ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ ҚАРАЖОРҒАСЫ
2014 ж. 13 қаңтар
4428
1
Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың жырлары өз бағасына қашан ие болады?
Биыл белгілі халық ақыны, қазақ жырының қаражорғасы атанған Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына 125 жыл толады. Осыған орай біз бүгін ақынның қызы Дәмегүл Үмбетәліқызымен сұхбатты жариялап отырмыз
- Құдай қаласа, Жылқы жылы есігімізден еніп келеді. Биыл Жамбыл ауданында үлкен той. Асылдан ізде нәсілін, Басыңды әуел қосарға. Ер асылын таба алмай, Басыңды қоссаң осалға, Таппассың жөнді қашарға. Көптің болса қаумасы, Жалғыз қалып қасарма. Ағайынның жаманы, Алдыңа түсіп бас болмас. Артыңа еріп дос болмас, - деп төге жырлап, қазақ өлеңінің қаражорғасы атанған Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Ақын дүниеден өткелі жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Өміршең өлең заман көшіне ілесіп, Тәуелсіздігіміздің жиырма үшінші қысын бүгінгі буын ұрпақпен бірге көріп отыр. Арғымақ жылы жыр дүлдүлі, қаражорға Үмбетәлі ақынның тойы лайықты тойланып жатса, ол да бір сәулелі сәйкестік деуге болады. Алдымен той қарсаңында қойылатын дәстүрлі сұрақ. Әкеңіздің шыққан тегіне тоқталып өтсек. - Әкем Үмбетәлі, Үмбетәлінің әкесі Кәрібай, Кәрібайдың әкесі Тілеубай, Тілеубайдың әкесі Қоянбай, Қоянбайдың әкесі Қолқанбай осы бес атаны біледі екенмін. Ұзатылып кеткен қызға осы мәлімет жетерлік деп ойлаймын. Арғы түбін: Шапырашты әсілім, Айқым деген нәсілім, Әйтек деген арғы атам,- деп өзі де айтып кеткен ғой. Атам Кәрібайдың молдалығымен қатар тәуіпшілігі мен көріпкелділігі де болыпты. Әжем Бөпежан жайлы: «Жанынан суырып өлең шығаратын, әнші-өнерпаз адам еді»,- деп әкем айтып отыратын. Өзі Шамалғандағы Көшек ауылының қызы екен. Әкеміздің болмысына ақындық өнер нағашы жұрты арқылы келген-ау, шамасы. - «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші Кәрібай әулетінде ақындық жол қуған өзге ұрпақтары бар ма? - Әкемнің өзінен екі мүшел жас кіші Ескелді деген інісін бала кезімде көрдім. Сондай өңді кісі еді. Ол да ағып тұрған ақын болатын. Үмбетәлі отырған жерде Ескелді өлең айтпаған. Ағасын сыйлап, ұстамдылық жасаған ғой. Ол кезде қазақтың үлкенді ерекше сыйлайтын кезі. Оның үстіне кезінде ағасының ақындық жолға түсуіне зорға бата берген әкесіне «мен де ақын болам» деп айтуға Ескелді ағам жүрексінген де болар деп ойлаймын. -Ескелдіден қалған бір-екі ауыз өлең бар ма? - Бар. Өлең кезінде майданда жүргенде хатпен келген. Түпнұсқасы сақталмаған. Үлкендердің аузынан үзік-үзік қысқа қайырымдарды өңдеп қағазға түсірген немересі Әуелбек Ысқақов. .... Аман ба Үмбет бауырым, Орында тұр ма ауылым. Дәмегүл, Зейнеп аман ба, Соңымнан ерген жарығым. Мен жүрмін соғыс өтінде, Қолымда мылтық қаруым. Аға деп ерген соңымнан, Құсайын, Имаш, хал қалай? Аттанған шығар соғысқа, Ауылдан талай боздақ-ай. Сынаптай сусып, зырлаған, Үмбетті ғана тыңдаған. Қырғыздың қызы Мәрия, Жеңешем менің жүр ме аман? Жеңістің туын желпінтіп, Ауылға түбі бір барам. - Ескелді аға 1939 жылы майданға аттанған еді, 1943 жылы «Курск доғасындамыз» деген соңғы хаты келді. Оның менімен жасты баласы ашаршылық жылдары шетінеп кетті. Сөйтіп одан ұрпақ қалмады. Қазіргі буын ұрпақ ішінде немересі Әуелбек мұражайдың түтінін түтетіп, атасының жолын қуып, өлең жазып жүр. - Жырдағы «Қырғыздың қызы Мәрия» деген жолға түсінік бере кетсеңіз. - Е, қарағым, әкемнің Дулат ішіндегі Қасқарау елінде құда түскен қалыңдығы пісіп жетіліп отырған жерінде қайтыс болады. Ол содан біраз жүріп барып, Дулат Ботпай ішіндегі Иманбайдың қызы ... - менің шешеме қосылған екен. Шешем 1905 жылы дүниеге келіпті. Біз өзі әкеден жеті ағайынды екенбіз. Менен үлкен екі ұл жастай қызылшадан шетінеп кетіпті. Мен оларды білмеймін. Шешеміз 1939 жылы қайтыс болды. Менен кейінгі қыз шешемнен бір-екі ай бұрын ол да о дүниелік болды. Әпкем Зейнеп, сіңілім Әлия, інім Мұхит төртеуміз аман-есен өсіп жетілдік. Мен 1932 жылы дүниеге келдім. Анам қайтыс болғанда жеті жаста екем. Ораз Жандосовтармен араласып жүрген кезде көрген қырғыздың қызы Мәрия бізге шеше болып, табалдырығымыздан аттады. Мәскеуде арнайы курста оқыған сауатты адам болатын. Өзі «1май» фабрикасында істейді екен. Үстіндегі киімі де ауыл халқынан өзгеше еді. Ағайын алғашында «мынау екі қызға шеше бола ала ма» дегендей күдікпен қарайды. Шешем көп ұзамай қалалық киімдерін тастап, ауылша киінеді. Ол кезде ауылдың орталық көшесінде қаз-қатар болып үстін қамыспен жапқан тоқал тамдар самсап тұратын еді. Үйдің іші сыланбайтын. Қаладан келген шешеміз үйдің ішін түгел балшықпен сылап, жөнге келтірді. Бұдан кейін ол кісіні қызылшашылар звеносына жетекші етіп қойды. Әкем ол кісінің қасынан шықпай көмектесіп жүрді. Содан іле-шала соғыс басталды. Ер азамат майданға кеткенде, шешем ферманы басқарды.
Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі ел ішінде
- Әкеңіздің балалық шағынан мәлімет тіпті мардымсыз. - Атам Кәрібай әкемді 1901 жылы он екі жасында қабырға ағайын Бертай байға қозы бағуға жібереді. Сөйтіп, Жамбыл мен Кенен секілді әкем де бала кезінде байдың малын бағыпты. Бертайдың қолында үш жыл алты ай жүреді. Осы кезде шешесімен еріп, той –томалақта ақын-жыршыларды, қыз бен жігіттің айтысын көреді. Жамбылды да алғаш он екі жасында көріпті. Оның ақындық өнерге құмарлығы бала кезден басталған. - Келгенде он жетіге молда көрдім, Ынтамның барлығынан зорға көрдім. Көтертіп бір баланы бір балаға, Бәлені дүре деген сонда көрдім, - дейді ақын. Бір ғажабы Жамбыл да, Кенен де Үмбетәлі де өз өлеңдерінде молдаларды «оңдырмаған». «Соқыр десең Құнанбайға тиеді» демекші таяқтың бір ұшы әкеге де тиіп жатыр ма, қалай? - Бәлкім, солай да болар. Менің ойымша мұнда кеңес үкіметінің молдаға деген көзқарасы да бар секілді... - Жоғарыда әкесі баласының ақындық жолға түсуіне «зорға бата береген» деп қалдыңыз. - Иә. Әкем малға құлықсыз, Кәрібай атам өлең-жырға құлықсыз. Сөйтіп отбасында әке мен баланың арасында кәдімгідей шиеленіс өрбиді. О кісі алғашында баласының бұл бастамасын «әншейін ет пен терінің арасындағы желік» деп түсініп, «жарапазаншылағаныңды қой» деген ғой. - Оқуды алты айдан соң кеттім тастап, Ақындық жетектеді мені бастап. Домбыра ақындықтың серігі деп, Басыма алып келіп, жаттым жастап. Үйрендім, домбыра да безек қақты. Деп әкем бұл даңғырды қайдан тапты. Сындырып ортасынан екі бүктеп, Талайын домбыраның отқа жақты, - деп «Өз өмірімнен» атты толғауында есіне алды емес пе?.. - Қайткенмен де әке баласының ақын екенін мойындайды. Әкем он сегізге толғанда «Айқымнан ақын бала шығыпты» деп айнала жұрт аузына ала бастайды. Жалынды от жас жүректі тыншытпады, Биіктен кімдер түсіп кім шықпады. Жан-жақтан табыс келе бастаған соң, Әкемнен айтпа деген үн шықпады, - дейді. Бұған қарап оқырман әкесінің бар ойы тек «малда ғана болыпты» деп ойлап қалмасын. Әке баласының тіршіліксіз сенделіп жүрмей, өмірден өз орнын тапқанына келісім берген шағы ғой бұл. - Жиырма бір, жиырма екі жасқа іліндім, Жастықтың әсерінен тасқа ұрындым. Өнердің өлеңменен арқасында, Дейтұғын Үмбет ақын атқа іліндім. Енді Үмбетәлінің ақындық даңқы айнала ағайыннан асып, Жетісу жұртына жайыла бастады ғой... - Иә, әкемнің осы жылдары жазған жырларына назар аударыңызшы: Жақсы қыз майдағы атқан таң секілді, Сарайда жанып тұрған шам секілді. Аршын төс, алма мойын, қолаң шаштың, Көңілінде бір арманы бар секілді. Өзім де сондай қызға құмартамын, Дүниеде оған жалғыз жар секілді. Немесе «Айтыста кездескен екі қызға» деген өлеңінде: Қасың мен қабағыңа қал болайын, Асыңа ішетұғын бал болайын. Қауындай қайсыңа жарылайын, Телқозы екеуіңе жар болайын,- дейді. - Қандай шынайы, қандай көркем жырлар! Осы өлеңдерге қарап отырып-ақ келешек тұлпардың аяқ алысын байқауға болады. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында поэзия өзінің ғасырлар бойғы арнасынан ауытқып, тек идеологияға қызмет етті. Халықты жалаң ұранға құрылған, науқандық шығармалар мезі қылды. Үмбетәлінің жастық шақ жырларынан небары оншақты өлең сақталыпты. Себебі, кеңес үкіметіне оның революцияға дейінгі жазған жырларының қажеті болған жоқ. Осылайша, ақынның он шақты жылдық төгіп айтқан жырлары қағаз бетіне түспей қалды. Бұл бір өзегіңді өртейтін жағдай. Бірақ амал не? Үмбетәлі қырғыз бен қазаққа даңқы қатар шыққан ақын. Қырғыздар 1912 жылы Кіші Кебінде Шәбден ханға ас береді. Асқа Жетісуда тұратын барлық ұлттың өкілдері бас қосып, 2 мың үй тігіледі. «Ақындар қызылды-жасылды шыт матадан шапан киіп алыпты. ... Әнші-ақындардың бәрі де күшті, биік тенормен айтады екен. ...Верный уезінің Ұзынағаш болысынан келген қырғыз-қазақ Өмірзақ (Қарғабаев) өз өлеңін сырнайдың сүйемелдеуімен төксе, атақ-даңқы одан кем түспейтін қарақырғыз ақыны Кенжеғара ырын қияқпен сүйемелдеп тұрды. Амал не, ақындар айтқан өлеңдерді жазып алған ешкім болған жоқ. ...Екі күрес болды – екеуінде де Верный уезінің Шығыс Қастек болысының қырғызы (қазағы) Мақсұтбай Жәкебаев күресіп, екеуінде де жеңіп шықты. Алғашқы жекпе-жекте Михайловск селосының еңгезердей шаруа орысы Подмоговты, екінші күрескенде бір қырғызды жеңді. Жеңісі үшін Мақсұтбайға 80 сом ақша мен төрт жылқы берілді», деп жазады С.Е. Дмитров. Сондай-ақ зерттеуші 38 шақырымдық 172 тұлпар қатысқан ұлы бәйгіде орыстар мен казактардың таза қанды ағылшын жылқыларын қырғыз-қазақтың тұлпарлары шаң қаптырады. Ұзын саны 25 атқа бәйгі белгіленіп, алдыңғы атқа 5 мың сом тігіледі. Сол кезде Қарқара жәрмеңкесінде қойдың құны 83 тиынға бағалануына қарағанда қырғыздардың мырзалығында шек болмағанға ұқсайды. - Бұл асқа әкем де де қатысқан. Әкем айтып отыратын: «Әр үйдің алдына жалау тігіліп, қонақтар түсетін үй күні бұрын белгіленіпті». Өкінішке орай ол жерде айтқан жырлары да сақталған жоқ. - Бір жылдан соң, 1913 жылы Ресей патшалығында Романовтардың таққа отырғанына 300 жылдық мерекесі де келіп жетеді. Мереке Верный қаласында осы күнгі Абай даңғылының бас жағындағы жазықта өтеді. Үмбетәлі ақын өз толғауында мереке өткен жерді Құмдан деп атаған. - Жамбыл: «Үйсін-Найман саңлағы, Өстепкеде жиылдың» деп жырлайды. Бұл жиын ел аузында «Өстепке» деп аталады. «Выстовка» деген орыс сөзінің қазақша баламасы ғой. Жетісу губерниясында, Верный қаласында патша әулетінің мерекесі қалай өткендігі туралы деректерді әкемнің «Өз өмірімнен» атты толғауынан табуға болады. Толғауда уез бастығы Лихановтың Жамбылды соққыға жығуы, оған Сәт болыс пен Тоқаш Бокиннің араша болуы тартымды суреттелген. - Ақын өміріндегі ендігі бір үлкен белес - 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. Қайнайды қазандай боп ашу- ыза, Зіл түсті кәрімізге, жасымызға. Құтылып қанқорлардың қармағынан, Күн бар ма теңдік тиер басымызға, - деп жырлаған екен. - Әкем сол көтерілістің жыршысы болды. Көтеріліс көсемі Бекболаттың қасында жүрді. «Бекболат» поэмасын жазған менің әкем. «Иса Дәукебаев» оның бүркеншік аты. Поэманы автордың өзіне қайтару мәселесі әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Бекболатты дарға асар кезде бүкіл халықты жинап апарған ғой. Осы оқиғаны көзімен көрген әкем: «Шіркін, Бекболат! Өлім аузында кірпігін қақпай, қасқайып қарап тұрды» деп отыратын. - Кезінде бұл мәселені Надежда Лушникова көтерген. Поэманы авторға қайтару ісіне тарихшылар мен әдебиетші ғалымдар атсалып, арнайы ғылыми конфереция ұйымдастыру керек болар. Иса Дәукебаев деген ақын тарихта болған адам ба? Алдымен соны анықтап алу керек. «Секілді бір асау ат келдің байлап, Итше шұбап төрт жүздей солдат айдап. ... Жас баланы бергенше қырылып қал, Құрбандық болмайсың ба ұл қызыңа»,- дейді Бекболат дар алдында. Кезінде кеңес өкіметі 16 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбы, жалпы батырлар жырын жариялауға тиым салған. Отан соғысы жылдарында халықтың рухын көтеру үшін батырлар жыры қайта насихаттала басталды. Үмбетәлінің о баста өз поэмасын бүркеншік атпен жариялауына осы жағдай себеп болса керек. Осы арада, кейінірек 50-60 жылдарда, көзі тірісінде неге өзіне қайтармаған деген заңды сұрақ туады. Меніңше, Үмбетәлінің әдебиеттегі замандастары Мағжан, Сәкен,Илияс, Бейімбеттерді қырып салған кеңес үкіметіне іштей сенімі бомағанға ұқсайды. Бұл жайды балаларына ақырын сыбырлап айтқанмен, поэма туралы ресми мәлімдеме жасамауы сондықтан деген ойдамын. Араға бір жыл салып, Қазан төңкерісі де келіп жетті. Кедей шаруаның қамын жеп келген үкіметті Кәрібай әулеті жатсынбаса керек. - Кеңес үкіметі кезінде Жамбылды, Кененді қалай пайдаланса, әкемді де солай пайдаланды емес пе. Бұл кісіні қолпаштап алып кетеді екен. Апталап-айлап үй көрмей, халыққа үгіт-насихат жүргізеді екен. Себебі, дауысы халыққа жететін адам ғой. - Уақыт шіркін тарих толқынымен сәт сайын алыстап кетіп барады. Әсіресе отызыншы жылдар біз үшін бір жантүгершілік қорқынышты болып елестейді. Алапат аштық, ағайын- туған жазықсыз жазаланып, атылып, айдалып жатыр. Сіз ол жылдары сәби болсаңыз да, көз алдыңызда қалған суреттер бар ма? - Менің есімде қалғаны ол кезде бидайды орақпен орып, баулап, қырманға әкеп тастайтын. Оны балалар атқа мініп бастыратын. Апалар мен әжелер жұмыс істей жүріп, мұңлы бір ән салатын. Сол әндер тіпті, сай сүйегіңді сырқыратып жіберетін. Баяғы «Елім-ай» секілді еді. - Ақын Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаевтармен көп араласқан екен. Оның саяси сауатын ашқан да солар секілді. Кезінде Ленин мен Сталинді бүкіл кеңес ақындары жырлады. Жариялылық жылдары іштерінен тек Жамбылды «сталинист» деген әңгіме шықты. Оның себебі Жамбылдың ақындық қуатында. «Қой сойса да, қасапшы сойсын» демекші, Жамбыл Сталинді елдің бәрінен асыра жырлады. Үмбетәлі де ұстазынан кем қалған жоқ. «Болғанда Сталин – ай, халық – жұлдыз» деп. Теңеуді көрдіңіз бе? Ол кездің ақындары колхоз өмірін, коммунистік партия мен оның көсемдерін, қоғамын, жаңа өмірді, болып жатқан өзгерістерді жырлады. Бұл әдебиеттегі дәстүр еді. Бір ғажабы, сол кездегі саяси тапсырыстан туған Үмбетәлі жырларының көркемдік деңгейі таң қалдырады. Мен сол жылдардағы Кеңес үкіметі жетістіктері мен оның көсемдерін жырлаған қазақ ақындарының шығармаларымен танысып шықтым. Үмбетәлі шығармаларының деңгейі жоғары. «Күлкісінен гүл тігіп, Жұлдыздар тұр жымыңдап», немесе ғарышкер Титовқа арнау өлеңінде: «Ай тұсынан айқай сап, Күн тұсынан күркіреп, Сен самғасаң, жұлдыздар, Жол береді дүркіреп»,- дейді. Сонымен қатар ақынның солақай саясатты сынап айтқан жерлері де аз болмаған. Ол жырлар, әрине, баспа бетін көрмеген. Бірақ ішінара ел аузында сақталып қалған жырлар әлі де болса кездеседі. Оған зейнеткер ұстаз Төлегентай Ақбауовтың аузынан жазылып алынған мына жолдар куә: Кәртөшке болды тамағың, Латынша болды сабағың. Айналайын қазағым, Ашылмады-ау қабағың. - Мен тұрмысқа шыққанда Кеген жақтан келген құдаларға әкем: «Сендерден қалыңмал сұрамаймын. Қалыңмалды кезінде алып қойғам» деп әзілдеп, құдаларына естелік әңгіме айтты. Нарынқол мен Кеген жақта кәмпескеге наразы халық Қытай асып жатқан кезде Ораз Жандосов әкемді қасына ертіп, екеуі бірге екі-үш ай жүріп қайтқан. Барған жерінде Ораз кеңес үкіметінің мақсатын түсіндірген. Ел ақынның жырын зор ықыласпен тыңдаған. Осы сапар тау халқы әкемнің алдына екі жүз жылқы салып берген екен. Ақын жылқыны айдап, ауылға қайтады. Ел шетіне іліккенде халық түгел құлақтанып, олжа сұрайды. Үмбетәлі алдынан шыққан адамның қолын қайтармай, жол-жөнекей малды шетінен үлестіріп, ақыр соңы түгел таратып, үйіне жалғыз биемен келіпті. - Шынында да бұл тек ақынның ғана қолынан келетін ерлік екен. Әкеңізбен араласып жүрсе, сізге Ораз Жандосовты көру бақыты бұйырды ма? - Мен 4-5 жасымда Оразды көрдім. Қалада екені, далада екені есімде жоқ, әкем әйтеуір бір шатырлы үйге ертіп барды. Әйелі өңді кісі екен, зыр жүгіріп қызмет етті. «1 май» комбинатында жұмыс істейтін ерлі-зайыпты көршілері бізбен бірге болды. Әкеме өлең айтқызды. Ораз сондай сұсты, сұңғақ бойлы, келісті адам ретінде есімде қалыпты. Маған сол кезде қалада қызмет істеген адамдар ауылдағы адамдардан өзгеше боп, басқа әлемнен келгендей боп көрінетін. Әкем кейін: «Жандосов шақырып, үйіне бардым. Тамақ үстінде, «Үмбеке, маған да тықыр таянды» - деді. Содан көп кешікпей ұстап әкетті» деп отыратын - Отызыншы жылдары ел адамдарының істі болмағаны жоқ шығар. Мирзоян кезінде ай сайын, жыл сайын қанша адамды ұстап, ату мәселесі жөнінде НКВД -ға жоспар бекітіп берген екен. Чекистер адам санын толтыра алмай қиналып, көбінесе ақын-жазушылардың шығармаларынан ілік іздеген. Әкеңізге түрмеге отырғанда қандай айып тағылды? - «Ескілікті жырлады. Байларды мақтаған өлеңдер айтты» деп, үстінен арыз ұйымдастырылған екен. Жамбыл колхозының бастығы Тұраптың үйінде өлең айтып отырған жерінде қолына кісен салады. Содан екі ай түрмеде отырады. «Жамбыл түрмеге іздеп барып, басшылардың есігін тоздырып жүріп құтқарып алыпты» деген әңгіме бар. - Ақынның аты аталғанда «Жамбылдың шәкірті», «Қаражорға» деген екі сөз бір медальдің екі жағындай боп қатар жүреді. Мәскеуге декадаға барған Қазақстан делегацияның ішінде «Үмбетәлі де тізімде болған» деген әр саққа жүгірген әңгіме бар... - Жамбыл атаның жанында Мәсеуге баратын өнерпаздарды арнайы комиссия іріктеген. Біздің ауылда алдымен Кенен өтіпті. Кезек әкеме келеді. Комиссия мүшелерінің алдында үстелдің белі қайысқан тамақ қойылған екен. Ішінде арақ-шарап, колбасаны көзі шалған әкем жырдың аяғын: «Қазы мен қарта жеген қайран қазақ, Арақ пен колбасаға қарық болдың», - деп аяқтаған екен. Тілмаштар орыстарға дем арада аударып үлгереді. Комисся мүшелеріне жырдың қорытындысы ұнамайды. Ораз әкемді сыртқа алып шығып, «Тез қараңды батыр, әйтпесе мыналар сені оңдырмайды» деген екен. Сөйтіп әкем Мәскеу тұрмақ өз басын әрең алып шығады. - Жамбылды көрген боларсыз - Жамбылды 1943 жылы көрдім. Ол кезде колхоздың бастығы Нұрпейісов деген кісі болды. Ауылда ер азамат аз. Бәрі майданда жүр. Әкем ауылдағы қартаң тартқан адамдар мен әйел-бала-шағаның көңілін бір көтерейін деп, Жамбылды қонаққа шақырады. Жоқшылық заман. Жамбыл ата келгенде ыдыс-аяқты бүкіл ауылдан жинадық. Ауыл халқы Жамбылды көруге қаумалап алды. Жамбыл: «Қарақтарым, сендердің көңілдеріңді көтеріп, өлең айтып беруге жағдайым келмей отыр.Өлеңді менің орныма Үмбетәлі айтады. Менің да Алғадайым соғысқа кетті. Менің де ішім шерлі. Еңселеріңді түсірмеңдер. Бәрібір біздің халқымыз жеңеді. Айналайын келін-кепшік, сендердің күйеулерің, айналайын шал-кемпір замандастарым, сендердің балаларың әлі-ақ оралады. Алладан соны тілейік» деген еді. Жамбыл бір күн қонып аттанды. Менің есімде қалғаны ол кісі жалғыз келді. Жанында хатшылары болған жоқ. Осы жылы қыста Жамбыл ауылы қырғыздан астық тасығанда колхоз бастығы Тұрап, Жамбылдың кенже баласы Тезекбай, әкем, Жартыбай мен Әбдіғали ақындар бесеуі жанына өгіз айдаған 20 жігіт ертіп, Қастек асуы арқылы қарды ашып, барған екен. Сонда әкем мінген қызыл ат – баяғы 200 жылқыдан қалған жалғыз биеден қалған тұқым болатын. Атқа теңдеп әкелген бидайды ауылдағы біраз апаларды жиып алып, шынылап бөліп берген еді. - Ақынның суырып салып жыр төгіп отырғандағы кейпін көз алдыңызға елестете аласыз ба? - Әкем бірден төгіліп кетпейтін. Домбырасының күйі келегенде барып бастайтын. Алдымен өзінің айналасында отырған адамдардың бәрінің аттарын сұрап алатын. Жиналған әр адамның түріне қарап отырып, олардың мінез-құлықына баға беріп, әр қайсысын суреттеп, аттарын қосып жырлайтын еді жарықтық. Әбден арқаланып алған соң, ол кісіні тоқтату мүмкін емес еді. Ол кісінің алғаш бастауы қиын, бастаған соң тоқтату қиын болатын. «Осынша дүние қай жерінен шығып жатыр» деп таң қалатын едік. Өзі қаршығадай, арық қарасұр кісі еді. Жырлап отырғанда екі көзі жұмылып, байыз таппай жылжи беретін. Домбыра тарта бергеннен тырнағының үсті шор болып өсіп кеткен. Домбырасы кішкене болатын. Айнасы бар, әшекейлі домбыра еді. Сол домбырамен көбінесе «Япурайды» ыңылдап отыратын. Қиялға берілетін. Өзі кеткен соң, домбырасы жоғалып кетті. Арапша өз қолымен жазған қара дәптерлері де жоқ болды. - Үмбетәлі Нұриламен айтысқанда Нұрила: «Қарындасың Алтынайды өз теңіне қоспай, жасы үлкен адамға бердің» деген айып тағып, ақыры Үмбетәлі жеңіледі. Сол Алтынайдың күйеу баласы Шәйке қария: «Үмбетәлі біреуге өлең арнағанда басынан башпайына дейін жырлайтын. Сол қасиетіне әлі күнге таң қалам. Қазір ондай ақын жоқ» деген еді. - Иә, Шәйке биыл 90 жасқа келді. Араласып тұрамыз. Бір күні қаладан Кировтегі әкемнің үйіне келіп қондық. Жолдасым Сейілбай таңғы сағат 4-те оянып кетіп, далаға шығады. Қайтып кіргенде әкем жатқан төргі үйде күбірлеген дауыс шығады. Беймезгіл уақытта бұл не қылған дауыс деп ақырын есікті ашып қараса, әкем төсегінің үстінде екі көзін тарс жұмып алып, күбір-күбір өлеңді төгіп отырады. Сейілбай өз көзіне өзі сенбей тұрып қалады. Әкемнің иығында лашынға ұқсас құс қонып отыр екен. Сонда Сейілбай: «Аға, не болды?» – деп дуыстап қалады. Әкем бейне бір ұйқысынан оянып кеткендей селк етіп, есін жияды да төсегіне жата кетеді. Бұл жағдайды ертеңіне «әкеме айттың ба» деп сұрамадым. Себебі, суырып салып өлең айтып отырғанда әлдеқандай бір ғажайып күйге енетінін, бір тылсым күштің барын сезетінмін. - Жамбыл ауданы Алматының іргесінде ғой. Қаладан ақын-жазушылар келіп-кетіп тұрған болар? - Қай жылы екені есімде жоқ. Ол кезде біз ескі үйде отыратын едік. Қалижан Бекхожин келді. Ол кісі үйде екі ай жатты. Сүйінбай мен Қатағанның айтысын, Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысын, қысқасы әкем білетін Жамбылдың бүкіл жырын жазып алды. - Ол кісі соғыстан кейін іле-шала келген болу керек. Себебі 1946 жылы Жамбылдың академиялық жинағы жарық керді. Жамбыл жырларын Үмбетәліден артық білетін адам жоқ десе де болады. - Әсіресе, Сүйінбай туралы, оның жырларын да көп білетін еді. Шіркін-ай, ешкім жазып алмады. Сұраншы, Саурық батырлар жайында өте көп білетін. Олардың тарихын өлең етіп, жыр қылып айтып отыратын. Қаладан келіп жазып алып кетіп еді. Бірақ баспа бетін көрмеді. Қырық тоғызыншы жылы арық, сұңғақ бойлы, ақ кастюм- шалбар киген жігіт екі көзі алақ-жұлақ етіп кіріп келді де, әкемнің домбырасын ала салып, тартып-тартып жіберіп: «Мына домбыраның иесі қайда» деді. Әкем үйде жоқ еді. «Мына кісі басқа дүниеден келген кісі ғой» деп ойлап қоямын. Әлгі кісі Нұрғиса Тілендиев екен. Арқасы бар адам өзіне-өзі сыймай жүрген кезі екен ғой. Сәбит Мұқанов бала-шағасымен келіп қонақ болды. Есіктің алдындағы жаңа үйде едік. Қой сойып қарсы алдық. Сәбит: «Үмбеке, біз сенің өлеңіңді тыңдағалы келдік. Домбыраңды қолыңа ал. Көрсеткен құрметіңе, дәм-тұзыңа рахмет» деген сөзі есімде. Әкемнің ылғи аузы ойылып жүретін. Соған базардағы ұйғырлардан ашудас алып беретінмін. Аузының ойылғаны жазылайын деп қалғанда бір күні біздің үйге Сағынғали Сейітов келді. Әкем Кировте. Біз Ұзынағаштамыз. Сейілбай барып әкемді алып келді. Кешкі сағат алтыдан бастап түнгі екіге дейін жазды. Ана кісі сұрайды. Әкем айтады. Өлең айтатын мұршасы жоқ. Домбырасыз тақпақтап айтып отырды. Ертесінде әкемнің тілі аузына сыймай қалды. - Жамбылдың көзін көрген Мінтай Бектібаева құрбыңыз сол кездегі ақындар туралы былай деген еді: «Олар келердің алдында есік алдына алдымен су сеуіп, ауланы сыпыратынбыз. Сыпырылған жерге алдымен ши төселетін. Шидің үстіне текемет, оның үстіне көрпе жайып, жастық тастайтын едік. Ақындар жастыққа жантая кетіп, бір-бірімен әңгімеге кірісіп, өзара айтысатын. Жан-жақтан халық жиналып, оларды қаумалап алатын. Далада жел соғып тұратын. Самауыр қайнап тұратын. Қой сойылатын. Біреулер қуырдақ қуырып, біреулер ет асып жататын. Ол кезде әртіс жоқ. Елдің баратын жері жоқ. Халықтың өнерге деген сұранысын ақындар атқаратын. Ақындар жыр төккен сайын халық дем беріп, «Ал, Жәке, әруақ! Қарасай бабамның әруағы қолда!» деп қолдап-қолпаштап отыратын. Жамбылмен бірге сол кезде Өтеп, Үмбетәлі, Жартыбай ақындар келетін. Үмбетәлі әкеміз ат арбамен өзінің ауылдастарын базарға алып келетін еді. Қайтарда ала кететін. Жартыбай ақын сол кезде 60 -тан асып қалған еді. Бөрікпен жүретін. Шапанын күміс белбеумен буынып, ішіне домбыра байлап жүретін. Өңді адам еді, өлеңді төгіп айтатын. Үмбетәлі әкем өте пысық еді. Өзі көселеу, сирек мұрты болатын. Өлеңді төгіп-төгіп айтатын. Ол кісінің тіпті аузының өзі өлең айтуға ыңғайлы болатын. Мінезі тік еді. Өтеп ақынның бойы биік, үстінде қоңыр кастюм-шалбар, дөңгелек қалпақпен жүретін. Өтеп те, Жартыбай да жақсы айтатын. Жамбыл ата сол кезде тоқсанның мол ішінде еді ғой. Солардың ішінде ең тәуір киінетін Жартыбай атам еді. Әдемісі де сол кісі еді. Әттең Жартыбай мен Өмірзақ, Өтеп ақындардың аты аталмай кетті». Ақынның жүріс-тұрысы туралы айтсаңыз: - 1938 жылы атпен есіктің алдына келіп тұрғаны есімде қалыпты. Алашаның жіңішке жібінен тоқылған шапан екен. Сондай керемет. Аса көп киімі болмайтын. Бір кигенге сәнді киінуге тырысатын. Қасқыр ішік, түлкі тымақ киетін. Құдасы берген барыс терісінен ішік тіккізіп киіп еді. «Үмбет едім, жүрген -тұрған жеріме міндет едім» демекші, малшылар слетке шақыратын. Жақын жерлердегі ауылдарға қызыл атпен апарып тастайтынмын. Мені атпен кері қайтаратын. Өзі біраз күн жүріп қайтатын. Екіжүзділікке, өтірікке жаны қас еді. - Ұстазы Жамбылға үкімет үй салып берді, алдына мал салды, астына темір тұлпар мінгізді. Үмбетәлі ақын үкіметтен тіршілігінде қандай көмек көрді? - Немере бауыры Құсайынның Бүбіш деген әкпесі болған. Алматының төріндегі Чапай колхозында тұратын. Өздері жылқы бағатын, бие сауатын. Сол үйге қымыз ішуге Бөлебай Исабеков деген кісі жиі келеді екен. Өзі жоғары жақта қызмет істейтін. Қостанайлық кісі еді. Әйелі татар болатын. Диета сақтайтын адам. Ол менің әкемді Бүбіштің үйінен көреді. Әкем өлең айтады. Танысады. Сөйтіп біздің үйге қонаққа келеді. Тұрмысымызды, үйді көріп: «мынандай адамды мұндай жағдайда қалай ұстап отырсыңдар» деп, көңілі толмай , «Бұлай болмайды» деп, біраз уақыт өткен соң бірнеше мәшине ағаш, кірпіш түсіріліп, бас аяғы бес -алты айдың ішінде үй тұрғызылды. Бұл қырық жеті, қырық сегізінші жылдар еді. Сол үй мұражай ауласында әлі тұр. - Үмбетәлі шығармаларының зерттелу барысының да куәсі өзіңізсіз. - Ғалымдар жазған бірді-екілі шолу мақала болмаса, әкемнің шығармашылығы әлі күнге дейін жүйелі зерттелген жоқ. Шынын айтқанда, әкемнің атын бүгінгі буын ұрпаққа жеткізуге ең көп еңбек сіңірген адам – менің жолдасым, профессор Сейілбай Мұсабеков. Сейілбайды әкем де, шешем де туған баласындай жақсы көріп кетті. Ол айналасындағы елге қамқор еді. Әкем қайтыс болғанда тұрған үйін мұражайға айналдырып, үкімет орындарына мұражай салу жөнінде бастама көтерген де Сейілбек. Кейін оны топырағың торқа болғыр Өзбекәлі Жәнібеков жүзеге асырып, Надежда Лушникованы салынуға тиісті мұражайдың директоры етіп қойды. Надежда шапқылап көп еңбек сіңірді. Өзбекәлі екеуі мұражайдың әр кірпішін өз қолдарымен қалады десе де болады. Шығармаларының жиналуына мұрындық болып, сексенінші жылдары баспаға апарған да Сейілбай. Ал ғалымдардың ішінде әкемнің шығармашылығына ептеп көңіл бөлген адам Нысанбек Төреқұлов. Жазушы Нағашыбек Қапалбеков кейінгі екі томдығын шығарды. Өлеңдеріңізді қалаға, баспаға апарып шығарайық десек, «Керегі жоқ. Олар ана жерін, мына жерін өзгерт деп мазамды алады. Егер менің жырларым керек болса, өздері іздеп тауып алады» дейтін. - Әдебиетке соғыстан кейінгі келген буын ақын шығармаларын баспа бетіне жариялауға онша ықыласты болмаған секілді. Оны ақынның кезінде жазған арнау-наз өлеңдерінен байқаймыз. Жұмабайға (Шаяхметовке) ...Өмір сүр, өркендей бер армай-ашпай, Қатыр да дұшпаныңды қара тастай. Каз ОГИЗ қырық жетінші жылдан бері, Сырғытып өлеңімді отыр баспай. Білмеппін Жанғалиннің нән екекенін, Көңілі өрде, көтеріңкі жан екенін. Келеді әрі итеріп, бері жығып, Білмеймін не жазығым бар екенін. Жазығым болса көзге айту керек, Болмаса бұл пікірден қайту керек. «Жіңішке түйе жолы» дегендейін, Отырмын жазғанымнан білмей дерек. Барыпты аз өлеңім Ахтановқа, Басар деп жүре бердім мақтанып та. Ішінде шкабының ешкім сезбей, Жатыпты баспақ тұрмақ сақталып та. ... Адымымды әудем жерге бір аштырмай, Боп келем аяқасты тапталып та... Жұмабай Шаяхметов 1946-1954 жылдары Қазақстан Орталық комитеттің бірінші хатшысы болды. Ақын басынан кешкен оқиғалар жырда баяндалып тұр. Оған алып қосар ештеңе жоқ. Асқар Лекеровке Атаусыз қалған сөзде арман жоқ па, Жүрмісің шығарғалы барды жоққа. Жарыққа жазасы не шықпайтұғын, Жатуы жаны тыныш қанған жоқ па. Суық сөз біреу бар ма сұғып тұрған, Тәлімсіп, таса жерде бұғып тұрған. Шырмалып ту салғандай шыр айналып, Бар ма екен бір шиқаны шығып тұрған. Айтыңыз басылмаудың себебі не, Жетпеп пе, жатып, пісіп кемеліне. Жаратып, оқып көріп алып едің, Қарама, шындыққа көш, беделіме. Бір белдің біз жатырмыз тасасында, Жауапты сұрағанда ашасың да. «Шаршады, шалдық жетті» дегенің бе, Жеткенде басым жерге басасың ба. Асқар Лекеров 1954 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасында (қазіргі «Жазушы») редактор қызметін атқарған. Кеңес кезінде ақын-жазушы қаламақымен күн көрген заман болды. Әдеби басылым басшыларының абырой беделі зор еді. Жазғаның жарыққа шығу үшін алдымен солардың көңілін табу керек болатын. Жасыратыны жоқ әдебиетте рушылдық, жершілдік деген нәрсе күні бүгінге дейін бар. Халқымыз ат үстінде күн көрген кезде қалыптасқан Үмбетәлі ақынға 50-60 жылдардағы буынның ішкі сырын түсіну қиын еді. Ініме сәлем (Қонаевқа арнау) ...Есікте қорғаушы жүр, кіргізбейді, Рұқсатсыз жалғыз қадам жүргізбейді. Айтқалы мұң-мұқтажын барған адам, Інішек, сізді іздемей кімді іздейді. Жақсының алды базар кең дейтұғын, Аумайтын үзеңгісі тең дейтұғын. Жетпісте жетім қыздың тойын істеп, Айналып екі жетпіс келмейтұғын. Көп жаса, өміріңе тілектеспін, Деген бар «тірі еткенді құр етпеспін» Қалғам жоқ қартайғанша қатарымнан, Халықпен мен де өзіңдей жүректеспін,-дейді. Ақынның 1959 жылы жетпіс жылдығы «жетім қыздың тойы» деген сөзіне қарағанда өз деңгейінде аталып өтпегенге ұқсайды. Бір жылдан кейін Орталық комитеттің бірінші хатшысы болып Қонаев тағайындалады. Мұң-мұқтажын айтпақ болған ақын оның да қабылдауына кіре алмайды. Бұл өлеңдер 60 жыл жарыққа шықпай әбден сары жамбас болып жатып қалған. «Шамның жарығы түбіне түспейді» демекші, Жамбыл төңірегіндегі Өмірзақ, Өтеп, Жартыбай ақындар да дер кезінде насихатталмай, нәтижесінде бүгінгі буын ұрпаққа белгісіз күйде қалды. Мұндай құбылыс тек Жамбыл ауылында ғана емес, еліміздің барлық аймақтарында кездеседі. Бұл жағдай сол кезде әдебиеттің тұтқасын ұстаған ат төбелеліндей топтың көзқарасы, бір жағынан мемлекеттік саясат және іздеуші-сұраушысы жоқтығы секілді себептерге байланысты болды. Қазақ өлеңінің қаражорғасы атанған ақынға өткен ғасырдың сексенінші жылдарда ат үстінде жүрген азаматтар ішінде оң көзімен қарап, мұражайын тұрғызған қазақтың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібековтың рухына бас иеміз. Қайткенмен де, тарихи тұлғалар мен оның ішінде өнер адамдарының шығармашылығы мен өмір тағдырын әр буын өз заманының көзқарасымен қарап, сол заманның талабына сай бағалайды. Жалпы ақынның өлеңнен басқа сүйіп айланысқан кәсібі болды ма? - Әкеміз көшпелі заманда туып өсті. Елмен бірге отырықшылыққа бейімделді. Ораз Жандосов секілді мәдениетті адамдармен араласып, біраз нәрсе көрген секілді. Соны ауылға әкеп жалғастырды деген ойдамын. Өзі тұрған үйдің аулысына алма, өрік ағаштарын отырғызды. Ол кездегі апорт алмаларды айтсаңшы! Шәугімдей болатын. Жеміс ағаштардың арасы сыңсығын құлпынай, таңқурай еді. Соның бәрін өзі баптап күтетін. Апта сайын жан-жақтан жиналатынбыз. Алманы өзі аршып, бала-шағаға бөліп беріп отыратын. Ата-бабасы мың жыл ат үстінде өткен көшпендінің баласы осылай отырықшы тұрмысқа көнді. Қазір сол жеміс ағаштарын отырғызып, баптап күтуге халықтың зауқы жоқ па, жоқ әлде қолдары тимей ме, ауа райы өзгерді ме, ол арасын білмедім. - Сексеннің сеңгіріне шықтыңыз. Өткен өміріңізге қарап тұрып, «әттеген-ай» деп өкініште қалған жеріңіз бар ма? - Бала кезімде КазГУ- ге түсіп, филолог болуды армандағанмын. Мектепте жүргенде ептеп өлең, мақала жаза бастаған едім. Құрбымның ағасы тарих пәнінен сабақ беретін. Сол кісі біздерге былай деді: «Математика сендердің өмірлік нандарың. Жатын орындарың бар. ЖенПИ- дің математикасына барыңдар». Сонымен бұйрық болып, ЖенПИдің физматына түстім. Бір өкінішім «егер тіл- әдебиеттің маманы болып, ғылым жолына түссем, әкемнің мұрасын жинастырып, зерттеп, қадағалаған болар едім» - деп ойлаймын.Нұрлан ӘБДІБЕК,
«Қазақ үні» газеті
www.qazaquni.kz