Айтыс жеңімпазы – Жандарбек Бұлғақов

40bb52008fdda631356b2caba7874b97Өткен жексенбіде Астана төріндегі Конгрес Холл сарайында айтыс десе іш­кен асын жерге қоятын жұрт­шылық үшін және бір думан өтті. Осымен екінші жыл қатарынан «Алтын дом­быра» үшін арынды ақындар сайысқа түсіп, асау жыр Аста­на төрінде асқақтай төгілді. Дәстүрге айналған жыр дода­сына республиканың әр өңірінен 10 ақын қатысқан болатын. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен түндігі түрілген айтыс тартысқа толы болды. Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасының құрамы­на Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл төрағалық етсе, Мақсат Тәж-Мұрат, Аманжол Әлтай, Мұхаметжан Тазабеков, Қалқаман Сарин айтыскерлердің әлеуетіне баға берді. Айтыс басталмас бұрын партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Жүрсін Ерман мен Мырзатай Жолдасбековке шапан жапты. «Жырың болып төгілемін, елім!» деген атпен ақындар додасы басталмас бұрын көрермен қауым «Алтын домбыраның» былтырғы иегері, қызылордалық Мұхтар Ниязов тағы да алатын шығар деген ойда болған еді. Алайда алғашқы жұпқа түскен астаналық Жандарбек Бұлғақов пен Мұхтар Ниязовтың сөз сайысы ең тартысты сын болғанын айтуымыз керек. Дегенмен Жандарбектің жұлып әкететін жүрісін осы тұстан-ақ байқағандаймыз. «Қара құрт қауіпті емес қара қойға» деп сөз бастаған Мұхтар ақын Жандарбекті ә дегеннен-ақ қыспаққа алған-ды. Алайда әйгілі Айтақын­ның баласы да аянып қалған жоқ. Уытты жырларымен Сыр бойынан келген саңлақты сойып салды. Айта кететіні, екі азулы ақынның айтар ойы, сынға алған тақырыбы маңызды болғанымен, көрер­мен­нің Бұлғақовқа деген ілтипаты ерекше болды. Жалпы, бұл айтыс бұрынғы айтыстар­дан өзгерек өрілді. Сөз қағысқан ақындар­дың әдеттегі айтысынан бөлек, көгілдір экран­да ұяшықтар көрсетіліп, айылын жи­майтын сөзуарлар тақырыпты содан таң­дауы тиіс еді. Сондықтан алғашқы жұп болып сөз қағыстырған Жандарбек пен Мұхтарға ұяшық бойынша өтірік-айтыс дөп келген еді. Тақырыпқа Байқоңырды тиек еткен Жандарбектің өтірік айтыстан да Мұхтардан басымдығын айқын байқатты. Сөйтіп, айтыс қорытындысы бойынша қазылар келесі кезеңге Жандарбекті өткізді. Екінші жұп бойынша алматылық Қанат Мырзахан мен Дидар Қамиевтің айтысы да өз деңгейінде өрбіді. «Ақыры бұйырды ғой қалған-құтқан» деп қарсыласының жыр додасына енді қосылғанын мысалға алған Дидар Астана көшелерінде қаптаған жаңажылдық шыршаларға шүйлікті. Шым­кенттік Бекарыс Шойбеков пен аста­на­лық Жақсылық Орынбасар айтысына оралмандар туралы заңды тақырыпқа арқау болды. «Асылтұқымды сиырды алып келгенше, шетелдегі бауырларымыз­ды ұшаққа тиеп алып келсек етті» деген жолдар Бекарыстың тереңнен сөз саптай­тынын тағы бір рет айғақтағандай. Ал қызылордалық Нұрмат Мансұров пен Алматы облысының ақыны Сара Тоқта­мысқызының айтысы көрерменді серпілткен сайыс болды. Халыққа еркелей отырып сөз айтатын Сара мен мағыналы жырдың мәнін ашатын Нұрматқа талап бойынша «Біз үшін не қымбат, не арзан?» деген тақырып берілген болатын. Бұл жағы­нан қос ақын да барын аянып қал­мады. «Ағайын, сенің берген бағаң қым­бат» дегені де дөп келді ме, кім білсін, әй­теуір, осы жыр сайысында қазылар бағасы бо­йынша Сарадан Нұрмат озды. Жиырма жылдан бері айтыс сахна­сында жүрген Балғынбек пен Айнұрдың айтысы жұрт күткен дода болды. Халық жалықпай таңға тыңдайтын айтыстың түрі де осы. Қарсыласын айыр тілді жыланға балаған Балғынбек әдеттегіше әзіл айтыстың әдемі үлгісін жасай білді. Неше алуан мақамға оңай ойысып кететін Балғынбек Шорабектің «игигайын» жұрт есіне тағы түсірді. Қорытынды бойынша ақын сызылып отырып сөз арнайтын Ай­нұр­дан оқ бойы озық шықты. Бұл жолы Ай­нұр бабында болмады ма, қоғамда кеңінен етек алған ғаламторды тиек еткен Балғынбектің басымдығы айқын сезіліп тұрды. Сөйтіп, алғашқы кезеңдегі бес жұптан келесі кезеңге Дидар Қамиев, Жандарбек Бұлғақов, Балғынбек Имашев, Нұрмат Мансұров шыққан еді. Бір ерекшелігі – төрт ақын жұп болмай, төртеуі қатар айты­сып, Құлманбет айтысын қайта тірілтті. Бірі­нің сөзін бірі іліп әкеткен олар тақырып­тан гөрі өзара әңгімені жандандырғандай. Өзара әңгіме болғанда да қоғамның бүкіл жыры төртеудің аузынан шығып жатқандай еді. Биыл ғана шаңырақ көтерген Дидар­дың үйленгенін айтқан Жандарбекке, Нұрматқа Балғынбек «інілерім» деп сөз бастап, ағалығын көрсетті сахнада. Әдет­тегіше сах­надағы төрт ақынның қатар оты­рып жыр арнауы көрерменге де ерекше әсер етк­енін айтуымыз керек. Сөйтіп, алты сағатқа созылған айтыс қорытындысы бойынша қазылар ақылдаса отырып шешімдерін шығарды. Былтырғы жылғы «Алтын домбыраның» иегері Мұхтар Ниязов жүлдеден тыс қалды. Бұл жолы жаңа иегер астаналық Жандарбек Бұлғақов атанып, 3 млн теңгені қанжы­ға­сына байлады. Жүлделі бірінші орын қарағандылық ақын Дидар Қамиевқа бұйырды, оған 2 млн теңге табысталса, қызылордалық Нұрмат Мансұров екінші орында (1 млн теңге), ал үшінші орын Балғынбек Имашевқа (750 мың теңге) тиді. Айтпақшы, kazaitys.kz сайты тағайын­даған Есенқұл Жақыпбеков атындағы арнайы сыйлықты сайттың бас редакторы Ұларбек Нұрғалымұлы белгілі қызылорда­лық ақын Мұхтар Ниязовқа табыстап, 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берді. Бауыржан БАЙБЕК, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары: –«Нұр Отан» партиясының қабылдаған саяси доктринасында ұлттық құндылық­тарға мән берілді. Біз бірліктің арқасында осындай табысқа жетіп отырмыз. Алайда біздің елімізде шешілмей жатқан мәселе­лер жоқ емес. Біз қашанда соларды шешу­­ге тырысамыз. Өткен айтыста көтеріл­ген мә­селелерді біздің партияның депутаттары ескеріп, соңы шешуге барын салып жатыр. Негізінен, айтыс пен саяси партияның табиғаты бір. Ақындар әр кезде халық сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап келді. Бірлік пен бейбітшілікті жырына арқау етуіміз қажет. Соның арқасында біз одан биік жетіс­тіктерге жетеміз деп ойлаймын.  Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – Сахнаны ән мен жырға бөлеген ай­тыс­­керлерге көрермендер атынан алғыс білдіргім келеді. Бүгін  ақындар өздерінің бабында екенін көрсете білді. Қайым айтыста да, жұмбақ, өтірік айтыстарда қи­налған жоқ. Жалпы, осыншама бай мұра­мыз­дан халықты шөліркетпеуіміз керек, айтыс жыл сайын республикалық деңгейде өткізіліп тұруы қажет. Ол халықпен бірге болуы тиіс. Айтыстың арасы ұзап кетпесін. Соның ішінде айтыстың жаңаша мазмұнда қайта оралып, жаңғырып жатқанына риза­мыз. Айтыс деген – халық өнері, асыға күте­тін сөз сайысы. Ендеше, әрқашан сах­нада ақындар айтыссын.

Жанкелді ҚАРЖАН, "Алаш айнасы"