Ұлт батырының бейнесі экрандалады

aedc56964072c80090abc9afc4880267Батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы фильм төрт сериядан тұрады. Алдын ала көрсетілімде соның бірінші бөлімі ұсынылды. Тарихи телефильмнің сахнасы Бауыржан Момышұлының таспаға түскен жанды дауысымен ашылды. Батыр дауысы «Хабар» агенттігінің мұрағатында қатталып, сақталып қалған екен.  «Біз майданда болдық, белуардан қан кештік, тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн-түн демей еңбек етіп, жеңіспен тер төктік. Осының бәрін біз тарих алдын­да, Отан алдында, адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық боры­шы­мыз­ды өтеу үшін істедік. Сөйтіп, оны абы­роймен атқардық. Бұл жеңіс бізге арзанға түскен жо-оқ. Ел дегенде еңіреген ерле­рі­міздің қан майданда құрбан болғандары аз емес. Қол аяғын беріп, мүгедек болып қайтқан ерлер де аз емес. Ұлы Отан, туған елім, туған жерім!..» – деп басталады тас­пада сақталған батырдың үні. Осы жанды дауыстың өзі қандай! Әрбір сөзі нық. Сұңқардай саңқылдап шығады. Тегін адам емес екенін осы бір үнтаспаны тыңдаған адам да бірден түсіне кететіндей. Батырдың аузынан шыққан әрбір сөзі «сүйектен өтеді». Денені шымырлатады. Жүрекке жетеді. Әсіресе Момышұлының: «Мен­ен артық, менен батыр, менен ақыл­ды жігіттер өліп кеткенін көзіммен көргенмін» деп айқай салғанда, осыншама қатқыл дауыстан селк етіп сескенбейтін пенде жоқ шығар, сірә. Ал батыр дауы­сы­ның өзі соншама ауыр болса, оның тұл­ға­сын фильм арқылы сомдаудың жауап­кер­шілігін де түсінуге болады. Осындай жауап­кершілікті «Хабар» агенттігі мен телефильм түсірушілер тобы барынша көтере білген десек артық емес. Тарихи кинолентаның режиссері – Ақан Сатаев. Басқасын айтпайық, тек «Жаужүрек мың бала» көркем фильмімен-ақ жұрт­шы­лық­тың жүрегін жаулап алған Ақанның өзі ғана емес, оның командасы да кәсіби шебер­лер екенін киносыншылары да жақсы біледі. Сондықтан да батыр Бауыр­жан жайындағы «Хабар» агенттігінің төл туын­дысы қазақ көрерменінің көңі­лінен шы­ғатынына сенім мол. Ал фильмнің бірін­ші бөлімінің сценарийін Тимур Жақсыбаев жазып, ол  Александр Бектің «Арпалыс» атты повесінің бірінші бөлімін негізге алған. Жалпы мазмұнға келсек, тарихи теле­тас­па әскери қызметте істейтін жас әрі жігерлі Бауыржанның елді қорғауға аттан­сам деген арманынан басталады. Кейіннен қолындағы күрегі мен қаламсабын қаруға алмастырған Момышұлының қан май­данға дайындығы, сосын атқыштар ди­визия­сын жасақтауға келген генерал-майор Панфилов пен Бауыржанның таны­суы, батальон командирі ретінде ұрысқа қосылған Бауыржан Момыш­ұлы­ның алғашқы шайқасы кеңінен баян­да­лады. Батырдың майдандас дос­та­ры­ның  екіұдай көңіл күйі, өзіне де, өзгеге де талапшыл командирдің жаужүрек мінезі бар қырынан ашылады. Фильмдегі басты рөл, яғни батыр Бауыржанның рөлін сом­дау М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері Еркебұлан Дайы­ровқа бұйырған екен. Батырдың жары Жамалдың рөлін Әсел Сағатова, генерал Панфиловты Виктор Ашанин, лейтенант Қасеновты Саят Есембаев ойнап шыққан. Еркебұлан ДАЙЫРОВ, актер: – Бұл – кез келгеннің басына қона бер­мейтін бақ, сол бақты бағалай білген абзал деп ойлаймын. Маған сенім артқан осы телефильмнің авторы  «Хабар» агенттігіне, Ақан ағаға рақмет айтқым келеді. Мен де осы кісілердің сенімдерін ақтап шығуға барынша тырыстым. Шынымды айт­сам, осы жолы Баукеңнің шығар­ма­шы­лығына, мінезіне қатты ғашық болдым. Кімді ойнап жатқанымды бұрынғыдан да терең білуім керек қой. Сондықтан Баукеңді зерттеу барысында қазақта осындай азаматтың болғанына қатты қуандым. Біз онымен мақтануымыз керек. Кейінгі біздің өскелең ұрпаққа үлкен тілегім, құлақтарына алтын сырға Бауыр­жанның кім екенін білсін, таны­сын. Негізі, Баукеңнің бойындағы тұ­нып тұрған батырлық әр қазақ жігі­тінің қанында бар. Егер ол болмаса, осыншама ұлан-ғайыр жерді кезінде біздің жігіттер алып қалмас еді.  Баукеңнің дүниелерін, жиған-тергенін төкпей-шашпай елге жеткізудегі еңбектің зоры – Зейнеп Ахметоваға тиесілі. Батыр атаның келіні Зейнеп апамыз тарихи теле­фильмнің алдын ала көрсетіліміне арнайы Алматыдан келіп, көңілі алабұртып, тебі­рене отырып телетуындыны бар зейі­ні­мен қарап шықты. Көңілінен шыққанын да жасырмады. Дегенмен дәл осы туындыны жарыққа шығаруда Зейнеп Ахметованың еңбегі де ұшан-теңіз. Мұны жас актриса фильмдегі басты рөлдердің бірін ойнап, батырдың жары Жамалды сомдаған Әсел Сағатова да алға тартады. Әсел САҒАТОВА, актриса: – Шынымды айтайын, маған бұл рөл оңайға соқпады. Психологиялық тұрғыдан алғанда да жүгі зор болатын. Өйткені жауапкершілік тым ауыр еді. Сондықтан да кейіпкерге кіріспес бұрын біз Бауыржан Момышұлын, оның жұбайын көргендермен, ол кісі­лер­мен араласқан адамдармен көп әң­гі­ме­лестік. Бибі-Жамалдың қандай адам болғанына қатысты үлкен ізде­ніске түсуге тура келді. Өйткені батыр тұлғасы бізде барынша жазылғанымен, оның жары туралы ақпар аз еді. Осыған байланысты Бауыржан Момышұлының туыстарымен көп сөйлестік, естеліктерге ден қойдық. Осы тұрғыдан алғанда, әсіресе Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз үлкен көмек көрсетті. Зейнеп апамыздың батырмен бірге тұрған күндері туралы жаз­ған­да­рына жүгіндік, ол кісінің өзі де мол мағлұмат берді.  Телефильм Алматының маңында, Тал­ғар қаласында, Минскіде түсірілген. Бұған «Беларусьфильм» киностудиясы да атса­лысса керек. Фильмнің қоюшы-операторы Хасан Қыдырәлиевтің де, композитор Ринат Гайсиннің еңбегін де айтпай кетуге бол­мас. Туындының талғамнан шығуы да осын­дай шын шеберлердің бірлескен жұмысы арқасында өрілсе керек. Әйткен­мен бағасын беру талғамы жоғары, мәр­те­бе­лі көрерменнің еншісінде. Айтпақшы, тарихи телефильмнің пре­мьера­сы «Хабар» телеарнасында 17 жел­тоқсанда бастал­мақ­шы. Айдос ҮКІБАЕВ, «Хабар» агенттігінің бас­қарма төрағасы: – Идея бізден болғанымен, оны орындау жағын қазақтың белгілі кино­режиссері Ақан Сатаевқа сеніп тапсы­рыл­ған болатын. Жалпы, қазақтың даңқ­ты батырлары, қол бастаған көсем­дері туралы кинолар, тарихи теле­фильмдерді көптеп түсіру жө­нін­дегі тапсырманы Елбасы жүктеген еді. Бүгін соны орындаған секілдіміз. Батыр жайындағы фильм түсірудің өзі – ел-жұрт алдындағы зор парыз. Біз сол борышты атқарып шығуға тырыс­тық.

Қанат ҚАЗЫ