Мұз боп қатқан көз жасы

araq 4 Желтоқсанның екінші аптасы. Далада қақаған аяз. От жағылмаған үйдің іші де, тым салқын. Бөлменің бір бұрышында көрпеге оранып, қатты тоңған Әділет отыр. Бөлменің ортасындағы электрлі жылытқыш пештің бөлмені жылытуға қауқары жетер емес. Бұл үйде төрт ай бұрын тіршіліктің оты сөнгендей болды. Әділеттің анасы айықпас дерттен көз жұмған еді. Жарының қазасына шыдай алмаған Ерсін ішімдікке салынып кеткен-ді. Ерсін әдеттегідей шөлмегін құшақтап, есіктен кіріп келеді. Аяқ жүріснің дыбысын естіген Әділет, «Әкем таңдайға басар заттар әкелген болар» - деген үмітпен, есікке қарады. Алайда әкесінің қолында шөлмектен басқа еш нәрсе де жоқ болатын. - Ә-ке-шім, қарным ашты...-деді ол дірілдеген даусымен. - Балам, сәл шыда, әкең кәзір мына жылытқыш пешті апарып сатады. Оның ақшасына үйге нан сатып әкеледі- деп, жылытқыш пешті қолтықтап, теңселіп үйден шығып кетті. Әділет әкесін үмітпен ұза-а-қ күтті. Алайда әкесінің шөлмектес достары кезігіп, сатқан ақшаға нан емес, арақ алып қарық болған болатын. Ертеңіне мастығы тарқағасын, қалған ақшаға азын-аулақ нан алып, үйге келді. Үй іші тым-тырыс. - Балам, әкең нан әкелді, балам, оян! Алқаш әке байғұс баласын оянар деп күтті. Алайда бәрі кеш болатын. Баласының жүзіне назар аударғанында – аштықтан аққан көз жасының мұз болып қатып қалғанын көрді... Енді бәрі кеш еді...

                                                                                 Қожахмет КЕҢЕСБЕКОВ,

Түркия, Сакария университетінің 3 курс студенті

araq 6