Біздің қоғамда қазақтың мүддесі үшін рухани майдан жүріп жатыр

Бегманов Қасымхан БЕГМАНОВ, көрнекті ақын, зерттеуші,: Қазақстан жастар одағы және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері  Орталық Азия Университетінің ректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор С.А.Қасабеков пен филология ғылымдарының докторы Г.С.Балтабаеваның ұйымдастыруымен Қазақстан Жастар одағы және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, тәуелсіз «Ильхам» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, ақын, зерттеуші Қасымхан Бегмановтың шығармашылығына арналған «Салты мықтының – халқы мықты» атты әдеби-сазды кеші өтті. Кеште студенттер мен ұстаз, ғалымдар ақын шығармашылығынан түрлі сұрақтар қойып, жастардың жан дүниесі байып, рухани азық алған әсерлі кеш ретінде есте қалды. Әншілер қауымынан «Жебе» тобы, әнші, сазгерлер Бауыржан Өскенбеков пен Шаба Әбденқұлдар ақын сөзіне жазылған әндерді нақышына келтіре шырқап, өз өнерлерін көрсетті. Аталған кешке Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен, ҚызПУ-дан, Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті мен ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы академиясынан жүректерінде әдебиетке, тілге шексіз махаббат оты лаулаған студент жастар, ұстаз, ғалымдар қатысты. Ақынның замандастары, шығармашылығына тілеулес жанашырлары Рафаэл Ниязбек, Әлімғазы Дәулетхан, Темірхан Медетбек, Зәкір Асабай, Марат Тоқашбай, Қазыбек Иса, Раушан Кәрішалова, Нұридин Балқияев, Серік Жанболат, Ибрагим Қашқари, Бақыт Нұрпейісова, Әйгерім Уәлиева, Рахым Айыпұлы, Серікқазы Қорабай, Гүлмира Мәукен, ұстазы Лұқпан Сыдықовтар арнайы келіп ақынға шынайы лебіздерін айтып, шапан жауып, сый-сыяпат көрсетті. С.Қасабеков ақынды осы оқу орнының «құрметті профессоры» деген атпен марапаттап, арнайы дипломын тапсырды. Кеш көптің көңілінен шыққаны соншалық, тіпті ақынның жырсүйер оқырмандары залға сыймағандықтан, түрегеп тұрып тамашалады. – Аға, 55 жасыңыз құтты болсын! Бұл жас та аз емес, осы уақытқа дейін өмірден қандай ой түйдіңіз? Өткен күндерге бір сәт мойын бұрсаңыз? – Аллаһ тағала әр адамға мүмкіндік береді, соған орай шама-шарқы жеткенше ұлтқа қызмет істейді. Әрбір адамның өзінің мүмкіндігіне қарай жауапкершілігі болады. Ал қалам ұстап жүрген адамдардың жауапкершілігі мүлдем басқа. Біздің қоғамда қазақтың мүддесі үшін рухани майдан жүріп жатыр. Осы майданнан өзін қазақтың жанашырымын деп есептейтін әрбір адам тыс қалмауы керек. Мәңгілік ештеңе жоқ. Жаратқан иеміз адамның өмірін өте қысқа етіп бергендіктен, әрбір пенденің уақыты да өлшеулі. Сондықтан әрбір минутты, әрбір сәтті қалт жібермей, үнемдеп жұмсауға міндеттіміз. Қазіргі кезде өз халқыңа қызмет етудің жолдары мен формалары көп. Ұлтқа түрлі жолдармен қызмет етуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Мұстафа Шоқай туралы деректі фильм түсіруді қолға алдым. Бұл деректі фильмнің режиссері де өзім болуға мәжбүр болдым. Қайталап айтамын, мәжбүр болдым. Себебі қолдағы бар материалдарды, дайын сценарийді белгілі бір-екі режиссерге бергеніммен, олар Мұстафа Шоқай әлеміне кіре алмады. Біреуінің жасаған фильмін өзім мүлде ұнатпадым. Деректі фильмге өзім режиссер болуым осылайша мәжбүрліктен туған болатын. Бұл туралы ел ішіне түрлі қаңқу сөз таратудың қажеті жоқ. Үш сериядан және бір жалпы сериядан тұратын деректі фильмді жұртшылық жақсы қабылдады. Әсіресе, тарихшылардың көзқарастары, пікірлері мені қанаттандырып жіберді. Айталық, атақты жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Фильмді ақын түсіргені дұрыс болыпты. Егер кино маманы түсіргенде бұрынғы, ескі таптаурын сүрлеулерден шыға алмай қалуы ғажап емес еді. Ал Мұстафа Шоқай жан-жақты тұлға, ол саясаткер, демократ, қаламгер, ақын, тағысын тағылар, сондықтан Мұстафа Шоқай әлеміне кез келген адамның кіріп кетуі оңай шаруа емес» - деді. Этнография саласын зерттей келе, «Дәстүр» журналын шығардым. Басқа басылымдардың барлығын мен 10 жылға жуық зерттедім. Байқап отырсаңыз, қазір шығып жатқан газет-журналдарда салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға орын өте аз беріледі. Мен осыған қатты көңіл бөлдім. Яғни ата салтымызды түбегейлі зерттеп жүрген басылымдар жоқтың қасы. Біздің журналда ғалымдар мен этнографтардың құнды мақалалары жазылып келе жатыр. Сонымен бірге, Республикалық мұрағатта бұрын баспасөз бетін көрмеген этнографиялық фотосуреттер мен құнды деректер жарияланады. «Дәстүр» журналында қазақтың ата дәстүрін, ырым-тыйым, жол-жоралғыларын жан-жақты қамтып, халыққа талдап беріледі. Мысалы, біздің жастарымыздың басқа діни ағымдарға түсіп кетуі, өзіне-өзі қол жұмсау, көшеге қару алып шығуы ата тарихымызды, салт-дәстүрімізді толық білмегеннен деп ойлаймын. Біз өзіміздің түп қазығымызға, ұлттық негізгі болмысымызға оралмайынша, бақытты, сау-саламат, өсіп-өнген, төрт құбыласы тең, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, таңғажайып ғаламат дәуірге келеміз деп ойламаймын. Мысалы, жастарымыз Қозы мен Баянның күнін, Төлеген мен Жібектің күнін атап өтейік дегенге аса ықыласты бола қойған жоқ. Баспасөзде жазылғанымен, сол айтылған жерде қалды. Демек, әрине, барлығы емес, бірақ көпшілік жастардың ата-салтқа оралуға құлқы жоқ секілді. Мәселен, интернетті қарап отырсаңыз, қайдағы бір Валентин күнін тойлап жүр. Бұған тек жастар кінәлі емес. Барлық жағдайды жақсартуымыз үшін ата тарихымызға, ата салтымызға оралуымыз керек. Бұл ұлтқа қызмет етудің үлкен түрі. Этнография арқылы жастарды ұлтшылдыққа тәрбиелейміз. Ал менде мына әдеби кешті өткізу туралы ешқандай жоспар болмады. Орталық Азия университеті өзі ұйымдастырды. Осы сұхбат барысында айта кетейін, жарық көрген кітаптарыма байланысты Астана қаласында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның арнайы қабылдауында болдым. Министріміз осы кітап туралы өзінің жылы лебізін білдірді. «Этнографпен әңгіме», «Мұстафа Шоқай жолымен» атты кітаптарымды өзінің жеке кітапханасына қоятынын ризашылық сезіммен айтты. Кездесу барысында республикалық «Дәстүр» журналының жай-күйі туралы да сөз қозғалды. Онда жарық көрген материалдардың құндылығын, қажеттілігін бүгінгі күн тақырыбына сай келетінін айта келіп, алдағы жылдан бастап министрлік та­рапынан көмек көрсетілетінін айтты. Осынау шығармашылық аласапыран өмірімде көптеген азаматтардың қам­қорлығын көріп, сол тұлғаларға арқа сүйеп соттан да, оттан да аман өттім. – Кешегі Орталық Азия универ­си­тетінде өткен кездесуіңізде Сіздің 55 жасқа толған мерейтойыңызбен қатар, немереңіз дүниеге келіпті. Құпия болмаса немереңіздің атын кім қойдыңыз? Немеремнің атын Әлішер деп қойдым. – Әлішер Науаидің құрметіне ме? – Жоқ. Менің жан досым Әлішер Толыбаевтың құрметіне Әлішер деп қойдым. Әлішер ағасы сияқты елдің, жердің мүддесін ойлап, айналасына нұрын шашып жүретін азамат болып өссін деген ниетпен қойылды. Сонымен бірге, өмірден ерте өткен туған әпкем Ханшайымның ұлы Еркін Шәкірұлы мен келінім Әлина екеуі жақын арада ұлды болып, ұлдарының есімін қою маған бұйырды. Әлекең Әлихан Бөкейхановтың құрметіне Әлихан деп қойдым. – Алаш арыстарының ішінде не себепті Мұстафа Шоқайды таңдадыңыз? Осы қазақ тарихында өшпес тұлға жайында кітабыңызды жазу барысында қандай тарихи зерттеу еңбектерге сүйендіңіз? Тарихты айтқанда жеке тұлғаларды елемей, ескермей кету қиянат. Өйткені тарихты жасайтын да жеке тұлғалар. Сондай тұлғалардың бірегейі – Мұстафа Шоқай. Бұл кісінің тағдыры қайталанбас таңғажайып тағдыр екенін ұқтым. Қайталанбас феномен. Тіпті дүниежүзінде мұндай өмір жолын басынан кешкен бірде бір адам жоқ. Мұстафа Шоқай құжат бойынша 51 жылдық ғұмырында шерлі Түркістанның болашағы үшін сансыз қиындықтарды басынан кешіре жүріп, алған бетінен қайтпаған табанды тарихи тұлға болып мәңгіге қалғандығына көзім анық жетті. Өмірінің 20 жылы Францияда өтті. Мәңгілікке Еуропаға кететінін өзі білген. Мұстафа Шоқай әлеміне кірген адам сол әлемнің мұңымен өмір сүреді. М.Шоқайдың өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болсын, жастарымыз отаншыл, мемлекетшіл болып өссін деп зерттедім. Мұстафа Шоқайды зерттеуді бастағанға дейін оны ұзақ жылдар бойы оқыдым. Шоқайтанушы ғалымдардың зерттеулеріне, басқа да сан түрлі еңбектерді түптетіп оқыдым. Егемендік алған жылдарда «Алашорда» деген үлкен жобаны іске асыруды алдыма мақсат қойдым. Көп томдық үлкен басылым даярлау, оған отандық және шетелдік дереккөздері мен құжаттық мәліметтерді айналымға енгізу, оны қарапайым оқырманға жеткізу арманыма айналды. Қаржы мәселесі шешіле қоймағандықтан, бұл жоба іске аспай қалды. Есесіне, Алаштың ардақтысы, бүкіл түркі халқының қамын жеген ұлы қайраткер, есімі төрткүл дүниеге мәшһүр Мұстафа Шоқай жайлы жеке жоба жасадым. Мұстафа Шоқай туралы еңбегім бұрын-соңды тарихшылар жазған кітаптардан өзгешелеу. Біріншіден, бұл тек қана тарихи деректерге ғана негізделініп жазылған жоқ. Кітаптың аты айтып тұрғандай, Мұстафа Шоқайдың өскен, білім алған, саяси жұмыстар атқарған және эмиграцияда жүрген елдімекендерде, қалаларда мен де болып, бәрі көзбенен көріп жазылған деректі дүние. Бұл кітапта бұрын-соңды тарихшылардың қолына түспеген көп деректер бар. Соның есіме түскендерін ғана айтайын. Шоқайдың Кетік айлағы арқылы Каспий теңізімен Баку жаққа шығуына көмектескен қазақ офицері Оспан Көбеев туралы жан-жақты зерттеліп жазылды. Сол Баку қаласындағы Шоқайлардың алғаш табан тіреген ауданы Майлы емес, Байлы екені анықталды. Батуми мұрағатынан №2905.7 наурыз 1921 жылы Мария Шоқайға берілген олардың алғаш шетелге эмиграцияға шыққан мезгілін анықтайтын құжатты таптым. Бұрынғы кездері эмигранттың шетелге шыққан уақыты айтылғанда қай күні, қай айда кеткені анық көрсетілмейтін. Сонымен қатар Мұстафа Шоқай Тбилисиде екі жылға жуық тұрған кезде мақалалар жазған, шығарған басылымдарының үйлерді іздеп тауып, бүгінгі күнге дейін бірде журнал, бірде газет деп жазылып жүрген Мұстафа Шоқай шығарған «На рубеже» атты басылымның журнал екенін анықтадым. Қазір қолымда «На рубеженің» түпнұсқа екінші саны бар. Пішіні жағынан қазіргі шығып жүрген журналдардан үлкен. Көлемі – 20 бет. Ал Санкт-Петербор қаласындағы мұрағаттардан Мұстафаның туу туралы куәлігі, Мұстафа Шоқайдың әр жылдардағы сабақ қорытындысына байланысты қойылған бағаларының емтихан кітапшасы, тіпті білім алу үшін төленген қаржыларының түбіртектерінің барлық көшірмелеріне дейін алдым. Бұл құжаттардың кейбірі бізге дейін  ешкімнің қолына түспеген құнды дүниелер. Осы құжаттар сақталған Санкт-Петербор Орталық мемлекеттік мұрағатының №14 фондында, №3 тізбесіндегі №55955 ісі бойынша «Құжаттарды пайдалану қағазына» үңілер болсақ, маған дейін төрт-ақ адам – Гешетов, А.Айтмұханбетов, Исахан, Шотбақовалар ғана қарағаны жайлы құжаттар толтырылғанын айта кетсем артық болмас. Ал 2008 жылдың 9-13 қыркүйегінде ол мұрағатта менің отырғаным жайлы жазба дерек қалды. Мұнан басқа мен жүріп өткен сегіз мемлекеттегі Мұстафа Шоқай тұрған барлық пәтерлер анықталды. Ең бастысы – Түркістан автономиясы 62 күн отырған Қоқандағы қасиетті үкімет үйін өз көзіммен арнайы барып көріп, фотосы мен видеосын жазып алдып, кітап пен деректі фильмде берілді. Екіншіден, мен экспедициямен аралап жүргенімде Мұстафа Шоқайдың өзін көрмегенмен, көзін көргендермен қызметтес болғандармен көп сұхбаттастым. Кезінде Мария Шоқаймен біраз жыл бірге тұрып, қолұшын берген 92 жастағы Әлім Алмат ақсақалмен, тағы да басқа толып жатқан саясаткерлермен, әртүрлі елдердің мұрағат қызметкерлерімен, шетелдік эмигранттарды зерттейтін академиктермен сұхбаттастым. Мұстафа Шоқайға қатысты бұрын баспа бетін көрмеген нақты материалдар таптым. Тарихи құжаттарды кездестірдім. Міне, мұның бәрі бізге дейін, ешқандай оқулықта немесе зерттеу кітаптарында жазылмаған дүниелер болатын. Сонымен қатар кітаптың тағы бір ерекшелігі – сапарнама болған соң, жеңіл оқылатындығында. Енді жуырда мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Мұстафа Шоқай жолымен» кітабына қайта оралайын. Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммет қазақтың тұңғыш эмигранты Мұстафа Шоқай туралы кітабымды шығаруыма тікелей көмек көрсетті. Осындай нақты қамқорлықтың нәтижесінде тарихи деректі, танымдық сапарнама «Мұстафа Шоқай жолымен» көлемі 40 баспа табақ болып кітап-альбом түрінде қайта жарық көрді. Кітаптың безендірілуі, қағазы осы заманға сай барынша сапалы жүзеге асырылған. – Аға, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын терең қамтыған «Этнографпен әңгіме» атты кітабыңыз «Дәстүр» баспасынан «Салты мықтының – халқы мықты» деген атпен екінші рет басылып шықты. Демек, этнограф, ғалым Жағда Бабалықұлымен тығыз сыр-сұхбаттыңыздан кейін осы еңбектер жазылды ғой? – Иә, «Этнографпен әңгіме» атты кітабым екінші рет «Дәстүр» баспасынан толықтырылып, сұрыпталып, тақырыптарға бөлініп «Салты мықтының – халқы мықты» деген атпен екінші басылымы мемлекет есебінен жарық көрді. Бұлар қазақ халқының салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына арналған туындылар. «Дәстүр» журналын шығару үшін көптеген этнографтармен жұмыс жүргіздім. Журнал шығару идеясы келгеннен кейін халыққа ең қажетті деген дүниелерді беру керек деп шештім. «Дәстүр» журналына Ақселеу Сейдімбеков, Сейіт Кенжеахметов, Жағда Бабалық осы журналдың редколлегия мүшесі болды. Жағда Бабалықұлының қасында жүріп, көзі тірісінде қазақтың фольклорын қағазға түсірдім. Ол кісінің аузынан шыққан әңгімелерін диктофонға 100 сағатқа созылатын әңгімесін жазып алдым. Жағданы сөйлетуге барынша жағдай жасадым. «Этнографпен әңгіме» кітабында аса көрнекті этнограф ғалым Жағда ағамыздың өміріне қатысты және халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы, мәдениеті, көне сөздері, ұлттық киімі, тағамы, саятшылық дәстүрі тағы басқа деректер қамтылды. Жоғарыда аталған кітапқа барынша шынайы дүниелерді жазуға тырыстым. Бұл тұлға өте ұлтшыл болған. Өмір бойы ҰҚК-нің қудалауында өткен. Мен Жағда Бабалықұлын қаланың ортасында отырған үлкен қазына деп ойладым. Себебі қасымда отыр, архивке бармайсың, басқа мемлекеттерге аттанбайсың. Ол кісімен 2-3 жылдың көлемінде тығыз жұмыс жасадық. Аптаның әр күнінде 3-4 сағаттан фольклор туралы әңгімелесіп, сосын кітапқа ұласып кетті. –Алдағы шығармашылық жос­парыңыз қандай? – Ұлттық салт-дәстүр мен тарихымыз төңірегінде, тарихи тұлғалар жайында қағазға түспеген ойда жүрген ел қажет ететін дүниелер бар. Бұл күндері алғашқы тараулардың нобайлары қағаз бетіне түсірілген «Экспедициядан кейінгі өмір» атты жаңа бір көлемді кітаптың үстінде жұмыс жасап жүрмін. Бұл кітапқа «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясынан кейінгі фильмнің шығарылуы, кітаптың баспаға дейінгі халі, Мұстафа Шоқайға қатысты өткен сот процесі, сол кездердегі өзімнің ішкі жан дүниемдегі арпалысым, біздің қоғамдағы қазақтың рөлі жайлы ойларым енгелі отыр. Соңғы кездері сазгер, әншілер Шаба Әбденқұл, Бауыржан Өскембе­ков­тер­мен, сазгер Арман Бексұлтанмен ты­ғыз байланыстамын. - Әңгімеңізге рахмет!                                                                                                                                                                                                                                                    Сұхбаттасқан                                                                                                                                                                                                                                                  Айнұр АХМЕТ