Алматыда жастар арасында айтыс өтті

0d6494760ed730520a2995e622946210_500_0_029 қараша күні Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының сахнасында "студенттер" айтысы өтті. Бұл жолғы айтысқа Қазақстан облыстарынан  және Қытайдан келген қандас ақын ұл-қыздарымыз қатысты. Қытайдан келген ақындарды ескеріп, айтыс "халықаралық" деп аталды. Бұл айтысқа ақын Мұхамеджан Тазабек төрағалық етті. Серік Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Бақыт Жағыпарұлы, Амангелді Сейітхан, Серік Қалиев, Ұлан Еркінбай, Фархат Маратұлы сынды белгілі айтыс ақындары мен жанашырлары әділдігін айтқан қазылар құрамы болды. Айтысатын жұптарды көрермендер арасынан шығып, жеребе таңдау арқылы белгіледі. Айбек Бестенқұлов (Алматы) пен Назгүл Ибраева (Семей), Алтынбек Ибрагимов (Қарақалпақстан) пен Нұрзия Асхабұлқызы (ҚХР), Манас Қайыртайұлы (Семей) мен Анаргүл Беделханқызы (ҚХР), Амангелді Сейітхан (Қостанай) мен Арзыгүл Қайымбекқызы (ҚХР), Әсет Аманқожаұлы (Жамбыл) мен Сырым Әуесхан (Қостанай) жұптары айтысты қыздырды. Бұл айтыста Алматыда бірнеше мәрте өртенген "барахолка" мен студенттердің жағдайы көп қозғалған тақырыптардың алды болды. Қытайдағы қандас аруларымыз, елге оралуға ниетті екендерін, бірақ орысша тіл білмейтіндерін өлеңмен жеткізді. Айтыс "Ел болам десең..." деп аталғаннан кейін жас ақындар осы тақырыптың төңірегінде жыр төкті. Көп айтылған мәселе тағы да – қазақ тілі...  Сондай-ақ, жастардың түндері ғаламтор желілері мен түнгі клубтарда өтіп жатқандығы да өзекті мәселе болды.  Жастар мәселесі мен ұрпақ тәрбиесі жолында бұл айтыстың орны ерекше. Көрермендер залы мен балконды толтырғандардың көбі – студент жастар. Төл өнерімізге жастардың қызығушылық танытып келгені қуантты. Айтпақшы, әннен шашу шашады деп айтыс жарнамасына ілінген, кезінде айтыс өнерінің мектебінен шыққан ақындар, қазіргі әншілер Еркін Нұржанов, Төреғали Төреәлі және нағыз сері жігіттер болып көпшіліктің қолдауына ие боп жүрген "Алашұлы" тобы айтысқа келмеді. Мұны әншілердің айтысқа "қол сілтегендері" деп түсінді ән күткен көрермен... Айтыс қорытындысы бойынша, бас бәйгеге тігілген үй Қытайдан келген ақын Анаргүл Беделханға бұйырды. 3-орын (жүлдесі 70 мың теңге) Қостанайлық Сырым Әуесханға, 2-орын (жүлдесі 100 мың теңге) қарақалпақстандық қандасымыз Алтынбек Ибрагимовке, 1-орын (жүлдесі 150 мың теңге) Қостанайлық Амангелді Сейітқанға бұйырды. Жастар айтысы жалғасын тапса деген тілек бар!

Айнара Байжан