Айгүл ҚОСАНОВА: "Әнші болмағанымда дәрігер болатын едім"

22222222222221Дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айгүл ҚОСАНОВАМЕН сұхбат

- Жыраулар мен жыршылар шыққан 362 әулиесі бар киелі атыраптан екеніңіз белгілі. Сіз өз талантыңызды туған топырақ киесімен байланыстырасыз ба, әлде Құдайдың берген сыйы деп түсінесіз бе? - Мен өз танымым бойынша бұл өнерді Құдайдың берген сыйы деп ойлаймын. Әр жердің өз киесі болады ғой. Сондықтан, ол да жүрегі даладай кең өнер адамы үшін рух беріп, жанына қанат бітіреді.Әулиелердің мекені болған құтты жерден шыққандықтан, менің бойыма солардың қасиеті де қонған деген сенім де жоқ емес. Алайда, осы екі құдіретті өлшемнен басқа өмір мен өнердің өзгебір арнасы бар. Ол – еңбек деп аталады. Мәселен, өнердің бір пайызы Құдайдан талант боп берілсе, ал, қалған тоқсан тоғыз пайызы еңбекпен келеді. Егер Жаратушы талант берсе, оны шыңдау әр өнерпаз өреннің алдындағы міндеті һәм парызы. Әр адам еңбектеніп, бар күш-жігерін, ынтасын сүйікті ісіне арнаса, түбінде оның зейнетін көрмей қоймайды. - Түсінікті... Жуырда ғана сіздің бір сұхбатыңызды оқи отырып, «декреттік демалысқа шығып, шығармашылықты күзге таман қолға аламын» деген сөйлемге көзім түсті. Қазір соның кезі кеп қалған секілді. Бүгінгі таңда қандай жоспарларыңыз бар? Өнер жолында «жаңалық болады-ау» деп нені айта аласыз? - Өмір болған соң бәрі адамның жоспарлағанындай бола бермейтіні рас. Иә, күзге таман кеш өткізем деген ой болған. Бірақ, мен жоспар құрып, соның төңірегінде жұмыс жасайтын адам емеспін. Сондықтан да, отбасы болған соң кейде шығармашылыққа қолбайлау болатындай жағдайлар ұшырасады. Сұхбаттарымның бірінде күзде не болмаса көктемде шығармашылық кеш өткізем бе деген жоспарымды айтып өткем. Құдай қаласа, оның реті келіп қалар деп жүрмін. «Бұйырған нәрсе ешқайда кетпейді» дейді ғой. Жыл құсындай қайта айналып, дүйім жұртпен қайта қауышармыз деген сенімдемін. Осыған ниет еткеннен кейін, бәрін де алдағы уақыт еншісіне қалдырдым. - Қазіргі эстрадалық ән жанры халық әндерінің орнын басып, сахнадан да, халық назарынан да аулаққа ығыстырып жатқан сыңайлы. Сіздің де эстрадаға бет бұрғаныңыздан бәрі хабардар. Дәстүрлі ән мектебінен алыстап, бабалардан қалған осынау мұраны жоғалтып аламыз-ау деп қорықпайсыз ба? - Сұрағыңыз өте орынды. «Жыламаған балаға емшек жоқ» дейді ғой дана халқымыз. Сондықтан, мұны өзекті проблема етіп көтеріп, талқыға салмаса болмайды. Дәстүрлі ән өнері эстрадаға қарағанда, шынымен тасада қалып қойғандай. Бірақ, бұл арада бабаларымыздан қалған асыл аманатты сақтау – саусақпен санарлық қана дәстүрлі ән мектебі өкілдерінің мойнындағы жүк емес. Жүрегі «қазақ» деп соққан әр пенденің қасиетті парызы. Құр ғана «халық әндерінің дәурені өтіпті», «келмеске кетіпті», «барлығын эстрада жаулап алыпты» дегеннен еш нәтиже шықпайды. Атадан балаға мирас болып жалғасып, сонау қиын-қыстау заманнан бүгінге жеткен бабаларымыздың асыл мұрасы түпнұсқасынан айрылмай, сақталып қалғандығының өзі жанға жұбаныш. Бірақ, осы ән қазынасын бүгінгі ұрпақ жоғалтып алса, ол ұлы тарихымыздың алдындағы кешірілмес күнә болары хақ. Екінің бірі келе бермейтін дәстүрлі ән өнеріне жас жеткіншектеріміз бойлап жатса, оған қара өлеңнің киесін сезіндіріп, әуені ғаламды елітер қасиетін ұғындыруымыз керек.  Егер де далалық рухты сезіне алмаса – онда ол қазақтықтан да алшақтағандығы. "Отан – отбасынан басталады» дейді ғой. Шындығына келсек, әр шаңырақтан шыққан адамның қандай болатындығы әуелі тәрбие мәселесіне байланысты. Тәй-тәйлаған әр сәби бала кезінен қазақы тәрбие көріп, дәстүрлі әнін тыңдап, батырлар жырын оқып, ертегілері мен аңыз-әфсаналарына қызығушылықпен танытса, онда ол шаңырақтың түпкі тамырынан ажырамағандығы. Ақын Сабыр Адай айтпақшы, «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ойды көкейіне түйіп өскен ұрпақ ән мен күй мұрасынан да алыстай алмайды.  Оны іздейді, қажетсінеді. Сақтайды әрі қадірлейді. Ал, әр ата-ана бұл тәрбиені өз отбасында ұстанса, одан туған бала да ұлтын сүйіп өседі. Оған ғасырының өзгеше болуы да, техника мен технологияның қарыштап дамуы секілді ортақ факторлар еш әсерін тигізе алмайды деп ойлаймын. Болашақта ұл-қыздары дүбәра ұрпаққа айналмауы үшін жақсы тәрбие беру – әр ата-ананың ең басты міндеті. Сөз басында айтып кеткеніңіздей, мен де кейінгі кезде эстрадаға бет бұрыс жасадым. Неге десеңіз, бұл – заман талабы. Осынау жанрға ауысқаныммен халық әндерінен біржола қол үзген жоқпын әрі үзе алмаймын да. Себебі, мен дәстүрлі әнші болып өнер жолымды бастадым әрі соны ақтық демім үзілгенше жалғастырамын. -Әннің де естісі бар, есері бар демекші, қазіргі уақытта еуропалық техно, рэп не болмаса попса жанрындағы әуендер ұлттық колориті аздау әндерді көбейткендей болып көрінеді. Содан ол сөздің де, әннің де арнасын беймәлім арнаға түсірді. Бүгінгі әндерді тыңдап отырсақ, әуені жақсы болғанымен, сөзі нашар боп шығады. Ал, сөзі жақсы болса, әуені жүректі тербей қоймайды. Сіз ең бірінші сөзге мән бересіз бе, әлде әуеніне ме? -«Ең әуелі сөз болған» деген тәмсіл бар. Сондықтан, мен өзіме қажетті деп санаған туындыны іздеген мезетте ең бірінші сөзге мән беремін. Өйткені, жүректен жүрекке жететін әрі әннің ажарын келтіретін оның поэтикалық текстовкасы болып саналады. Ал, одан кейін, әуенге үңілемін. Осы екі дүние бір-бірімен қабысатын болса, ол шынайы әрі сәтті туынды болғаны. Сонымен қатар, өміршең болатыны да сөзсіз. -Елбасымыздың қолынан Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атағын алдыңыз. Сонымен қатар, өзге де арнаулы сыйлықтарға ие болдыңыз. Атақ пен даңқтың әсерімен бірі ауырып жатса, бірі айыға алмай жатады. Ал, Сіз қандай әсер алдыңыз? Жалпы, мұның бәрі өміріңізге қандай өзгеріс әкелді? -Әрине, өнер адамының еңбегі бағаланғандығы оның өз саласында алдына қойған көп мақсатқа қол жеткізіп, соның жемісін көруі деп ойлаймын. Сондықтан, төккен тердің өтеуі болып оралатын да шығар. Алла Тағаланың берген дарынын халықтың жүрегіне жеткізе отырып, титтей ғана жүрегіңмен мұхиттай үлкен аудиторияны баурау да үлкен өнер. Бәлкім, Елбасы қолынан сыйға ие болуым жасаған еңбегімнің аз да болсын жемісі болар. Жалпы, өнер адамы үшін тыңдарманмен қоса Үкіметтің қошеметіне бөлену – үлкен бақыт. Марапат пен даңқ шынымен екі түрлі әсерге бөлейді. Ең бастысы қандай да бір шыңға шықса, жоғарыдан төменге үңілген жөн. Одан кейін, сол жолда көрген бейнетті, қиыншылықты жиі-жиі еске алып отырған дұрыс. Негізінен мұндай құрметті көтере алатын және көтере алмайтын адамдар көп. Жеке өз басым мұндай сыйды өзіме артылған жауапкершілік деп түсінем. Ал, мойныңа жүк артылған соң, өзімді соған лайықты етуге тырысам. Бір шыңды бағындырсам, келесі біріне тыңғылықты дайындықпен, жауапкершілікпен қараймын. Жалпы, «жұлдыз ауруы» деген меніңше жақсы нәрсе емес. Ол ешқандай ұшпаққа жеткізбейтіні сөзсіз.   -Шет елдерге концерттік бағдарламалармен жиі шығып отыратындығыңызды білеміз. Ол жақтағы жұртшылықтың қабылдауы қалай? -Иә, шет елдерге шығып тұрамыз. Қазақы киім үлгісімен қолымызға қара домбырамызды алып, сапарлап қайтқан кездер көп. Ол жақтағы жұртшылықтың қабылдауы жақсы. Кейде осы концерттік бағдарламамен сырт мемлекетте жүріп, қастерлі өнердің өз елімізде аса бағаланбай жататындығы жаныңа батады. Бірақ, алып бір мемлекеттің атынан үлкен сахналарға шыққанда еліңнің мерейі болғандығың жаныңа қуат беріп, арқаландыра түседі. Шет елге қазақтың бай мұрасын таныстыру әрі ұлттық өнерді насихаттау үлкен мәртебе деп білемін. Көп жағдайда ол жақтағы жұртшылық таңданыспен, сүйсініп отырып тыңдайды. Себебі, олар үшін біздің өзімізге ғана тән ұлттық өнеріміз тың дүние саналады. Қазіргі жаһандану кезеңінде көп елдер ұлттық болмысынан, салт-дәстүрінен айрылып жатыр ғой. Сондықтан, біз ән мен жырдың ордасы бола тұра, рухани асылымызды жоғалтпай, бүгінге жеткізгенімізге тәубе деуіміз керек. Төл өнері мен аспаптары бар, әдет-ғұрпы мен далалық салты сақталған еліміз үшін бұл кез келген қазынадан артық. Осы арқылы бізді кез келген халық таниды әрі мойындайды.   -Бүгінгі таңда кімдермен байланыс жасап жатырсыз? Кімдермен тығыз шығармашылық қарым-қатынастасыз? Жалпы, қандай әндер беру жоспарда бар? Ертеңгі күні орындауыңызда қандай әндерді тыңдай аламыз? -Қазіргі уақытта таза шығармашылық байланыстакөп әуесқой композиторлар әндерін ұсынуда. Олардың көбісі жастардың арасында тез таралатындай, заманға сай әрленіп, жазылған әндерін береді. Мен әуел бастан дәстүрлі әнші болып қалыптастым. Сондықтан, сөздің қадірі мен киесін түсінем десе де болады. Барынша салмақты әндерді таңдауға тырысатыным да сондықтан. Қашан да өзімнің дәстүрлі әнші екенімді естен шығармай, әрбір әнге биік талғаммен қараймын. Бәлкім, содан да шығар «сүйдім, күйдім» деген сыңайда жазылған әндерді орындай алмаймын. Себебі, біріншіден, ол менің талғағыма сай болмаса, екіншіден менің жасыма сәйкес келе бермейді. Қазіргі таңда Б.Хаджымұқанов, Қ.Мәлібаев және жерлес композиторлар Қ.Аталықов, Қ.Жармағанбетовтердің жазған әндерін орындап жүрмін. Алдағы уақытта репертуарым көптеген жаңа эстрадалық әндермен толығады деген сенім бар. Соның қамында еңбек етіп жатырмыз. Одан бөлек, Ғарекеңнің көптеген әндерін өз әлімше жаңаша өңдеп, жарыққа шығарсам ба деген ой бар.   - Екінің бірі әнші, екінің бірі ақын не болмаса композитор болған заманда шын дарын мен дарынсыздың ара-жігін ажырату қиындап кетті. Сіз эстрадалық ән жанрында өзіңізден кейінгі жастардың арасынан кімдерді тыңдайсыз және мойындайсыз? -Маған бұл жанрдағы көптеген әншілер ұнайды. Әрі талантына, тұлғасына қарап сүйініп, сүйсініп отырам. Бойында жігері, көзінде оты бар жастардың біразын атауға болады. Өзімнен кейінгі мықты буын деп мәселен, Маржан Арапбаева мен Әлішер Кәрімов секілді жастарды айтқан жөн. Дауысымен қатар көпқырлы таланты бар әншілер деп білемін. Бес саусақ бірдей емес қой, әрине. Сондықтан, эстрадада жүргендердің барлығын бірдей мықты деп айта алмаймын. Мысалға, жастардың сүйіктісіне айналған Қайрат Нұртас секілді әншілерді аса тыңдай алмайтыным рас. Мүмкін, жастар аудиториясы үшін ол керемет кумир шығар. Бірақ, ондай орындаушылар менің талғамыма сай келе бермейді. Сонымен қатар, ән өнері үшін де ғажап өлшем емес шығар деп есептеймін. -Түсінікті... Ал, енді осы ән өнерінен басқа қандай қызығушылығыңыз бар? Қандай салаларға қызығушылық танытасыз? - Бұл саладан басқа мен медицинаға қызығам. Егер де әнші болмаған жағдайда дәрігер болар ма едім деп ойлаймын. Себебі, әр адамға ізгілік нұрын шашып, жәрдем беру менің жаныма жақынырақ секілді. -Әр әншінің өзіндік стилі мен тартымдылығы болады. Сахнадан ылғи жадыраған жүзіңізді көріп, тамсанып отырамыз. Сән мен күтім мәселесіне қатты көңіл бөлетін сияқтысыз? -Адам жас кезінде сәнденіп жүріп-ақ, күтімді аса қажет етпейтіні рас. Алайда, жас ұлғайған сайын күтінген дұрыс қой. Әсіресе, сахнаға не болмаса эфирге шыққанда қажет. Өйткені, біздерге қарап бой түзейтін қаншама жастар бар. Сондықтан, әдемі әрі сәнді болып жүргенге не жетсін?! Мен салондарға жиі барамын деп айта алмасам да, керек кезде анда-санда барып тұрамын. -Ал, енді соңғы сұраққа да келіп жеттік...Отбасы – Отанның ең маңызды құрылымы екені рас. «Атасы бұлан атпағанның баласы құлан атпайды» дейді қазақ. Осы орайда өз отбасыңыздағы тәрбиесі жайлы айта кетсеңіз... -Отбасы жайына келсек, үш бала тәрбиелеп отырмын. Балаларымның бәрі қазақ мектебіне барып, білім нәрімен сусындауда. Өзім де 362 әулиесі бар жерде туылғандықтан, таза қазақы отбасында тәрбиеленгем. Сондықтан, балаларым да ертеңгі күні жүрегі «ұлтым» деп соғатын азаматтар болады деп сенем. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ұлт екендігін ескерсек, оның тәрбиесін барынша қазақы қылу керек. Халқымыздың әдеп-ғұрпын, салт-санасын біліп өскен бала, қалай да болашақта өз отбасында көргенін жасайды. Тәрбие мәселесі ұлт тағдырына тікелей байланысты екендігін естен шығармаған жөн.  

Саян ЕСЖАН

Ұлт порталы