес, білдей бір ұжымның еңбегі екені байқалды. Тікелей эфир табиғаты өте қиын, әрине. Қарапайым көрермен үшін теледидар алдында ол байқалмайды. Ұйымдастырушылар ұлттық жобаны кем-кетіксіз алып шығу үшін барын салды. «Азиададан» кем болған жоқ, сірә. «Қазақстан дауысы» жобасының деңгейін жоғарылатып жіберген тағы бір жері айтылған дуэттер. Яғни, бүгінгі қазақ эстрадасының вокалдық тұрғыда ең жоғары әншілері Маржан Арапбаева, Сәкен Майғазиев, жастардың сүйікті тыңдарманы дейік, Нұржан Керменбаевтың қатысуы, ең бастысы әлемдік операның саңлағы, ел мақтанышы Майра Мұхамедқызының сайыскермен дуэт айтуы жобаны шарықтатып жіберді. Демек, финалға сайыскерлер дұрыс іріктелген. Бүгінге дейінгі ән байқауларынан байқағанымыздай, бізде тек жеңімпаз ғана жұлдыз болып кетпейді, керісінше қандай сайыс болмасын, финалға шыққандардың көбі жоғарғы белестерді бағындырып жатады. Олар - Айқын Төлепберген, Мақпал Исабекова, Әлішер Кәрімов, Динара Сұлтан, Луина, Мөлдір Әуелбекова, «Ринго» тобының жігіттері т.б. Бұлар қазіргі Қазақстан шоу-бизнесінің белді, өз тыңдарманын тапқан әншілер. «Бақ шапты ма, әлде бап шапты ма», меніңше, екеуінің бірі де «шаппады». «Неге?» дейсіз ғой. Алдын-ала жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде Тимур мен Роза бірінші және екінші орынды иеленген. Ал Жанғали соңы болатын. Ал финалда былай болды: залда көрермендер арасында Тимурдың жанкүйерлері өте көп болды. Алмас, оның тобы (продюсерлік орталықтың жігіттері) мықты дайындалып келген. Тимурға залдан демеуі тегеурінді болды. Дайындықтың болғаны көрініп-ақ тұр. Делебең қозып өзің де дауыс беріп кете жаздайсың. Жанкүйер болсам да, бүгінге дейін ешкімге дауыс бермеген менің өзім ұнаған сайыскеріме екі рет дауыс бердім. Тимурдың екінші орын алуының себебі - осы. Ал осы жолы бүгінге дейін «халықтың» (басында қарапайым халық секілді көрінген, алайда тамыр-таныс, әлеуметтік желі - инстаграмдағы мықты жарнама) ең көп дауысын жинап келген Роза үштікке әзер ілінді. Негізінен Қазақстан эстрадасының жас әншілері Розаның жанкүйері болды. Оны залдан байқадық. Ару Әуезова, жобаға қатысушы: «Қарапайым халық көбіне дауыс бермейді. Негізінен дауыс беріп жатқан сайыскердің достары, достардың достары, олардың танысы, осылай кете береді. Содан кейін мықты жарнама, әрине». Демек, Жанғалидың бірінші айналымнан ұшып кетуі, Розаның достарының (тамыр-таныс) мүмкіншілігінің жетпей қалуы, бүгінге дейін көрерменнен қолдау көрмеген, тек тәлімгердің сүйреуімен келген Тимурдың финалда бірден шаң қаптырып ұшқыр шабуы, сол секілді жартылай финалда тәлімгердің көмегімен финалда қалған Шаһризаттың (негізінен жартылай финалда «халық» Танатқа көп дауыс берген еді) бәрінен оза шабуы телефон тұтқасын қолынан ұстаған арнайы топтың (жанкүйерлердің) шебер ұйымдастыруынан болды десек, бәлкім, жаңылыспайтын шығармыз. Мүмкін, бойында қазақы қаны, өнерді тани білген көрермен шешуші сәтте шынымен-ақ дауыстарын аямаған болуы кәдік. Белсенді халық бұл жобаны «әділетсіз» болды деп сынаса да, Жанғалиды, бәлкім, Розаны, Тимурды лайық көріп, Шахризатты шеттетсе де, кем-кетікті алдымен өздерінен іздеу керек. Яғни, «Қазақстан дауысына» лайық көрген сайыскерге өз дауысын беруі керек еді. Десе де, «Қазақстан дауысы» сәтті аяқталып, көрермендерге мол әсер сыйлағанымен есте қалды. «Қазақстан дауысы» жобасы ашқан жарқын есімдердің бірі болып Жанғали Әбішев пен Мархаба Сәбиева ерекшеленді. Көбіне қазақ әндері әуеледі.
Сейілбек Aсан, Бауыржан КӘрІП