ТАРИХИ ШЫНДЫҚҚА СӘЙКЕССІЗДІК Сегіз Серінің дастандарына сенімсіздік тудырады

13
6476

Сегиз

Мен бұл орайда «Сегіз сері жазған» делініп жүрген «Орал тау», «Қыз сипаты», «Қашқын келбеті» деп аталатын үш дастанның тарихи шындығы жөнінде сөз қозғамақпын.

Әдебиет, тарих, өнер зерттеушілері толық  мойындап, басшылыққа алатын бір шындық – кез келген шығарманың бойынан табылуға тиісті үш тағанның қабысуы. Олар – мезгіл, мекен және оқиға бірлігі. Қандай туынды болмасын, осы үш таған тұтасып тұрмаса, оған шикі, жетімсіз, жөнсіз деп баға берілетіні ежелден қалыптасқан талап. Егер осының, тым құрығанда, біреуі кем түссе, шығарма көздеген мақсатына жете алмайды.

Осы орайда Сегіз серінің аталған дастандарының үшеуінде де оқиғалардың өткен уақыты байқалмайды. Оларды түсініп, айыру үшін оқырман алдын ала даярлықпен, сол баяндалатын оқиғалар жайында күні бұрын естіп-білген дерекпен келуі керек. Мұндай дерегі жоқ адам баяндалған жайлардың түбіне тереңдеп бара алмайды

Сол себепті де мен осы дастандарды әлденеше мәрте, мысалы он жылдың айналасында қайта-қайта оқи отырып, ақын әрі әдебиет зерттеушісі болғандықтан олардың шындыққа сәйкессіздігіне көзімді жеткіздім. Осыған зерделі оқырманның да көзін жеткізу үшін алдымен тарихи, содан соң әдеби дәйектерді алға тартуды ұйғардым.

ТАИХИ ДӘЙЕК

Сегіз сері шығармашылығын зерттеушілердің арасында мұрағат деректеріне, зерделі тарихшылардың зерттеулеріне, арнайы ғылыми анықтамалықтарға  сүйенбестен, кейбір фольклор жинаушылардың ауызекі айтқандарына табан тіреп, еңбектер жазып, жұртшылықты жаңылдырып жүргендер бар. Осы аталған дастандарды оқи келіп, олардағы оқиғалардың үстірттігін, жасандылығын аңғарғанымды айтуды ұйғардым. Алдымен Сегіздің «Қашқын келбеті» дастанын талдайын. Бұл шығармада ақын өзінің Омбының медресесін қай жылы бітіріп, қашқындық жолға қашан түскенін жазбайды. Алдымен, осының өзі күмән келтіреді. Демек, мезгіл жағынан ақсап тұр. Мұны айыру үшін Омбының мұрағатындағы деректерді табу мақсатымен осы қаланың салынуы, Қазақ даласын басқарудағы генерал-губернаторлық басқарманың мұнда орналасуы, Сегіздің кадет корпусында оқуы жайында деректерді анықтауыма тура келді. Осы ретте Сегіздің кадет корпусында оқымағанына көзім жетті.

Бірінші дәйегім, Шоқан Уәлихановтың, осы орайда оның әкесі Шыңғыстың өмірі мен шығармашылығын түбегейлі зерттеген академик Әлкей Марғұланның, одан соң Шоқан туралы трагедия жазған Сәбит   Мұқановтың анықтамаларында Сегіз сері – Мұхаммед-Қанапия Шақшақовтың кадет корпусында білім алғанының баяндалмауы. Мұндай бірде бір дерек ешқайда жоқ. Екінші дәйегім, қазақтың ең қабырғалы билерінің бірегейі Шорманның ұлы, Шыңғыстың туған балдызы Мұсаның (1819-1885) жазбаларында Сегіз сері есімі кездессе, Ә.Марғұлан оны назардан тыс қалдырмас еді. Өйткені, Мұса Шорманов – осы кадет корпусының түлегі, 1832 жылы Сібір казак әскери училищесінде (бұл училище Омбының генерал-губернаторы кінәз Петр Горчаковтың ұсынысымен 1846 жылы «Кадет корпусы» деп аталғаны Омбы тарихын тиянақты жазған зерттеуші Иван Словцовтың (1844-1907) 1880 жылы жазылып, 2000 жылы  қайтадан  басылған   «Материалы   по  истории  и   статистике   Омска»   деген  екі  томдық  энциклопедиясында  жазылған)  оқып,  офицер   атағын  алып  шыққан. Сегіз   серіден  бір  жас  қана   кіші   Мұса  төре онымен   бірге   оқыған   болса, бір  дерек   қалдырмауы  мүмкін   емес  қой. Шыңғыстың  өзі  де   бұл  әскери  училищені   1834 жылы, жиырма  үш   жасында    тамамдағаны анық. Сегіз  серінің  бұлардың   көзіне  түспегені  қалай?  Анығында,   Сегіз   бұл   училищеге  алынбаған. Себебі,   оған    хан, төре, сұлтан   тұқымынан  шыққандар, аға  сұлтандардың   балалары  және   айрықша   құрмет  ретінде   Шорман  сияқты   ең  беделді  билердің  әулетінен   тарағандар  ғана  іріктеліп  қабылданған. Осы  ретте   мұндай  әскери   училищелерде  оқыған   қазақтар  саусақпен  санарлық   қана. Мысалы,  Шыңғыс, Шоқан,  Абайдың  інісі   Қалиолла,  баласы  Әбдірахман    ( Құнанбай  аға  сұлтан   болғандықтан), Орынбордың   кадет   корпусында   сұлтан  Ахмет  Жантөриннің   баласы   әскери  білім   алғаны  белгілі. Бірінші,  Николай   және сыртқы   істер министрі  граф  Нессельроде   бұратана  халықтың   балаларының  әскери  білім  алуына  аса  ықыласты  болмаған,  түбінде   өзімізге   қарсы  шығуы  мүмкін  деген   пиғылды  ұстанған.

Сегіз  сері   өмірбаянын  анықтамақ  болған  кейбір   зерттеушілер   кадет   корпусын  өрт  шалғанда   ондағы   осы  оқу  орнының  мұрағаты   өртеніп  кеткен   екен, сонымен  бірге  Омбының   мемлекеттік   мұрағаты  1840  жылғы   мамыр  айында  болған   тасқында  су  астында  қалыпты  деп  жүр. Жалған!  2003  жылы   Сегіз  серінің   екі  томдық     таңдамалысы   шығып,  марқұм  Қосыл  Омаров   түбегейлі   зерттеместен,  байыбына  бармастан, Қаратай  Биғожин  сияқты  ел  аузынан  жинаушылардың   сөзіне  ғана  сеніп,   «  … сол  жылдардың   құжаттары   1840  жылы   екі  бірдей  апаттан  аман   қалмаған. Бірінде      қалың    өртке  ұшыраса,  екінші  жолы   су  тасқыны   көптеген   архив   бумаларын  құртып  жіберген  (  «Сегіз  сері. Таңдамалы  шығармалары». Петропавл. 2003 ж. 5-ші  бет)   деп  жазды.

Ал  мен  жоғарыда  атап  кеткен  зерттеуші  И. Словцовтың   энциклопедиясында  бұған  керісінше  айғақтар  алдымыздан  шығады. Өрт   1839     жылы  болып,  тастан  қаланған  кадет  корпусы  емес, оның   жанындағы   бөренеден  салынған   шұға  фабрикасы  жанып  кеткен. Ал,   1840   жылғы  мамырда   Ертіс  және  Омбы  өзендерінің    тасуынан   Ойқаладағы     форштадтар ( бекіністер.З.Ә.)  және  одан  арғы  тұрғын  үйлер  зардап  шеккен   ( И. Словцов. «Хроника  Омска». 1880 ж.). 1824   жылы   Омбының   генерал-губернаторы  болған    Петр  Михайлович    Капцевич  асқан  көрегендік  танытып,  қатарына  мұрағат  та  кіретін  маңызды  мемлекеттік  мекемелерді   Дөңқалаға  салдырғаны  осы    энциклопедияда  баяндалады.  Және   де     кадет  корпусы  мен  мұрағат  жоғарыда  аталған   табиғи  апаттарға  тап    болса,   Иван  Словцов   1880  жылғы   энциклопедиясына,  Әлкей  Марғұлан  мен  Сәбит   Мұқанов      тарихи  жазбаларына   деректерді   қайдан  алар  еді?!

Сегіз   серінің    әскери  училищеге   алынбауының  тағы  бір  астары   –  оның  атасы   Шақшақ  бидің   орыс   империясына   қарсы  Марал  ишан  бастаған  көтерілісті   қолдауы,  қатысуы, ат-түйемен  жабдықтауы,  оның  жасақтарын   азық-түлікпен   қамтамасыз  етуі. Оның  бұл  әрекеттерінің  бәрі   империя   басшыларына   белгілі   болған.

Сегіз  серінің   оқыған  оқу   орны  – 1826   жылы  ашылған     Азия  діни  мектебі. Былайша  айтқанда,  медресе. Оны   сері:

   Омбыда  медресені  тамам    еттім,

  Өзімді   өнерпаздық  жолға  қамдап»,-  деп   жазған   ( Таңдамалы. 21-ші  бет).

Азия   мектебін   ұстап   тұру    қазынаға  ауыртпалық  түсіргендіктен  оны   1813   жылы  ашылған,  жоғарыда   аталып  өткен  әскери  училищеге   қаржылық  жағынан  қосу  мәселесі  1828   жылы   қозғалғанымен,  ол   1834  жылы   ғана   түпкілікті   шешілген. Сөйтіп,  Азия  медресесі   әскери  училищенің  жанындағы    діни  оқу  орны  болып  қана  келген. Сондықтан  оның  түлектеріне  әскери   атақ, шен, демек   әскери  білім  берілмеген. Және  де  Сегіз  сері    1834  жылы   онда  оқымаған.

«Қашқын  келбеті»   дастанындағы   оқиғалар  тізбегі  генерал-губернатор   Петр   Горчаковтың      генерал-губернаторлық  қызметі  Сегіз   сері   оқыған  1828-1833   жылдарға   сәйкес  келмейді. П. Горчаковтың   генерал-губернаторлығы   1836-1838  жылдар  аралығы   (М. Морозов.  «Петропавловск   в  дореволюционных   литературных   исчточниках».  Ленинград. 1991  ж. 106-шы  бет). Сегіз  сері  тұсында    бұл  қызметті   генерал-лейтенант    Николай  Семенович  Сулима  атқарғаны   тарихи  деректерде  айдан  анық  дәйектелген. «Қашқын  келбетінде»   Сегізді   Сулима   емес,  Горчаков   қудалаған  болып  шығады. Жалған!  Олай  дейтінім,  П. Горчаковтың  атағы  мен  есімі   Кенесары  Қасымовтың   1837-1847    жылдардағы  ұлт-азаттық  көтерлісіне  байланысты  қазақ  арасында  кеңінен  тараған.   Н. Сулиманы  білмейтін   біреулердің  ел  ішіне   атағы   көп   тараған   П. Горчаковтың  есімін    ауызға  алып,  жалған  әңгіме  таратқаны    белгілі.

 Жазықсыз  мен   ғаріпті   қуғындаған,

Көрмедім   Горчаковтай  қас-наданды ,-  делінеді   дастанда. Шындық  емес!

Анығының  астары  мынада:  сол  жылдары   облыстық   «Қазақ  тілі»  қоғамын  басқарған  Қ. Омаров  жазған  алғысөзде   « Горчаковке»,  «Патша  әкімдеріне»,  «Қыз  сипаты»,  т.б. шығармаларында, дастандарында   губернатор  қудалады  дегені  шындық. Өйткені,  Петр  Дмитриевич  Горчаков   1836   қаңтар  айында    Батыс-Сібір  генерал  губернаторы  болып   тағайындалған.1837   жылы   губернияның  орталығын  Омбы  қаласына   көшірген»   (  Таңдамалы. Бірінші   том. 5-ші  бет)  деген  дәйектеме  бар.

Ал   И.  Словцов   өзінің  энциклопедиясында  Бірінші  Николай  патшаның   жарлығымен   1838   жылғы    25   қарашада  Батыс  Сібірдің  бас  басқармасы   Түмен  облысының   Тобольск  қаласынан   Омбыға    көшірілгенін    «Хрониканың»  30-шы  бетінде  тайға  таңба  басқандай    жазған.  Кінәз   П. Горчаков  патша  жарлығы шықпай  тұрып,  бір  жыл  бұрын  бас  басқарманы   Тобольскіден   Омбыға  көшіріп  алған  ба?  Бұл  мүмкін  емес  қой.

Осы  сәйкессіздікті   аңғарғаны  болар,   серінің   «Таңдамалысын»  шығарушылар       «Ескерту:  Сегіз  сері  шығармаларында   есімі  аталған    Батыс  Сібір  генерал-губернаторы  болған   Петр  Дмитриевич  Горчаков  емес,  сол  уақытта   жазалау  отрядының  бастығы,  городовой  комендант  болған  басқа  Горчаков»   (  Таңдамалы. Екінші  том.  264-ші  бет)  деп,  кейін   қосымша  анықтама     жазады.  Міне  қайда?!  Өздерін  өздері  жоққа  шығарып  отыр  ғой.  Бір  кітаптың  ішіндегі  біріне-бірі   қиғаш    екі   дәйектемені  қалай  түсінеміз?!

Ал,  анығында    1838  жылғы  25  қарашада   Омбыға   Тобольскіден   алдымен   көшірілген  мекемелердің   басы  –   полиция   қызметі. Оны  басқарған  комендант     Горчаков  емес,   полковник  Ладыженский (  И.  Словцов.  Хроника.  36-шы  бет). Бұған  дейін    Омбыда   ірі   деңгейде    полиция   қызметі   болмай,  ол   Бас   басқарма   Тобольскіден  көшірілгеннен   кейін   ғана,  1839  жылғы  27  қаңтарда   ашылған.

2003  жылғы    «Таңдамалыны»   шығарғандар  бір  қайшылықтан  екіншісіне  ұрынады. Сегіз  серіні   П. Горчаковтың  қудалауына  ұшырап,  Омбыдан   қашып  кеткен  дей   отырып, «Орал  тау»  дастанына    берілген   түсініктемеде   басқаша жазады. «1834-1835   жылдардың   астасқан  қысын  Қап   тауының   (  Кавказдың)  солтүстігінде  өткізген   Сегіз  сері  1835  қой  жылы   наурыз  айында   Еділ   өзенінің  сеңі  бұзылмай  тұрып  Еділден  өтіп, өз  тобын  бастап, Еділ-Жайық   өзендері  аралығындағы   қазақ  ауылдарына   оралғанымен,  онда  көп  аялдауға  реті  келмеген»   (  Таңдамалы. 2003  ж. 320-шы  бет). Осы  жерде  мынадай  заңды  сұрақ  қоюға  болады. Онда  «көп аялдауға  реті  келмесе»,  ол   1835- 1837   жылдардағы    Исатай-Махамбет   көтерілісіне   қай  уақытта  қатысқан?  Және   де  мен  байқаған  бір   ерекшелік  –   фольклор  жинаушы  Қ. Биғожиннің    жазбаларында   белгілі  бір  уақыт   айтылса,  міндетті  түрде  «Қой  жылы»,  «Ит  жылы»,  «Қоян  жылы»  сияқты   анықтамалардың    қатарласып  жүретіні. Ендеше,  осы   «Таңдамалыдағы»  деректерді  Қ. Биғожиннің   ауызша  айтқандары   ғана  деп    анық  ұғуға  болады.

Сегіз  серіні   қудалаған   П. Горчаков  қайда?! Ол   Батыс  Сібір  басқармасының  тізгінін   1836-1838  жылдары  қолда  ұстаған  ( М. Морозов.  «Петорпавловск   в   дореволюционных   литературных   источниках».  106-шы  бет) . Бұл  сәйкессіздікке  не  дейміз?  Өзінің   Омбыға  келуінен  екі  жыл  бұрын    Кавказда  жүрген  серіні ( Таңдамалыдағы  «Орал  тау»  дастанына  берілген  түсініктемені  айтқанда. З.Ә.)          губернатор    қалайша  қудалаған?. Адам  нанғысыз.

Өтіріктің   бірі   –   он  бес  жасар  Сегіздің   «Қашқын  келбеті»  дастанында   казак-орыс  жасақтарын  өлтіріп,   Ертістен  атпен  жүзіп  өткенде    орман  ішінде  мұздай  қаруланған   қисапсыз   қарақшылардан  тұтқынға  алынған   Горчаковтың  қызын  құтқарып  алып,   Ертістен  қайта  өтіп, қызды  үйінің  алдына  әкеліп  тастап  кетуі. Ол  қызды  құтқару  үшін  садақ  атып  жүргенде  қолдарында  отты  және  басқа  да  суық  қарулары  бар    кісі  өлтірушілер  жалғыз  атты  баланы   жайратып  салмай,  неліктен  қашып   кеткен? Бұл  оқиға   Сәбеңнің   1941  жылы  жазып,  1962  жылы  қайта  өңдеп  бастырған   «Балуан  Шолақ»  повесіндегі  балуанның  Көкшетау  оязының  қызын  ұрлап    әкетіп,  Көкшенің  биігінде  ұстап  отыруына  ұқсайды.

Тарихи   дәйектерді  сұрыптай  түссек,  тағы  бірқатар  жалғандықтардың  басы  қылтиып  шығады.

Қажымұрат  найбқа  сенімді  боп,

 Қол  бастап, жауды  жеңдік   көңілді  боп»   дейді  сері  «Орал  тауы  дастанында  (Таңдамалы.Бірінші  том.91-ші  бет). Сегіздің   Кавказда  болуын  айғақтамақ   болғандарға  сенсек,  ол      он  алты  жасында, 1834  жылы   осы   маңға  келген   екен. Оның  Қажымұратпен  кездесуі   жалған. Себебі,  1833   жылдан   1840   жылға  дейін (  Шәміл   имамның   жорығына      қосылғанша )   Қажымұрат    өзінің  туған  мекені  –  Дағыстандағы  Хунзахтан  ешқайда   шықпастай  қоршауда  болғаны  тарихтан    белгілі. Мұны  тарқатып  айту  керек. ХІХ  ғасырдың  басында    Кавказды  патша  үкіметі  жаулағанда    Хунзахтағы  авар  хандары   орыс   үкіметіне  соғыссыз  бағынған. Алайда   Дағыстанның    екінші  имамы   Хамзат   хандықты   таратып,   имамат  құрғаннан  кейін  Хунзахты  қоршап  алады  да,  сыртқа  ешбір   адам  шықпайтындай, ішке  тірі   жан  өтпейтіндей   айрықша  қатаң  күзет  қояды.  Авар  хандары  –  ағайынды  үш   адам    Қажымұраттың   ( 1816-1852)  тумаған, бірақ   емшектес  бауырлары   болып  келеді. Осы  қоршауда   Қажымұрат  та  болып,  сырттан  ешкіммен   араласа  алмайды. Хамзат  имам  1833  жылы   үш  ханды  ордасына  алдап  алдырып,  көздерін  құртады. Содан  кейін   Хунзахты  тағы  қоршап,  Хамзаттың  көмекшісі   Аселдар   «Емшек  беріп  өсірген  балаларымды  неге  өлтірдің?!»   деген  ханшаның , яғни  Қажымұраттың  анасының   басын    шабады. Бұл  қанды  қырғын  Қажымұраттың  және  оның  ағасы   Османның  көзінше  болған. Осыдан  соң    Қажымұрат  пен  Осман   қылыш  сүйіп,  Құранға  маңдайларын  тигізіп,  емшектес  бауырларын  және  анасын  өлтіргендерден   кек  қайтаруға  ант  береді.

Хамзат  имам  мұны  естігеннен  кейін   1834  жылғы   19-шы  қыркүйекте  олардың   көзін жоймақ   болып, ағалы-інілі   Осман  мен  Қажымұратты  имамат  орталығына  алдырған. Оның  бұл  пиғылын  сезген  ағайындылар   шекпендерінің  астына   қанжар  мен  бесатар  тығып  келіп, Қажымұрат  сол  жерде  Аселдарды   жарып  өлтіреді,  ал  Осман  Хамзатты  оқпен  жайратып  салады. Бірақ  имамның  мүриттерімен  айқаста  Осман  өледі  де, Қажымұрат   терезеден  секіріп қашып  құтылады.  Оны  Хамзаттың  орнын  басқан   Шәміл   имам  өлтіруге   ант  береді.  Бірақ   Хунзахқа  келіп  тығылған   Қажымұратты   ұстап  әкетуге  авар     халқының   қаһарынан   қаймыққан  және  бұлай  етсе,   имаматтың  тұтастығына  саңылау  түсетінін  аңғарған  Шәміл   Хунзахтың  қоршауын  тас  бекітіп,  сырттан   ешкім  ене  алмайтындай    қарауыл    қояды. Қажымұратпен  біреу  араласса,  күзетшілердің   көздері  ойылатын  болған  ( бұлайша   өлтіру  –    Шәмілідің   басты  жазалау   амалы. З. Ә.) Бұл  деректер  тарихшы   А.Дъяковтың.  «Исторические  реалии   Хаджи-Мурата»   мақаласынан («Вопросы  истории»  журналы.  1973 ж. №5),  1959  жылы  шыққан   («Движение   горцев  Северо-Восточного   Кавказа   в   20-х – 50-х   годах   ХІХ   века»   1959   г. )   анықтамалықтан, Лев  Толстойдың   «Қажымұрат»  тарихи  повесінен  және   Шапи    Казиевтің   «Имам   Шамиль» ( Москва.  «Молодая  гвардия», 2010 ж.)   кітабынан  алынды.

Осындай     қоршауда  отырған  Қажымұратпен    бар   болғаны  он  алты  жастағы  Сегіз  сері  қалайша  кездесіп  жүр?Оның  үстіне,   Қажымұрат    1840  жылы   Шәмілге  келіп   қосылғанға   дейін   орыс   үкіметіне  қарсы   ешқандай    жорыққа  қатыспағанын   1851  жылы   Тбилисидегі  орыс  әскерінің  штабына  өзі  келіп  бағынғанда   Кавказ  әскерлерінің   басшыларының  бірі  Михаил  Воронцовқа  және  генерал     Клюк-фон  Клюгенауға    аудармашы  арқылы  жеткізіп,  хатшы  Лорис  Меликов  бұл  жауапты  қағазға  түсіріп,  хаттамаға  бәрі  қолдарын  қойып,  патшаға  жеткізу  үшін  Тбилисидегі   штаб  кеңсесіне   тапсырған.  Осы  жауапта  және  жоғарыдағы  зерттеулерде   Шәміл  имам  кейін   Қажымұратпен   достасып,  1843  жылы  оны  өзіне  найб  етіп  сайлағаны   айтылған.

Ал,  Сегіздің    дастанына   қарасақ,  Қажымұрат    1834  жылға  дейін-ақ  найб  имам  болған. Бұл  жалған!

Дастандардағы  үлкен   сәйкессіздіктің  бірі    –    Сегіздің  Иранға, Ауғанстанға  баруы.  Егер  Сегіздің  жасын   ескерсек,  ол  бұл  елдерге   он  жетіге  толмай   аяқ  басқанға  ұқсайды.  Бұл  да  қисынсыз. Дастанда:

Иранның   бір   мергені  Сейітзада,

 Бөрі  екен  қатарында   асылзада»  –  деген  тармақтар  бар.

Жалған! Парсы  елі  «Иран» деген  атауға  1935  жылы  ие  болған. Оған  дейін  бұл  мемлекет  «Парсы   патшалығы»   аталған. Демек,  Сегіз  сері   кезінде  «Иран»  аталуы  мүлде  мүмкін  емес.

Ресей  үкіметі   Парсымен    бірнеше  рет  ресми   бейбіт  келісім    арқылы    сауда-экономикалық  және  саяси  байланыстар  орнатып  келген. Алайда  ағылшын, француз  және  түрік  биліктерінің  арандатуымен   бұл  келісімдер  оқтын-оқтын  бұзылып,  екі  ел  үнемі  соғыс  жағдайында  болған. Мәселен,  1813  жылғы  бітімнен   кейінгі  соғыс  осылайша  басталған. 1828   жылы  бейбіт  келісімге  тағы  да  қол  қойылған. Бірақ   сол  жылы  осы  елге  келісімге  орай  елші  болып  барған    орыстың  көрнекті  жазушысы   Александр  Грибоедовты  келесі, 1829   жылы  Тегерандағы  орыс  елшілігіне  шабуыл  жасаған   парсылықтар   таспен  ұрып  өлтірген. Осының  салдарынан  1829  жылдан  кейін  соғыс  қайта  тұтанған. А. Пушкин  Кавказға  жер  аударылған   декабрьші-достарымен  кездесу  және  орыс  әскерлерінің  жорықтарын жазу  мақсатында  Грузияда, Арменияда, Түркияда  болған  1829  жылы   шекаралық   өзеннің  өткелінде    А. Грибоедовтың   мәйітін  көргенін, бұл   өлім  соғысқа  негіз  болғанын, сол  үшін   Кавказдағы  орыс  әскерлерінің  бас  қолбасшысы генерал  Иван  Паскевич ( А. Грибоедовтың  туған  жездесі . З.Ә.)   Бірінші  Николайдан   шекараны    адам  өтпейтіндей  жабу  жөнінде  бұйрық  алғанын   өзінің   1835  жылы  шыққан   «Арзрумге  саяхат»  жолжазбасында   баяндайды.

Патшаның  жарлығымен   Ауған, Парсы  мемлекеттерімен  қандай  да  болмасын қарым-қатынас тиылады. Ең   лайықты   қатынас  көзі   «Грузин  әскери  жолына»   тышқан  жорғалап  өтпейтіндей    күзет, қарауыл   бекеттері  қойылады. Бұл  он  жылдай  уақытқа  созылған. Ендеше,  соғыс  жүріп  жатқан   қанды  кезде  Сегіз  сері   Парсы  мен  Ауғанстанға   1833  жылы   қалайша  өткен?

Және  тағы  бір  үлкен  қисынсыздық   –   Сегіз  серінің   бір  жылдың  айналасында    Солтүстік   Кавказдан   Парсыны, Ауғанстанды  басып  өтіп,  Тәжікстанның   Гиссар  алқабына  жетуі  және  дін-аман  күйінде  қайтадан   Кавказға  оралуы. Географиялық   карталардағы   масштаб  өлшемін   зерттеп,  есептей  келе   Солтүстік  Кавказдағы   Дағыстан   мен   Гиссар   алқабының   арасы,   бері  салғанда,    он  мың   шақырымдай  жер  екенін пайымдадым.  Егер  бұл   жолдың   таулы   алқап   екенін   ескерсек,  құзға  түсіп,  шыңға  өрлеп, шатқалдарды   кешіп  өту  керек. Ондай  жағдайда   жол  екі  еседей  ұзарады.  Сонда   Сегіз  сері   бұл  жолдан  қиналмастан   қалай өте  шыққан ? Оның  үстіне,  жол  торыған  ұры-қарылардың, қарақшы-  тонаушылардың    талауына    түспеген  бе? Мысалы, Шоқан  Уәлиханов   Қашқарға  сапарында    осындай  қиындықтарға  тап  болғанын, керуенбасының   қарақшыларға  арнайы  алым  төлеп  құтылғанын  жолжазбасында  жазды  ғой. Ал, Сегіз  серінің   жүріп  өткен  жолы  Шоқандікінен  әлдеқайда   қиын, адам  айтқысыз  ұзақ  әрі   қатерлі  емес  пе. Бірақ  ол  «Орал  тау»  дастанында   бұл  сапарға   атпен  емес,  ұшақпен  ұшып  барғандай  болады. Ертегіге  ұқсайды!

Ендігі  бір  қисынсыздық    –   Сегіз  серінің    «Қашқын  келбеті»  дастанында  жазғанындай,  небары  он  бес  жасында, 1833  жылы  Омбыдан  кетерде  (  жалғыз  өзі  ғана! З.Ә.)     мемлекеттік  қызметте  жүрген  ондаған   казак-орыс  жасауылдарын   өлтіргені.  Ол  жазадан  қалайша  құтылған?  Түсініксіз. Мысалы,  М. Сперанский   «Сібір  қазақтарын  басқарудың   Ережесін»  жазған   1822    жылға   дейін    қазақта  кісі  өлтіргендер  билер  сотымен  жазаланған.  Тарихта  мұндай  сот  деп  1748  жылы  Барақ  сұлтанның   Әбілқайыр  ханды   өлтіруі  және   атақты  үш  бидің  Барақты   өлім  жазасына  кеспей, жай  ғана  құн  төлетуі  мысалға  алынады.

Ал,  1822  жылдан  былай    қазақ    даласында  дуандар  құрылып,  барлық   экономикалық-саяси   мәселелер, сот,  іс  жүргізу   Ресей заңына  бағындырылған.   Сегіз   сері    казак  жасауылдарын   қырып  кеткені  үшін   қайткен  күнде   де   үкіметтің   құрығына  түспей  қоймайтын  еді. Мұндай   заңнама  туралы  Шоқан  Уәлиханов   өзінің   «Сот   реформасы   жайында  хат»  ( «Шоқан  Уәлиханов. Таңдамалы. Алматы. «Жазушы».1985  ж.)    мақаласында   «Біздің  ойымызша,  кісі  өлтіргенді, тонағанды, айуандық  жасағанды   міндетті   түрде   орыс  заңымен  соттау  керек»   деп  жазған.

Бір  емес,  бірнеше  кісіні  және  де    үкімет  құзыретіндегі  адамдарды   өлтіргені  үшін   Сегіз  сері   қайткен  күнде  де  қолға  түсер еді. Өйткені,  ол  қайда  қашса  да ,      адам  түгіл,  мал  тұяғын   тәптештеп  есепке  алатын  старшындар,  олардың  үстінен  қарайтын  губернаторлық  кеңсе  ұлықтары,  уезд   салық  есепшілері   бөгде  адамды   бірден  анықтап  отырған. Осыдан  кейін   бұл  мәліметтер   уезд  басшыларына  жеткізілетін   қатаң  тәртіп  енгізілген. Мұны  да  місе  тұтпаған  орыс  ояздары  ел  ішіндегі   ахуалды,  басы  артық  адамдарды   біліп  отыру  үшін  жалдамалы  жансыздар   ұстаған. Мысалы, Махамбет :

Атасы  Беріш  демесең,

Артық  пайда  көрмедім

Егіз  бенен   Балқыдан,- деп  тегін  айтпаған.

Бұл  екеуі   Беріш  ауылдарының  старшындары  болғандықтан ,   мал  мен  жанды   толық   тізімге  алып,  мал, жан  басы  салығын  жинап,  оны  Жәңгір  ханның  қайынатасы  Қарауылқожа  Бабажановқа  мөр  бастырып, тапсырып  отырған. Мұндай     сақшы  старшындар   Сегіз  сері  қашып  келіп  тығылған   делінетін    Байұлы  Қалдыбай  батырдың   ауылында  да  жетерлік. Және  де,      «Қыз  сипаты»  дастанында   жазылғандай,  ол  жалғыз  емес,  бар  болғаны  он  алты-он  жеті  жасында    екі  жүз  елу-үш  жүз  нөкерімен  келіпті. Мұншама  жасақтың   оның  соңынан  еруінің  өзі  қисынсыз  ғой.  Осыншама    жасақ    старшындардың  назарынан  қалайша  тыс  қалған?

Екі  жүз – үш  жүз  адам  өздерінің  санына  сәйкес  атқа  мінеді. Соған  қоса,  әрбір  сарбазда  кемінде  үш  ерулі  ат  болады. Демек,  барлығы  сегіз  жүз-тоғыз  жүз  бас  жылқы. Бұлардың  жайылымы,   жемі   қайда? Адамдарды  кім  азықтандырған?  Жәңгірдің  салығынан  жай  да   жұтап    отырған  ел-жұрт  бұл  ауыртпалықты  қалай  көтерген?   Ойлап  отырсаң,  ертегі!

Мұнымен   қоймай,  Сегіз  серінің   «Қыз  сипаты»    дастанында:

Елу  жас  үй   салмақ  боп  сонда   қалды,

Жүз  жігіт  бізге  еріп  сапарланды.

Қырық   жігіт   Серкештерді  күтпек  болып,

Алпыс  ер  бізбен  бірге  мұнда  аттанды,-  делінеді.

Үй  салуға   рұқсатты  кім  берген? Исатай  Тайманов   Жәңгірге  қарсы   қоныстың,  жайылымның  тарлығы  себепті    соғыс  ашқан    ғой.  Бекетай  құмына   сырттан   келген   он  алты-он  жетідегі    балаға   қай  ауыл   мал  жайылымына, үй  салуға  жер  береді?

«Қыз  сипаты»  дастанындағы   Сегіз  серінің   Қалдыбай  батырдың  ауылында    осылайша  сайран  салуы   жалған. Сегіз   Қалдыбай   батырмен  де,  Исатаймен  де, Махамбетпен   де    кездеспеген!

Қалдыбай   Қосаяқов  –  Исатайдың  жорықтас  серігі,  қолбасшыларының  бірі.   Ол   1837  жылы   ескіше  –  қауыс,  жаңаша  –   қараша  айының  он  бесі  күні          Исатайдың    Орынбордан  шыққан,  подполковник   Гекке   бастаған    жасақпен    соғысында   оққа  ұшқан. Бұл  жайында    Махамбет  былайша  жазған.

   Әскердің  алды  бөгелді,

  Қырдан  ойға  төгілді.

Орыс  добын  үш  атты,

 Доптың   үні  шыққанда

 Сонда    батыр  жөнелді.

 Жөнелмей  батыр  не  қылсын,

 Ерсары  мен  Қалдыбай 

Екі  арыстан тең  өлді.

Қалдыбай  мен   Ерсарының   ажалы  туралы    Шернияз  Жарылғасұлы  да   тиянақты   етіп   өлең  жазған.

Сегіз  серінің    осыншама  қалың  қол  ертіп  келуін   Қалдыбай  батыр   Исатайға  айтар  еді  ғой. Өйткені,  Исатайдың   жасағы  аздық  еткен,  қарасы  толмаған. Махамбеттің   осы  «Соғыс»  деген   өлеңінде :

  Байбақты  Жүніс  аттанды,

Қосылуға  дем  болып,-   деген   жолдар  да  кездеседі  ( «Ерулі  атқа  ер   салмай». Алматы. «Жазушы», 1974 ж. 42-бет).

Бірақ  Жүніс  жеме-жемге   келгенде  Исатайға  қосылмай,  Байбақтының  жігіттерін   майдан  даласынан   алып  кетіп,  соғысудан   жалтарған. Жасағының  қарасы  кемігеніне  налыған  Исатай  жауға  үрей  тудыру  үшін   өзінің  әйелі   Несібеліден  бастап, Беріштің  қыз-келіншектерін   еркектерше  киіндіріп, қолдарына  найза  да  емес,  сайғақ   ұстатып,  ат-түйеге  мінгізіп   құмның   адырларынан  бой  көрсетіп   шығуға  бұйрық    бергенін   көтеріліс  тарихын  тиянақты  зерттеген  қаламгер  Берқайыр   Аманшин   жазған.

Ендеше,  жасағына  кісі  жетпей  қиналған  Исатай    Сегіз  серінің    үй  салып,  ән-күй   төгіп  жүрген    нөкерлерін  неге  қосып  алмаған?  Бұл  мүмкін  емес,  өйткені    соғыс  болған  1837   жылы  және   оған  дейін  де    Сегіз   Исатаймен  де,  Қалдыбаймен  де  кездеспеген.

Тағы  бір  жөнсізі   –    «Қыз  сипаты»  дастанында  баяндалатынындай,   Қалдыбай  батырдың   Сегіз  серіге    қызы   Ғайни-Жамалды    жар  етіп  ал   деп  өтінуі.

    Қалдекең  жас  тілекті  қабыл  алды,

                  Болғай  деп   күйеу  бала    ақыл  салды.

                  Бәйбішесі  Ажар  да  қолдады  оны,

                  Кім  жақсы  көрмес  ондай  абзал  жанды.

Бұл  шындыққа   үйлесе  ме?  Өзінің  қызын  жар  етіп  ал  деп  қай  қазақ        күйеу  балаға  қолқа  салған?   Оның  үстіне,  салт  басты,  сабау  қамшылы ,  ел  аралап  жүрген   жігітке  Қалдыбай  сияқты  батыр,  әрі  ел  ағасы    осындай  өтініш  білдірді  дегенге  кім  сенеді?  Бұл  ата  салтымызда    болмаған  ғой. Сегіз  өнерімен  ұнаса  да,  Қалдыбай  батыр    Көшебе  Кереймен  төс  түйістіріп,  құйрық-бауыр  жесіп, құда  түспеуші  ме  еді? Асқан  сұлу  Ғайни-Жамал  көлденең  көк  аттыға  жетектетіп  жіберетін  төменетек  қыз  емес  қой. Қалдыбайдың  осы  қылығына  Байұлының, асса  бүкіл  Кіші  жүздің,  елі-жұрты   не  дер   еді?

Петропавлда  шығарылған   осы  кітаптың  өзінде   ғана    Сегіз  бен  Ғайнидің   кездесуі  жөнінде  бір-біріне  қарама-қайшы  екі  дерек  бар. Біріншісі,  осы  «Қыз  сипаты»  дастанында    Қалдыбай   мен  бәйбішесі  Ажар  жоқта    Сегіз  серінің    батырдың  ауылына  келіп,  Ғайнимен   тілдесуі.

Бірақ   «Ғайни»   әніне  берілген   түсініктемеде   ( Таңдамалы.  Бірінші том. 313-ші  бет)   олар   Ерман  дейтін  дәулетті  адамның  тойында    алтыбақан  тепкен  кезде  танысады. Осы  дәйектердің   қайсысына   бас  июіміз  керек? Бұл  жұмбақты  2003  жылы  таңдамалыны  шығарғандар    ғана  шеше  алады.

    Сұрап  ем   Ғайни  екен  қыздың  аты,

                        Кіші  жүз  Байұлыдан  асыл  заты   ( Таңдамалы.Екінші  том. 37-ші  бет). Бұл  «Қыз  сипаты»   дастанындағы   танысуы.

Бұл  қарама-қайшылықтың мәнісі  мынада: дастанды   жазған   Сегіздің  өзі  емес, басқа  адам. Ол  жайында  кейін  баяндалады. Ал   Сегіздің  «Ғайни»  әнінің  жазылу  тарихын  зерделі өнерзерттеушілер   анықтап  дәйектеген. Дастанды  жазған  адам  өнерзерттеушілердің   бұл  дәйегін  білмеген, ал   Сегіздің  «Таңдамалысын»  шығарғандар   бұл  қарама-қайшылықты  байқамаған.

Тарихи  дәйектерді  түйіндей  келіп,  Сегіз  серінің    Исатайды  да,  Махамбетті  де,  Қалдыбайды  да   көрмегенін,  олармен  бірге   көтеріліске  қатыспағанын    мына    бір  шумақ   өлеңмен  түйіндегім  келеді.

Біз-дағы   дер  кезінде  жете  алмадық,

                    Бастайтын  бытыратпай  қалың  қолды. ( Таңдамалы. Бірінші том. 191-ші  бет).

Сегіздің  Исатайға  арнаған    қысқа  өлеңіндегі  осы  тармақтар    менің  жоғарыда    айтқандарыма  айғақ . Ол   Батыс  өңірінде    көтеріліс    өткеннен  кейін  болып,  оның  мән-жайын  көзі  көргендерден,  ел   аузынан   естігендерден   білгеніне   ғана  әбден   негіз  бар.

Бұған  тағы  бір  қосарым  –   Сегіз  серінің    Қалдыбай  батырмен  емес,  көтеріліс  жаншылғаннан   кейін, бері  салғанда, төрт-бес  жылдан  соң   Қалдыбайдың  үлкен   ұлы  Қабыланбаймен    жүздескені. Қабыланбай    әкесі  сол  соғыста  өліп,   өзі   осы  көтеріліске  қатысушылардың  және  қол бастаушылардың  бірі  есебінде  Жәңгірдің  қолына  түскен. Оған  шомполмен  бес  жүз  дүре  соғылып,  сол  азаптан  аман  қалып, Балтық  бойында   абақтыда  отырып  қайтқан  ( Әнес  Сарай.  «Исатай-Махамбет  тарихы: зерттеу». Алматы. «Атамұра» , 2012 ж.).

Жазушы, драматург   Рақымжан   Отарбаевтың  дәлелдеуінше,  Ғайни   –   Қалдыбайдың  қызы  емес,  немересі. Оның    әкесі  –   Қабыланбай. Біз  де  осы  соңғы  дерекке  ұйыдық.

Осы  тұста  үстеп  айтқым  келетіні  мына  шындық:  Исатай-Махамбеттің   1837  жылғы  полковник   Геккемен   соғысын   зерттеген  әскери  мамандар  бірауыздан  мынадай  ойға  тоқтаған. Бұл  көтерілісті  әскери   білімі  бар  адам  басқарса,  қалың  қолды  бір  жерге  тоғыстырмай,  бөлек  топтарға   ыдыратып  жіберер  еді. Азғана  шоғырға  алыстан   оқ  жаудырып, дөп  тигізу  мүмкін  емес. Мысалы,  әскерінде  тұтқын  шет  елдіктер  болған  Кенесары  Қасымов  осындай  тактиканы   қолданып,  жаудың  оғын  дарытпаған. Ал,  Исатай  болса,  екі  мыңдай  адамды    толығымен  Геккенің  зеңбіректеріне  қарсы  алып   шыққан. Екіншіден,  білікті  әскери   маман  орыс  жасқтарының  зеңбіректеріне  қарсы  амал  қолдану  үшін  жыралы,  орлы   жерлерді  таңдар   еді. Сонда  зеңбіректердің     өтуіне, жақыннан  оқ  жаудыруына  қиындық  туар  еді. Ал,  Исатай  Геккенің  қолымен  жазық  далада  кездескен. Және   қаша  жүріп  ұрыс  салу   амалын   қолданбаған. Егер  Сегіз  сері, расында  да,   білікті   офицер  болса, Исатайдың  көтерілісіне  қатыссса,  осыларды  жүзеге  асыратынын    көтерілісті  зерттеген  мамандар  анық  жазған. Бұдан  шығатын  қорытынды: Сегіз  сері  Исатайдың  әскерін  басқармаған!

Тарихи  дәйекті  түйіндей  келгенде  айтарым  –  бұл  деректердің  көбін   Қосыл   Омаров   және  өзге  өлкетанушыларымыз     ел  аузынан  жинаушы  марқұм  Қаратай  Биғожиннің   ауыз  екі    айтқандарына  ғана  негіздеп   жазғаны. Қ. Биғожиннің   тоқсаныншы  жылдардың  соңында   облыстық   «Қазақ  тілі»  қоғамында  жиі  болып,  Қ.Омаровқа  Сегіз  сері  жөнінде  деректер  беріп   жүргенін  білуші  едім. Өйткені,  мен   сол  жылдары  өзімнің  журналистік  қызметіме  қоса  қалалық   «Қазақ  тілі»  қоғамын  басқарып,  Қосекеңмен  жиі, тіпті,   күнбе-күн  араластым. Сондықтан  бұл  әңгімелерге  жете   қанықпын. Қ. Биғожиннің   жаңсақ   айғақтарын   елеп-екшемей   Қ. Омаров  та, Петропавлдағы  тарихи-өлкетану  мұражайының  жанындағы   «Асыл  мұра»   орталығындағы   азаматтар  да   жаңылды. Мен  кеуде  қағып  отырған  жоқпын, алайда    Қ. Биғожиннің   деректеріне  сын  көзбен  қарайтын  болдым. Бұл   маған   Ғылым  академиясында  қызмет  еткен  кезде  қалыптасқан   әдет. Ондағы   ең  білікті   зерттеуші-ғалымдар, атап   айтқанда,  өзімнің тікелей  бастығым    Рахманқұл  Бердібай, аса  білікті  зерттеуші  Әбсаттар  Дербісәлиев, текстолог  маман, ғылым  докторы  Мырзабек  Дүйсенов   және   ұстазым   Тұрсынбек   Кәкішев   «Ел  аузынан  жинағандардың  сөздеріне  сене  берме,  елеп-екше, салыстыр, зертте, анық  оқиғаларды  зерделе,  қайтадан   тексер!  Мұрағаттармен  салыстыр,  тарихи  кітаптарды   оқып  шық. Олар  ел  аузынан   жазып  алушылар  ғана, зерттеуші, текстолог   яки   тарихшы  емес. Бұлай  етуге  олардың   дәрмені  жетпейді. Сондықтан   айтқандарын  тұтас  ақиқат  деп  алданба!  »  деп  мұқият  тапсыратын. Мен  осы  жолды    нақты  ұстандым.

 

  ӘДЕБИ    ДӘЙЕК.       

Сегіз   сері     ғұмыр  сүрген   кез    ұлттық   поэзияның    жаңа  арнаға   бұрыла  бастаған   кезеңі  десек  те,  бұл  үдеріс,  кемінде,    жарты   ғасырдай  уақытты  қамтығанын   аңғармау   мүмкін  емес.  Сол  себепті   ХҮІІ  ғасырдағы   жыраулар     поэзиясы   кейінгі   жаңа  бағыттағы  ақындарда   жалғасып  келді. Осы  кезеңнің   ең  жаңашыл   ақыны   деп  саналатын   Шал  Құлекеұлының    шығармаларында   да  Қазтуған, Жиенбай  және  де    олардан   кейінгі    Бұқар, Ақтанберді, Үмбетай,  Тәтіқара   жыраулардың    сара  жолдары  сақталған.

Пасыл  да,  пасыл ,  пасылман,

                Аққа  құлпы  жасылман,- сияқты  архаизмдер   Шал  шығармаларында   жаңа  түрдегі  он  бір  буынды   жыр   үгілерімен    қат-қабат  кездесіп   отырады.

Стильдік   ерекшеліктерді   зерттеуге  машықтанған    студент  шақтарымнан   байқаған   бұл    өзгерістердің   сол    кездердегі  ақындардың   басым  көпшіліге  тән  екенін   батыл   айтуыма  болады.

Бірақ  бұл  орайда   Сегіз  сері    өлеңдерінің    бұл  заңдылыққа  бағынбайтыны  түсініксіз. Мысалы, қандай  да  бір   жылғаның,  бұлақтың   ағып  шығатын   бастауы  және  құятын  сағасы  болады  ғой. Бұлар   шағын  өзендерге,  шағын  өзендер  үлкенірегіне  барып  құяды  да,    су  атаулы  теңіз  бен  мұхитқа  жетеді. Ақындық  шығармашлық  та  нақ  осылай. Еліктеу,  үйрену, өсу   үдерісі  болуы   қажет. Бұл  орайда   Сегіз  серінің ордасы оқшау  тұрады. Бастауы  да,  сағасы  да   көзге  шалынбайтын,  ешқайда  қосылмайтын   дербес   өзен  сияқты.  Әдебиет   тарихы   мұндайды  білмейді.  Қазақты  былай  қойғанда,  орыс   зерттеушілерінің  бәрі   Пушкинді   «Ұлы  дария»  дей  отырып,  «Өзге  шағын  өзендер  келіп  қосылмаса,  Пушкин   дария  бола  алмас  еді»   ( Н. Гоголь)  деген   қағиданы   алға  тартады.

Осы  орайда    Сегіз   сері  өз  алдына    жаңа  поэзияның  қазығын  қадады  деп  ешбір   зерттеуші  айта  алмайды. Бұлай  деуге  оның  шығармаларының   шындығы    мұрсат  бермейді.

Стильдік  жағынан  да,  текстологиялық  жағынан  да   Сегіздің        көптеген  өлеңдері, әсіресе  дастандары    тым  жаңа. Бұл мүмкін  емес. Өйткені,  оларда  ұлттық  поэзиямыздың  даму кезеңдерінің  заңдылықтарына  бағынбайтын   үрдіс  анық  байқалады.

Ол   үшін  мен   біраз  жылдар  бойы   Сегіз  серінің   өлеңдерін       өзінің   заманындағы   өзге  ақындардың  шығармаларымен  салыстырып  көріп,  біраз  зерттеп,   мынадай   қорытындыға  келдім: Сегіз  серінің    бұл  дастандары  өзінкі  емес! Өзге  біреулер  кейінігі  уақыттарда  оның  атынан  жазып  жіберген.

Дәлелдейін. Жоғарыда  аталған   үш  дастанды  ғана  алып,  осыларды    Сегізбен  замандас  ақындардың  шығармаларымен  қатар  қарайық. Айталық. Шортанбай          Қанайұлы ( 1818-1881) . Ол  Сегізбен   түйдей  құрдас. Өлеңдерінің  басым  көпшілігі     ұлттық  поэзиямыздың    үлкен  әдебиетші  ғалымдарымыз   зерттеп,  айғақтаған             ақиқатына, яғни  оны   жыраулардың   заңды  жалғасы  дегеніне  сай  келеді:  демек, Шортанбай – жыраулар  поэзиясының   арнасын  жалғастырушы. Дулат   Бабатайұлында   да   (  1802-1871)     осы  үрдіс  қалыптасқан.    Өз  өңірмізге  таяу  қостанайлық   Қобылан  Бөрібайұлы  ( 1760-1840)    шығармаларында     жыр  тамыры    кейінгі  кезеңге  емес,  оның  алдындағы  ақын-жыраулар   үрдісіне бойлаған.

Сегіз  сері    Қазақстанның  батысында  болған  кездері   Абыл  Өтемісұлы    (  1777-1864 ),  Шернияз  Жарылғасұлы  ( 1807-1867)   сияқты   замандас   ақындарды   жолықтырмаған  ба, олардың  өлең  шығару  машығымен  таныспаған  ба?

Осы  сауалдарды  айырып , тарқату   үшін   зерделей  түскенде Сегіздің   әндерінің    жөні  өлек  екенін  байқадым. Бұлардың  қай-қайсысының  да  халық   әндерінің,  сондай-ақ   Біржан   салдың, Ақан   серінің,  Құлтуманың, Мұхиттың , Жарылғапбердінің    шығармаларынан   стилі  бөлек  емес.  Демек,  өзінің  ғұмыр  кешкен    кезеңіне  сай.

Ал,  дастандарындағы  стилі    жаңа,   өзінің   заманынан    қыруар       айырмашылықпен,   ХІХ   ғасырдың    соңына  таман  ғұмыр  кешкен   Жаяу  Мұса  Байжанұлы,  Нұржан  Наушабаев, МәшҺүр-Жүсіп  Көпейұлы, Мәди  Бәпиұлы    шығармаларына    ұқсас.

Осы  айырмашылықтың  аражігін  ашу  үшін  мен   Сегіз  Серінің   дастандарын оның  ізбасарларының   шығармаларымен  салыстыра  келе,  қызық  жағдайларға  көз  жеткіздім. Мысалы,   Сегіздің    аталған   үш  дастанында   да   он  бір  буынды  қара  өлеңде   толымсыз  ұйқастарды  қисапсыз  көп  ұшыраттым. Қазақтың   қалыптасқан  бұл  өлең  үрдісінде   бір  шумақтағы   төрт  жолдың   біріншісі,  екіншісі  және  төртіншісі  міндетті  түрде  ұйқасады. Бұл  ұйқастар  үш  яки  төрт  буынды  болады. Бұл  қағида  бұзылса,  өлең   мәнерлеп,  нақышына  келтіріп  оқуда  қиындық   тудырады.

Осындай  шумақтар  Сегіздің   дастандарында  өріп  жүр. Ән  өлеңдерінде  кездеспейді. Бұл  жұмбақтың  сырын   аңдау  үшін  салыстырайық.

 

 

Жайылып  алдымызға  дастархандар,

                 Қойылды  үстеріне  түрлі  тағам.

                 Келгенде  үй  иесі  болмаған  соң,

           Сол  жерде  ой бөлініп,  болдым  алаң  («Қыз  сипаты». Таңдамалы. Екінші  том.  39-шы  бет)

  Башқұрт  пенен   татардың  білген  жайын,

                 Қожаберген  жыраумен  ақылдасқай.

                 Егер  де  ол  данышпан  қабыл  алса,

           Қазақ  пенен  естектің  басын   қосқай  ( «Орал  тау». Таңдамалы.  Бірінші  том. 94-ші  бет).

   Кейбіреу  тауы  жоқ  деп  кемітпесе,

                Қызылжар, Омбы  өңірі  –  жер  жаннаты.

                Өз  бетінше  мешіт  пен  медресе  ашқан,

          Мен  болдым  кіші  әкемнің  қолқанаты  ( «Қашқын  келбеті». Таңдамалы. Екінші  том. 21-ші  бет).

Сегіздің   өмірі  мен   шығармаларының    шындықтарына  айғақ  ретінде   алға  тартылып  жүрген   Нұржан   Наушабаевтың  ол  туралы  дастанына  да   үңіле  келе,  осындай  толымсыз  ұйқастарға  жолықтым.

   Жақаңмен Бағыланға  барғанымда,

               Кез  болды  Жәрмеңкеде  Сапар  ақын.

               Үш-төрт жас  менен  өзі  үлкен  екен,

            Танысып  білдім  оның  шыққан  затын  ( Нұржан Наушабайұлы.  «Сегіз   сері  баһадұр» .Дастан. Таңдамалы. Екінші   том.  179-шы  бет).

 

  Жігіттің   гүлі  ғой  деп  бек  ұнатып,

                Апамыз   қосылуға   көнген  еді.

                Келер  жыл   ел  жайлауға  шығар  кезде

               Сапар  да  келуге  уәде  берген  еді   ( Сонда. 181-ші  бет).

 

                Тоғайға  құрбыларын  жинап  алып,

                Соғысқа  нысана  атып  дайындалған.

                Қосымша  орысша  да   оқу  оқып,

                Омбыдағы  оқуын  тамамдаған   ( Сонда. 186-шы  бет).

 

   Әдейі   Еділ  жаққа  іздеп  барып,

               Исатай-Махамбетпен  кездесіпті.

               Оларға   болған  жайды  баян  етіп,

                Дос  болып,  төс  қағысып  серттесіпті  ( Сонда. 189-шы  бет).

Мұндай  толымсыз  ұйқастар   Сегіз  жайында   дастан  жазды  деп  жүрген  Жаяу  Мұсада да  баршылық. Оларды   аталған  «Таңдамалының»  екінші  томның    164-ші,  166-шы, 167-ші  және  басқа  да  беттерінен    сүзіп  алуға  болады.

Ендігі  бір  ұқсастықты  көріңіз:

 Ғайнидің   Ғайни-Жамал  нағыз  аты,

            Ұстаздың  оған  түскен  ілтипаты  ( Жаяу  Мұса.  «Ер  Сегіз». Таңдамалы.  165-ші  бет).

 Сұрасам  Ғайни  екен  қыздың  аты,

                Кіші  жүз  Байұлдан  асыл  заты.

               Кездейсоқ  жазмыш  ісі  нәсіп  етті,

         Түссін  деп  біздей  жастың  ілтипаты  ( Сегіз  сері.  «Қыз  сипаты», Таңдамалы. Екінші  том. 38-ші  бет).

Тамшыдай   ұқсас   ұйқастар  екі  ақында  бірдей  кездескені  қалай?

Бұған  жауап   –   Сегіз  серінің  де, Нұржан  Наушабайұлының  да,  Жаяу  Мұсаның  да   өлеңдері  өздерінікі  емес. Оның  иесі  –  Қаратай  Биғожиннің  өзі!

Мен   бұл айтқаныма  көзімді  анық  жеткізу  үшін   Нұржан  мен  Мұсаның   шығармаларын  толық  қадағалап  шықтым. Өзге  өлеңдерін   «Бес   ғасыр  жырлайды»   ( Алматы. «Жазушы». 1989 ж  Екінші  том.)    кітабының   70-ші  және   253-ші  беттерінен   оқыдым. Нұржанның   Сапарғалимен  және  Бибісара   ақынмен  жазбаша айтыстарын  да  сараладым. Ол  өлеңдерде   мұндай  толымсыз  ұйқастар  жоқ. Бұл  ұйқастарды   Жаяу   Мұсаның  ән  өлеңдері  мен  өзге  жырларынан  да  кездестірмедім. Стильдері  Сегіз  жырларымен  үйлеспейді.

Мұндай  толымсыз  ұйқастар  Қ. Биғожиннің  менің  қолыма  түскен  өлеңдерінде  жеткілікті  болатын. Осы  олқылықтарын  облыстық  «Ленин  туы» (  қазіргі  «Солтүстік  Қазақстан» )  газетінің   әдебиет  бөлімін  басқарып  отырған  кезімде   алдына  тартқанда  марқұм:  «Барым осы. Мен  солай  үйренгенмін. Енді  өзгере  алмаймын»  деп  еді. Оның   осы  өлең   мәнері   Сегіз  серінің    дастандарына  арқау  болғанын    енді  қалың  оқырман  да  аңғаратын   шығар.

Сегіз  серіні   «Дастаншыл  ақын»  деп  жүргендер  де    жаңылысқан  (  бұлар  зерделі  ғалымдар  емес. З. Ә.). Оның  шығармаларының    үлкен, зерделі   әдебиет  зерттеуші  ғалымдардың   назарынан  тыс  қалуының   сыры    осы  жасандылықтың  салдары  ғой   деп  ойлаймын.  Әйтпесе,  өз  өңіріміздің  түлегі, ғылым  докторы  Есмағамбет Ысмайылов    1956  жылы  шыққан  «Ақындар»   атты  зерттеуіне  оны  неліктен  қоспаған?  Өзге  ғалымдар   неге  мойын  бұрмаған? Өңірімзге  арнайы   келіп,  Шал  ақын  шығармаларын  зерттеп    жазған  көрнекті  жазушы,  әдебиет   зерттеуші  Мұхтар   Мағауин    қалайша  назар  аудармаған?  Сегіз  сері   тұсындағы,  одан  бұрынғы   ақындарды  зерттеген   ол  «Қобыз   сарыны»  кітабына  Сегізді   неге  енгізбеген?  Мұның  бәрінің  астарында   Сегіз  серінің    шығармаларындағы  шикіліктің  ызғары    жатыр. Ғалымдар   бұлардың  шындыққа  сәйкессіздігін   сезген.

Сегіз   сері  өмірі  мен    шығармаларын  зерттеп,  оларды  ғылыми    жұмысына  арқау   етпек    болып,    көп  жылдарын   осы  мақсатқа  арнаған  талантты  ақын,  ғалым  Дәулеткерей    Кәпұлының   арнайы   тақырыпты  бекіттіріп,  кейін   айнып  кетуінің    сыры  да  осы    сәйкессіздікте  жатыр.

ТҮЙІН: осы   зерттеу   мақаламнан   мынадай   қорытынды   жасамақпын. Біріншіден, Сегіздің   аталған   үш  дастанының    тарихи   шындыққа   сәйкессіздігін  дәлелдедім. «Қашқын   келбетіндегі»  оның   Горчаковтың   қызын  қарақшылардан  құтқаруы   С. Мұқановтың  «Балуан  Шолақ»  повесіне   ұқсайтындығы  –   дастанның   кейін, айталық, 1962  жылдан  соң   жазылғанын  айғақтайды. Екіншіден,  дастанның   екі  бөлімі   тарихи  кезеңмен   салыстырғанда   араларында  ұзақ  уақыт  жатқанына  көз  жеткізеді. Демек, бұл   уақыт    Сегіз  сері   алғашқы    бөлімін   жиырма  жаста, 1838  жылы  жазды  деп  есептесек, екінші   бөлімі   кейінгі  жиырма  жылдан  соң   жазылды  деуге  әбден  болады (  бұған  дастанның  екі  бөлімін  оқып  шықса,  көз  жетеді. З.Ә.). Бұл  1858   жылға  келеді. Ал,  сері  1854  жылы  өмірден  озған. Үшіншіден, «Көне  дәуірден  жиырмасыншы   ғасырдың   бас   кезіне  дейінгі   қазақ  әдебиеті» ( «Қазақ  әдебиеті». Энциклопедия.  Алматы. 1999  ж. 353-ші  бет) мақаласында  Ә. Дербісәлиев   Шортанбай, Дулат  және  басқа  дастаншыл  ақындар  қатарында  Сегіз  серіні  атамайды. Төртіншіден, Ғылым  академиясының   корреспондент-мүшесі, филология  ғылымының  докторы, жерлесіміз  Е. Ысмайылов ( 1911-1970)  1956  жылы  шыққан  «Ақындар»  кітабына  Сегіз  серіні   енгізбегеніне  қарағанда,  бұған  дейін  Сегіз  сері    есімі   әдебиетшілерге  белгісіз  болған. Бесіншіден,  1975  жылы   Қазақ  КСР  Ғылым  академиясының   Мұхтар  Әуезов  атындағы  ғылыми-зерттеу  институында  бір  бөлімде  қызмет  атқарған    филология  ғылымының    кандидаты, зерделі  зерттеуші   Есенгелді  Жақыповтың  Сегіз  сері   шығармашылығын  зерттеуден  бас  тартуы. Ол : «Ән  өлеңдерінен  басқа  тұшымды  ешбір  дерек  таба  алмадым» деген  еді. Демек,  Сегіздің   аталған  дастандары   сексенінші  жылдарда, яки  одан  да  кейін   шығарылған. Алтыншыдан, «Қашқын  келбетіндегі» генерал-губернатор,   кінәз П. Горчаковты    «Городовой   Горчаков»   деп  алмастыру   дастандағы  жалғандықты   жасыру  мақсатында   жорта  айтылғаны, полиция  бастығы  ол  емес, полковник  Ладыженский  екені   мұрағат  құжаттарымен   дәлелді  болды.

Ал,  мақаламның   «Әдеби  дәйек»   бөліміндегі  сәйкессіздіктер    айдан  анық. Оларды   текстолог,  ақын  ретінде  айқын  анықтадым. Сегіздің   дастандарының  тілі   оның   өмір  сүрген  кезіндегіден   мүлде  жаңа. Оның  заманындағы    ақындардың  тіліне  үйлеспейді. Олардағы   архаизмдер  Сегізде  жоқ.  Бұл  текстология  теориясына       қайшы. Жаңаша  жазылған. Мысалы,  ақын   жиырмасыншы  ғасырда   өмір  сүргендей   ойға  келтіреді.

Ендгі  бір  айтарым,  ел  аузынан  жинаушылардың    жазғандарын   тарихи  шындыққа  теңеудің  қисынсыздығы. Оған  бір  мысал  1975  жылғы  мамыр  айының  басында   М. Әуезов  атындағы   ғылыми-зерттеу  институтында  болған  мына  оқиға.  Филология   ғылымының  кандидаты  Балтабай  Адамбаев   ел  аузынан  жазып  алып,  қолжазба қорына  Мәди  Бәпиұлы  туралы  дерек  тапсырған   бір   фольклор   жинаушының   жалғандығын  әшкерелеп,  бұл  екеуінің  жаға  жыртысуына  себеп  болды.  Оқиға  көп  адамдардың  көзінше  өтті. Содан  кейін  институттың   ғылыми  кеңесінде  бұл  оқиға  арнайы қаралып,  директорымыз  Әди  Шәріпов   қолжазбалармен  жұмыс  істейтіндерге, соның  ішінде  мен  де  бармын,  арнайы  тапсырма  беріп, ел  аузынан  жинаушылардың   «Ана  жерде  тұратын  пәленшеден  жазып  алдым»  дегендерін,  мүмкіндігі  болса,  барып  тексеруге,  ондай  мүмкіндік  болмаса, хатпен  хабарласуға    міндет  жүктеді. Бұл  жұмысты  қадағалау  директордың  орынбасары  Оразгүл  Нұрмағамбетоваға   тапсырылды.

Біздің  хаттарымызға жауап  қайтарғандардың  арасында   фольклор  жинаушылардың  «Ана  жерде  тұратын   пәленшеден  алдым»  дегендері  жалған   екенін   айтқандар  да  болды. Мәнісі  былайша  екен: бір  ел  аузынан   жинаушы   республикалық   «Қазақ  әдебиеті»,  «Лениншіл  жас» ( қазіргі  «Жас  алаш» ) газеттерінде,  «Мәдениет  және  тұрмыс»  ( қазіргі  «Парасат» )  журналында   «Ел  аузынан  жазып  алған»  деген  адамның  мекенін, аты-жөнін   оқып   алып,  «Содан  алдым»  деп  жаза  салатыны  айғақталды. Осыдан  соң  ондай  жалған  деректерден  папкалардағы  қолжазбаларды   тазартуға  тура  келді. Осы  ретте  Қ. Биғожиннң  де   Сегіз  сері  жайындағы   кейбір  деректерін    алып  тастағанбыз.

Фольклор  жинаушылардың   енді  бір  тобы   бұрын  жарияланған   «Өнер  алды  –   қызыл  тіл»,  «Шешендік  өнер»,  «Атадан  қалған  асыл    сөз»,  «Сөз  тапқанға   қолқа  жоқ»,  «Бозінген»  сияқты  кітаптарда  жазылғандарды   көшіріп  алып, өз  атынан  береді. Бұған   да  көзім  жетіп  жүр.

Ең  бір  көңіл  қоятынымыз  –   Сегіз  серінің   өмірі,  өлеңдері  мен  дастандары   туралы    жазған, анықтама  бергендердің   арасында   бір  де  бір  зерделі,  ірі   әдебиет   зерттеушінің,  ғалымның    болмауы    осы   дәйектердің  шынайылығына   күдік  тудырады. Бұл  деректердің  бәрі  оның   шығармаларын  арнайы    ізденіп, зерттеген   ғалымдардың  емес, жолай   жазып  кеткен   журналистердің, фольклор  жинаушылардың   жазғандарына  сүйеніп  қана  алынғанын   2003  жылы  шыққан   «Таңдамалыны»   оқып  шыққан  адам  анық  айырады.

Сегіздің   аталған   дастандарының   және   оның  «Ақындығын  айғақтайды»  делініп  жүрген   Н. Наушабаевтың, Жаяу  Мұсаның  өлеңдерінің    Петропавлда   2003  жылы  шыққан   «Таңдамалыдан»  өзге,   көрнекті  республикалық  баспалардан   жарияланбауы  да  бұл  дастандардың  шынайылығына    күмән   тудырады.

Осыған   марқұм   Қ. Биғожиннің   Петропавлға  келген   көрнекті, зерделі   әдебиетші  ғалымдармен   кездесулер   кезінде   олардың   көзіне  түспей,  түрлі  сылтаулармен  сырт  айналып  жүруінің   астарында    «Артым  ашылып  қалады-ау!»   деген  секемінің  жатқанын  аңғарған  едім.

Қорыта  айтқанда,  менің  көздегенім   –  Сегіз  серінің әдеби  мұраларының  санын  азайту  емес,  ақиқатын   айғақтау  болғанын  оқырман  қауым  түсінсе  екен   деген  мақсат.

                                                                   Зейнолла    ӘКІМЖАНОВ,

                                                                   ақын, Қазақстан   Жазушылар

                                                                   одағының   мүшесі,

Петропавл  қаласы

 

 

 

13 ПІКІРЛЕР

  1. біз бұған дейін сегіз серіні оқулықтардан алдырып тастатқанбыз.енді керейлердің өзі жоққа шығарып жатса тіпті жақсы . сегіз сері туралы кітап жазып, ғылым кандидаты болғандардың бірі т.сүлейменов. атағынан айыру керек.

  2. Осы неге керек,жоқты бар ғып,қорқақты батыр ғып,әркім өз ру-тайпасын әспеттеп.Шындыққа топырақ шаша алмайды.боқтық сөзді бұрқыратып,ондай жалған намыс,бейшаралық кімге сән.осы көзсіз батырлықтарын елдің,тілдің,жердің жағдайында,жазықсыз жапа шегіп шырылдап жүрген бауырларын қолдауға суырылып шығып,адамдық бет-бейнесін көрсетсе жарасар еді.ауыз көпіртіп,әйелдерше салғыласқан кімге дәру,ер-азамат деген атқа лайық болу керек қой.

  3. Осының бәрін Әкімжанов адал болса Қосыл Омаровтың, Қаратай Биғожиннің тірі кезінде неге жазбаған? Маған «Құлан құдыққа құласа құрбақа құлағында ойнайдының» кері сияқты.

  4. Мен келіспеймін Намысың жыртылып жатса орыстарыңды тыйсей Не котахты жеп отсын Менің Байбақтыларыма әнгіме айтып Қотахсын иди наху.Байбақтылар болмаса ендігі орыс болып шоқынып жүретін едің Мал сіген орыс

  5. Сонда Шернияздың жыры Науша атка мингенде
    Бекетай кумнын белесі
    тутиндеген шан болды
    деген жырын жокка шыгарама
    Науша батырдың руы Байбакты

  6. Сен Кімсің э Байбақтының Жігіттеріне әнгіме айтатын Пездес шығарсын Духын тұрама Оралға келші ананды сігейн
    Солтустік сендерге орыстан жұққанғой тарихты жақсы жағын өздеріне аударып аласыңдар

  7. Ақын әрі журналист, зерттеуші ғалым Зейнолла Әкімжановқа мың алғыс. Адалдық деген осындай болады. Адам деген атың болса соны ақтау парыз. Зейнолла (жасы нешеде екенін білмеймін) адал азамат екен. Көбімізге осы адалдық жетіспейді. Бір түкпірде жатып, Қызылжар деген қасиетті қала атауына шіркеу келтірген надандардың, олардың шашбауын көтерген генерал Абай Тасболатов деген депутаттың, Түрқарайев Бекет деген «ғылым докторының» масқара өтіріктерін әшкерелеген жазуларды көріп жүрміз. Мына мақаланы басқан Қазыбек Исаұлы да азаматтық танытқан. Осындай эжазушылдар көп болсын.

  8. Мен республикалық «Қазақ үні» апталығын іздеп жүріп оқитын адамның қатарындамын. Көптеген мақалалары жанымды баурайды. Тарихи шындықтарды батыл жазғандардан орын аямайды. Қысқасы, көрнекті ақын Қазыбек Иса апталықты оқырманның сүйікті басылымына айналдырыды.
    Оған айтар тағы бір шексіз алғысым – қызылжарлық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжановтың Сегіз сері жазды делініп жүрген дастандардың шикілігін тарихи да, әдеби де дәйектермен дәлелдеген мақаласын жариялауы. З. Әкімжанов жершіл емес екен. Сасық намыстан ада екеніне көзім жетті. Адал! Міне, нағыз азамат осындай болуы керек. Ұлттың жанашыры. Ана Қаратай Биғожин деген нақұрысты мен де білуші едім. Талай кергенмін. Ел ішін кезіп, жоқтан бар жасап жүретін бишара еді. Әдебиет әлемін ластап кетті.
    Мен Қызылжарда 2008 жылы болғанмын. «Асыл мұра» деген орталыққа да ат басын тірегенмін. Сонда анау Социал және тағы бір шал бар екен, аты-жөнін ұмыттым. Әсіресе, Социал аузын керіп мақтанған. Бұларды дүмше өлкетанушылар деген пікірдемін. Сегіз сері әнші, сазгер ғана деп ойлаймын. Бірақ зор деңгейдегі ақын емес. Соны айғақтап берген Зейнолла Әкімжановқа Қазақ елі алғыс айтуға тиіс. Жолыңыздан жаңылмаңыз, Зейнолла!
    Мен – Қарағандының қазағымын әрі Кереймін. Бірақ жалған намыс үшін жаға жыртысқа бармаймын.

  9. Республикалық «Қазақ үні» апталығында Сегіз серінің дастандарындағы жалғандықты тарихи және әдеби ақиқатпен айғақтаған қызылжарлық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжановқа еліміздің қазақ қауымы алғыс білдіруі керек. Ол өте шыншыл, әділ, адал азамат екенін мен жақсы біілемін. Соған қоса, өте білімді, зерек зерттеуші де.
    Шындығында, оның да руы – Керей. Бірақ көпе-көрнеу жалғандықты әшкерелеуді азаматтық парызы санағанына өз басым ризамын. Қолдан қаһарман жасаудың қажеті қанша? Зейнолланы тарихты ластауға жол бермейтін нағыз қаһарман деуіміз керек. Осы дастандарды Сегіз сері емес, дүмбілез Қаратай Биғожиннің өзі жазып шыққанын елімізідің әмсе ғылыми қауымы, әдебиет зерттеушілері басшылыққа алса, нұр үстіне нұр болады. Еңбегіңіз жансын, Зейнолла бауырым! Сіздің батыл да қайсар адам, ақын және білікті ғалым екеніңізді өз басым ежелден мақтан тұтушы едім.
    Ал облыстық «Асыл мұра» орталығындағы дүмбілез өлкетанушыларға сол керек. Қ. Биғожиннің нұсқауымен шығарған, амандық болса, әлі де шығаратын шатпақтарының құны – көк тиын.

  10. Сегіз Серінің тарихта болмағанын елдің бәрі біледі. Оның ұрпағымыз деп жүргендер шежіреден хабары жоқ, өз әке-шешесінен арғығы көзі жетпейтін мәңгүрттер. Әлгі Биғожин Қаратай деген бишара, есі де толық емес, өз ауылындағылардың мқұлық екенін біледі ді, қулығын асырып, шежіреші ғұлама болған. Соның сөзіне ерген Сотсиал, Қосыл марқұм, Мұқашов Хайырулла деген керей ағаларымыз дақпырттап жіберген. Бұл кәдімгі рушылдықтың сасық көрінісі. Ана рудан шығып жатыр, бізден неге жоқ деген қыртыл. Жәнеки бұл да Қожаберген «жыраудан» тарайды. Мәселе қайда? Бұған қазақтың Абай Тасболатов, Бекет Тұрғараев, Тұрсынбек Кәкәшев, Мекемтас Мырзахметов сияқты, тіпті Ерлан Сыдықов, Темірғали Көпбаев, т.б. қасетті адамдарын шатыстырып, күнаға батырғандар, осы Керейміз деп жүрген сасық рушыл фашистер. Артықбаев Жамбыл деген тарихшының шындығын мойындамай, соңына түсіп, неше түрлі қастық ұйымдастыруда. Енді мына ақынды жазым етпесе болды, Кәртен қайда, Серікбай қайда? Бұл не заман болып кетт»? Сегіз Серіден, Қожаберген жыраудан цитата алавтын болыппыз. Тарихта болмаған кісілерді саясатқа араластырып, Укімет Басшысы Серік Ахметовтың қолымен қаулы шығартқанын қайтесің. Мемлекеттік Хатшы Марат Тәжин мырзаның араласатын жері осы. Тарихшылар жалтақ, сатқын Қалтасына мың салса, Гитлерді де жырау жасайды. Нұреке! Не боп барамыз.

  11. Қорыта айтқанда Сегіз сері деген адам әуелі өмірде болған ба деген сұрақ туады. Ондай адам болса оның жақын жұрағаты туыстары ұрпақтары қайда. Тікелей солардан сұрау керек. Ондайлар өтірік айтса да халық бақайшағына дейін білмеуі мүмкін емес. Сегіз деген ақын, ер болған дегендер-ақ шаршатты.Бұ да Түп тұқиянымнан өзіме дейнннің бір түрі сықылды. Әдебиетті ыластамау керек. Өтірік өрге озбайды. Дастандардағы ұйқастар түкке алғысыз.Шынында со замандардағы ақын-жыраулар қалай төгіп айтқан,.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз