Оралға да Исатай мен Махамбеттің ескерткіші керек

4
3061

 isatai maxambet 2

Осы күнгі кейбір тарихшылар, өлкета­ну­шы құрметті профессорлар болған оқи­ғалардың «сәулесі» мен көлеңкелі тұс­тарын ауыстырып, шындықтың шетін шы­ғарып, әрі қарай жалғанмен жабағылап жі­бергенде: Әйау, мына сөздеріңіздің қай­­сысына бас ұрайық?! – кім тәптіштеп жатсын.

Әкесі Бөкейдің көрегендігі де болар, бірнеше жыл орыстық ортада сауатын ашқан Жәңгір Орынбор губернаторының қалауымен хан тағына отыра қалды. Жер көлемі Ресейдің ортаңқол бір уезінің шамасы. Айнала қарулы шеп, оңтүстігі малға да, жанға да жайлы теңіз жағасы орыстың азулы атақтыларының белгі соғып қойған меншігі. Жәңгір шекара қорғап бас қатырған жоқ. Ондай қажеттілік те болмады. Ханның өз басы мен отбасын 120 қарулы атты казак-орыс күндіз-түні күзетуде болды. Бұл әскер Жәңгірді кімнен қорғалаштады? Қазақтардан. Сонда ол қай халықтың ханы болғаны? Ойлап қарасаңыз, Жәңгірге бұрынғы қазақ хандарының дәрежесінде (соңғысы Әбілқайыр) құрмет көрсетіп, қол құсырып дәріптеуге де келмейді.

Бүгінгі жәңгіршілердің Жәңгір ханның аяғын жерге тигізбей мадақтауы – бос сөз, тарихи негізсіз. Қазақ хандары қазақ ұлтына қорған болып, қазақ мемлекеттілігін түзеді. Сыртқы жаулардан қорғады. Ішкі Орда халқына Жәңгір қорғаныш болды ма? Жоқ. Дамыл таппай дәрменсіздікпен Орынбор мен Аштарханнан әскер шақыртып, ақыры, халықты қан-жоса қылып қырып салды. Қазақ хандарының тарихында қайсысы басқа елден әскер шақыртып, халқына оқ атты, батырлары мен ақындарының басын шапты?

Жәңгірді хандыққа орыс үкіметі тағайын­дады, халық болып сайлаған жоқ. Жәңгір хан атағын иемденгенмен, шын мәнінде, оның билік құзыры бұл атағына сәйкес келмейтін. Ішкі Орда ешқашан да бөлек мемлекеттік құрылым болған емес. Сон­дықтан да Халел Досмұхамедұлы: «Әбілқайырдан кейінгі хандардың бәрі – патша үкіметінің қолындағы қуыршақ» деуі – тарихи ақиқат.

Исатай батырдың атақ-даңқын қазақ әлемінде мәңгілік есте қалдырған сөз – Махамбет өлеңдері. Сол сияқты, Жәңгірдің Ішкі Орда жұртының алдында күнәкәрлігін ешбір бұлтарыссыз – тайға таңба басқандай суреттеген де Махамбет. Осындай дүниеге тиісу үшін, алдымен XVII ғ. дауылпаз ақыны Марғасқа жырауды «тағынан» түсіру керек-ті. «Жазықсыз елді еңіреткен» ханға қарғыс айтуды бастаған Махамбет емес.

Автор көтерілістің себептеріне бара қоймайды. Ондай мақсаты да болмаған. Көтерілістің себептерін зерттеушілер әр деңгейде зерделеп келеді. Жерсіз қазақ – малсыз. Малсыз қалған қазақ бала-шағаның қамы үшін бір әрекетке бармас па? Көтеріліс осыдан шыққан жоқ па? Осындай жағдайда қурап тұрған қауданға от тастағандай – Жәңгірхан ордалықтарды бұрын-соңды қазақ біліп-көрмеген алым-салықпен көз аштырмағаны. Н. Савичев, А. Рязанов, С. Зиманов. И. Кенжалиев т.б. сол уақыттың тарихи шындығын жан-жақты зерттеп, жазып кетті.

Ал әлеуметтік әділеттілікті мәңгілік құндылық санатында көретін бүгінгі тарихшы Жәңгірдің тарихи болмысына келгенде жоғарыдағы тарихшылардың дерек-тұжырымдарының мән-мағынасына әлі де көз жеткізе алмай отырғандай. Көтерілістің өршуіне негізгі себеп – Жәңгірдің шектен шыққан жемқор қорқаулығы, жеке басының әділетсіздігі. Жиырма жылдық хандық дәуірінде оның халыққа істеген қиянат-жауластығы тарихта хатталған. Осыны ашық тарихтан көре алмай тұрған бүгінгі зиялыларымыздың бірбеткей  жәңгіршілдігін қалай түсінеміз

Исатай батыр Жәңгірдің Ордасының шаңырағын төңкеріп, хан сарайына өрт салып, ханды неге тұтқынға алмады? Түрлі авторлардың атсалысып жүрген тақырыбы. Исатайтануда жазушы Әнес Сарайдың пікірінің тарихилығы орныққандай. Көтеріліс басшысы халыққа зорлығы өткен сұлтан-билерге қол көтеруін ханның істеп отырған әділетсіздігіне қарсылық қана деп, сол  үшін Орынбордан елге қарулы әскер шығарады дегенге сенбей келді. Ыңғайы келіп тұрғанда, мың сан қолмен Орданы қиратып, үкімет қолпаштап отырған Жәңгірді тұтқындаса, орыс үкіметі ондайды кешірмейді. Батыр жұртының қамын әріден ойлап, көтеріліс көсеміне лайықты сабырлылық танытты. Исатайлық мінезі сарбаздарының аттандаған қызуқанды­лығын жеңді. Сондықтан да (халық ашу-ызасының екпінімен келіп қалғанымен) Ордаға тиіспеді. Елді ала-топалаң қырғынға ұшы­ратпау мақсатында хан Ордасын шаппады.

***

Тағы бір айтарымыз – қаладағы  бетке ұстар ғылым-білім шаңырағын «М.Өтемісов атындағы» деп әу-баста сауатсыздық көр­сетіп, әрі ұлттық дәстүрге де келе қой­май­тын атаулық нұсқаға ұрынғанымыз. «Исатай-Махамбет университеті» аталып, ақындық пен батырлықты қатар ту көтеріп тұрса, олардың асқақ рухты қос есімдерін ұрпаққа тең-бірдей ұлағаттағанымыз. Ал осыдан он жыл бұрын қаламыздағы  екінші  университетке хан Жәңгірдің есімін беру, оның ескерткішін бойлату – ректорат пен облыстық әкімшіліктің тәуелсіздік заманында тарих шындығын «белінен басып», қазақ жерінің бір шетінде орыс үкіметінің пәрменімен хан аталған зорлықшыл әрі аса жемқор қуыршақ ханды әсіремадақтаудың  «тапқырлығы» ғана. Әкімдер ауыса береді, ректор Қазыбай Бозымов өз қателігін түзетіп, бір азаматтық ерлікке барады деп сенемін.

Ішкі Орда халқын жазықсыз қырғынға ұшыратқан Жәңгірге патша үкіметі (Орынбор губернаторы), әрине, ешқандай ресми кінә таққан жоқ. Тарихта қалған полковник Геке мен генерал Перовскийдің болған қанды текетіресте Жәңгірді кінәләп жазған хаттары ғана. Ордалықтардың үстінен жиған байлықтың қызығына тұншығып, Жәңгір өзінің хан төсегінде аяқастынан әнтек ажалға тап болды. Халық ханды қарғыс атыпты дейді.

Оралда Исатай мен Махамбеттің ескерткішін орнату керек. Игілікті бастама көтерген «Исатай-Махамбет қоры» соңғы жылы неге үнсіз қалды? Шынымен-ақ, Орал қаласында көтерілісші батыр мен айбынды ақынға орын жоқ па?

Ғаділше ӨТЕБӘЛІ,

www.qazaquni.kz

 

 

 

 

4 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз