«ДАЛА ДАРЫНЫ» ЖОБАСЫ даланы дүр сілкіндірді!

6
3410

 

Ислам Әбішевтың игі идеясы бүкіл қазақ даласындағы қазақ әдебиетінің бүгінгі болмысын көрсетеді!

Алматы қаласы Орталық Азия Университетінде «Күлтегін»  қоғамдық әдеби-тарихи танымдық, этнографиялық, өнер бірлестігінің тұсаукесері және «Дала дарыны» жобасымен жарық көрген еліміздің он төрт облысы мен Астана және Алматы қалаларының жас ақындары 15 жыржинақтарының тұсаукесері болып өтті. Тұсаукесер рәсімі еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас ақындар мен халқымыздың шоқтығы биік, маңдайалды әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерінің басын қосқан үлкен мерейлі мерекеге айналды.

Рухы өр, тәні бекем қазағымыздың әлем алдындағы беделі- ұлттық мәдениетімізбен, өнерімізбен, білімімізбен өлшенері сөзсіз. Сондықтан да ел болашағы үшін жан-жақты, көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыздың өсіп жетілуі басты мақсатымыз. Жас буынның қалыптасуына- студенттік кезеңнің ықпалы зор.  Осы орайда студенттердің танымдық белсенділігін арттыру мақсатында біздің университетіміздің жанынан «Күлтегін»  қоғамдық әдеби-тарихи танымдық, этнографиялық, өнер бірлестігі құрылды. Бірлестіктің басты мақсаты тарихы терең халқымыздың өткені мен кеткенін жас ұрпақтың санасына сіңіре отырып, болашаққа айқын бағыт қалыптастырып, нық қадамдар жасау болды.

Ең алдымен университет ректоры Сайлау Аманжолұлы Қасабеков сөз алып, жиналған көпшілікті «Күлтегін» бірлестігінің құрылуымен құттықтап, ізгі ниетін жеткізді. Халқымыздың тарихын білу – өзімізді тану, елдігімізді тану. Тарихы мен мәдениетін зерделей алмаған пенде адамдықтан жұрдай, ар- намыстан мақұрым қалған «кісітиптес» дер едім. Бұндайдан сақтану керек. Сол үшін елдігімізді, теңдігімізді, өрлігімізді, ғасырлар бойғы шер- мұңымызды ұмытпау, ұлықтау біздің, жас ұрпақтың, басты парызымыз. Сонымен бірге «Күлтегін» бірлестігінің таңба- белгісімен таныстырды. Көпшілік қауым да шын ниетімен қостап, қошеметін жаудырды.

Қазақ халқымызда тәй-тәйлап, енді-енді жүре бастаған жас нәрестенің тұсауын кесіп, ақ батамен алғаш қадам басқызатын қастерлі ғұрып бар. Және де ол рәсімді ел ішіндегі аузы дуалы үлкендер жасағаны мәлім.  Қадірменді қонақтардың қатарындағы жазушы Зәкір Асабаев ақ батасын берді…

«Күлтегін» өз жұмысын «Дала дарыны» жобасымен жарық көрген еліміздің әр өңірінің жас ақындарының жыр жинағының тұсауын кесіп бастады! Азаматтық танылатын, қазақтық сыналатын ұрымтал тұс – қазіргі заманда мәдениет пен әдебиет болып тұр. Олар нарық заманында қараусыз қалған баладай жаутаңдап, жетім күй кешкені жасырын болмай қалған уақыттан енді өтіп барамыз. Туған елінің мерей-мәртебесін ұлттық өнер мен әдебиет арқылы ұлықтайтын әкімдер бар. «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» – делінетіні сондықтан. Қазақ  әдебиетіне, соның ішінде елге танымал тұлғалардан бөлек айрықша қамқорлықты, аялы алақанды қажет ететін жас буынның шығармашылығына ерекше қамқор екенін  анық көрсеткен Ислам Әлмаханұлы Әбішев. «Дала дарыны» жобасымен шыққан он бес топтама жинақ – күллі Қазақстан бойынша жас ақындардың  жырларынан құрастырылған. Бұл игілікті істің бастамасы, авторлық идея  Ислам Әбішевтің еншісінде екенін айрықша екшей айтуға лайық. Бүкіл елден Сүйінші сұратқызған  15 жыр жинағы!

Ислам Әбішев Өскемен    қаласының әкімі болған     уағында бірнеше жыл    қатарынан «Шығыс      шынары» атты  халықаралық жыр  мүшәйрасын және          Қазақстан Жазушылар       одағымен бірлесе   көптеген қазақ әдебиетіне қатысты іс-шараларды ұйымдастырды. Талай ақын-жазушы, ғалымдардың кітаптарын шығаруға демеушілік жасап, алғыс арқалаған әкім бола білді.

Ислам Әлмаханұлының авторлық идеясының  жемісі – «Бұлақ  көрсең  көзін аш» демекші, әр облыс, қазақтың кең сахара даласының түкпір-түкпірінен, ауыл-ауылынан кітабын шығара  алмай жүрген жас ақындарды іздеп таптыртып, өлеңдерін жинаттырып, қолжазба күйіндегі кейбір туындыларды бастыртып, электрондық нұсқаға түсіртіп, үлкен  іс бітіріп  тындырғаны сүйсінтеді.Айтулы азаматқа ақын мен жазушылар, әдебиеттанушы  ғалымдар, әдебиет сүйер қауым атынан білдіретін ризашылығымыз шексіз.Көптеген бұл өмірден ерте озған  ақындардың артында қалған  ағайындарының  да  және мүмкіндігі шектеулі жас ақындардың да   Ислам Әлмаханұлына деген  алғыс сезімін айтып жеткізу  қиын.

Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет жанашыры Ислам Әбішев мырза демеушілігімен «Дала дарыны» жобасы бойынша жарық көрген еліміздің он төрт облысы мен Астана және Алматы қалаларының жас ақындары жыр жинақтарының тұсауын, бір күнде 145 жас ақынның тұсауын кесіп бастады. Әр жинаққа алғысөз жазып, жастардың жолына зор сеніммен қарайтынын жеткізген алдыңғы толқын ағалардың да ақ тілегі ақтарылды.

Ректордан кейін сөз алған, кештің жүргізушісі «Күлтегін» республикалық әдеби-тарихи танымдық, этнографиялық және өнер бірлестігінің төрағасы, «Дәстүр» баспасының директо­ры, ақын Қасымхан Бегманов «Дала да­рыны» сериясының қалай қолға алынғаны туралы жан-жақты айтып өтті.

«Бұрын кітаптары шықпаған жас ақындардың өлеңдерін «Дала дарыны» деген серияға енгізіп, кітап етіп шығарып беруді өз бастамасымен қолға алған мемле­кет және қоғам қайраткері Ислам Әбішев мырза болатын. Әрбір жинақты белгілі ақындардың алғысөзімен шығардық. Бұл алғашқы жинақ болғандықтан да кең байтақ қазақ жеріндегі қолдарына қалам ұстаған, әлі аттары белгісіз жас ақындардың өлеңдерін жинауда, әрине, біраз қиыншылықтар кездесті» дейді Қасымхан Бегманов мырза.

Әрі қарай әр облыс жастарының жыр жинақтарының атын қою барысы­нан бастап сөз еткен ақын кешті ерекше қызықты, әрі есте қаларлықтай ақындарға тән әзілдермен айшықтай отырып жүргізді.

Сонымен республикалық «Дәстүр» баспасынан шыққан Шығыс Қазақстан обылысы жас ақындарының жыр жинағы «Алтай айшықтары», Маңғыстау обы­лысы жас ақындарының жыр жинағы «Маңғыстау мақамдары», Батыс Қазақстаннан «Жайықтың толқындары», Ақтөбе обы­лысынан «Ақтөбе әуендері», Алматы қаласынан «Алатау жыр­лайды», Астана қаласынан «Сарыарқа самалы», Алматы обылысынан «Жетісу жауқазындары», Павлодар обылы­сы жас ақындарының жыр жинағы «Ертіс әуендері» атты кітаптар қалың оқырманға жол тартты.

Өз кезегінде сөз алған ақын, қоғам қайраткері, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты «Қазақ үні» газетінің басшысы, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса да өзінің құрастыруымен әрі редакторлығымен «Тұран» баспасынан шыққан жинақтар жайлы толғана сөйледі. «Оңтүстік орамдары» де­ген атпен Оңтүстік Қазақстан облысы жастарының, «Әулиеата әуендері» атауы­мен Жамбыл облысы жастарының, «Сыр­лы дария» атауымен Қызылорда облысының, «Атырау айшықтары» деген атаумен Атырау облысының, «Сарыарқа сазы» деген атаумен Қарағанды облысының, «Дән дария» деген атпен Қостанай облысының, «Қызырлы Қызылжар» деген атпен Солтүстік Қазақстан облысы жастарының өлеңдері топтастырылған жыр жинақтары да уақыт көшіне, өмір мен өнер көшіне ілесті.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Темірхан Медетбек, «Өлке» баспасының директоры, жазушы Мереке Құлкен, «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры, ақын Бауыржан Жақып, тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан, ақын Әділғазы Қайырбеков, ф.ғ.д. жазушы Нұрдаулет Ақыш, республикалық «Айқын» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Берік Бейсенұлы , «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Нұрлан Мәуленов, т.б. бұрын-соңды болмаған  тарихи оқиғаның куәгері болды.

Қоғам қайраткері, ақын Темірхан Ме­детбек: «Тәуелсіздік кезеңінде сол кездегі вице-премьер, руханият демеушісі, рухы биік қайраткер Иманғали Тасмағамбетовтің 100 кітап шығарғаны үлкен оқиға болған еді. Енді міне, 16 өңірден қайраткер азамат Ислам Әбішев ініміз 150 ақынның тұсауын кесіп отыр. Бұл да бір керемет оқиға болу­да» деді.

 «Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қанатты сөз бар. «Дала дарыны» сериясының бұл алғашқы түсаукесері болса, амандық болса, бұл ашылған бұлақ арқырап аққан үлкен өзенге ұласады», – деді келесі сөз тізгінін алған Ислам Әбішев.

Орталық Азия университетінің акті залында өткен тұсаукесер рәсіміне еліміздің барлық облыстарынан өлеңдері жинаққа енген жас ақындар келіп қатысты. Олар сахна төріне шығып өз өлеңдерін екпіндете оқыды.

Иә, тәуелсіздіктің көк туы желбіреген сәттен бастап қоғамдық өміріміздің барлық саласында ілгерілеудің, өркендеудің кең тынысы ашыла бастады.

Қазір – нарық заманы. Жас ақындардың қолтығынан демеп, қанатының қатаюына, топшысының бекуіне демеуші болудың өзі бір ғанибет емес пе? «Қанат ұшса, қатаяр» деген де тәмсіл бар.

Сонымен бірге осы кеште ректор Сай­лау Қасабеков мырза жаңадан жасалынған «Күлтегін» бірлестігінің таңба-белгісін төрағаға табыс етті.

Бұл жас ақындардың бәрі болмағанымен, кейбіреуі болашақта аламан бәйгеден озып келіп, жыр сүйер қауымның көңілінен шығып, келешегіне жарқын жол ашылып жатса, онда бұл бастаманың мұратына жеткені. Бұл кеште белгілі ақындар, жазушылар, зиялы қауым өкілдері кітаптарды шығарушыларға өздерінің шы­найы ризашылықтарын білдірді.

Бұл күн- күллі қазақтың тойы, қазақ әдебиетінің мерейлі мерекесі болды.Себебе ақбас Алатаудың баурайындағы ару қала Алматымыздың төрінде жас ақындарымыз бас қосып, жырдан шашу шашты.

Кезінде жастардың кезекті бір республикалық жыр кешінде сөз алған Исраил ағаның: «Алматыға Көктем келді. Ақын- құстардың қанатында келді. Жас ақындардың жүрегімен келді… Өлеңімен келді…»,- дегені бар еді. Шынымен де Табиғат- Ана да бар мейірімін төгіп жанымызды да, тәнімізді де шуағына  орап, жас нәрестесін құшағына басқан жас анадай, бәйек болып жатты. Еліміздің әр өңірінен алып- ұшып жеткен, сағынысып жеткен жас ақындардың жырларының Алаш аспанында қалықтағанының куәсі болдық. Жастардың жинағы шығып, ақбас Алатаудың етегінде дүбірлеп кештерінің өтуі- өнері мен еңбегінің еленгені емес пе?! Тұсаукесер рәсімі жастардың жыр шашуына ұласты. Жас  жүрегімен хас дүлділдерше ғазал төкті барлығы. Әсіресе, жамбылдық ақындар Данир Әлімқұл, Табиғат Абайлдаев, Нұржан Қадірәлі, оңтүстіктік Сәбит Лахан, оралдық Шерхан Талап және т.б. жырларын көпшілік ықыласпен қарсы алды.

Кеш соңында университет ректоры Сайлау Аманжолұлы жастардың болашағына алаңдап, ағалық қамқорлығын аямай, осындай үлкен жобаны дүниеге алып келген Ислам аға Әбішевке «Орталық Азия Университетінің құрметті профессоры» ғылыми лауазымын табыс етті.

   Бұл он бес жинақ- үш жүздің баласы мен алты Алаш жұртының асқақ рухы іспетті. Бұл он бес жинақ– он бес ғасыр бұрынғы рух үшін күрес, елдік пен теңдік үшін егес секілді. Күлтегін бабамнан басталған ұлы мақсат жолындағы ұлы арман іспетті. Өмірге келген бұл он бес жинақ өзімен бірге әдебиет аламанына жас жыр- дүлдүлдерін ала келді.                                                                                          

  «Дала дарыны» сериясымен алдағы уақыттарда да бұл игі шара жүзеге асырыла береді. Бұл жас дарындарды қанаттандыра беретіні сөзсіз!

                Еламан ХАСЕНҰЛЫ,

 ОАУ ІІІ курс студенті

 

 

 

 

 

6 ПІКІРЛЕР

  1. Ақын,Елі Жері үшін туылған жандар,оған қамқор болу,бұкіл елге қамқор болу деп түсінем.Ислам ағамызға,Тепсе кетпес бақ ,Қажымас қаират тілеимін!Осындаи қазақ жігіттері көбеисе,кем болмаспыз.

  2. 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басында мына Ресейде татар меценаттары болды осындай кітап шығаратын,қазіргідей айтсақ демеушілер,спонсорлар.Олар сол кездің өзінде орыстың ішінде отырып өзінің ұлтының тілін,әдебиетін,Ислам дінін осылайша кітап арқылы бүкіл Ресей мұсылмандарына таратып отырған. Енді міне біздің Қазақта да осындай нағыз меценат әкімдер,ақшалы мырзаларымыз көбейсе нүр үстіне нұр болады. Илаһи,бұл ізгі іс ұзағынан болсын.

  3. Алғысты осы 150-дей жас ақынның тұсауын кешкен 16 кітаптың демеушісі, руханитқа қамқор болып, қол ұшын созып жүретін рухы биік қайраткер Ислам Әбішевке айту керек!

  4. «ДАЛА ДАРЫНЫ» ЖОБАСЫ даланы дүр сілкіндірді! Ислам Әбішевтың игі идеясы бүкіл қазақ даласындағы қазақ әдебиетінің бүгінгі болмысын көрсетеді!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз