Қазыбек Иса: «Дала дарыны» жобасы еліміздегі жыр әлемін айқындайды.»
2013 ж. 12 қараша
2647
1
Алашшыл қазақ жастарының тұңғыш газеті «Жас азамат» шығып тұрған, алаштанушы Зарқын Тайшыбайдың айтуынша Міржақып Дулатұлының «Оян, қазағы!» мен қазақ әдебиетінде көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман «Бақытсыз Жамалы» өмірге келген — Қызылжар! Оған Сәбит Мұқанов ашқан алғашқы әдеби үйірмені қос. Бүгінгі таңда осы қасиетті топырақта қазіргі қазақ әдебиетін жасаушылар жоғалып барады. Бұл сөзімізге күні кеше ғана жарық көрген «Қызырлы Қызылжар» Солтүстік Қазақстан облысы жастарының ел деңгейіндегі тұңғыш жыр жинағы куә.
Теріскейлік ақындардың өлеңдері бір жинақ шығаруға әзер жеткен. Дәлірек айтқанда жетпеуші де еді, егер сырттан келген ақындар болмаса. Мысалы жинаққа жырлары енген Аманжол Зағыпар мен Жарқын Жұпархан Моңғолиядан көшіп келді. Ал Қызылжарға келін болған Нұргүл Оқашеваның туған жері — Қызылорда. Мерген Тоқсанбай мен Саян Есжан көкшетаулықтар. Тек ағайынды Фархат пен Санжар Тастамбеков және Жанат Мұхамеджанов қана жергілікті ақындар. Кітапты жинақтаушылар өлеңдері толмай жатқан соң жасы 60-қа таяған Қалижан Тәшкеновтың да шығармаларын жинаққа енгізген.
«Дала дарыны» — дара жобасы еліміздегі жыр әлемін айқындайды. Қазақстанның барлық жас ақындарының жырларын жинақ етіп, әр облыстан бір кітап шығарып отырған «Дала дарыны» жобасы елімізде алғаш жарық көріп отыр. Бұл кітаптардан еліміздің әр өңірінде өз өлеңдерін жарыққа шығара алмай, кітап ете алмай жүрген талай таланттардың мөлдір бұлақтай тұнық жырларымен сусындайсыздар. Кітаптар белгілі ақындар Қасымхан Бегмановтың «Дәстүр» баспасы мен Қазыбек Исаның «Тұран» баспасынан жарық көрді. Біз бүгін ақын, Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары Қазыбек Исаны сөзге тарттық…
«Дала дарыны» жобасымен шыққан бұл кітаптарға еліміздің бар аймағында тұратын жас ақындарының жырлары топтастырылған. Онда жас ақындардың поэзия әлеміне жасаған жақсы қадамдарына куә боласыздар. Образды ойлау ерекшеліктері байқалатын, нәзік сезім қылын шертетін мөлдір жырлар оқырманды ойландыратыны анық. Жас дарындардың көркемдік шеберліктері көңілге дәт ұялатып, олардың болашағынан зор үміт күттіреді»
«Осы «Дала дарыны» жобасын шығару үстінде біз кездескен үлкен мәселе – жас ақындардың азайып бара жатқаны. Мысалы, оңтүстік өңірде әлі де жас ақындар шоғыры мол болса, ал солтүстікте ол өте аздығымен көңілге кірбің ұялатты… Фархат, сенің жырларың шыққан «Қызырлы Қызылжар» атты Солтүстік Қазақстан облысынан кітаптың көлемін (15 баспа табақ – 240 бет) толтыра алмай, саған талай хабарласқанымызды жақсы білесің. Ол мейлі ғой, ал ән-жырымен әйгілі өңір – Көкшетаудан – Ақмола облысынан ақын табылмады!.. Мен өзім: «Кітабы шықпаған 40-қа дейінгі ақындардың жинағын шығарайын деп жатырмыз, топтамаларын берсін» деп, Көкшенің бас ақыны – Төлеген Қажыбаевқа да, жас ақыны Арман Бердалинге де 5-6 рет телефон соғып, хабарластым. «Ақан сері мен Біржан сал шыққан Көкше өңірінен ақын шықпай қалған ба?»-деп тигізіп те айтуға тура келді, бәрібір нәтиже болмады. Керісінше, таланттар шоғыры байқалған Қарағанды облысы («Сарыарқа сазы»), Жамбыл облысы («Әулиеата әуендері»), Оңтүстік Қазақстан облысы («Оңтүстік орамдары»), Атырау облысы («Атырау айшықтары») ақындары көңілге қуаныш ұялатты. Яғни, қысқаша айтқанда, Солтүстіктен жыр жеткізе алмасақ, оңтүстікте қысқартып үлгере алмай жаттық… Мен бұл жерде өзім шығарған облыстарды ғана айтып отырмын. Қорыта айтқанда, «Дала дарыны» — жобасы еліміздегі жыр әлемін айқындайды.»
««Қызырлы Қызылжар» кітабына кірмей қалған ақындарды сұраған екенсің, олардың өлеңдері жарамайды. Біз кітап көркемдігіне мүмкіндігінше жоғары талап қоюға тырыстық. Негізі, бұл «Дала дарыны» жобасының тұсаукесерін жақында ақындар ордасы -Алматыда өткізуді жоспарлап отырмыз. Кітапқа кірген барлық облыстардағы ақындарды шақырып, көз қуаныштары – алғашқы жыр жинақтарымен табыстырып, Ақ жол тілейміз. «Дала дарыны» атты дара жоба туралы толық сөз сол кезде болады. Әр кітапқа әйгілі қаламгерлер алғысөз жазып, ақ баталарын берді. Бұл ақындардың барлығының таңдаулы жырлары болашақта «Қазақ үні» газетінде жарияланып, бар кітапwww.qazaquni.kz cайтына салынады. «Дала дарыны» жобасымен шыққан кітаптарға демеушілік жасаған кәсіпкерлер, оңтүстіктік «Батсу» корпорациясының президенті Гүлмира Әбішева мен «Ақсу» АҚ президенті Сансызбай Айтбаевқа руханиятқа қамқор азаматтықтары үшін алғыс білдіреміз.»
«Дала дарыны» жобасы— іскерлігімен елге белгілі болған, мәдениет пен өнерге демеу болып, дарындарға жебеу болып жүретін руханиятқа қамқор рухы биік қайраткер ағамыз Ислам Әбішевтің идеясы! Қазіргідей кітап шығару жас ақындар түгіл бас ақындарға да мұң болған бүгінгі заманда мұндай игілік іс – қаржысын шетелге, офшор аралдарына тасып жатқан қалталылар үшін үлгі боларлық өнеге (егер рухани санасы болса…), еліміз үшін ерекше оқиға!»
Аманжол Зағыпар, жас ақын:
- Бұл «Қызырлы Қызылжар» кітабы — біз үшін үлкен қуаныш. Өңіріміздегі жас ақындардың алғашқы жинағы шығып отыр. Енді басқа аймақтармен байланыс орнап, олар бізде осындай ақындар барын оқып, білетін болады. Алдағы уақытта жас қаламгерлердің жеке өлеңдер жинағы шығуына үлкен баспалдақтың негізі қаланды деп есептеймін.
Фархат Тастамбек
Қызылжар
http://munara.kz