Бүркітшілер фестивалі өтті

d9cd15a12f1422abde72b9f276326b38_500_0_0Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен Бүркітшілердің халықаралық І фестивалі мәреге жетті. Еліміздің тарихында тұңғыш рет өткен халықаралық қансонар 28-30 қараша Ақмола облысы Целиноград ауданы Малотимофеевка ауылы «Бал Қарағай» демалыс орнында өтті. Жарыс кезең-кезеңмен өтіп, құсбегі бүркітін қолға шақырса, одан кейін шырғаға түсірді. Үшінші  кезеңде қоянға, одан кейін қарсаққа, шибөрі, түлкіге салды. Хас қырандар мұның бәрінен де қайтқан жоқ. Жарысқа түскен 48 бүркіттен 4 бүркіт суырылып алдыға шықты. Бұл халықаралық қансонардың соңғы шарты қасқырға түсіру еді, алайда қырандар тау етегіндегі тайыншадай қара қасқырға таяп барып тайқып кетті. "Әттеген-ай" деп жұрт тұр. Алайда кәнігі құсбегілер оған пәлендей іш жимады. "Қасқырға түспей жатуының себебі не?" деп сұрағанымызда Қытайдан келген құсбегі Нұрғалым ақсақал (Бүркіт ұстап тұрған) бүй дейді: "Бүркіттің қасқырға түсуі сирек болады. Әдетте ұялас екі бүркітті қатар жіберіп, қатар түсіріп қасқыр алған аталарымыз болған, Моңғолия елінде қазір де солай алдырып жүргендер бар деп естимін. Ұялас бүркіттер көбінесе бір-бірінен қызғана қоймайды. Ол да тәрбиеге байланысты. Ал, мына бүркіттер өз әлін, өз мүмкіндігін біледі, ақымақ емес қой. Алла бәрін өлшеп жаратқан, жауының қаншалықты күшті екенін әсіресе аң-құстар адамнан жақсы біледі." деп қайырды. Сонымен, Бүркітшілер фестивалының жеңімпаздары: солдан: Сайлау Жарықұлы (Моңғолия), Нурғайып Рысұлы (Моңғолия), Арман Қошқаров (Атырау), Күнтуған Тоқтыбай (Асатана). Жүлдегерлерді марапаттау "алтын адам" ресторанында өтті. Марапаттау рәсімін Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Бекболат Тілеухан жүргізді.  Төрешілер "төрт бүркіт те қасқырға түспеген соң, аз ғана айырмашылықтермен бірінші, екінші орынға орналасты. Сондықтан жүлдені теңде бөліп, әрқайсысының қанжығасына 2000 доллардан байлады, жартылай финалға ілінген құсбегілер 50 мың теңдеген және барлық қатысушыларға (тіпті бүркіттерін әкеле алмаса да) 20 мың теңгеден үлестірді. Құр қайтқан ешкім болмады. Мұндай ірі жарысқа қатынасып, бүркіті аңға түссе де, түспесе де жүлделі болып қайтқан құсбегілер риза көңілмен тарқасты.

Ұларбек Нұрғалым,

"Қазайтыс.кз"